Айдос САРЫМ: Түркі бірлігі - біздің 21 ғасырдағы Тәуелсіздігіміз бен тіршілігіміздің тірегі.

  Айдос мырза, Сіздің ойыңызша, президент Назарбаевтың Ресейге жұмыс сапарынан кейін іле-шала Түркияда жасаған «Түркі тектес елдердің» бірлігі жөнінде жасаған мәлімдемесі неден туындады? - Уақыт пен кеңістікте және мың құбылған бүгінгі әлемде Қазақстанның рөлі мен орнын анықтау мәселесінде елдің ішкі саясатында мықтап ойлану мен шешімтал қадамдар жасайтын кезең туып келе жатыр деп үміттенемін. Кедендік одақ, Еуразиялық одақ және тағы сол сияқты қирап қалған кеңес одағына тән интеграциялық жобалар бар болғаны ың-шыңсыз кетісудің айла-тәсілдері ғана. Қазақстан үшін солай. Одан өзге ешнәрсе емес. Ал, Ресейдің интеграция деуінің астарында мүлдем басқа пиғыл жатыр. Ол пиғыл - Қазақстанның ұлттық мүдделеріне қайшы келеді. Мұндай жағдайда Ресеймен интерграциялық байланысты тереңдете беру - егемендіктен айырылу мен мемлекеттің өзіне-өзі қол жұмсағанымен бірдей. Меніңше, президент Назарбаев осыны түсінетін сияқты. Ол бұл мәселені өзінің айналасындағы Ресейге бүйрегі бұрып тұратындардан да анағұрлым жете түсінеді. Түйсігі күшті әрі өте сезімтал саясаткер ретінде президент Назарбаев Ресеймен арадағы ойланбай жасалған интеграция оны халқынан алыстатып, ғасырлық армандарынан ажыратып қана қоймай, жеке билігіне қауіп төндіретінін бек түсіне бастады. Әрине, ол мұндай әрекетке жол бермейді. Оның үстіне президенттің Ресейге сапары анау айтқандай сәтті болмады деген де әңгімелер шығып жатыр. Ресей болса, Қазақстанды екінші сортты ел санайды әрі біздің еш қарсылықсыз өз еркімізбен берілгенімізді қалайды. Алайда, бұл біздің емес, Ресейдің мәселесі. Дүние кең. Ресей - әлемнің маңызды болып саналмайтын, тартымдылығы төмен кішкентай ғана бөлшегі. Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы бұдан әрі шиеленісе түсуі мүмкін бе? - Солай болуы әбден мүмкін. Ресей өзінің Онищенко мен телеарналары секілді тоқпақтарын іске қосатынын жоққа шығаруға болмайды.  Қалай болғанда да бұл жағдай ертеме-кешпе бәрібір болатын еді. Ресей құндылықтар негізінде достық қарым-қатынас орнататын ел емес. Сондықтан біз сөз етіп отырған жағдайдың қазір болғаны жақсы. Десе де, Ресей Қазақстанмен керісіп қалса, бәрінен айырылатынын білгені жөн. Ал, бізге, дәл осы ретте, ақпараттық қауіпсіздік мәселесімізді нықтап ойланып және Ресей сауда және экономика саласында өте нашар әріптес екеніне тағыда бір мәрте көз жеткізуіміз қажет. Сонымен бірге, қорғаныс пен ішкі саясатымызды тұтасымызбен қайтадан ой елегінен өткізіп, сараптауымыз керек. - Елбасы тұңғыш рет «Қазақстан Ресейдің боданы болған ел еді» деген мәлімдеме жасады. Бұған қатысты Сіздің қандай болжамдарыңыз бар? Президент мұны бірінші рет айтып отырған жоқ.  Оған көз жеткізгіңіз келсе, «Тарих толқынында» деген кітабын парақтап шықсаңыз жетіп жатыр. Назарбаев бар болғаны, өзін әйгілі әрі мықты саясаткер етіп көрсеткен дүниелерге қайта оралып жатыр. Ресейдің ақпараттық қаруы өз халқының қолдауындай болмайтынын ол жақсы біледі. Түркі тектес елдер конфедерациясы құрылуы мүмкін бе? Қазақстанның ондағы рөлі қандай болады? - Түркі тектес елдердің конфедерациясы - Қазақстанның ұзақ мерзімді қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ететін өміршең геосаяси жоба деп түсінемін.  Бұл мәселеде СІМ және басқада мемлекеттік орындар күніне 24 сағат, аптасына 7 күн тынбай жұмыс істеу қажет. Бұл одақта Қазақстан өте маңызды рөл атқарады. Қазақстанның тарихи, мәдени, географиялық ерекшеліктері - түркі тектес елдердің бірігуінің алтын қазығы. Бейнелеп айтқанда, біз түркі бірлігінің қайнар бұлағы әрі көшбасшысы болып табыламыз. Қазақстан геосаяси жағдайларға байланысты өзге Орталық Азия елдермен салыстырғанда, бауырлас ұлттық мемлекеттердің бірлігі қажеті екенін ерте жете түсінді. Мені қазақ зиялылары мен жастарының арасында түркілікті жаңа тұрғыдан түсінудің басталып келе жатқаны қуантады. Әрине, түркі бірлігі жобасына қарсы қайқаңдап жүргендерде қара көрсетіп қалады. Түркі бірлігі бұл - өте маңызды. Себебі, бұл біздің 21 ғасырдағы Тәуелсіздігіміз бен тіршілігіміздің тірегі.

«Abai.kz»

www.qazaquni.kz

*Тақырып өзгертілді