Халқы қайраткерiн қастерледi

                 

Алтынбек апталығы

1962 жылдың 12 қыркүйегi – қазақ үшiн елеулi күн. Аспантаулар баурайында Хан­тәңiрiнiң етегiне оранып, өмiрге Алтынбек есiмдi сәби келдi. Атаның баласынан қазақтың ұлына айналған Сәрсенбайұлы қапыда қаза таппағанда ердiң жасы елудi еңсерер едi. Бiрақ қаныпезер қолымен жасалған қастандық арда азаматтың ғұмырын 44 жасында қиып түстi.
 “Алтынбек апталығы” аясында ұйымдас­тырылған шараның бiрi   Алматы облысы, Райымбек ауданы, Сарыжаз ауылында өттi.
Салауаттылыққа бастайтын, ауыл спортын өркендетуге, бiр iзге түсiруге бастамашы болатын игi шараның өтуiне ауыл тұрғындарының қосқан еңбегi ерен. Сауапты iске ауа-райы да болысқандай   қыркүйек айының орта тұсы болса да күннiң көзi жадырап, тiптi шаң­қай түсте шақырайып та кеттi. Ақпейiл ауыл жұрты бұрынырақта бұл мезгiлде таудың етегiне дейiн қар түсiп қалатынын айтты. “Алтын­­бегiмiздiң ниетiне қарай ғой бәрi. Ол кесе-көлденеңдеген бұлт қанша бүркемелегiсi келгенiмен, кезегi келгенде арайлап шығатын күн секiлдi едi ғой. Бүгiн аспанның шайдай ашылуы соған дәлел емес пе?” дестi жұрт өмiрден озып, уақыт өткен сайын асқақтап келе жатқан тұлғаның суретiне қарап.
Алтынбек Сәрсенбайұлының қамшының сабындай қысқа ғұмырында қазағына сiңiрген еңбегiн елге таныстырған сыныптасы Құралайдың   жанары жасаурап, жасын iрки алмағаны да халықтың ұлын сағынып жүргенiн сездiрдi. Рас, шағын турнирге жиналған жас-кәрi “Болатын-ақ азамат едi, жасық емес, асыл ер қаймықпай ақиқатын айтатын” деп еске алды.
Салтанатты ашылу рәсiмiнен кейiн көпшiлiк қапыда қаза болған қазақтың қайраткер ұлын үнсiздiк­пен еске алған соң, футбол жарысы басталып, екi топқа бөлiнген 13 команда сайыстың алғашқы күнi iрiктеу ойындарын өткiздi. “А” тобынан ширек финалға “Сарыжаз” бен “Көмiршi” ауылының құрама командасы суырылып шықса, “Б” тобынан “Сарыбастау”, “Нарынқол” командасы озды. Жартылай финалдық ойын аса тартысты өттi. Сарыбастаулықтардың финалға шығар жолда сайыпқыран жастардан жасақталған “Нарынқол” командасымен    түйiскен. Жиналған көпшiлiк нарынқолдықтарға жеңiстi алдымен ұстатып қойған. Екi қарсылас та тең нәтиженi қанағат тұтып, жеңiмпаз пенальти сериясында анықталды. Жасы қырықтан асса да қимылы әбжiл қақпашы Мағжан Әсембеков екпiндей келген талай допты қағып, ұрымтал тұста бiрнеше рет командасын жеңiлiстен құтқарып қалған. Бұл жолы сарыбастаулықтардың ойыншылары жүрiстен жаңылды. Бiрi қиыр шетке тепсе, ендi бiрiнiң тура соққан добын қарсыластың қақпашысы қайтарды. Ұйымшылдық танытқан “Нарынқол” командасы 1:2 есебiмен финалдық сынға өттi. Жартылай финалда “Сарыжаз” командасына жол берген “Көмiршi” ауылының құрамасы қола жүлде үшiн “Сарыбастауға” қарсы ойнап, жеңiлсе де ақшалай сыйақы алды. Төртiншi орынға 50 мың теңге және диплом табыс етiлдi. Үшiншi орын сарыбастаулықтарға бұйырып, қола медальға қоса 70 мың теңгеге ие болды. Финалда “Сарыжаз” құрамасы “Нарынқол” командасын 1:0 есебiмен ұтты. Күмiс жүлдегер нарынқолдықтар 80 мың теңге, чемпион атанған “Сарыжаз” құрамасы 100 мың теңгеге қоса кубокты иелендi.
Жарыс барысында үздiк өнер көрсетiп, шеберлiк танытқан ойыншылар да сыбағасыз қалған жоқ. Ауыл спортын өркендетуге септiгi тиген турнирдiң өтуiне мұрындық болған Нарынқол ауылының әкiмi Жантелi Мұқи қызметтiк киiмiн спорттық жейдеге айырбастап, командасын өзi бастап шықты. Алаңда өзiнен екi мүшел кiшi жастармен иықтасып, ала допты шебер шиырлай алатынын көрсеттi.
Алматыдан арнайы келген саясаткерлер Ораз Жандосов, Болат Әбiлев, Әмiржан Қосанов, белгiлi журналист Ермұрат Бапи, саясаттанушы Айдос Сарым жүлдегер­лердi марапаттады. Сайыстың қорытынды сөзiн айтқан Жантелi Мұқи құрметтi қонақтардың иығына шапан жауып, Алтынбектiң үзеңгi­лестерiне бұ­йым­тайын да айтты. “Алтынбек бауырымыз Алматыда апта сайын әрiптестерiмен бiрге футбол ойнайтын. Өзiнiң туған өлкесiнде жыл сайын турнир ұйымдастырып, ауыл жастарына қолдау көрсетудi мақсат тұтып едi. Орындалмай қалған аманатын бiз жүзеге асыруымыз керек. Сондықтан қоғам қайраткерiнiң атындағы турнирдi жылда өткiзудi дәстүрге айналдырсақ”, – дедi.
“Алтынбектiң шыңы”
 2005 жылы Алтынбек Сәрсенбайұлы ауылдастарымен жүздесiп: “Бiр мұратым – алыстан айбарланып көрiнетiн Лабасы шыңына шығу. Дәм тартса, келер жылдың жазында жүзеге асырсақ”, – деген екен. 50 жылдығына арналған сауапты iстiң арасында көрнектi саясат­кердiң мақсатын ауылдастары орындап, теңiз деңгейiнен 3480 метр биiк шыңға саяхат жасап қайт­ты. Сарыжаздықтар Лабасы тауының асқақтап көрi­нетiн бiр шоқысын “Алтынбек шыңы” деп атайды екен.
Спорттық шарадан кейiн Ал­тынбектiң аруағына құран бағышталып, ас берiлiп, жиналған көп­шiлiк “Елiмнiң ертеңi не болмақ?” деп аталатын деректi фильмдi тамашалады.
Айтпақшы, 15 қыркүйек – саясаткер Болат Әбiлевтiң туған күнi. 55 жасқа толған қайраткерге Сәрсенбай ата әулетi ат мiнгiзiп, қошемет көрсеттi.
"Жас Алаш"