«Ақ жол» партиясы Павлодар мен Алматы облыстарында болды

 Азат Перуашев жұмыс сапарымен Павлодар облысында болды

  «Ақ жол» партиясының парламенттік Фракциясының жетекшісі Азат Перуашев, депутат Меруерт Қазбекова және аппарат жетекшісі Айгүл Рупатова жұмыс сапарымен Павлодар облысында болды. Партия төрағасы бастаған «Ақ жол» делегациясы партияның облыстық кеңесінің отырысына қатысып, павлодарлық кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесулер өткізді. Атап айтсақ, халық қалаулылары облыс әкімі Ерлан Арынмен, «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның, «Қазақстанның электролиз зауыты» АҚ-ның, «Ромат» фармацевтикалық компаниясы» ЖШС-нің, «Екібастұз – ГРЭС-2» стансасы» АҚ-ның басшылығымен және жұмысшыларымен кездесті. Мәжіліс депутаттары сайлаушыларға партия қызметі, Мәжілістегі Фракция жұмысының алғашқы нәтижелері туралы ақпарат берді. Сондай-ақ, кездесулер барысында «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаладан туындайтын Президент Н.Назарбаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша «Ақ жол» партиясының ұсыныстары талқыланды. «Байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықты қысқартумен, әділ сот төрелігін қамтамасыз етумен, жемқорлыққа қарсы тұрумен, жаппай кәсіпкерлікті дамытумен, банктердің тәбетін шектеумен және т.б. байланысты біздің ұсыныстарымыз ақыр соңында ұсынылған Бағдарламаны тиімді жүзеге асыруға жәрдемдесуге бағытталған», - деп атап өтті «Ақ жол» ҚДП төрағасы. «Ақжолдықтар» сайлаушылардың сауалдарына жауап беріп, негізінен ұсынылып отырған партия бастамаларын қисынды түрде аяғына дейін жеткізумен байланысты ұсыныстарын тыңдады. Сондай-ақ, бірқатар мәселелер де көтерілді. «Ромат» компаниясының өкілдері баспана мен балабақша құрылысына арнап жер телімін бөлуге қатысты қиындықтар, жұмысқа шетелдік мамандарды тарту кезінде кәсіпорындардың кездесетін қиындықтары туралы айтып өтті. Бұлар Қазақстанға кіру үшін виза алумен және шетелдік мамандарды жалдау процедураларымен байланысты. Алюминий және электролиз зауыттарының ұжымдары «Ақ жол» партиясының техникалық байқауды алып тастау туралы бастамасының әрі қарайғы жағдайына қызығушылық танытып, осыған қатысты өз қолдауларын білдірді. Партия жетекшісі сайлаушыларға «Ақ жол» партиясының депутаттары барлық өтініштерді қарап және олар бойынша қажетті көмекті көрсететіндігін айтып сендірді. «Біз осы үшін Парламентте отырмыз және аймақтардағы осындай кездесулер барысында Қазақстан халқының алдындағы өзіміздің міндеттерімізді орындау бойынша әрі қарайғы іс-әрекетімізді толығырақ нақтылай алатынымызға үміттіміз», - деді Азат Перуашев.

 Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі

«Ақ жол»  Алматы облысының тұрғындарымен кездесті

Аймақтардағы сайлаушылармен кездесулер аясында Азат Перуашев жұмыс сапарымен Алматы облысында барды. Партия төрағасы бастаған және құрамында Мәжіліс депутаты Нұрлан Жазылбеков, тексеру комиссиясының төрағасы Болат Өтепбаев, партияның облыстық филиалының төрағасы Бағашар Суанбеков, кеңесші Құдайберген Қаңтарбаев бар делегация аймақ сайлаушыларымен бірқатар кездесулер өткізді. Атап айтқанда, халық қалаулылары Орталық Азия мен ТМД аумағындағы ірі электротехникалық өндірістік компаниялардың бірі саналатын «Қайнар» Талдықорған аккумулятор зауытының еңбек ұжымымен жүздесті. Азат Перуашев зауыт ұжымына партияның парламенттік фракциясының қызметі туралы ақпарат беріп, олардың отандық өндірушілерді қолдау туралы ұсыныстарын тыңдады. Айта кетейік, сайлаушылармен болған сайлауалды кездесулер барысында зауыт ұжымы «Ақ жол» партиясының сайлауалды тұғырнамасына қолдау білдіріп, компания президенті Қуаныш Әжмағамбетов бастаған көптеген жұмысшылар партия қатарына өткен болатын. Қаладағы «Ай-Сер» қонақ үйінің залында да кәсіпкерлермен, партияның аймақтық активімен кездесу ұйымдастырылды. Онда Азат Перуашев Парламенттегі Фракция қызметі туралы әңгімелеп, сайлаушылар сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ, жиында кәсіпкерлер проблемаларына қатысты, партия бастамаларын қисынды аяқтау туралы мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, жас кәсіпкерлер жаңадан құрылған кәсіпорындарды алғашқы 3 жыл ішінде салықтан босату туралы партия бастамасына қатысты қызығушылық танытты. Ал Еңбек ауылының тұрғындары сумен қамтамасыз ету, абаттандыру, қазіргі заманғы талаптарға сай мектеп құрылысы мәселелерін шешу жолында көмек сұрады. Сондай-ақ, кездесуге жиналғандар электр қуатының тарифіне, ауыл шаруашылығына, қуаңшылықпен байланысты пішен мен жем бағасының шарықтауына, несие алу мен «Даму» қорының қолдау шараларына қатысты мәселелер көтерді. Азат Перуашевтің ұсынысы бойынша «Даму» қорының облыстық филиалының басшылығы кездесу аясында жергілікті шағын кәсіпкерлік өкілдеріне консультация жүргізді. Сонымен қатар, кездесулер барысында «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаладан туындайтын Президент Н.Назарбевтың тапсырмаларын іске асыру бойынша «Ақ жол» партиясының ұсыныстары талқыланды. "Байлар мен кедейлер арасындағы өмір сүру деңгейіндегі алшақтықты қысқартумен, жаппай кәсіпкерлікті дамытумен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрумен, әділ сот төрелігін қамтамасыз етумен байланысты «Ақ жол» партиясының ұсыныстары түптің түбінде біздің елімізде үдемелі, әділ және әл-ауқаты жоғары қоғам қалыптастыру жолындағы әлеуметтік жаңғырту бағдарламасына іс жүзінде жәрдемдесуге бағытталған. Осыны негізге ала отырып, «Ақ жол» партиясының парламенттік фракциясы өзіндік тәсілдерін қалыптастыратын болады», - деп «Ақ жол» партиясының төрағасы атап өтті. Сапар соңында партия басшылығы Алматы облысының әкімі Ансар Мұсахановпен кездесіп, онда өңірдегі мәселелер мен оларды шешу жолдары сөз болды.

 Талдықорған, 2012 жылғы 13 тамыз,

Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі