АШЫҚ ХАТҚА – АШЫҚ ЖАУАП

Сапаш Қайырқызының үстіміздегі жылдың 27 мамыр күнгі «Жас қазақ үні» газетінде «Сөздікке қарасақ, сөйлеуден қаламыз» деген Ашық хаты жарияланыпты. Парламент Мәжілісінің депутаты Б.Тілеухан мырзаға жолдаған бұл Ашық хатында автор сайлаушы ретінде «ғалымдар мен тиісті органдарға» өзінің хатта айтылған сауалын қоюын» өтінген екен. Қысқасы, мақала авторы 2007 жылы шыққан «Орфографиялық сөздіктің» 302-бетіндегі - музыка - музыкалату, музыкалат, музыкалатты, музыкалатса - музыкалы - музыкалық - музыкант және 333-бетіндегі - рынок, рынокқа, рыногы - рыцарь, рыцарьға, рыцары - рыцарлық, рыцарлығы сөздерінің осы күйінде беріліп, сонымен бірге олардың сол жылы жарық көрген «Орфоэпиялық сөздікте» берілмеуін үлкен мін санап, «сөздікке қарасақ, сөйлеуден қаламыз» дейді. Сапаш Қайырқызының қазақ тіліне деген жанашырлық танытқан ниетін түсінеміз, алайда Ашық хаттағы әңгіме алдымен Сөздікті дайындаған Тіл білімі институтына қойылуы керек, ал мәселе шешілмей, не басқадай күрделі жағдайға ұласып бара жатса, сонда ғана құзыретті тұлғаларға жүгінуге болар еді. Автор көрсетіп отырған сөзтізбедегі сөздердің Орфографиялық сөздікте берілу себептері бүгінгі күні қазақ жазба мәтіндерімен жұмыс істейтін кез келген тіл иегері үшін анық емес пе?! Бұл сөздердің Орфографиялық сөздікте орыс тіліндегі жазылу үлгісі бойынша өзгертілмей берілуіне тілімізде бұрыннан қалыптасқан орыс сөздеріне қатысты ереже негіз болып отыр. Ал оларды сөздікте жеке-дара ғана емес, қазақ тілінің жалғау-жұрнақтарымен түрленгендегі қолданысын көрсету аса қажет, өйткені орыс тілі дауыссыздарының жуан-жіңішкелігі қазақ тіліндегідей буындағы дауыстының сипатымен айқындалмайды. Осымен байланысты орыс сөздерінің қазақ тілі қосымшаларымен түрленгендегі емле қиындықтары сөздікте көрсетіледі. Мақалада мысалға алынған рыцарь, рынок сияқты сөздер осы қатарға жатады. Орфографиялық сөздіктің сөздердің дұрыс жазылу нормасын қалыптандыратын негізгі қызметінен басқа: а) сол тілдің сөздік қорын түгендейтін; ә) тілде жарыса қолданылатын лексикалық бірліктердің әдеби вариантын бекітетін; б) өзге тілді өкілдердің сол тілдегі барлық сөздердің (жазылуы қиындық тудыратын да, тудырмайтын да) емлесін қарау үшін қажетті ақпарат беретін қосалқы қызметтері бар. Орфографиялық сөздік мұғалім, оқытушы, баспа қызметкері, немесе қолына қалам ұстаған өзге де сала мамандарының жазу тәжірибесінде кездескен қиындықтарынан түзілген, тілдегі жаңалықтар мен өзгешеліктерді ғана қамтитын құрал емес. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі ¬– әдеби тілдің сөздік қорының сөзтізбесін жасаған, осы қызметі арқылы бүгінгі күнге дейін қазақ тіліндегі түсіндірме, синонимдер, екітілді сөздіктердің жасалуына негіз болып келген сөздік. Терезе, есік сияқты айтылуы мен жазылуы бірдей сөздер қазақ жазуының денін құрайды. Мұндай қатардың емлесі Сіз бен Біз сияқты қатардағы қазақ оқырманына қиындық тудырмайтын шығар. Ал қазақ тілін енді үйреніп жүрген қандастарымыз бен өзге ұлт өкілдері осы сияқты сөздердің дұрыс жазылуын қайдан іздейді? Сондықтан тіл иегерлерінің (носительдерінің) осындай бір тобының да қажетін өтеу – орфографиялық сөздіктің міндеті. Сол сияқты сөздіктің (2006 ж.) алғы сөзінде қазақ тілінде баламасы жоқ халықаралық терминдердің түбір және түбірге қосымша жалғанғандағы емлесі берілетіні туралы ескертілген еді. Себебі қазақ жазуында төл сөздердің туынды қатарынан гөрі, кірме терминдерге қазақ тілі қосымшасын жалғау қиындық тудырады. Сондықтан мақалада көрсетілген музыка, музыкалату, музыкалат, музыкалатты, музыкалатса, музыкалы, музыкалық сөздерінің реестрге алынуы “бір-бірінен көшірген, кеңестік керексіз сөз қорын тергеннен басқа ештеңе бітірмеген” тілтанушылардың ермегі емес. Орыс тілінің түбір сөзіне қазақ тілінің жұрнағы жалғанған, сөйтіп, қазақ тіліндегі ұғымның атауы болып жұмсалып келе жатқан сөздердің жазылуын қазақ тілінің сөздігі көрсетпегенде, қай сөздік көрсетпек? Ол сөздер қолданыста болмаса екен, онда әңгіме басқа. Ал әдеби тілдің қолданысында жүрген сөзді емле сөздігінде көрсетпей кетуге, былайша айтқанда, ешкімнің құқығы жоқ. Дәл сол сияқты рынок, рыногы, рынокқа, рыцарь, рыцарьға, рыцары сөздерін қатардағы қалам иесі, рыногі ме, рыногы ма, рынокқа ма, рынокке ме, рыцарьға ма, рыцарьге ме, рыцары ма әлде, рыцарі ме деп, аңтарылып қалатын кездерінде жәрдем алу үшін сөздікке жүгінеді. Әлбетте, орфографиялық сөздік заман өзгерісі әкелген жаңа сөздер мен қолданыстарды қамтуы тиіс. Көрейін деген көз қазақ тілі емле сөздіктерінің бұл міндетті атқарып келе жатқанын байқар еді. Дегенмен мына мән-жайды да ескеру қажет. Тілде тұрақтана алмай жүрген бірнеше лексикалық варианттар болады. Сөзқолданыс ондай жарыспалылықты өзі екшеп, біреуін әдеби тілдің нұсқасы түрінде “өзі” бекітеді. Ал тұрақтана алмай жүрген варианттардың, сөйлеу тіліндегі жарыспалы қатарлардың бәрін емле сөздігі сөзтізбеге ала бермейді. Егер алса, онда ол бірліктің – әдеби вариант болып табылғаны. Сондықтан “жаңа көп сөздің бірін таба алмай, тапса баламасын таба алмай, қиналып қалатын” кез болатыны рас. Бірақ бұдан тілшілер “қиындықтан айналып өткен” болып саналмайды. Енді осы сөздердің Орфоэпиялық сөздікте берілмеуі қазіргі сөздікті пайдаланушылардың мүдделерін ойламағандық деу, «ғалымдар аш бәледен – қаш бәле деген сыңай танытқан» деген қорытынды – жаңсақтық. Сөздікте мақала авторы іздеген орыс сөздерінің берілмеуінің өз себебі бар. Сондықтан бұған қарап, сөздікте орыс сөздері мүлде берілмеді деуге болмайды, өйткені айтылым сөздігінің мақсат-міндетімен байланысты орфографиялық сөздіктегі сөзтізбені бұлжытпастан қайталау шарт емес. Басқаша ұстаным негізге алынады. Сонымен, екі сөздіктің орыс сөздерін көрсетудегі ұстанымы екі түрлі, осыған байланысты олардың сөзтізбесі де бірдей бола бермейді. Егер орфографиялық сөздікке негізінен жазуда қиындық тудыратын сөздер алынса, орфоэпиялық сөздікте айтылымы қиындық келтіретін сөздер беріледі. Осы тұста музыка, рынок, рыцарь сөздерінің айтылуы қазіргі кезде қазақтілділер арасында қандай да бір қиындық тудырады дегенмен келісетіндер аз шығар. Тіпті бұған қарсы қазіргі тілдік қоғамда қазақ сөздерінің айтылуында құлаққа түрпідей тиетін қателер көбейіп кетті деген пікір басым түсері анық. Сондықтан ең алдымен өз сөздеріміздің тұрманын түгендеу мақсаты қойылды. Сонымен бірге шеттілдік сөздердің айтылымының қазіргі кездегі нормасын анықтау да оңай болмай отыр. Себебі қазақ қоғамындағы сөйлеу үлгілерінің тезіне түспей отырған орыс сөздерін қазіргі қазақтардың сөйлеу мәнері бойынша орыс тіліндегі айтылым нормасымен береміз бе, әлде қазақшалап сындырып көрсетеміз бе деген мәселе өте күрделі. Егер осы жолдардың алғашқысын таңдап, қазіргі қазақтардың тіліндегідей оларды еш өзгеріссіз орыс айтылымы бойынша көрсетсек, бұл қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі болудан қалмай ма, өйткені тіліміздегі орыс сөздері аз емес. Ал екінші жолды таңдап, қазақ айтылымы бойынша сындырып жазсақ, бұған қатысты дау-дамай көбеймесе, азаймайды, мәселен, музыканы біреулер мүзійке, екіншілер – мұузыйқа, үшіншілері – мұзұқа, ... мүзіке, мүузүйкә, мүйзүйке, мұузұйкә, т.б. деп көрсету керек деп, әркім өзінше тон пішеді. Бұлай болуының себептері бар. Мұның бәрі ана тіліміздің шеттілдік сөздерді игеру механизмдерінің тоқтап қалғанымен байланысты. Қазіргі кезде қазақ тіліне орыс тілі арқылы енген шеттілдік сөздердің жазылуы да, айтылуы да орыс тіліндегідей жазылып-айтылу керек деген кеңестік кезеңнен бері қарай сақталып келген Ереже тіл иегерлерінің санасына кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Шеттілдік сөзді сындырып айтудың үлгілерінің жоқтығы және бұның қарсыластарының көптігі соның салдары. Сондықтан қазақ тілінің орфографиясы да, орфоэпиясы да «қостілді» болып жарымжан сипат алып кеткен. Қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сәйкеспейтін кирилл жазуына негізделген қазіргі әліпби осы қосамжарлықтан арылуға кедергі болып тұр. Өйткені кирилл әріптерімен орыс сөздерін өзгертпей жазу керек деген стереотип өзінің кері әсерін бүгінгі күнге дейін тигізіп келеді. Соның салдарынан шеттілдік сөздерді тілдің табиғи түрде өз тетіктеріне салып сындыру үдерісі мүлдем әлсіреп, жоққа тән болып қалды. Ал бұрынғы кездегі қазақ тіліне орыс тілінен енген сөздер міндетті түрде осы «сындыру кеденінен» өтіп, қазақы шапан киіп шығып, дыбысталуы, тұрпаты жағынан да игеріліп отырған, мысалы, кереует – кровать, болыскей – польский, әміркен – американ, бөрене – бревно, резеңке – резина және т.б. Бір өкініштісі, тоталитарлық жүйенің үстемдік құраған кезеңінде бұл «кеден» жабылып қалды. Қазіргі кезде орыс сөзін біреу өзінше, екіншілері одан бөлек дыбыстап айтады, ал олардың қайсысын сөздікте беру керек деген мәселе қиынның қиыны. Алайда қазіргі тіл білімінде шеттілдік сөздерді қазақшалау тетіктері зерттеліп, оның барлық жолдары түгенделіп жатыр. Орфоэпиялық сөздіктің болашақтағы басылымдарында шеттілдік сөздердің қазақша айтылымы көрсетілетіні сөзсіз. Қазіргі таңда қоғамдық санада орыс тілінен енген сөздерді өзгертпеу керек деген қатып-семіп қалған стереотипті бұзу кирилл жазуы кезінде әсте мүмкін емес. Оған көз жетті. Тілтанушылар мұндай тығырықтан шығудың жолы латын графикасына негізделген әліпбиге көшуден іздеу керек деген жолды берік ұстанып отыр. Латын қаріптерімен жазылған шетелдік сөзді қазақша айтылымға икемдеп жазу қоғамдық санада қарсылық тудырмайды, өйткені латын әріптерінің дыбыстық мәнінде кирилдегідей «орыстық» белгі жоқ. Сондықтан мәселені шешудің бір ұшы жаңа әліпбиге көшу мәселесіне келіп тіреледі. Осы айтылғандармен байланысты соңғы басылымдағы орфоэпиялық сөздікте орыс сөздерінің түбірлері орфографиясынан өзгеріссіз берілді, олардың ішінде тек қазақ сөйленісінде еш күмәнсіз игерілгендері ғана айтылымы бойынша көрсетілді, мысалы стакан – ыстақан, т.б. Сонымен бірге бір бөлігі орыс сөзінен екіншісі қазақ сөзінен құралған күрделі сөздердің екі түбірдің тоғысындағы дыбыстық өзгерістері көрсетіліп берілді, мысалы, орфографиясы орфоэпиясы Автоара авт’ара автоаспа авт’аспа агроөнеркәсіп агр’өнөргәсіп агрокешен агрогешен газсауыт гассауұт т.б. Дәл осындай өзгерістер шеттілдік сөз бен қазақ қосымшасы арасында да көрсетілді: орфографиясы орфоэпиясы газшы гашшы стаканға ыстақаңға т.б. Сонымен бірге сөздікте шеттілдік сөз бен қазақ сөзінің тіркесі тоғысындағы дыбыстық өзгерістер де қамтылды: орфографиясы орфоэпиясы газ жолы гажжолұ газ шаруашылығы гашшаруашылығы виртуалдық ойын виртуалдығ ойын т.б. Бұл айтылғандардан бөлек Орфографиялық та, Орфоэпиялық та сөздіктердің корпусында, құрылымында, ұстанымдарында қазіргі заманғы тілдің сипаты мен жүйесіндегі тың өзгерістерді қамтитын жаңалықтар мен жаңартулар енгізілді. Олардың әрқайсысына тоқталу – арнайы әңгіме тақырыбы. Дегенмен, жекелеген мәселелердің шешілмегеніне қарап, Сөздіктің қазіргі тіл иегерлерінің сұранысын толықтай қанағаттандырып отырған жоқ деп ауызды қу шөппен сүртетін қорытынды шығаруға әсте болмайды. Міне, осы айтылғандармен байланысты кез келген сөздік – тек тілдегі ғана емес, қоғамдағы да өзгерістерді де көрсетеді, сонымен қатар тілдік ұжымның қоғамдық сана деңгейін көтеретін құрал ретінде қызмет етеді. Дей тұрғанмен мақала авторының: «…сөздіктер жетіспейді, шықса да, анда-санда жыл құсындай жылт етіп жоқ болады» деп, ақиқатты тіліп айтқан пікірін мойындамасқа болмайды. Пәлендей-түгендей сөздіктер шығардық деп, өзімізге-өзіміз мәз болып жүретініміз бар. Бірақ сол дүниеліктеріміз қолжетімді таралыммен қалың қауымның қолына тиді ме? Сөздіктеріміздің жаңалығы мен ұстанымы жалпақ жұртшылыққа түсінікті болып жатыр ма? Мәселенің бұл жағын да ойластыру керек екенін естен шығарып алғандаймыз. Құралай КҮДЕРИНОВА филология ғылымдарының докторы; Анар ФАЗЫЛЖАНОВА, филология ғылымдарының кандидаты Редакциядан: Ең алдымен хатқа ашық та анық етіп, мәселенің мән-жайын егжей-тегжейлі баяндап, бюрократиялық сөзбұйдаға салмай жедел түрде жауап бергені үшін ғалымдарымызға алғыс айтқымыз келеді. Депутат мырза да мұндай мәнді жауапқа толық қанағаттанар деген ойдамыз. Хат жазған журналист те ауызды қу шөппен сүртетін қорытынды жасауды мақсат тұтып отырған жоқ болар - өйткені басқаны айтпағанда әрқайсысы 100 000 тиражбен шыққан, тәуелсіздік дәуірі үшін рекорд қойған аса ауқымды екі еңбекті ешкім қанша жерден тырысса да жоққа шығара алмайды – тек ашынғаннан даусының ащырақ шыққаны, мәселеге сондай әдіспен болса да ел назарын аударғысы келгені деп түсінсек абзал шығар. Себебі, тіл – құрал болса, сөздік - құралдың құралы, басқаша айтқанда құралдың эталоны. Бір емес он жыл жасалатын, не бір қасқа мен жайсаңның сүзгісінен өтетін бұл құрал оқырманның ойында сондай болуға тиіс те. Оның ішінен қателік микроскоппен қарасаң да табылмауы қажет. Әрі алдағы он жылдың сұранысын да өтей алатындай болуы шарт шығар. Жоғарыдағыдай қиюы келмейтін қиындық кездесіп жатса, мәселенің алдын алып, ол жайлы сол сөздіктің өзінде ескертпе түрінде айтып кетсе болмас па екен? Қалай болғанда да бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы, көздегеніміз қазақ тілінің көсегесінің көгеруі ғой. Сол жолдағы қатты, жұмсақ пікірдің бәрі де керек бізге. Мәселені осылай түсініп, тұшымды жауап беріп қана қоймай, өздері де келесі бір мәселенің ұшығын шығарып кеткен ғалымдарымыздың инемен құдық қазғандай игі ісіне тағы бір рет табыс тілей отырып, бүгінгі көтерілуі қиын жүк латын әліппесіне ауыссақ өз-өзінен шешіле қалатындығына күмәніміз бар екенін, жалпы латын әліппесінің ауадай қажеттігі жөнінде де мамандар пікірін білгіміз барын айта кеткіміз келеді. Барлық ашық хаттар мен ашық жауаптарға есігіміз айқара ашық!