Елена Әбдіхалықова. САМҒАЙ БЕР, ШЫҢҒА!

 

Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері, боксшы Әділбек НИЯЗЫМБЕТОВКЕ Талайға кеткен еседен кезінде.... бүгін Кеудемде шерім көп еді, көзімде мұңым! Дүр ете қалды дүние, түрілді көңіл Додадан озып шыққанда Әділбек інім! Дүр ете қалды қазақтың қайран даласы, Сауығы келді қайтадан, сайранда бәсі. Азаттығымның шалқыған сәті ғой бүгін, Қазақтығымның асатын Айдан бағасы! Түгіміз қалмай күшінен тылсым дауылдың, Түгесілгенде төзімі жыршыл жанымның, Жүрегі болып соқтың сен Жаңаөзендегі Жер құшып кеткен кешегі қыршындарымның! Күмістей күліп, кеудеңмен таң құшқаныңда Алаштың шек жоқ айтылар алғыстарында! Жұртымның мынау жабырқау көңілін серпіп, Жарқ етті сәуле мұң құшқан Маңғыстауымда! Жымысқы ойы ұя сап жатырда жаттың, Жырыңды жұлса, келмей бір тақымда қатқың, Жармасып өлер жауының жағасынан ап, Жұрнағы Сенсің, дауылпаз батыр Барақтың! Жанарың жанып, шаштың да жарқылдан жасын! Талайдың демін бастың сен, артылғанда сын, Бәйгеңді күміс сайласын басқалар мейлі, Еліңе мынау ардақты алтыннан басың! Қуанды далаң, ел-жұртың, баба да , жасы! Қара күшіңнің тең келер далаға бәсі! Көтеріп көкке көк туын Қазақстанның Самғай бер шыңға, қазақтың қара баласы! Елена ӘБДІХАЛЫҚОВА Астана қаласы 12 тамыз, 2012 жыл.

www.qazaquni.kz