Елена Әбдіхалықова. САМҒАЙ БЕР, ШЫҢҒА!

6
1094

 

Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері, боксшы
Әділбек НИЯЗЫМБЕТОВКЕ

Талайға кеткен еседен кезінде…. бүгін
Кеудемде шерім көп еді, көзімде мұңым!
Дүр ете қалды дүние, түрілді көңіл
Додадан озып шыққанда Әділбек інім!

Дүр ете қалды қазақтың қайран даласы,
Сауығы келді қайтадан, сайранда бәсі.
Азаттығымның шалқыған сәті ғой бүгін,
Қазақтығымның асатын Айдан бағасы!

Түгіміз қалмай күшінен тылсым дауылдың,
Түгесілгенде төзімі жыршыл жанымның,
Жүрегі болып соқтың сен Жаңаөзендегі
Жер құшып кеткен кешегі қыршындарымның!

Күмістей күліп, кеудеңмен таң құшқаныңда
Алаштың шек жоқ айтылар алғыстарында!
Жұртымның мынау жабырқау көңілін серпіп,
Жарқ етті сәуле мұң құшқан Маңғыстауымда!

Жымысқы ойы ұя сап жатырда жаттың,
Жырыңды жұлса, келмей бір тақымда қатқың,
Жармасып өлер жауының жағасынан ап,
Жұрнағы Сенсің, дауылпаз батыр Барақтың!

Жанарың жанып, шаштың да жарқылдан жасын!
Талайдың демін бастың сен, артылғанда сын,
Бәйгеңді күміс сайласын басқалар мейлі,
Еліңе мынау ардақты алтыннан басың!

Қуанды далаң, ел-жұртың, баба да , жасы!
Қара күшіңнің тең келер далаға бәсі!
Көтеріп көкке көк туын Қазақстанның
Самғай бер шыңға, қазақтың қара баласы!

Елена ӘБДІХАЛЫҚОВА
Астана қаласы

12 тамыз, 2012 жыл.

www.qazaquni.kz

6 ПІКІРЛЕР

  1. Әділбек пен Серіктің шайқасына дейін басқа спортшыларымыздың жеңісіне қуанып жатқанбыз,қуаныш пен бірге қорлану сезімі де ішімізде тұншығып жатқанды.Апырау алаштың бір оғланына жүлде бұйырмай ма деп.Әділбек пен Серікке осы қорланудан құтқарғаны үшін мың да бір рақмет!

  2. Әділбек жарайсың! Сөз жоқ, ерледің! біздің қағынан жеріген жетесіздердің біразы, Әділбектің кейбір жекпе-жекктерінде қарсыласына қарағанда әлсіздік танытты деп шулады. Қазақта, «Балам деген жұрты болмаса, жұртым деген бала қайдан болсын» деген даналық сөз бар. Әділбек, сен нағыз Азаматсың! Қанат ұшқан сайын қатаяды! тек, қанаттарың талмасын, талабың мұқалмасын!!! Саттілік! Қалың қазағың, артыңда, әманда тілекшіңбіз!!!

  3. Әділбек жарайсың! Сөз жоқ, ерледің! біздің қағынан жеріген жетесіздердің біразы, Әділбектің кейбір жекпе-жекктерінде қарсыласына қарағанда әлсіздік танытты деп шулады. Қазақта, «Балам деген жұрты болмаса, жұртым деген бала қайдан болсын» деген даналық сөз бар. Сондықтан, бауырымыздың алдағы спорттық мансабы тек бұдан да биік жеңістерге толы болсын. Қанат ұшқан сайын қатаяды! тек, қанаттарың талмасын, талабың мұқалмасын!!! Саттілік! Қалың қазағың, артыңда, әманда тілекшіңбіз!!!

  4. Рахмет, Елена Әбдіхалықова! Керемет сөздер, терең мағынасы бар. Жастарға қанат берер, намысын ұштар сөздер. Өлеңдеріңді сағындық, халықтың ақыны.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз