Министр Мыңбай мәдениет қайраткерлерімен кездесті

   

Алматы қаласында Мәдениет және ақпарат министрі Д.Мыңбай еліміздің танымал өнер қайраткерлері, ақын-жазушылар, мәдениет саласының ардагерлері және бірқатар БАҚ басшыларымен еркін сұхбаттасу форматындағы кездесу өткізді. Кездесуде Елбасының таяуда жарық көрген «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақаласындағы мәдениет, руханият, БАҚ салаларын дамытуға қатысты тапсырмаларын орындаудың бағыт-бағдары жөнінде пікірлер ортаға салынды. Оның ішінде, Елбасы мақаласындағы мәдениет саласындағы жұмысты жаңа сапаға көтеру, мәдениеттің қазіргі заманғы еңбек адамына қарай бетбұрыс жасауы, сондай-ақ отандық әлеуметтік мәдени өнімдерді жаңғыртудың салалық жоспарларын әзірлеу, отандық БАҚ-тарды жаңғырту, жастарды патриоттыққа тәрбиелеу мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасылды. Д.Мыңбай зиялы қауым өкілдеріне мәдениет және ақпарат салаларын ілгерлетуге байланысты межеленіп отырған болашақ жоспарларымен бөлісіп, оны іске асыру барысында аға буын өкілдерінің өмірлік әрі кәсіби тәжірибесі аса қажет екеніне тоқталды. Сонымен бірге, биыл қазақ өнерін өрге жүздіруде өлшеусіз еңбек сіңірген І.Омаров, К.Байсейітова, Ш.Жиенқұлова, Ж.Омарова сынды айтулы тұлғалардың 100 жылдық мерейтойларының тағылымы жайында, олардың қалдырған мұрасын бүгінгі күннің кәдесіне жарату мәселесі де кеңінен әңгіме болды. Кездесу аясында жиналған қауым дүниеден өткен осы және өзге де өнер тарландарын еске алу үшін зират басына барып, сауапты істер атқарып, әруақтарға құран бағыштады. Еркін сұхбаттасу форматында өткен кездесуге зиялы қауым өкілдері ризашылықтарын білдіріп, «кабинеттік стильден» тыс осындай тиімді кездесулерді ұйымдастыруды дәстүрге айналдыру жөнінде тілек-ұсыныстарын білдірді.