Мектебім қайда, мектебім?

d0bcd0b5d0bad182d0b5d0bf-2

Еліміздің ертеңі - өскелең ұрпақ дейтін болсақ, оларды білімділікке баулу басты мұратымыз. Ал, енді осы жолда кездесетін кедергілер де аз емес.

Еліміз егемендік алып, дамудың даңғыл жо­лына түскен шақтың өзінде алтын бесігіміз саналатын ауылдың хал-ахуалы түзеле қоймағандығы өзегіңді өртейді. Ауылға бетбұрыс жасалып-ақ жатыр. Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы ая­сында жер-жерлерде жаңа мектептер мен ауруханалар бой көтеріп келеді.

Десек те, базбір ауылдарда әлі де мектеп мәселесі шешімін тапқан жоқ. Солардың бірі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түркістан қаласына қарасты Құшата елді мекені. Бұнда 324 отбасы бар. Мектеп жасындағы 294 баланың 138-і Әзизхан Сахов басқаратын Кентау қаласына қарасты «Төрткүл-төбе», 156 оқушы Түркістан қаласына қарасты М.Қазыбеков орта мектебінде дәріс алады.

Іргетасы 1934 жылы қаланған «Төрткүл-төбе» негізгі мектебі бүгінгі заман талабына сай келмейді. Мектептің әбден тозығы жет­кен. Оның үстіне сыныптардың аздығынан оқушылар үш ауысымда оқуға мәжбүр. Симаған оқушылар жолдың арғы бетінде орналасқан М.Қазыбеков мектебіне барып оқиды екен. Ал, мектепке бару үшін олар Кентау-Түркістан күре жолын кесіп өтуі тиіс. Бұл жолда көлік апаты жиі орын алып тұрады. Тіпі мектеп оқушыларының арасында осындай қайғылы оқиғалардың құрбаны болғандар да бар.

Осындай орны толмас өкініштен кейін, жергілікті халықтың өтінішімен 2004 жылы ба­стауыш мектеп 9 жылдық негізгі мектеп болып қайта ашылыпты.

2004 жылы елдімекенге жаңа типтегі мектептің жобалық-сметалық құжат дайындалғанмен, әлі күнге дейін сиырқұйымшақтанып бюджетке ене қоймапты.

2008 жылы 16 маусымда №18-202/2008 нөмірлі жұмыс жобасының қорытындысына сәйкес 292265,89 мың теңгеге 200 орындық мектеп ғимаратының құрылысы жүргізілуі тиіс болыпты.

Ал, 2009 жылы облыстық бюджеттің қазынасынан Құшата елдімекеніне мектеп салу жоспарланыпты. Әйтсе де бұл жоспардың жақын күндері жүзеге асар түрі көрінбейді. Құшата елді мекеніндегі ағайынның жанайқайына құлақ асар уақыт жеткен сияқты. Ауыл тұрғындары әлі де үміттің жетегінде.

«Тым болмаса 2010 жылы мектеп ғимараты құрылысына қажетті қаржы бөлініп, ауылымыздан жаңа мектеп бой көтерсе жөн болар еді», дейді ауыл тұрғындары.

Дұрыс-ақ. «Жыламаған балаға, емшек қайда?» демеуші ме еді қазақ нақылы. Қиыншылықтарға қарамастан қарқынды жұмыс жасап келе жатқан мектеп ұжымының жеткен жетістіктері де жетерлік. 2009-2010 жылғы оқу жылында мемлекеттік аралық бақылауда мектеп оқушылары білім дәрежесінің жоғары екендіктерін дәлелдей біліпті. Білім орда­сында жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беру жолында елеулі еңбек етіп келе жатқан директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Р.Алдиярова, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Б.Әбдуханов, педагог-психолог А.Бақбергенова, әлеуметтік педогог Б.Алтаев, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі А.Сейтжанова, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Г.Қалдыбаева, бейнелеу пәнінің мұғалімі Ш.Розметова, бастауыш сынып мұғалімі С.Түлебаевалардың еңбегін ерекше атап өткен жөн.

Ұжымның сүттей ұйып, жүйелі жұмыс жүргізуінің өзі білікті басшы Әзизхан Саховтың іскерлігімен тікелей байланысты екені сөзсіз.

Қаймағы бұзылмаған қазақтың әдет-ғұрпын сақтап, құт дарыған Құшатадай өңірде ынтымақ пен бірлікті жарастырып ғұмыр кешіп жатқан ауыл тұрғындарының өтініш тілегін уақыт оздырмай, орын­дау қажет-ақ.

Ендігі жерде бұл мәселенің жай-жапсарымен ха­бардар Кентау қаласының әкімі Көктембек Табылдиев пен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мыр­захметов қол қусырып қарап қалмас деген ойдамыз.

Гүлмира САДЫҚОВА