Шымкент әкімі - Оңтүстік Қазақстан облысының ең бай шенеунігі

Шымкент әкімі - Оңтүстік Қазақстан облысының ең бай шенеунігі | Жаңалықтар | «Baq.kz» Ақпараттық портал Астана. 26 маусым. BAQ.KZ - Шымкент қаласының әкімі Қайрат Молдасейітов 2011 жылы 900 миллион теңгеге жуық табыс тапқан. Мұндай мәлімет «Нұр Отан» партиясының «Өзіңнен баста» атты акциясының нәтижесінде белгілі болып отыр.
Акция қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының ең бай шенеунігі ретінде Шымкент қаласының әкімі Қайрат Молдасейітов танылған. Жарияланған ақпаратқа сәйкес, Молдасейітовтың жылдық табысы 316,2 миллион теңге және 3,9 миллион долларды (582 миллион теңге) құраған. Сонымен қатар, әкім өз атында жер телімінің бар екенін де көрсетіпті. Ал, байлар тізімінің екінші сатысында облыстың бас сәулетшісі Бақытжан Әшірбеков тұр. Оның тапқан табысы — он миллион теңге. ОҚО-ның Сайрам ауданының әкімі Уәлихан Қайназаров болса 8,6 миллион теңгесімен үштікті қорытындылапты. Айта кетейік, аталмыш шара барысында өздерінің табыстарын Оңтүстік Қазақстан облысының көптеген шенеуніктері жариялаған болатын. Айтпақшы, осындай шара аясында бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысының әкімі жеке баспанасы жоқ екенін жариялаған еді.