Мырзашөл марқасқалары. 3. Қапаш

1
2272

             

 Анасын жоқтаған өлеңiмдi Алматыдан поштамен жiбердiм. звандап алғысын айтты. Өлеңiм көп қағаздың арасында жатқан шығар.

– Жағдайыңыз қалай – дедi. Мен денсаулығымды айттым және «Тектiлiк» атты кiтабында маған мақтау айтқан жерiне рахметiмдi айтып, ризашылығымды бiлдiрдiм.

– «Жылы суда» шипажай аштым. келiп суға түсiңiз. Туған жердiң топырағы ем болар, – дедi ол.

– Қалта жұқа, қол келте ғой,- деп едiм.

– Келiңiзшi, келе берiңiз. Туған жердiң суы, топырағы жараңызды жазып жiбередi,- дедi. соңғы сөзiмiз «туған жердiң топырағы» болды. Жұмысты тез бiтiрушi едi. Бұл жолы да асығыс екен. көз көрмес, құлақ естiмес жаққа асығыс кетiп қалдың ғой, досым.

 

МЫРЗАШӨЛДІҢ  ЖҰМАҒЫ

Жетiсай шипажайының қызмет-керлерiне мың да бiр рахмет айта от­ырып, ақ тiлектер жазылатын құрмет кiтабының беттерiнен әсерлене отырып, қарашадан шығып хан болған Қапаштай азаматты полковник Әбдіғаппар Серікбаевты еске алып, ақ дастарханын, ыстық жүрек мейiрiмдердi бiрге бөлiскен адамдар туралы «Суы жақсы екен, тама­ша демалдық» деп жаза салу маған аз көрiндi. Сондықтан сөздi әрiден бастай­ын.

Қалаңыз, қаламаңыз Алланың бұйырығымен Жетiсай тарихы – Қапаш бар кездегi және Қапаш кеткеннен кейiнгi тарих болып қалады. Себебi, бiр өзi бiр ғылыми институттың жұмысын атқарған М.Әуезов сияқты, бiр өзi бiр қала салған Н. Назарбаев сияқты, бiр өзi бiр аудан салған – азамат Қапаш. Және әшейiн «там салғыш» емес, әсемдеп, әрлеп кiлемге қондыратын кестегер­дей Еуразиялық архитектура үлгiлерiн шөлге гүл етiп орнатқан маман. Сондай шеберлiктiң бiрегейi, арпа iшiнде бiр би­дайы – «Жетiсай» шипажайы.

Үндiстандағы Тәж-Махалды сүйгенiне арнап салған Акбар Жаһаншах – «Алланың жұмағының жердегi көшiрмесiн жасай­мын» деген екен. Мырзашөлдiң қара қарғаның миы қайнайтын шiлдесiнде гүлбақты шөлге орнатып, асты тақтай, үстi тақтай, ортасы шылдырмақтай салу­лы төсек салқын үйлер, қазiргi тiлiмiзде санаторий салған ердiң еңбегiн қалай жұмақ демейсiң. Үндiлер пiлдi жақсы көрсе, Қапаш қабырғаға да, ыдыстарға да тұқымың өскiр түйенiң суретiн са­лыпты. Неге?! Төс табаны тiлiнсе де, шөлден жаны көзiне көрiнсе де жұмысын бiтiрмей ас iшпейтiн, белi былқ етпейтiн, сiрi сексеуiлдей төзiмдi, түйедей шы­дамды едi ғой Қапаштың өзi де! Мың шақырымды мыңқ етпей басып, керуен­басы мiнген есекке бұйдаланып, қырық түйелi керуен шайханалы базарға жетiп ендi демдi басқанда жемнiң рахатын есектер көредi-мыс. Түйеге бұйырғаны баяғы су мен жантақ та!

Бiрақ, әлемге мәлiм дәрiгер Әбу-Әли Ибн-Сина өлгелi жатқанда шәкiртi:

– Сiз кеткен соң, бiз қайтемiз, кiм бiзге жәрдем бередi, адамдарды қайтiп ем-деймiз? – десе керек. Сонда ғалым:

– Бiз кетсек түйе бар ғой,- дептi. Еңбегi, сүтi, етi – мың да бiр ауруға ем екендiгiн айтқан екен. Өзi де көп оқитын, кiтап жазған Қапаш түйе суретiне қызыққанда – халыққа мың да бiр ем болсын деп ши­пажайын салғанда, ырымдап, тұмар етiп тақты ма екен?! Оны ендi өзiнен басқа ешкiм бiлмейдi!

 

«ҚАПАШТЫҢ ЖЫЛЫ СУЫ»

Бiздiң бiлетiнiмiз, Жетiсайдан таксиге мiнерде: – «Жылы суға» – десең – Қапаштың «Жылы суына» ма?- дейдi. Өкiмет қаулы шығармаса да халық айтпақшы, күндiз-түнi еңбек етiп, түйедей шыдап, мақта өсiрiп, маңдай тер табан ақысын ала алмай жүрген халық – Қапаштан мың қайырым көрген адамдар – Қапаштың «Жылы суы», шипажайы деп айтып жүр. Оған да шүкiр! Бiзде бiр әдет бар, Жетiсай дегенде талай жерге атау берiп тастай­мыз. Өзгертетiн кезде қағазды көбейте бастаймыз. Қапаштың жетiсi өткен мей­рамхана «Ақ босағаның» арғы жағындағы көше Кан деп аталады. Стадионға қарама-қарсы көшенi айтамын. Сол Кан кiм екенiн көпшiлiк бiле бермейдi. Ол – Талдықорғаннан кәрiстердi ба­стап келiп, аупартком хатшысы Егемқұл Тасанбаевпен бiрге құрылыс салып, өзге ұлт құрметiне бола Жетiсайда жетi айда Еңбек Ерi атағын алған адам. Сол көшелердi Қапаштай бүкiл өмiрiн Жетiсайға арнаған адамдарға өзгертiп бере салса, Жетiсай қаласының әкiмiнiң де, Мақтарал ауданы әкiмiнiң де қай жерінің болса да қылы қисаймас едi. Ел алғысын жаудырар едi.

Бәрiбiр, Қапаш негiзгi асыл армандарына жетiп, халық батасын қап-қабымен алып кеткен адам. Iлгерiдегi Қарақасқа атты Қамбар батыр бiр рулы елдi асыраса, Қапаш аудан­ды асыраған азамат. Оның жасаған

қайырымдылықтарын жазуға қағаз жетпейдi. Алда, Алла аманат жанымды аман қойса кiтап та жазылар…

ҰЛЫ ҚАЗАҚ

Халықта бiр сөз бар ғой: «қой асығы демеңiз, қолыңа жақса сақа қой, жасы кiшi демеңiз, ақылы асса аға қой» деген.

Басқада жұмысым жоқ, өз басым Қапаштан көп жақсылықты көрдiм. Кiшi болса да үйрендiм. Ненi? Бүгiнгi iстi ертеңге қалдырмауды. Бизнесте сөзде тұруды. Адамына қарап жағдайласпай, жағдайына қарап адам тануды, тағы басқаларды.

Анасының қолынан дәм таттым. Қыздарына нағашы аға болып, ақ батам­ды бердiм. Анасын сыйлайтын жiгiттiң менiң бiр кiтабыма демеушi болғаны бар едi. Сонда өмiр тарихын жазып кiргiздiк. Өз аузынан жазып алдым. Ол кiтапқа ар­нап анасын құшақтап суретке түстi. Мен ол туралы мақалаға «Арманы ат басын­дай жiгiт» деп ат қойдым. Қапаш күлiп:

– Мәке, (қайнаға деп қоятын) ат басындай алтыны бар деп, ел шулап жүрмей ме? – дедi. Мен әдейi үндемедiм. Бұл сөздi мен Д. Қонаевтан естiп едiм. Қазақта екi сөз бар екен.

– Жақсы әйелдiң iшiнде ерттеулi ат жүреді.

– Арманы ат басындай жiгiт,- деген.

Қазiргi балалар демалыс лагерiне айналған орынды ол кезде Қапаштың сауна жасаймын деп жатқан кезi едi. Соның бiр бөлмесiнде жөндеу әлi жүрiп жатқан кезде, кiтапты екеуден-екеу жудық. Сосын, бағанағы сөздiң мағынасын айттым. Екi әйел алған адам туралы әкемнiң әңгiмесiн қосып, баяндап бердiм. Өзiм, сегiз бауырым­мен екiншi әйелдiң баласымыз. Онда тұрған не бар? Содан, бата бер деп, менi сүйiп, күлiп-ойнап қоштастық. Iшiнде ерттеулi аты бар деп ұл табатын әйелдi, ал арманы ат басындай деп ұлы жоқ жiгiттi айтады. Арада жылдар өттi. Айдай сұлу Айнаш елдi қуантты. Бiрiншi өзiм қуандым. Жiгiттiң қос қанаты қос ұлы, ел тiлеуiнен жаралған қос Сұлтаны құдайға шүкiр, көз қуантып өсiп келедi. «Орнында бар оңалар, орнында жоқ жоғалар». Д. Қонаев ақсақалдың:

– Қырық екi жыл, сегiз ай ел басқардым. Арманым ат басындай. Дүниенiң бақыты – артыңнан дұға оқитын перзент, – дегенiн ағаның көзiн көргендерден естiдiм. Қапаш артында iзi бар, ұлы мен қызы бар, немерелерi қалың қара орман, елi ұмыта қоймайтын Ұлы қазақ қой!

 

ҚАСҚЫР АЛҒАН ҚЫРАН ЕДІ

Демалып жатқанымда көрдiм, шипажайдың бағында тау ешкiсi мен тау­ыс құсы бар екен. Қараушысы су мұрап,

бағбан Медет деген жiгiт. Құдайдың құдiретiмен, Қапаштың жетiсi шамасында сол ешкi жан тәсiлiм еттi. Қапаштың екiншi бейсенбiлiгi күнi қатты найзағай ойнап, нөсерлеп жаңбыр жауды. «Күлпаршын ЖШС» шипажайының шығар оң жақ терезесi шытынады. Мен досымды ой­лап көзiме жас алдым. Аллаға да жақсы адам керек екен. Менiмен бiрге аспан жоқтасты. Мен ойладым:

Ол – жетiмдiктен халыққа қарай қашты.

Ол – жоқшылықтан байлыққа қарай қашты.

Ол – сөйтiп, басып жейтiн қарға емес, шашып жейтiн қыран бүркiтке айнал­ды. Қазақта байлығын өзiнен басқаға қимайтын боқ шоқыған қарға көп, бiрақ, қасқырды басып жейтiн қырандар аз. Солардың аспанында бiрге ұшты. Сенбе-сеңiз, шипажайдағы суреттерге қараңыз. Чемпион да, министр де, әкiм де бәрi-бәрi ақ сөзiн алғысын айтқан, шапан киiп қайтқан!

 

БОЗТОРҒАЙДАЙ БАЛДЫЗ

 

Бозторғай деген құс болар,

Бозаңда болар ұясы.

Бозаңның түбiн су алса,

 Қайғыда болар анасы, – деп келетiн өлеңдегiдей, Қапаштың шипажайдағы көп тiршiлiгiн жалғастырамын деп, отқа да, суға да түсiп жүрген, бозторғайдай шырылдап ұшып жүрген, көмейiнде ал­тын гауһар тасы бар, жүрегi ақ, көңiлi пәк, өзi асыл жан бар. Ол – Сәулештай. Осы шипажайдың басшысы. Қапаш жездесi балдызына сонша сенген. Жезде емес әкесiндей көрген ардақты адамның атына кiр келтiрмеймiн деген Сәулештiң ынта-пейiлiне ағалық көңiлмен ырза болдым және талабы таудай, мiнезi бал-дай, бозторғайдай төзiмдi қарындастың қиындықты жеңетiнiне сенемiн. Ақылшы Айнаш барда, айнала бауырлар, туысқан, достар барда жақсылық көктен жауады, жерден өнедi. Өйткенi, бұлар халық батасын көп алған және ала беретiн адам­дар.

 

Екi АРУАҚ, БІР ҚҰДАЙ

қолдасын!

Азанда қарасам шипажай алдындағы раушан гүлдер суға қанған түннен соң қып-қызыл болып бой жетiп қалыпты. Құтылардағы ақ-сары, көкшiл гүлдер де құдашалардай әдемiленген. Шипажай гүлдерiне де, ағаштарына да, тас ескерткiштерiне де, орындықтарына да «көз тимесiн» деп тiледiм. Бiрақ, көз онсыз да тимейтiн шығар. Екi аруақ, бiр құдай қолдап тұр ғой. Өмiр жалғасуда!

Шипажайда еңбек ететiн қыздар сол бақтағы гүлдердей жайнай берсiн, еңбектерiнiң рахатын көрсiн!

 

АНАЛАР ТiЛЕГІ

Шiлдеде жанның рахатына бөленiп демалып жатқан қарағандылық Қызбала Алпысқызы, Жетiсайлық Ысқақова Арапкүл, ел ардақтысы Төлеген Амановтың жұбайы Алтын Жақсылыққызы шипажайды аралап, естелiк суреттердi көрiп жүр екен. Әрине, бұлар даңқы Мақтаралдан Астанаға дейiн мәлiм болған Қапаш есiмiне қанық адамдар ғой. Ендi ел үшiн жасаған еңбегiн шипа­жай сипатынан көрiп, көпшiлiктiң атынан Атакенттегi «Игiлiк» ауылының тұрғыны Алтын жеңешем айтқан сөз ананың ақ алғысындай естiлдi:

– Ең болмаса, Қапаштай алтын азаматқа Алла тағы он жыл өмiр бергенде халық үшiн қанша игi iстер орындалған болар едi-ау. Әр ауылдан осындай жiгiттер шығып, елге етене тiрлiк iстесе ел гүлденер едi ғой. Бұрын да аты шыққан Мақтарал атағы бұрынғыдан да асқақтар едi. Әттең, өмiр қысқа болды да!

– Иә,- дедi Арапкүл ана да толқып, Қапашқа арнап Мұқамедәлi Бегалиев ән де шығарыпты, оны атақты Кенже термешiнiң орындауында естiдiк. Адам бiз түгiл гүл екеш гүл де жылап тұрғандай.

– Ағаштың алуан тұқымдарын әкеп өсiрген екен,-деп сөз қосты қарағандылық Қызбала құдағи.

 

Сөз түйiнi

Жүз жiгiттiң тiрлiгiн iстеген, бiр өзi жүз жiгiтке татитын досым-ау, мың ар­манды арқалап, бiр-ақ пенденiң өлiмiмен кеттiң-ау,- деп мен де дүниенiң опасыздығына өкiнiп, ойланып қала бердiм…

Өлең жазғым келдi:

Қайтем ажал алып кеттi өзiңдi,

Артта қалдым, құрғата алмай көзiмдi.

Патша-құдай өзi берiп, өзi алды,

Аз өмiрде көп сынады төзiмдi.

Шын керегiң ай өтпей-ақ сезiлдi.

* * *

Айналайын, Айнаш, саған не айта­мын,

Идi Құдай, сынбадың, тек шайқалдың.

Нағыз еркек етiп өсiр ұлдарды,

Аз арманды, жүз бақыт қып

қайтарғын!

Шылығынан сақтасын адам-пiшiн

сайтанның!

* * *

Сәулеш, саған не деймiн,

Әзiрше, сөзге кедеймiн.

Уақыты келсе өлеңдi

Лүпiлдеген жүректен

Елжiретiп төгермiн!

Шын тiлегiм: Көгергiн!

 

Мылтықбай Ерімбетов,

Жазушылар одағының

мүшесі, ақын

 

1 Пікір

  1. Осындай атпал азаматты кезінде көреалмаушылықтан ба, түсінбеушіліктен бе, әйтеуір, даттаушылар көп еді ғой. Жақсының жақсылығын жазған адамға рақмет

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз