БІЗГЕ ҰЛТШЫЛДАР КЕРЕК

d0b0d182d0b0-d182d2afd180d196d0ba        

 Жер бетіне қызыл империялардың қанат жаюымен «ұлтшылдық» үрейлі ұғымға айнала бастаған еді. Тіпті күні бүгінге дейін оны баспа-бас өз мәнінде атаудан қорқып, «патриот», «ұтжанды», «елжанды», «елін сүйгіш» сөздерін жиі қолданып жүрміз.

           «Ұлтшылдық ұғымы шынында үрейлі ме?»- дегенге кел­генде ғалымдар мен қайраткерлердің пікірі көбінше бір арнада тоғыса бермейді. Бұл сұрақты барынша қарапайым түсінікпен айтатын болсақ, ол: «анаңды, балаңды жақсы көресің бе?» дегенге барынша жақындар еді. Әрине әр көкірек өз жүрегіндегі адал махаббатын білдіруге кінәлі емес қой.

 

Ежелгі грек жерінде пайда болған патриот сөзі (раtrіоtes - жерлес, отандас) дүниежүзілік қауымдастықтың даму тарихы­на және мемлекеттердегі саяси жағдайларға байланысты әр түрлі балама мен ұқсамаған мағынаға ие болып отырған. Мысалы, ежелгі Афина азаматтарына эл­лан тілінде сөйлей алмайтын­дармен некеге тұруға заң жүзінде тыйым салынған. Бұл заң тала­бын орындау грек патриотизмі ретінде қабылданған және мемлекеттік дәрежеде насихат­талып, бұлжытпай орындалған. Ұлы Мхатма Ганди «ағылшын отаршылдарымен күресудің жолы - ағылшынның тауарла­рын ешқашан сатып алмау» деп жариялады. Тауарлары өтпеген ағылшын кәсіпкерлері жаппай банкроттыққа ұшырап, ақыры үнді жерінен кетуге мәжбүр болған. Демек мұндағы патротизм біздің ұлтшылдық ұғымымызға бір табан жақындайды.

Жалы ұлтшылдық ұғымы көбінесе зорекер ұлттың қорлауы мен әлсіз ұлттың қорғануы сынды екі түрде кездеседі. Мұндағы қорлаушы ұлт адамдық тағылымына жат құбылыс та­нытса, қорланушы ұлт қорғану мақсатында ұлтының мүддесін жоқтайды.

Ұлы ойшыл Бенедикт Андер­сен: «Ұлтты қалыптастыратын – ұлтшылдық. Ұлтшылдық – идеология емес. Ұлтшылдықты фашизм, либерализм тәрiздi идеологиялармен қатар қойсақ, ол өз мағынасын жоғалтады. Ұлтшылдықты тiл, дiл, дiн сияқты құбылыстармен қатар қою керек. Оны туа бiткен қасиет ретiнде қабылдау қажет»- деген болатын. Өткен тарихымыздың көлеңкелі беттері әрине, одан басқа мағына іздеп келгені анық.

Ұлтшылдық туралы терең пікір айтқан адамның бірі Джавахарлал Неру. Ол өзінің «Үндістанны ашу» деген еңбегінде былай деген: “Менің Үндістанға қатысты, әр түрлі жағдайларға қатысты ойларым қызу қанды әрі шектеулі болды. Осындай менің еліме қатынасым ұлтшылдық формасында бола­тын. Мұндай жайлар көптеген адамдарда кездеспеуі ықтимал, ал қазіргі Үндістанға ұлтшылдық қажет және де ол табиғи, қоғам өміріндегі керекті сау құбылыс. Әлемдік тарих тұрғысынан қарасақ, ұлтшылдық интерна­ционализм мен пролетарлық қозғалыстар нәтижесінде жойы­латын сияқты. Бұл теріс пікір, ұлтшылдық — халықтардың қозғаушы күші, онымен бірге сезімі, дәстүрі, мақсатты өмір сүрудегі бағыт-бағдары ортақтығын айқын білдіреді”.

Неру ұлтшылдықты ұлттық, патриоттық идея мәнінде түсіндірген. Демек, «ұлтшылдық — тәуелсіздікке бастайтын ру­хани күш. Бұл ұғым жоқ жерде тәуелсіздік туралы сөз мәнсіз. Ұлтшылдық әрбір халыққа тән» (Ғарифолла Есім). Ұлы адам­дар мен адамзат ақиқатының тереңіне бойлағысы келген таза көңілдер ғана көлдей тұнығын көрсете алады. Ұлтшылдықтан қоқу емес, оны мақтаныш сезінетіндер де аз емес.

Көрнекті түрік ұлтшылы М.Шоқай 1939 жылы «Ататүріктің реформалары» атты мақаласында “... ұлтты құтқару күресі сыртқы жауды жеңіп, туған жерін азат етумен ғана шектелмейді. Ұлтты көтеру көбіне-көп ішкі реформаларға байланысты бо­латын да, реформаның қарқыны ұлттың бойындағы дерт-дербездің қандайлығына тәуелді еді. Мемлекетті қасіретке душар  еткен дерт-дербезден құтқаруға бекем бел байлаған адам кез кел­ген кедергіні жеңуі, алға қойған мақсатқа қарай батыл қадамдар жасауға тиіс. Ұлт үшін азаттық пен тәуелсіздіктен артық тағы қандай қасиетті нәрсе болмақ?” – деп жазды. (М.Шоқай, Таңдамалы, 2 т, 208 б.).

Осы орайда бүкіл түрік ұлтын жан-тәнімен сүйген ұлы қайраткер Мұстафа Кемал Ататүрік жайында айта кетудің де артықтығы жоқ.

1911-1912 жылдары итальян – түрік, (Либия), 1913-жылғы екінші Балқан және 1913-1918 жылдардағы бірінші дүниежүзілік соғыстарға қатысқан оның түпкі ойы-Отанын өзгелерден азат  етіп, Осман империясына нүкте қойып, тәуелсіз ел болу еді. Осы соғыстарға басшылық ете жүріп, өзі батырлықтың үлгісін ісімен де, сөзімен де танытты.

«Стамбулдың құтқарушысы» аталған ол жауынгерлеріне: «Мен сендерге шабуылға шығыңдар деп бұйырмаймын, мен сендер­ге шайқаста жан тапсырыңдар деп бұйырамын!» деген ұраны арқылы ел мен жерді қорғауға жігерлендірді.

1916 жылы ол басқарған ко­мандование орыс әскерінің Эр­зурум түбіндегі шабуылын той­тарды. 1921 жылдың 23 тамызы мен 13 қыркүйегінің арасы Са­карья өзені бойындағы жеңістен кейін М.Кемал ұлттық батырға  айналды. Түркия Ұлы ұлттық жи­налысында оған Маршал атағына қоса құрметті «Ғази» (Жеңімпаз) лауазымы берілді.

Жан алысып, жан беріскен замандарда талай наубетті ба­стан кешкен қайтпас қайсар Мұстафа 1923 жылы құрылған Түрік Республикасының тұңғыш президенті болып тағайындалды. Бұл лауазымға араға төрт жыл­дан салып, үш рет сайланды. Оның себебі Кемал Мұстафа Ататүріктің өзі айтқандай: «Ұлтқа қожалық жасауға бол­майды. Оған тек қызмет етуге ғана болады. Ұлтқа қызмет жа­сай білген жан ғана оның қожасы бола алады»,-деген пікірі дәлел болса керек.

«Менің күшім мен қуатым  халықтың маған көрсеткен сенімінен құралды» деп ағынан жарылған оның осы сөздерінің астарында өз халқына деген шексіз сүйіспеншілік жатқан еді. Өз халқының көрсеткен сенімінің арқасында ол «Ұлттың атасы», яғни - Ататүрік атанды.

Оның 1931 жылы Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінде: «Бүгін кеңестік Ресей-досымыз, көршіміз, одақтасымыз. Бұған біз бүгін мұқтажбыз. Бірақ ертең не боларын ешкім кесіп айта ал­майды. Дәл Осман империясы сияқты, дәл Австрия-Венгрия сияқты ыдырауы, бөлшектенуі мүмкін. Бүгінгі қолында ұстап отырған халықтары уысынан шығып кетуі мүмкін. Сонда әлемде жаңа тепе-теңдік ор­найды. Міне, сонда Түркия не істейтінін білуге тиіс. Біздің бұл досымыздың билігінде тілі бір, наным-сенімі бір, өзегі бір бауырларымыз бар. Соларға қол ұшын беруге даяр болуымыз  керек. Бүгін біз олардан ажырап қалдық. Кімдікі дұрыс? Олардың  жақындасуын күте алмаймыз. Біз оларға жақындасуымыз қажет. Тарихи байланыстарымызды жаңғыртуымыз керек. Бұларды кім жүзеге асырады? Әрине, біз»-деп сөйлеген атақты сөзі болашақты сезіне алған нағыз ұлтшыл саясаткердің даналық пікірі еді.

Ол тағы да: «Біздерді «ұлтшылдар» дейді. Бірақ біз ұлтшыл болғанда да өзімізбен ынтымақтастық жасайтын барлық ұлттарды құрметтейтін, олардың ойынан шығатындай ұлтшылдармыз.

Түрік ұлтының мінезі - асқақ. Түрік халқы - еңбекқор халық. Түрік халқы - зерек халық.  

Өйткені, түрік халқы ұлттық тұтастықтың және бірліктің арқасында басқа күштерді жеңе білді. Түріктің түріктен басқа досы жоқ. «Мен түрікпін» деген адам қандай бақытты!

Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемізді алдымен біздің өзіміз бар сезімімізбен, ақыл-ойымызбен, ісімізбен, бүкіл қимыл-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын біліп қойғанымыз жөн!»- дегендерді айтқан бола­тын. («Жас Алаш», № 44 (15294), 03.06.2008 ж).

Міне, біз бұлардан ұлтшылдық туралы ұғымымызды тіпті де айқындай түсеміз. Әрі бүгінгі қазақ ұлтшылдарының бойында қандай қасиет болу керектігін де аңғарғандаймыз.

Отаршылдық және оған қарсы шығып, халқының қадірменді ұлдарына айналған қазақ ұлтшылдарының өткен күндеріне үңілгендеде тарихтың берер тағылымы аз емес.

«Ресей отаршылдары қазақ жерiн бiр жарым ғасыр бойы жаулағанда, олар отты қарумен, тұрақты армиямен қаруланса да әр жердегi қазақ батырларының қол бастаған жан кештi қарсылығына ұшырап, алға жылжи алмай келдi. Мұның басты себебiн орыс тарихшы­сы Аничков қазақтардың елiне, жерiне деген махабатынан туындаған ұлттық санасының жоғары деңгейде болуында деп атап көрсеттi. Ал, өзбек хандығының қарсыласуы тез арада тойтарылып, екi-үш жыл арасында жеңiлiс табуы олар­да ұлттық сананың жоқтығын көрсеттi. Өйткенi отаршылдарға қарсы бiрде бiр не өзбек, не сарт, не тәжiк батырының қол бастап қарсылық көрсетпеуi- осының айғағы едi.

Осы себептердi ескере отырып, патша үкiметi түрiк халықтарының iшiнде алдымен қазақтарды ерекше қыспаққа алып, жер бетiнен сыпырып та­стау әрекетiнен тайынбады. 1865 жылғы наурыз айында Алаксандр I патша ерекше мәнi бар мәселеге өз қолымен жазатын раскриптiнде қазақтарды шоқындырып оры­стандыру туралы саяси құжатқа ресми түрде қол қойды. Бұл байлам жергiлiктi билiк арқылы құпия түрде бiртiндеп асықпай жүзеге асыруға бағыт алды. Қазақтарды шоқындырып орыстандыру мәселесi Святой синодқа тап­сырылып, миссионерлiк саясат үшiн мемлекет тарапынан ора­сан зор қаржы бөлiндi.

Бұл iстi жүзеге асыру үшiн алдымен қазақтардың мың жыл бойы қолданып келе жатқан араб жазуын кириллицаға ауыстыру мақсатын жедел қолға алды»(М.Мырзахметұлы «Түркістан » 2007 жыл 15 ақпан).

Қазақтың ділін, тілін құрту, жерін отарлау мақсатындағы орыс отаршылары ойына келгенін істеді.

Айталық, патша үкiметiнiң ерекше iстердi жүзеге асыратын чиновнигi шоқынды Балка­шин Жетiсу, Семей губерния­сын аралап, жарамды жерлердi орталықтан келген қара шек­пендерге беру үшiн зорлыққа басқанда, оған Потанин қарсылық пiкiрiн бiлдiрдi. Сон­да Потаниннiң қарсылығына Балкашин “империяға жер керек, қазақтар қайда кетсе онда кетсiн” деген екен.

 

(жалғасы келесі санда)

Жәди Шәкен