Жарылқасын ДӘУЛЕТОВ, Қазақстан Мәдениет қайраткері, сазгер, сатирик: ОППОЗИЦИЯДАҒЫЛАРДАН ТЕК ШАХАНОВТЫҢ ҒАНА СОҢЫНА ЕРЕР ЕДІМ… Ән жазу оп-оңай дегеніме Алтынбек ағамыз ашуланып қалыпты…

1
3039

– Жарылқасын аға, 11-наурызда «Құс қанатындағы хат» атты ән кешіңіз өткелі жатыр екен. Құтты болсын! 

-Рахмет. Бұл менің ән кешім емес, халыққа есеп беруім. Ән кешіме әннің атын қойып от­ырмын. Құстың қос қанаты бо­латындай, менің де бір қанатым сатирам болса, бір қанатында -әндерім. Сондықтан ойлана келе осылай ұйғардым.

– Қос тізгінді қатар ұстау қиын емес пе?

Менің жан-дүниеммен, барлық бітім-болмысыммен сатирикпін ғой. Мен өзімді композитормын деп есепте­ген емеспін, есептемейтін де шығармын.

– Сондықтан шығар сіз бір сөзіңізде «ән жазу мен үшін тым оңай» деген көрінесіз. Дәл осы сөзіңізге Алтынбек ағамыз ренжіп қалған сыңайлы…

-Оңай дегенімде ол бы­лай ғой: Мен өзім өлең жа­зып бастағам, жазамын да. Өнер жолымды мен поэзиядан бастағам, сосын сатираға ойы­сып кеттім. Сонымен қатар журналистпін. Өлең жазу де­ген ол – азап. Ол – дерт. Ал, енді өзіңіз ойлап қараңыз, әнге сөз жазу үшін бес-алты шумақ жазады ғой. Ал, енді ән жазу керек болса, бір-ақ шумақ ән жазсаңыз жетіп жа­тыр. Қайырмасы бар, әрине. Бұл қара жұмысы. Мысалға, сол ән үшін жүрегіңіздің сөлін сығып тұрып бір-ақ шумақ жазасыз. Ал,өлеңнің әр шумағына, әр тармағына, әр сөзіне сөйтіп жазасыз. Ал, енді осы жағына келгенде, мен өлеңнің де, сатираның азабын да көргенмін. Осы себепті те ән жазу маған жеңіл болды, аса жеңіл болды. Алтынбек Қоразбаев ағамыз «Ән жазу мен үшін ойыншық» деген сөзіме ренжіп қалыпты. Ол кісі мықты композитор ғой. Мой­ындау керек. Жан-жүрегімен жазады.

– Өлеңнің де азабын көрдім дейсіз ғой. Аға, поэзияда ар­нау өлең дейміз ғой, сазгерлік саласында да тапсырыспен ән жазасыз ба?

-Мен арнау ән жазсам да басқа әндерімдей биік деңгейге көтеруге тырысам. Мысалы, әпкемнің 80 жылдығы болды. Асыл әпкем енді ол. Бәрімізді бір шыбықпен айдайтын. Сол Тәжікүл әпкеме арнаған дүнием болатын. Біреу машина мінгізді, біреулер бағалы сыйлықтар тарту етті. Мен ықыласымды әнмен жеткізгім келді. Бірақ, ішінде Тәжікүл деген есімі де жоқ. «Әпкетай» әнін жаза от­ырып, оны қазақ әпкесіне ар­нап жазғым келді. Жақында менің Кадырбек Күлбаев де­ген бұрынғы редакторымның немересі қайтыс болған еді. Соған ескерткіш ретінде ән жа­зуымды өтінгенді. Ойландым. Толғандым. Жаздым. Жазғанда, «қимаймыз, мәңгі есіміздесің» деген дүние емес. Елдің керегіне жарайтындай еңбектендім. Ақыры «Қабірден хат» туды. Сөзін өзім бастадым. Жалғасын Біржан Байтуов деген ақын інім жазды. Басы былай :

Тірілер жүрген жердегі,

Зарымды тыңда мендегі.

Басталды қабір тергеуі,

Тығырыққа қойды әкеп.

Күлгеннің бәрі дос емес,

Тірі жүргенің бос елес.

Әлі де бірақ кеш емес,

Намаз оқышы, әке.

Қ-сы:

Қабірдің іші қараңғы,

Қорқыныш басты санамды.

Ұсынып жақсы-жаманды,

Еркіне беріп ғаламды,

Сынап көру үшін бір Алла,

Жаратқан екен адамды.

Ал, енді осыны арнау ән деймін бе? Мен осыны ар­надым. Бетховен де арнаған, Штраус та арнаған. Олар биік дәрежеде арнай білген. Жүрегін толқытқан, арнаған.

 

 

НЕ СӨЗІ ЖОҚ, НЕ САЗЫ жоқ ән айтатын Әншілерді жек  көремін…

– Демек сіз композиторсыз, әрі ақынсыз. Бірақ осы ән жа­зарда алдымен сазын туды­рып, сосын сөзін жаздырасыз ба? Әлде дайын сөзге әуен шығарасыз ба?

-Екеуін де жазамын. Онда тұрған ештеңе жоқ. Жал­пы, мен мынандай қулыққа көшкем. Мықты поэзия өзінің әнін айтып туады. Соны кішкене аршып-аршып жіберсең болғаны. Мыса­лы, Мұқағалидың бір өлеңіне  бірнеше ән жазылып жатуы мүмкін. Өйткені, олар поэзи­яда тек Мұқағалиды біледі. Ал, поэзияда басқа да мықты ақындар бар емес пе. Жақында бір жиында Қасымхан Бег­маннан кітабын сұрап алдым. Білем ғой, мықты өлеңдер бар екенін. «Бейіт кептерлерін» сол түні жазып шықтым. Соны осы кешімде Тұңғышбай ағам айтамын деп сұрап алған еді. Түнеукүні келіп «түсімде соны айтып, бейіт басымда жүр екем, қорқам» дейді. Міне, осылай ақындардан кітабын сұрап алам, болмаса дүкеннен іздеп барып сатып алам. Бай­бота Серікбайдың 1979 жылы  шыққан «Сағыныш» өлеңіне де ән жазып бітірдім. Дайын тұр. Кейде болады сондай бір ша­бытты шақтар. Ондай кезде ән дегеніңіз өзіненөзі құйылып түседі.

– Балалық шағыңызға сая­хат жасап қайтсақ? «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, осы өнер жолының басы сонау Бәйдібек ауылы­нан басталатын шығар

Мен кәдімгі қазақы ауылдың қарадомалақ баласымын. Асық ойнап, атқа мініп өскенмін. Ау­ылымыз әйгілі «Елімайдағы» Қаратаудың етегінде еді. Тауға көп шығатынбыз. Бізге биік болып көрінетін. Тұманбай ақынның өлеңі бар ғой: «Тау баласы тауға қарап өседі». Бала кезімізде армандаушы ек, биік болсам деп. Қарап тұрсам, қазір соның бәрі пендешілік екен. Біреуді мойындатсам, біреуден биік болсам дейміз. Дұрысы, біз бәріміз Алланың алдында құл болып көрінуіміз керек. Шайтан араласқанда, алдыға шығуға тырысып, тырашта­нып, өзімізді мойындатуға ты­рысамыз. Айналып келгенде бұның бәрі – атаққұмарлық, баққұмарлық. Құранда ай­тылады: «Сен атағыңды шығару үшін істесең, барар  жерің тозақ», деп. Ал біздің ақынжазушыларымыздың бәрі атағын шығару үшін жанталасады. Ал, менің осы кешімде Аллаһты мадақтайтын әндерімді бергелі отырмын. Халық осыдан ойланар ма екен, сауап алар ма екем де­ген ниет. Тіпті, мешітке барып, молдалармен де сұхбаттастым. Олар ғалымдар. Менде он­дай ілім жоқ. Сондықтан ақылдасып барып, сахнаға шығармақшымын.

– Өнер жолына қалай келдіңіз? Не әсер етті?

– Мен 67 сыныптан ба­стап, өлең жаза бастадым. Әдебиетші мұғалім маған бағыт-бағдар беріп, қаламымды ұштаған болатын. Сатираға жи­ырмадан асқанда келдім. Саз­гер ретінде жұмыс жасағаныма алты-жеті жылдың ғана жүзі болды. Осы уақытқа дейін мен өнерден біраз уақыт қол үзіп қалдым. Бизнеске кеттім. Ба­спахана аштым. Тамашаның 25 жылдығы боларда, «өзің басқарған «Тамашаң» ғой, өзің көмектесіп, өңдеп жібер» деген еді. Қолымнан келмеді. Нала болдым. «Қара қазан, сары баланың қамы үшін» деп қарайып қалыппын. Қой, болмас деп барлығын жеңгейлеріңе табыстап, өнерге қайта келдім.

– Өмір белестерінде өзіңізге қолдау көрсетіп, жанашырлық танытқан жолдастарыңыз жайлы айта кетсеңіз. Қанша дегенмен қаржылай демеушісіз концерт беру қиын емес пе?

-Досы көпті жау алмай­ды деп жатады. Достарым көп болғанына қуанамын. Әрқайсысы қолынан келген­ше көмектеседі. Әлімгерей Әуелбеков деген досым бар. Алғаш баспа ашқанымда Үмбетбай Уайдиннің кітабын шығаруға демеуші бо­лып, аяққа тұрып кетуіме көп септігін тигізген. Сол уақыттарда Бейсекешев Бейбіт досым басқаратын «Күшкен» фирмасы компьютерлік жабдықтармен жасақтап, жақсылықтарын аямады. Осы екеуі қатты көмектесті. Ал, осы өткелі жатқан ән кешіме Нұржан есімді жан досым демеуші болып жатыр. Басы-қасында осы досым жүр. «Батыр», «Изумруд» ресторан­дары осы күндері қонақтарды күтіп жатыр.

– Композиторлық көзқарас тұрғысынан емес, тыңдарман ретінде қай әншілерді тыңдайсыз?

-Тыңдаушы ретінде сүйіп тыңдайтындарым Рамазан Стамғазиев, Мейрамбек Бес­паев, Еркін Нұржанов және Жұбаныш. Мен өз әндерімді сүйіп тыңдайтын әншілерге ғана беремін.

– Ұнатпайтындарыңыз бар ма?

-Ұнатпайтындарым бар. Менің ұнатпайтындарым -далақтап, не сазы жоқ, не сөзі жоқ жартыкеш әндерді сахна­да жартылай жалаңаш күйде айтатындар.

– Қазір қазақ эстрадасы­на Ерболат Құдайбергенов, Жеңісхан секілді жас әншілер келіп қосылып жатыр. Сіз осы сарындағы әншілерге деген көзқарасыңыз? Қазақилықтан алыстау емес пе?

-Әр заманның өзіне сай әуені болады. Кезінде бір қария айтып еді: «Шәмші қазақтың кең диапазонды әндерін қалыпқа түсіріп бұзды»-деп. Бұл жерде қария өз заманының жоғын жоқтауда. Расында, Шәмшінің әндерін Біржан сал, Ақан сері заманындағылар сүйіп тыңдар ма еді, немесе сол заманның туындыларын қазір сүйіп тыңдайтындар сирек. Өз көзқарасымен шектеліп қалған композитор, ол -тоқыраған композитор. Сондықтан да халықтың көзқарасымен сана­су керек. Сонда ғана бірдене шығады. Бірақ, жүрек болуы керек.

– Саясатқа деген көзқарасыңыз…

-Мен саясатқа тұмсығымды сұққым келмейді. Жалпы саясаттағыларды жек көремін. Өкімет былай алдайды, оппо­зиция былай тартады. Халық қолжаулық емес. Жек көрем саясатты. Араласпаймын да. Өткенде алаңға да шықтым аштық жариялағандармен бірге. Неге? Тілім үшін! Әрине, көпке топырақ шашуға бол­майды. Оппозиционерлердің  ішінен Мұхтар Шахановтың соңынан кетер ем, өйткені ол жүректің адамы.

– Қаламгерлерден кімді оқисыз? Соңғы оқыған кітабыңыз…

-Мен Әбішті қатты жақсы көрем. Тереңдігін айтсаңызшы! Маркесті жек көремін. Мо­пассанды жақсы көрем. Ду­лат Исабековтің шеберлігіне таңғаламын. Болмайтын оқиғаны болдырады, алдына алып келеді. Сенесің де! Айтып отырғаны өтірік. Бонапарттың үйленуі болған емес. Болмай­ды да! Бірақ сенесің. Нағыз шеберлік!

Мен күн сайын кем де­генде екіүш сағат кітап оқимын. Күн сайын. Кейінгі кездері мен әдеби кітаптардан гөрі, хадистер, Мұхаммед пайғамбарымыздың, сахабаларымыздың өмірі жай­лы оқудамын. Бір романнан ала алмаған рухани азықты мен бір хадистен аламын. Сондықтан да соңғы кездері әдеби кітаптарға деген құштарлығым төмен. Маған құнды нәрсе – Құран. Содан соң оқитыным поэзия. Қазыбек Иса мен Қасымхан Бегманның поэзия­сын оқу үстіндемін. Жастар по­эзиясын іздеп жүріп оқимын. Қолыма түскенін құр жіберген емеспін. Газет-журналдарды оқымаймын десем де болады. Құнды дүниелер жариялана қалса ғана құнттап оқимын.

– Қазір бүкіләлемдік дағдарыс екені екінің біріне  аян. Соның салқыны сізге қалай әсер етуде?

-Қазір дағдарыс кезінде мен таңғалатын жайттар болып жатыр. Көзіммен көргенді ай­тайын, біздің ауылда жаңа мек­теп бой көтеріп, жолдардың түгелі дерлік асфальтталған. Әдемі туфлимен барып келесіз. Балшық болмайды біздің кезіміздегідей. Қуанамын. Мемлекеттің осындай игі істерін көргенде риза боламын. Кеңес одағы сала алмаған, одан кейін де салынбаған мектеп дағдарыс кезінде даңғарадай етіп салғанына тәубе етемін. Биліктің осындай игі істеріне ішім жылып қалады. Естиміз, елдің жағдайы кей жерлер­де күрт төмендегенін. Бірақ, көзбен көрмеген соң кесіп айту қиын.

 

АЛҒАШҚЫ  МАХАББАТ    ұлы емес…

– Әндеріңіздің тақырыптары әртүрлі болғанмен, махаббатты көп жырлай­ды екенсіз. Махаббат тақырыбына қарай ойыссақ?

-Біздер көбіне нәпсіні ма­хаббат деп ойлап қаламыз, бір сұлуды көреміз, ынтығамыз, со­дан қашан құшақтағанымызша өліп бара жатамыз. Ол да нәпсісі ойнап, көзі жалт ете қалса, бітті. Шаруа тынады. Содан нәпсі махаббат деп  ойлап үйленеді. Үш айда ұрысып, алты айда ажырасып жата­тындары да осыдан. Махаб­бат деген ұлы ұғым. Өйткені, шариғатта махаббат дегеніміз – Алланың разылығы үшін жақсы көру. Құранда айтады : Әйелді еркектің қабырғасынан дәрежесін төмен етіп жарат­тым. Күйеуіне мойынұсынған әйелдер ғана – жәннати, күйеуіне мойынұсынбайтын  әйелдердің баратын жері – тозақ. Тағы да былай дейді :Жәннаттың кілті ананың аяғының астында. Әйелге ай­тады: жәннат қақпасының тұтқасы күйеуіңнің қолында тұр. Міне, осындай жол­мен жүріп, Алла разылығы жарыңызды сүйсеңіз, Бұл – махаббат.

– Махаббат тақырыбы қозғала қалғанда, айна­лып өте алмайтын алғашқы махаббатыңыз жайлы айта кетсеңіз…

-Алғашқы махаббат дегеніміз – ол біздің алғаш нәпсіміз оянуы. Сондай бір іңкәр сезім. Пәк жүрегіңмен сүйген пәк сезім. Ол солай бо­лып қалады да. Әлі күнге дейін көңілге оралып, сағынуың мүмкін. Ол ұлы махаббат емес. Ол нәпсіңнің сенің періште жүрегіңді қытықтауы. Періштелікті сағынасың. Сол кезде сол бір сезіміңді еске түсіресің. Алла Тағала адамның бәрін тозаққа барсын деп жаратқан жоқ. Таңдауды өзімізге қалдырған. Ал, біздер сол кезде жәннати едік қой. Еш алаңы жоқ аңғал пейілмен он тиынды лақтырып, жиыр­ма тиын болса деп қиялдайтын едік. Жәннат осылай ойлағаныңыздың бәрі жүзеге асады. Сондай жәннати, сондай пәк, сондай кіршіксіз кезімізде алғаш нәпсіміз оянып, алғаш  қызға ғашық боламыз. Сол бір тазалықтың, сол бір пәктіктің куәсіндей алғашқы махаббаты­мыз жүрек түкпірінде сақталып қалады.

Менің алғашқы ма­хаббатым тоғызыншы сы­ныпта ұшырасты. Гұлшара есімді қызға есім кете ғашық болдым. Хат жаздым ақыры. «Дос болайық» деп. Ол келісті. Киноға баратын ек  қол ұстасып. Соған ризамын. Қазіргі жастар қарап отырып, махаббат мәнін жоғалтып алған ба деймін. Қыздан қылық, ұлдан опа кеткен. Осының бәрі имансыздықтың кесірі. Иманды ұл мен қыз сезімін баттитып тұрып бетке айтпас болар бесіктен белі шықпай жатып. «Ғашықтықтың тілі – тілсіз тіл, көзбен көр де ішпен біл» демей ме Абай. Меніңше қазіргі махаббат анайыланып, дөрекіленіп, жабайыланып бара жатқандай.

Айтпақшы, қызым бар менің Гүлшара есімді. Бұрынырақта бір жақынымнан естіген ем, Гүлшараның тұрмыс құрғанын, Жарылқасын атты ұлы ба­рын. Біздің сол бір сиқырлы махаббатымыздың өтеуі бол­сын деп өзім қойдым есімін. Бірақ көруге құштарланып, іздеп барған емеспін. Әрқайсымыздың сүттей ұйыған отбасы­мыз, әрқилы тағдырымыз бар.

– Жарылқасын аға, жаңа өзіңіз айттыңыз сезім – нәпсі деп. Бүгінде үш қыз бен ұлыңыз бар, аяулы жарыңыз бар. Бірақ осы уақыт ішінде нәпсі десек те, сезім десек те, жүрегіңізден қаншама қаракөздер орын алды. Солардың көбісін болмаса да, кейбірін сағынатын кездеріңіз бола ма? Жүрек сыздатқан сағыныш, өткенге деген өкініш дегендей.

-Иә, сан түрлі сезім болған бізде де. Көріп те тұрам кейбірін. Бірақ бәрінен бас тарттым. Өте көркем қыздар еді. «Кеш мені», «Қазақ қызы» секілді әндерім соларға арналған. Өткенде «Кешір» деп ән жаздым. Сәкен Майғазиев орындайтын болады. Мағынасы өткенді ұмытайық дегенге саяды. Өйткені мен өмірге не үшін келгенімді енді түсіндім.

Адасқан топтан алыстағым келеді. Иманды адамдармен араласқым келеді.

 

 

АЛЛАһТЫ  МАДАҚТАУ арқылы адамдар ЖҮРЕГІНЕ СӘУЛЕ ТҮСІРСЕМ   деймін…

– Имандылыққа бет бұрып, адасқандардан аулақтап, Алла жолына жығылдыңыз. Не себеп болды?

-«Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дейді Абай тағы да. Көкірек көзі ояу әр пенде жа­ратушысына жақындауы тиіс. Иншаллаһ, маңдайымыз күніне бес уақыт жерге тигеніне үш жылдың жүзі жақындады. Игіліктің ертекеші жоқ дейміз ғой. Бүгінде отбасы­мызбен намазға жығылғанбыз. Қыздарым құдайға шүкір, хид­жаб киеді. Бір қынжылтатыны -қыздарымның хиджаб киюіне мұғалімінен бастап, мектеп директорына дейін қарсы болады. Бұның бәрі еліміздегі имансыздықтың ны­шаны. Қарап тұрсаңыз, қазір бізде бәрі бар. Уахабистерің де, хизбутшыларың, яһудейлерің де, иеговаларың, кришнаидтерің де бар біздің зайыр­лы мемлекетімізде.

– Отбасыңыз жайлы оқырмандарымызды таныстыра кетсеңіз. Әке жолын жалғаған ұл-қыздарыңыз бар ма?

 Үш қызым, бір ұлым бар. Кейде ұлым мен жоқта қыздарға имам болады. Отбасымызбен ораза ұстаймыз. Қанша деген­мен, менің қаным ғой олар, барлығы да өлең жазуға, ән шығаруға әуестенеді. Барлығы да домбыраның құлағында ой­найды деп мақтанып қойсам да болар. Бірақ, басқа жол­ды таңдағандарын қалаймын. Өнер жолы ауыр жол.

– Ақша мен атаққа қалай қарайсыз?

-Адамды аздыратын осы екеуі. Атақты болсам, атым шықса дейсің. Атаққұмарлық, ол – дерт. Оған шалдыққанның ша­руасы өзгеден қалай озсам, оның менен несі артық деген сын­ды күндестік қыжылынан ары аспайды. Маған ұсынса, Нобель сыйлығын да алмас ем. Неге керек сол атақ? Ертеңгі күні ақиретте сол атақ мені арашалап қала ала­ды ма? Жоқ. «Құс қанатындағы хат» атты концертімді өткізу себебім де осында жатыр. Аллаһты мадақтау арқылы, ис­ламды наихаттау арқылы аз ғана адамның жүрегіне сәуле түсірсем, соның өзі мен үшін баға жетпес байлық.

Әумин! Айтқаныңыз келсін! Өнердегі жолыңыз өрісті болғай!

 

Айдос ИМАНТАЕВ

(Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар құпиясы» журналының алғашқы      санынан оқи аласыздар)

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз