ҚАМАЛ АЛҒАН дәрігер

d0b6d0b0d181-d0b0d0b9-d184d0bed182d0be

«...ұлығы болсын, ұғылы болсын, әлемнің қай бұрышында жүрсе де, қай қиырына ат шалдырса да, ұлт болып өмір сүру, өз ұлтының атақ-абыройына сызат түсірмей, қолынан келгенше еңбек ету – пенде баласының парызы. Жай парыз емес – басты па­рыз, меніңше.

Сонау 1995 жылы Қытайдан Атамекенге оралып, бүгiндерi елге есiмi кеңiнен танылған белгiлi дәрiгер, медицина ғылымдарының докторы, Халықаралық инемен емдеу академиясының академигi, Вена Халқаралық Университетінің «Құрметті профессо­ры» атағына ие болып, ел мерейін асқақтатқан, «Жас-Ай» шығыс-Тибет медициналық олталығының Бас директоры Жасан Зекейұлынан оңаша әңгiме барысында елiмiз алғаш Тәуелсiздiк жариялаған кезде шетелдегi қазақтар қандай көңiл-күйде болғанын сұрағанбыз. Жауап – жоғарыдағы ыстық сезiммен өрiлген естелiк жолдары.

«Отан отбасынан басталады», «Отан үшiн отқа түс – күймейсiң» деген таным-тұжырымды ойына түйген Жасан Зекейұлының бүгiнгi алған асуы мен бағындырған биiгi жөнiнде сөз айтпас бұрын, өткен өмiрiне қысқаша тоқтала кеткен жөн.

Тарбағатайдың Қытайдағы бөлiгiнде, Жайыр таудың етегiнде, Қарағайбастаудың мөлдiрiнен су iшiп, тұнығына шомылған бiрқыдыру ел бар. Жасан Зекейұлы, мiне, сонда, Толы ауданын­да 1967 жылы дүние есiгiн ашқан. Қарапайым шаңырақтың дәулетi де орташа болатын. Әкесi Зе­кей болса, Шыңжаңдағы униеверситеттен «Көмiр кенi» мамандығының үш жылын бiтiрiп, оқуын аяқтауға отбасылық жағдайдың шарты келмей, ауылда жүредi. Бiр күнi облыстан ауылға қытай басшылар келiп, халықпен жүздесу өткiзебесi бар ма. Қастарына ерткен аудармашысы, қолдап-қоштаушысы көп. Бiрақ қытай басшылары мен жергiлiктi тұрғындар бiрiнiң ойын бiрi түсiне алмай дал болады. Себеп не дейсiз ғой. Аудармашының шала сауаттылығы. «Жиында отырған әкем университет қабырғасында жүрiп қытай тiлiн жетiк меңгерiп алған кiсi едi. Аудармашының шалағайлығын көрiп, өтiнiш жасап, сол арада өзi тiлмаштiк етедi. Мұны көрген басшылар аты-жөнiн  жазып алады да, апта өтпей аудармашы маман ретiнде аудан орталығына шақыртады. Сол күннен бастап отбасылық ауыр жағдайдан арылып, бiзге замануи бiлiм алуға мүмкiндiк туды. Әкем оқуын ары қарай жалғастырып, университет дипломын алып, ауданда бiлiктi кадрлардың сапында қызмет еттi. Анам болса қарапайым қызметте жүрсе де, ең негiзгi мiндет ретiнде бiздiң тәрбиемiзге баса назар аударды. Анам Шәрипаның бала кезiмнен маған айтып отыратын бiр сөзi бар: «Ешкiмнiң ала жiбiн атта ма. згенi сыртынан датта ма». Бұл сөздi әлi күнге дейiн қайталап отырады. Мен де көңiлiме кiрбiң ұялап, қиналған сәттерiмде осы сөздi жа­ныма тұтам, ойға алам. Iзгiлiк пен мейiрбандылық, iзеттiлiк пен адалдық – әкем мен шешемнiң маған үйреткен ең негiзгi қағидалары». Мектеп қабырғасында жүргенде өте зерек, әр сабақты зейiн қоя үйренген баланың есейген сайын ауыл жұртшылығының аузына есiмi iлiне бастауының сыры – ата-ана тәрбиесiнiң арқасы екенi айтпасақ та түсiнiктi. Отбасы тәрбиесiнiң ұлттық тәрбиемен бiтеқайнасып жататыны айдан анық. Балалық шағы кiтап оқумен, ғалымдардың өмiр жолын, ұлы адамдардың аян-баянын ұғуға ұмтылумен өткен Жасан Зекейұлының толысып-шыңдалуына өзi өскен ортаның, ауыл адамдарының қайырымды iс-әрекеттерi әсер еткенi әр әңгiмесiнен байқалып тұрады. «Бала кезiмде, – дедйi ол, – менiң жан серiгiм кiтап болды. Әкем бәрiмiздi жинап алып, Абайдың өлеңдерi мен қара сөздерiн оқытатын. Мұны оқымай, елге игiлiктi iстер iстей алатын аза­мат болуларың мүмкiн емес дейтiн бiзге.

Дәрiгер Жасан әкесi мен анасынан алған көркем мiнездi сақтай бiлген, соның жемiсiн жеген жандардың бiрi. Бала кезiнде аудан орталығындағы үйлерiне ауылдағы жұрт көптеп келедi екен. Әрине, көп жағдайда емханаға жатып емделу мақсатымен. Солардың адап-жүдеген, ауру­дан қиналған сәттерiн көрген бала жүрекке емшi болсам деген арман ұялайды. Мектепте жүргенде де, жоғары оқу орынында да өзге құрбы-достары секiлдi желiк қуып, уақытты босқа өткiзудi жаны сүймептi. Балалар төбелесiп яки белгiлi себептер­мен жараланып, денелерiнен қан ақса, олардың қанын тоқтату үшiн топырақ сеуiп, iскен жерлерiне  үлкен кiсiлерден көрген ем-домын жасап, бәйек болып жүретiн оның емшiлiк «тәжiрибесi» сүтке бiткен қасиеттердiң бiрi болса керек. зi де бұл ойы­мызды құптағандай: «Мен басқа саланы таңдап, әкемнiң көмегiмен болса да әкiмшiлiк саласының бiрiнiң тұтқасын ұстауыма болар едi. Әйткенмен, ондай ой санама кiрiп-шыққан жоқ. Осы кәсiптi таңдадым. Оған ешуақытта өкiнген емеспiн» деп ағынан жарылды.

Сол жерде орта мектептi үздiк бiтiрiп, Үрiмжiдегi Медицина университетiн тәмамдағасын, Күйтүн қаласындағы орталық ауруханада хирург-маман ретiнде бiраз жыл жемiстi еңбек етедi. Аурухана ұжымына бiлiмдiлiгi мен бiлiктiлiгiн мойындата бiлген жас маманның iзгi арманы, айтулы аңсары – ұлтқа титтей де болса қызмет ету, перзенттiк қолғабысын тигiзу-тұғын. Сол үдеден шығу жо­лында жат елдiң заң-закүнiн қазақтың орайына ыңғайластырып пайдалануды ұмытпаған оның iсiн бiреулер құптаса, бiреулер ұната қоймағаны да анық. «Хирург-маман ретiнде шама-шарқымша сол өңiрдiң қазақтарына көмектесуге тыры­стым, – дейдi өзi жастық дәуреннiң алғашқы жылдарындағы жұмысы туралы толғана келiп. – Түскi ас кезiнде де дем алмайтынмын. йткенi,  менiң операция жасауымды күтiп аурухана төсегiнде жаны қиналған дiмкәс жандар жатыр. Оларға көмектесу, бiр минут болса да ертерек ем-шара қолдану өзiмнiң мойныма жүктелген iшкi жауапкершiлiк. Сосын, ол кезде, әсiресе, өзiмiздiң қаракөздердiң жағдайы өзге ұлттармен салыстырғанда төмендеу болатын. Ауру-сырқау да көп. Көбiсiнiң емхананың белгiлеп берген жүйесi бойынша емделуге қалтасы көтермейдi. Мен дем алмай жұмыс iстесем, оларға қолымнан келгенiнше дәрумендi дәрiлердi арзандатып, басы артық ем-шараны азайтып берсем, кiрiптар жандарға көрсеткен азғантай көмегiм екенiн iштей сезетiнмiн. Ал аурухана басшылығына көбiрек пайда табу қолайлы. Мiне, соны сылтауратқан бiреулер, негiзiнен өзiммен қызметтес бауырластар «бұл аурулардан сырттай ақша алып, аурухананың пайдасын төмендеттi» деген сыпсың сөз бен сыбыр сөздi гулеттi. Кiмнiң аузына қақпақ боласың. Әуелi үлкен жиындар­да менi ұлтшыл ғып көрсетуге ұмытылғандар да табылды...». Рас-ау, бақастық пен күндестiк, көреалмаушылық секiлдi iшмезер пиғылдардың қай ортада болса да бар екенi белгiлi жайт. «Жас – Айдың» кiре берiс тұсына «Қазақтың түбiне жетер төрт кемшiлiгi: күншiлдiк, жалқаулық, рушылдық, намыссыздық (жiгерсiздiк)» деген жазуды iлiп қойған екен. Менiң есiме сол жазу түстi... Ондай келеңсiздiктерге жасу, алған мақсаттан қайту – ерлiк болып па. «Ұлтшыл» Жасанның рухы пәс тартпақ түгiл, одан арман аршындай түседi. «Еңбектiң де өнбегi бар». Еңбектiң арқасында до­сын да, қасын да сүйiндiрген ол тек хирург ретiнде елге танылуды мiсе тұтпай, күн-түн демей iзденедi, оқиды. Әсiресе, шығыс медицинасын, оның қыр-сырын бүге-шiгесiне дейiн игеруге ден қояды. «Сол кезде инемен емдеудi өзiм сырттай бақылап, барлап жүретiнмiн. Ел бiлгендi мен неге бiлмеймiн деген ой маза бермейтiн. Айналаң толы – табиғат әлемi. Алла-тағала оның ешбiрiн артық жаратқан емес. Қытай медицинасының артықшылығы – табиғаттың қуатымен адамды емдеудiң түрлi тәсiлдерiн игеруiнде. Шөп пен судың, ағаш пен жан-жануардың бәрiнiң артықшылығын, өзiндiк қасиеттерiн жiтi бақылауында. Қытайда бұл   том-том кiтап болып қаттаулы. Университетте жүргенде алған бiлiмдi одан ары жетiлдiру үшiн, қытай дәрiгерлiгiнiң арғы өзегiне үңiлу үшiн сол томдықтарды жастанып жатып оқуды әдетке ай­налдырдым. Тоқсанға келген қытайлық ұстазым бар. Сол кiсiден ыждағатпен үйрену барысында iшiне енген сайын бұл ғылым саласына деген iңкәрлық-құштарлығым анағұрлым арта түстi».

Талмай iздену мен талпынудың нәтижесi – Ж. Зекейұлының бүгiнгi игiлiктi шаралары. Еш ойланбастан Атамекенге ат басын бұрған алғашқы топтың өкiлi ретiнде ол маңдай терiн ұлық та ұлағатты елiне төгiп келедi. зi басқарып отырған «Жас-Ай» медициналық орталығы сөзiмiзге дәлел. Құрылғанына бес жылдан асқан орталықтың жұмысы мен емге зәру жандарға сыйлаған шапағаты туралы баспасөз беттерiнде аз жазылып жатқан жоқ. Қырық мыңнан астам жұртқа емдiк көмек көрсеткен орталықтың ба­сты ұстанымы – қиналғандарға қол ұшын созу, тәнiне шипа, жанына рухани тiрек болу. Бүгiнге шейiн 5 мыңнан аса қолы қысқа жандардың бiрiне тегiн, ендi бiрiне жағдайына қарай жеңiлдiкпен емдеудi ұсынған бұл орталық, та­лай игi-жақсылардың ыстық лебiзiне де ие  болып келедi. «Елге келгесiн аспирантурадан бастап қайта оқыдым. Студенттiк кездi қайта бастан өткiздiм. Бiр басқан жолды екi басудың қиын тигенi де рас. Жатақханада тұрдық. Кей кездерi ақша жоқ, 4-5 километр жердi жаяу ба­сып, сабаққа қатысатынмын. Бiрақ ол кез үшiн өкiнген мен жоқ. зiң адал болсаң, бiлiмiң мен бiлiгiң ұштасса, бiреу кеудеңнен итерсе де алға ұмтылады екенсiң. Сенiм, өзiңе деген сенiм – ең негiзгi қасиет», – дейдi сол бiр шақтардың елесiн ой елегiнен өткiзе, ұзақ ойға шомып.

Жасан аға бала кезiнде ата-анасының қолдауымен гармон шалуды үйренiптi. Музыкаға деген ықыласы елден ерек баланың өсе келе ауруларды емдеу барысында үн мен әуездiң үйлесiмдiлiгi зор көмек болғанын тiлге тиек ете келе: «Науқас жанның алдыңа кiрген езде жана­рынан, сөзiнен, iс-қимылынан-ақ қай жерiнiң ау­ырып тұрғанын бажайлайсың. Бойдағы үндестiк пен үйлесiмдiлiк бұзылса, ауру бар деп бiлiңiз. Мен соны жүрегiммен сеземiн. Кейбiр науқастарға тек­сермей тұрып-ақ қандай сырқат бар екенiн, қай жерлерi ауыратынын айтып берем. Яғни, iшкi жан-дүниесiнiң музыкасын тыңдаймын», – дейдi жылы жүзiне әнтек күлкi үйiрiлiп.

Елге не алам емес, не берем деп келген дәрiгер-доктордың бастамасымен құрылған «Өмiрдi қорғау» қоры да бiрнеше игi шаралардың басын қайырып, қоғамдық жұмыстарға белсене арала­суда. Ел үшiн iстелген iстiң үлкен-кiшiсi болмақ емес. «Жас-Ай» журналын шығарып, халықты, елдi денсаулығын қорғауға үндеп отырған оның болмыс-бiтiмi мен азаматтық келбетi жөнiндегi әңгiме мұнымен түгесiлмесi белгiлi.

Айтпақшы, «Жас-Ай» Шығыс-Тибет медициналық орталығының кiреберiсiнен: «Кел­ген жанның бәрiне кiшпейiлдiлiкпен, мейiрiммен қараңдар! Жанына демеу болыңдар! Бұл сендердiң мiндеттерiң!» деген сыңайдағы жазу­ды да көзiмiз шалып қалғаны бар. Медициналық орталық қызметкерлеріне қаратылғанын бiрден түсiндiк. Дәл осы сөздi елiмiздегi емханалардың бәрiне жазып қояр ма едi деп ойладық iштей...

 

Тоқтарәлi ТАҢЖАРЫҚ