ЖЕТПІСТЕГІ ЖІГІТ

Біздің бүгінгі әңгімеміз Төлеубек Сейітқалиұлы Қарамендетегі туралы. Көзі қарақты адамға бұл азаматтың есімі жақсы таныс. Несімен? Ұлтым деп соққан жүрегімен. Сонау сексенінші жылдардың соңынан бастау алған «Азат» азаматтық қозғалысы ұлтымыздың тарихында Қазақ КСР-інде, кейін Қазақстан Респубикасында қазақ халқын барынша кең қамтыған, қазақ тілінің, қазақ ұлтының қайта өрлеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген ең алғашқы нағыз халықтық-демократиялық қозғалыс ретінде ойып орын алады. Қозғалыс алғашқы құрылған күннен бастап оның басшылығы құрамында Сәбетқазы Ақатай, Жасарал Қуанышәлин, Михаил (Хакім) Есенәлиев, Камал Ормантаев, Хасен Қожа-Ахмет және Дос Көшімдермен қатар Төлеубек Қарамендетегі де болды. Алдымен қозғалыстың Алматы қалалық ұйымының, кейінірек қозғалыстың өзінің төрағасы ретінде Төкең алғашқы күннен-ақ ұлт азаттығы үшін айқасқа аянбай араласты. Оның публицистикалық дәл, дәділ дерекке, мойын бұлтартпас дәйекке, темірдей тегеурінді қисын мен терең пайымдауға толы мақалалары республикалық баспасөзде қазақ және орыс тілдерінде үздіксіз басылып жатты. Мысалы, Төкең 1994 жылы «Желтоқсан» газетінде «... новый Премьер-министр (Ә.Қажыгелдин – авт.) заявил о, якобы, перекосах в языках, об остановке миграции русскоязычного населения. Среди «нового» правительства нет ни одного представителя партии и движений, оппозиционных Президенту и Правительству. Между тем, еще 1992 году Гражданское движение Казахстана «Азат» и национально-демократическая партия «Желтоқсан» выступили за создания коалиционного правительства. Если президент Республики Казахстан действительно думал бы о судьбе своего народа, то он, как в демократических государствах, сформировал бы коалиционное правительство...» деп жазады. Содан бері де бұл ұсыныс мемлекет басшылығы тарапынан түсіністік тапқан жоқ. Одан еліміз, халқымыз, ұлтымыз ұтты ма? Жауап – белгілі. Төкең қай салаға қалам сілтесе де, бүге-шігесіне дейін зерттеп барып жазады. Мысалы, «Жас Алашта» 1994 жылы жарық көрген «Бұрмалау бұғауы немесе орыс пен қазақты араздастыруға жол бермейік» атты мақаласында автор «Караван» газеті Гиллер және оның компаниясының аузымен шовинистік, сеператистік пікірдегі материалдарды ұдайы беретінін сынға алады. Гиллер кетті Қазақстаннан. Бірақ, гиллершілдер қалды. Олардың қалғанына Төкеңнің «Жас қазақ үні» газетінде 2010 жылы «Юрий Мизинов – проводник великодержавного шовинизма?» деген мақаласындағы «Антиказахская деятельность Ю.Мизинова является целенаправленной уже порядка более 10 лет... В то же время, Ю.Мизинов дает зеленый свет обрусевшим инородцам, космополитам, шовинистам, т.е. тем, кто субъективно выступает против объективных явлений возрождения казахской нации и государства» деген сөздер куә. Бұл оймен біздің биыл осы басылым бетіндегі «В чем провинился Козлов?» деген мақаламыздағы «На страницах российских и наших отчественных русскоязычных газет слово «национал-патриот» давно стало ругательным. Вот, кто разжигает не социальную, а межнациональную рознь, что намного хуже, противопоставляя одни народы против других, сталкивая их лбами. Принципом газеты «Время», по-моему,вообще является: «о казахах: или плохо, или ничего». Вот, где поле деятельности для нашей власти, для ее правоохранительных органов!..» деген сөздер үндесіп жатыр. Біз, кейінгі буын, Төлеубек секілді нағыз қазақ ағаларымыздың ізбасарлары екенімізді, солардың қолтығынан сүйеуші, үзеңгісін ұстаушы екенімізді мақтан тұтамыз. Төкеңнің 1996 жылы жазылған «В чем опасность трайбализма?» мақаласы өзінің өміршеңдігін бүгін де жойған жоқ. Керісінше! Рушылдықтың, жүзшілдіктің уыты ұлт денесіне жылдан-жылға терең жайылып барады. Оны қолға алып, оған қарсы күресті күн санап күшейтіп, нақтылап, бақылап отырған үкімет бар ма? Түсіңізде көрерсіз. Төкең ұлт мүддесіне келгенде ешкімнің бет-жүзіне қарамайды. Ол кісі кеңес кезінде Мағжан Жұмабаевты қаралаушылардың бірі болған профессор Ш.Елеукенов 1999 жылы Мағжан Жұмабаевтың туған қарындасы Райхан Жұмабаеваның ар-намысына тиген кезде, оны сотта қоғамдық қорғаушы болды, баспасөз бетінде де арашалады. Мақаш Тәтімовке «... Кеше бір әйелге екі күйеуді ұсынсаң, бүгін жезөкшелер үйін ашуды жақтап жүрсең, ертең тағы бір құлақ естіп, көз көрмеген сұмдық ұсыныс айтарсың» деп хат жазды, «Использование чужого имени «АЗАТ» - это одновременно и кризис идей, рекламный трюк руководства партии «Нағыз Ақ жол» деп оппозицияның жетекшілерін сын садағына ілді. Төлеубек Қарамендетегінің бұлайша ұлтжанды болуы тегін емес. Ол сонау 1966-1972 жылы Мәскеуде аспирантурада оқыған, сәулеттану ғылымы кандидаты, жоғарғы оқу орындарында ұзақ жыл доцент, профессор, ғылыми жұмыс жөніндегі проректор қызметін атқарған білімді, білікті маман. 1979 жылы Целиноградта қызмет істеп жүргенде студенттерін Қазақстанда Неміс автономиялық облысын ашуға қырсы митингіге бастап шыққан, соның арқасында Одақтың шектен шыққан бұл оспадарсыз әрекетінің жолын кесуге атсалысқан ержүрек жан. Біздің Төлеубек ағамызды жетпістегі жігіт деп атауымыз бекер емес. Ол кісі әлі де Көкшенің тасқа біткен қарағайындай тіп-тік, Сырдың қызыл жыңғылындай қуатты, бабына келіп жараған тұлпардай артық бір мысқал еті жоқ. Ұлт жанашырлары бүгін жетпіске келіп отырған Төкеңе Жамбыл атасы секілді бойынан күші, қолынан қаламы, аузынан уәжді сөзі түспеген күйде жүзге жетуіне, қазақ елінің гүлденген ұлттық мемлекетке айналғанын көруіне шын жүректен тілектес.

Өмірзақ АҚЖІГІТ