Халқымыздың жүз жылдық тарихының көркем шежіресі

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары – қызыл империяның шаш ал десе бас алатын қылышы жалаңдап тұрған кезде ұлттық рухты оятуға септескен «Ақ аруана» атты повесін, «Тау жолы» атты романын жарыққа шығарып, оны С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Т.Әлімқұлов сынды классиктер аса жоғары бағалаған Сәбит Досанов онан кейін де өнімді еңбек етіп, ондаған көркем шығармалар жазды. Олардың бірқатары берісі өзбек, қырғыз, тәжік, әрісі француз тілдеріне аударылды. Шығармаларын Ю.Бондрев, Ш.Айтматов, М.Кәрім, А.Фишлер, М.Қаратаев, С.Қирабаев, А.Алтай, т.б. аса көрнекті жазушылар мен сыншылар жоғары бағалаған қаламгер М.Шолохов және В.Пикуль атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты атанды. Көрнекті қаламгер қазақ әдебиетінің қазынасын тағы бір көркем шығармамен байытты. Ол – тұтас бір ғасырдың көркем суретін төрт ұрпақтың тағдыры арқылы оқушының көз алдына алып келген төрт кітаптан тұратын «Жиырмасыншы ғасыр» атты роман-эпопея. Бұл еңбектің алғысөзін, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайыхов, түйінсөзін көрнекті сыншы Жұма-Назар Сомжүрек жазыпты. Алғашқы екі томы орыс тілінде жарыққа шыққан «Жиырмасыншы ғасыр» роман-эпопеясын орыс әдебиетінің аса көрнекті өкілі, «Литературная газетаның» бас редакторы Юрий Поляков «Әдеби құбылыс» деп бағалады.

Санат ӘУЕЛТАЙ