Бақытбек Смағұл: «Мемлекеттік рәмізді қорлағандар қатаң жазалансын»

       Қылмыстық кодекстегі мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін қарастырылған жауапкершілікті қатаңдату керек. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның жалпы отырысында Үкімет басшысының, Мемлекеттік хатшының, Бас прокурордың атына сауал жолдаған депутат Бақытбек Смағұл осы мәселені көтерді. «Мемлекетімізге деген махаббатымыз бен мақтанышымыз мемлекеттік рәсімден басталады», - деген депутат өткен аптада БАҚ-та елдігіміздің нышаны мен тәуелсіздігіміздің атрибуты болып отырған Мемлекеттік Тудың қорлануына байланысты ақпарат болғанын атап өтті. «Алматы облысының әкімшілік орталығы Талдықорған қаласындағы облыстық әкімдік жанында Туымыздан сүйретпе қап жасаса, Атырау облысы Атырау қаласындағы облыстық прокуратура жанында қоқысты жинап жатқан топ Мемлекеттік Туымызды қап ретінде қолданған. Осының бәріне куәгер бола отырып, бейшаралығымызға намысым келді. Оның алдында көп мақтанған Азияда жарысында жанкүйерлеріміздің Туды табан асты етіп қорлағанын республика бойынша мәселе етіп көтердік. Қостанайдағы жарыста, Куәйттегі халықаралық жарыстағы марапаттауда Әнұранның ауысқаны тағы бар. Әнұранды қойып Мемлекеттік Туды талақ етп отырғанымыз ба. Түркі әлемінің ту тіккен мекені деп мақтанған елдігіміз осы ма? Бұл біздің жауапсыздығымыз ба, әлде сауатсыздығымыз ба?», - дейді Б. Смағұл.