ҒАШЫҚТАР КҮНІНДЕ РЕКТОР АЛҒАШҚЫ МАХАББАТЫН ЕСІНЕ АЛДЫ.Сол үшін талаймен төбелескен ол бірақ екінші, нағыз махаббатына үйленді.

АСТАНА. 16 сәуір. 14 сәуір күні кешқұрым С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің алдындағы алаңда 15 сәуір - Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күніне арналған мерекелік кеш өтті.
Алаңға жиналған 2 мыңға жуық жасты құттықтауға келген аталмыш ЖОО ректоры Ақылбек Күрішбаев, ақтарыла сөйлеп, алғашқы және соңғы - екінші махаббатын еске алды. «Біздің университеттің жастары, студенттері Қазақ еліне мұра болатын үлкен салт-дәстүрлерді жаңғыртып, насихаттау жолында жүр. Бұл - үлкен мағынасы бар, ұлт жастарына рух, патриоттық сезім беретін еңбек. Сендерді біз мақтан етеміз. Бүгін біз Қыз Жібек пен Төлегенді, Қозы Көрпеш пен Баян сұлуды еске алып, махаббат күнін атап өтеміз. Ғашықтар күні құтты болсын, құрметті, студенттер»,- деп тілегін жеткізді ол. Одан әрі, А. Күрішбаев студенттердің сұрауы бойынша жалындаған жастық шағында жүрегін жаулаған аруларды еске түсірді. «Махаббат сезімі алғаш рет сегізінші сыныпта келді. Ол кезде ауылда тұрамыз. Бір күндері ауылымызға Алматыдан, бізге көрші болып мектептің оқу ісінің меңгерушісі көшіп келді. Соның қызын ұнатып, қалдым. Талай жылдар бойы оның сөмкесін тасып, талай ұлмен төбелескенмін», - деп баяндады ол. Ал екінші махаббат ректор мырзаға 20 жасында, үшінші курста оқып жүрген кезінде келген екен. «Бір күні экономфактың қыздарына бардық. Ол кезде бүгінгідей «Қыз сыны» емес, «А ну-ка, девушки!» деген байқау болатын. Осы байқауда жеңіске жеткен экономикалық факультетте оқитын аруды ұнатып қалдым. Ақырында, сол қызға үйлендім. Үйдегі жеңгелеріңізбен отауласқанымызға биыл бұйыртса отыз жыл болады», - деп ашығынан әңгімеледі оқу орнының басшысы.