АНА БАҚЫТЫ

0
1278

        Мархабаның бүгін мерейтойы. Әлбетте, торқалы той үстінде жиналған адамдар, туған-туыстар, дос құрбылар Мархаба Қалиқызына деген жүрекжарды тілектерін айтатын шығар. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дейді халық. Осы тұста өзім отыз жылға жуық араласып, туыстас болған, ұлағатты ұстаз, отбасының ақылшысы, бақытты ана Мархаба туралы сыр шерткенді жөн көрдім.

        Мархаба екеуіміздің танысуымызға Сарань қаласындағы Жанғали Қожановпен құдалығымыз себеп болды. Міне содан бері отыз жылға жуық уақыт өтіпті. Өткен күнде белгі жоқ деп кім айтады?!

        Өзіміз бесін шағымызға беттеп бара жатсақ та, барлық күн кешегідей көз алдымызда.

         Құдамыз Жәкеңнің іні, қарындастары, күйеу балаларымен таныстық.  Софья – Зәйкен, Роза – Армия, Мақсұт-Мархаба, Қуаныш –Зоя, Батырғали-Барухан, Ғұмар–Гүлбаршын, Базарбай – Рабиға, Ғаббас – Балкен, Амантай- Асия, Сапар мен Нұрғаим Ахметовтер сынды құда-жекжаттар тапқан тамаша кезең естен кетпейді. Осы жаңа құдалардың ішінде қазақи жөн -жобаны, әдет-ғұрыпты жетік білетін, той-томалақты жоғары дәрежеде ұйымдастыру қабілеті бар, Жәкеңнің жұбайы Рахима Ғалиевамен бір мектепте мұғалім болып қызмет атқарып жүрген әрі келіні – Мархаба Қалиқызы бізді бірден өзіне тарта білді. Міне, осылайша Мақсұт-Мархабамен  құйрық-бауыр жесіп, құда болдық. Бүгін Мархабаның мерейтойы. Десек те, уақыт зымырап өтуде, арамызда жоғарыда  аталған жекжаттарымыздың, достарымыздың көбі мәңгілікке аттанған.

       «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, той алдында аруақтарды еске алсақ деген ойдамыз.

         Біз әдетте жақсы мен жайсаңдарды өткен заман еншісінен іздеп, олар туралы жазылған деректермен танысқанда, таң-тамаша қаламыз. Ал, дәл сондай адамдар бүгінде өз арамызда аз емес. Солардың бірі, мақаламыздың кейіпкері, бүгінде  үлкен бір әулеттің асыл әжесі болып отырған – Мархаба Қалиқызы.

       Мархаба Қалиқызының шыққан тегі де келін болып түскен жері де белгілі әрі силы орта. Ол  1940 жылы 1 наурызда Сарыарқаның Ерейментау  топырағында туып-өскен. 1957 жылы ол онжылдық мектепті бітіргеннен кейін, үй-іші Сарань қаласына қөшіп келген. Сол жылы Мархаба Сарань қаласындағы Абай атындағы педагогикалық училищені бітірген,  1968 жылы Қарағанды педагогикалық институтын тамамдаған. Еңбек жолын бастауыш орыс сыныптарында ұстаз болып бастап, Сарань қаласындағы №10 мектептің директорлығы дәрежесіне дейін көтерілді, қазақ қыздарына үлгі көрсетті.

       Ұстаз Мархабаның өзге әріптестеріне ұқсай бермейтін өзіндік тәсілдері, әдістемелері болды. Бір ғажабы, ол өз шәкірттерін 45 минут бойы еш шаршатпайтын, жылықтырмайтын тәлімгер бола білгені. Оқушылардың өткелі жатқан сабаққа деген ынталылығы, сүйікті ұстазға деген құрметі соншалық, тіптен кейде осы өлшемді уақыттың өзі аздау болып жататын. Сонымен қатар, ол салмақты мінезін, салиқалы болмысын, саралы ойын жоғалтпай, әйел әлемінің әдемі үлгісі бола білді. Бүгінде М.Қалиқызы осындай қажырлы еңбегінің арқасында «Қазақстан оқу ағарту ісінің үздігі», «Аға оқытушы», «Жоғары санатты ұстаз» атақтарының иегері, «Еңбек ардагері» медалін кеудесіне тағып, елдің елеулісі, халықтың қалаулысы болып отыр.

      Қырық бес жылдан астам ұстаздық қызмет атқарған Сарань қаласында үлкен-кішінің бәрі Мархаба Қалиқызын жақсы көріп кетті, қадірлі де сыйлы азамат болды. Оған Мархабаның адамдарды алаламайтындығы, ішкі жан-дүниесінің тазалығы, отбасы-ошаққасының күңкіл-сүңкілінен жоғары тұра білетіні себепші болған деп білеміз. Қалалық, облыстық деңгейде әкімшілік, әдебиет пен мәдениет саласында басқару орындарында жүрген көптеген азаматтар Мархабаның қырағы көзіне шалынып, жұмыс істеудің сынынан өткендер. Бәрі де Мархаба Қалиқызын өздерінің рухани ұстазы санайды, әлі күнге дейін апайларымен ақылдасып-пікірлесуге, ой бөлісуге ұмтылады.

      Мархаба Қалиқызын білмейтін адам бір көргенде тек жұрттың жағдайын шешуге жаралған жан екен деп қалуы мүмкін.

     Мархаба 1965 жылы автокөлік институтын бітіріп Сарань қаласына Атыраудан жолдамамен келген Мақсұт Төлеевке тұрмысқа шығады. Сол жылдан бастап, өмірдің қиындығын да,  қызығын да отағасымен бірге көрді. Ұлағатты ұстаз Мархабаның құдай қосқан қосағы Мақсұт Бейсенұлы да өте білімді, іскер басшы еді. Мақсұт Төлеев Сарань қаласының Құрметті азаматы. Ол әйгілі Құрманғазы дүниеге келген қасиетті топырақта туып-өскен, домбыраның құлағында ойнайтын шебер орындаушы еді. Әттең, дүниеден ерте озды. Мақсұт Бейсенұлының тал бесіктен жер бесікке аттанғанына да үш жылға таянып қалды.

       «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деген жыр жолдары тап осы Мархаба Қалиқызына  арнап айтылғандай. Мархабаның сабырлылығы, кез-келген ортада өзін ұстай  білетіндігі кімді де болса сүйсіндіргендей. Әйелдің ең үлкен міндеті  жақсы жар болу, ерінің сенімді серігіне айналу, оның алаңсыз жұмыс жасауына  жағдай жасау; қолынан келгенінше көмектесу. Бұл  тек қазақ әйелдеріне тән мінез.

        Құдайға шүкір! Мақсұт пен Мархабаның құрған жанұясы – Төлеевтер әулеті өсті, өрбіді, өрісі кеңейді. Балалары да тегіне тартты. Тұлпардан тұлпар, жабыдан жабы, мәстектен мәстек туатыны сияқты жақсыдан жақсы тууы өмірдің  өз шындығы. Атаға тартып туған ұл, анаға тартып туған қыз – ол ең алдымен ұлттың ұлағаты, елдің мерейі болмақ. Бүгінде  қызы Назира мен күйеу баласы Ерболат және Гүлзира Қарағандыда, ал ұлы Нұрлан жұбайы Әлиямен Астанада қызмет атқаруда. Мәкеңнің балалары жастайынан үлкенді, әкені қалай сыйлау керектігін көздері көрді, үлкен мектеп тәрбиесінен өтті. Төлеевтер әулетінен тәрбие алып шыққан балалардың бәрі шеттерінен еңбекқұмар, ерінбей еңбек етпей еңсенің биік болмайтынын  түсінетіндер. Сондықтан да барлығы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын ұйымшыл да ынтымақты жандар.

      Жан-жары Мақсұт бақилық болғаннан бері Талғат, Алина, Калила, Әлішер, Асанәлі сынды немерелерді бағып-қағу, тәрбиелеу Мархаба  әжеге жүктелді. Бұл оңай шаруа емес. Кішкентай еркелердің бабын табам деп жайылып төсек болуға дайын әженің көлдей көңілін сезетін немерелер, әке-шешелерін керек қылмай кететін кездері де болады.

     Бүгінде Мархаба әже өзінің алдындағы да, өзінен кейінгі тумаларына да әлі күнге дейін қамқор болып жүреді. Әке-анасы дүниеден өткен соң бауырларына әке онына әке, ана орнына ана болуға тура келді. Олардың әрқайсысы балалы-шағалы, өз отбасылары болса да, Мархабасыз, оның  ақыл-кеңесінсіз әлі күнге дейін мәселе шешілмейді.

    Осылайша, көптеген өткелден талмай жүзіп, өмірлік тәжрибесі бай, бейнесі де, ішкі дүниесі де, іс-әрекеті де өзіне сай, ағайын, туыс-жекжаттармен қарым-қатынасы үзілмей келе жатқанына көпшілік жұрт Мархабаны ерекше сыйлайды. Бүгінде бір әулеттің қасиетті қара шаңырағының үлкені болып, бала-шағаларының ортасында ұйтқы болып отырғанының өзі  зор  ғанибет.

     Халқымызда “Би болмаса да, би түсетін үй болсын”- деген мақал бар. Оның басты мәнісі барды ұқсата білуде, тазалықта, ниет пен көңілдің кеңдігінде дер едім. Бала бағу, немере өсіру, ағайын-туған, жолдас-жора, жегжат күтудің жөн-жобасын Мархаба әжеден үйренуге болады. Сол үйдің табалдырығын аттаған жұрттың бәрі телегей-теңіз таза пейілді сезінетіні анық. Бір байқайтынымыз, қашан барсаң да алдыңнан жайылған кең дастархан мен ананың аялы алақанының жылуы қарсы алады.. Біле білгенге осының өзі де шаңырақтың түтінін түзу шығарып отырған  мейрімді ана – Мархаба әжеге үлкен мәртебе.

      Жемісті жетпіске келіп отырған Мархаба Қалиқызының алдағы өмірінің жарқын кезеңдерге толы болуына шынайы тілектестік білдіремін.

 

Маржан НҮРПЕЙІСОВА,

Қазақ Ұлттық техникалық университетінің профессоры,

техника ғылымдарының докторы,

академик,

 Алматы қаласы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз