Шынайылық – бар игілік бастауы

3
2852

 «Әділ әкім тұсында өмір сүр»
әл-Фараби

          3 ақпан Өскемен қаласының жаңа тарихында елеулі оқиғамен есте қалатын болды – бұл күні қала жұртшылығы соңғы үш жылда қала әкімі қызметін абыроймен атқарған, енді Ауыл шаруашылығы министрлігі Су комитетінің су жаңа төрағасы болып тағайындалған Ислам Әбішевпен қимай-қимай қоштасты. «Абыроймен атқарған» деу, орысша айтқанда «ничего не сказать».
Біріншіден, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев: «өзім әкелген адамым болғандықтан жібергім келмеп еді, бірақ, Исекең үшін Премьер-министрдің өзі өтініш жасаған соң босатпауға болмады» деп әр кездегідей ағынан жарылды.
Жалпы, осы арада алдымен Бердібек мырзаның тұлғасына арнайы аз-кем тоқталып өтпесек, әділдіктен аттап кетеріміз ақиқат. 1999 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына Президент Н.Назарбаев жаңа әкім етіп оған дейін Қызылорда облысын басқарған Бердібек Сапарбаевты тағайындады. Жай ғана тағайындаған жоқ, күнгей аймақтың жетекшісі сенімді ақтай алмаған басшы ретінде орнынан алынып, сол азамат жіберген көп олқылықтың орнын толтыруға, қателіктерін жөндеуге әкелгенін халық алдында ашық айтты. Қызылорда да аты бір облыс болғанымен, бұрыннан «Қазақстанның астанасы – Алматы, қазақтардың астанасы – Шымкент» атанған, Семейдің тумасы Мұхтар Мағауиндей дуалы ауыз адам «Шымкент Қазақстансыз өмір сүре алады, ал, Қазақстан Шымкентсіз өмір сүре алмайды» деп айтты делінетін (өйткені, қоғамның қай саласын алсаңыз да оның қаймағының жартысына жуығы осы күн сүйген өңірдің ұл-қыздары) әйгілі Шымкенттің ширегіне де келмейтіндіктен, бұл өңірде еліміздегі жалпы қазақ ұлтының 25 пайызына жақыны тұратындықтан, оның үстіне ол өзі табиғи түрде үш жүздің басы қосылған – басқа бір де бір облыста ондай жағдай жоқ – мінезді халық болғандықтан «ойпырмай, жаңа әкімнің дөңгелентіп әкетуге шамасы жетер ме екен» деп күдікпен қарағандар көп болды. Бірақ, күдік орынсыз болып шықты, үміт артығымен ақталды. Барлық стратегиялық салалар жекешеленіп, пысықтардың ұстағанының қолында, тістегенінің аузында кетіп, жарықсыз, жылусыз, отынсыз-газсыз қалған, қыс бойы көп қабатты үйлердің тұрғындары далаға қазан асып, тамақ істейміз деп сандалып кеткен елге «біздің заманымыздың геройларымен» сан рет Жоғарғы сотқа дейін барып соттасып жүріп, жылуды, жарықты, отын-газды мемлекеттің қарамағына қайтарып берген, артына халықтың қамын ойлар қарапайым басшылықтың өнегелі ісі мен ізін қалдырған, «ер екеніңді білейін, Оңтүстікті басқарып көрші» деген ұлағатты сөзін қалдырған Бердекең Ордабасы ауданында кірпіщ зауытын ашып, сапалы өнім шығарып, кәсіпкерлігімен көзге түсіп жүрген облыстық мәслихат депутаты Ислам Әбішевті Ордабасы ауданына әкім етіп тағайындады. Әкімнің қолтаңбасы жайлы қырық жылдай сол ауданда мектеп директоры, білім беру бөлімінің меңгерушісі болып істеген Әріпбек Тынысбаев ақсақал айтады:
-Біздің ауданда Исламға дейін де, одан кейін де ондай әкім болған емес. Ең алдымен, Исекең екі жылдай жұмыс істегенде «пара алды» деген аты шықпай-ақ кеткен басшы. Екіншіден, мен жаңа мектеп салдыруға бұрынғыдай қаржы жоқ, қиын кезең, мектеп ғимараттарына жапсарма (пристройка) салып жол таба тұрайық деген оймен алдына барғанымда, ойпырмай, іскер адамның аты іскер адам екен ғой, сөзді созған жоқ, қандай зат, қанша керек, ең ақыры шегенің қай түрінен қанша кілә қажеттігін түп-түгел жазып әкеліңіз деп қысқа қайырды және кейін ісі де сөзіне сай болды. Ал, оның облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тұрғанда тасқын судың зардабын жою үшін ауданға келіп, резеңке етікті киіп алып, жұртпен бірге жұмыс істеген қарапайымдылығын, оралмандарға бұрынғы саяжайды екі ауыл етіп, оған әкімшілікті тез арада бюрократиялық созбұйдаға салмай ашып берген алғырлығын, алаңға гүл ектірген эстеттігін айтсайшы!
Ордабасы ауданынан облыс әкімінің орынбасары болып жоғарылаған Ислам Әбішев екі айдан соң бірінші орынбасарлыққа көтерілді. Тоғыз жыл бойы бір орында тапжылмай отырған ол төрт әкіммен тіл табысып жұмыс істеді. Орыста «кто возит, на том и грузит» деген сөз бар. Исекеңе де керегі сол – жұмыс. Неғұрлым қиын болса, соғұрлым құлпыра түседі. Әкімдер де әккі халық қой, әбден біліп алған, «аузымдағы сөзімді алған, қарағым, қолымдағы ісімді алған, қарағым!» деп Абай атамыз жазғандай, қайда ауыр мәселе пайда болса, соған Сталиннің Жуковы секілді Ислам Әбішевті жұмсайды. Шегіртке деген тілсіз жау бар, онымен күресудің жолын таба білмесең басынып басыңа шығады, астанаң Астананы да жаулап алады, ал, Шымкентте оны облыс орталығы тұрмақ аудан орталығына да жеткізбей желкесін қиып, қайтып бас көтере алмастай етіп біржолата жайпап тастаған шайқастың алдыңғы шебінде Исекең жүрді. Қардың суынан елді мекендерді тасқын су алады деп кім ойлаған, Келес өңірінде мың жарым үй жарамсыз болып қалды. Төтенше комиссияны басқарып, әдетте соңынан дау-дамайды шұбыртып туғызатын мұндай мәселені де көптің көңілінен шығарлықтай етіп шеше білген де бірінші орынбасар еді.
Әсіресе, Өмірзақ Шөкеевтің тұсындағы бір оқиға көпке ғибрат боларлықтай. Бұл оқиға сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы департаментінің бастығы болып қызмет істеген Қалыбек Алдабергенов мырзаның сөзіне қарағанда былай өрбіген сыңайлы. Өмекеңе Астанада өтетін ауыл шаруашылығына байланысты мәртебелі жиынға қатысып, баяндама жасау қажет болады. Оның үстіне уақыт та өте тығыз. Ал, Ислам Әбішев тікелей аталған салаға да жауап беретін лауазымда отыр. Әкім оған осы тапсырмаға байланысты тамшылап суару жүйесі жайлы, теріскей облыстарда күнгейден баратын жеміс-жидекке арнап үлкен қоймалар салу жайлы, тағы басқа да бір жыл ғана емес, алдағы біраз жылдың қамын көздеген баяндаманың сүйегін жасап беруді өтінеді. Айтар ойы миына сыймай жүрген Исекең хатшы қызға «отыр компьютеріңе» дейді де, қырық төрт минут өткенде барып бір-ақ тоқтайды. Әкімге анау айтқандай алып-қосар ештеңе қалмайды. Шөкеевтің баяндамасы Елбасының өзіне де ұнапты. Жиыннан шыққан облыс жетекшісі көптің көзінше:
-Исеке, еңбек – сіздікі, абырой – менікі болды. Рахмет! – деп қолын қысады.
«Аз игі іске көп алғыс айт!» деген екен Алтын Орда ойшылы Әс-Сараи атты данышпан бабамыз, әлемдегі ең дарынды, ең алғыр қазақ деген теңдесі жоқ халықтың аяғына тұсау, қолына бұғау болып адымын ашып жүргізбей, құлашын жазып жүзгізбей келе жатқан көп «шылықтың» біреуі – көреалмаушылыққа бой алдырмай, жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп, өзіндей ердің бағасына жете білген еренді айтсаңызшы!..
Су комитетін басқаруға барған Ислам Әбішевтің Оңтүстік Қазақстан облысында үнемі өткір болып келген ауыз судың ауыр мәселесін аз қаржымен үлкен іс атқарып, бүкіл елге үлгі боларлықтай етіп қалай шешкені туралы бұрын да жазған болатынбыз. Сол ел атынан Исекеңе тапсырма берілсе, ағын сумен қоса ауыз су мәселесі де түпкілікті бір арнаға түсіп-ақ қалар деп ойлаймыз…
Ендігі азын-аулақ сөзді атақоныс Алтайдан айтсақ. Бердібек Сапарбаевты Елбасы бекерден-бекер Шығысқа жіберген жоқ. Қынабынан суырар қылышы, қылшанынан суырар сұржебесі Бекең болғаннан кейін жіберді. Ал, Бекеңнің өзінің де топқа ататын сақпаны, саяққа құрар қақпаны бар, оның аты-жөні – Ислам Әбішев. Екі ноян Өскеменге келгенде бұл жақтың елі қалай қарсы алғаны жұрттың жадында. Бірақ, «жүйрікте де жүйрік бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек», бұрынғы, кеңес заманы тұрғай ақ патша дәуіріне дейінгі, бұзылмаған таза қазақтың, «жақсысы мен жаманы бірдей» нағыз қазақтың қарым-қадарын, қасиет-қабілетін бойына барынша мол сақтап, бүгінге күнге жеткізе білген, сол себепті де әрқашан жақсыдан бірінші орын, жаманнан «тем более» бірінші орынды еншілеп алғандай ешкімге бермейтін, екінші орынды түп-түгел трагедия деп ұғатын, өзге өңірдің елін «не шықса да Шымкенттен шығады» деген мәтел туғызуға мәжбүр еткен, жүрген жерін жерін шулатып жүретін «шымкенттіктер» деген атқа ие екі атан жілік атпал азаматтың жел сөзге мойын бұруға ниеті де, мұршасы да болған жоқ, тізе қосып таңды таңға ұрып елге қызмет етумен ғана болды. «Алла-Тағала сүйген ұлын қинап сынайды» дегендей, Бекең мен Исекеңе табиғат-анамыз бар тосын сыйын аямай жинаған сияқты, онысы тіпті әлі күнге таусылар емес. Ең ақыры, Сібірде болмаған аяз қазақтың Алтайын аялап-ақ тұр. Темірге дейін суыққа шыдамай сынып жатыр, ал, Бердібек пен Ислам бастаған батырлар сынар емес. Тіпті, соның өзінен дәтке қуат тапқан Исекең қоштасарда « … я полюбил этот город с его морозами, с его отключениями» деп әзілдеп, жиналған жұртты ду күлдірді.
Қоштасу демекші, оның өзі жеке мақаланың, тіпті кіші-гірім повестің жүгін арқаларлық оқиғаға айналды. Өздеріңіз қараңыздар, И.Әбішев Өскемен тарихында, В.Сухорукованы қоспағанда, ең ұзақ отырған тұңғыш әкім. Және сол «ең ұзақ» екі жыл он ай ғана еңбегі үшін «қаланың құрметті азаматы» атағын иеленген тұңғыш азамат. Қазақстан-Америка университетінің «құрметі профессоры» атағын иеленген тұңғыш адам. Н.Назарбаевты қоспағанда, бірақ, ол кісі жай адам емес қой… Ең бастысы, Исекең «мен осы орнымда «қаланы гүл жайнаған бақша-қалаға айналдыра алмаймыз» дейтін адам қалмағанша отырамын» деген, және сол уәдесінде тұрып, қалың жұрттың санасын оятып, ниетін бұра алған, сол қызметі үшін шығарып салуға келген әкімшіліктің конференц-залы лық тола жұрт – және оған тек әкім-қаралар мен қалалық депутаттар ғана қатысқан жоқ – орнынан тік тұрып, «отырыңыздар!» десе де отырмай қол соғып, жібермей, қошеметтеп шығарып салған, кетіп бара жатқан әкім көзіне жас алған тұңғыш басшы (автор өзі мұндай көріністі бұған дейін кәзіргі сенатор Қ.Айтаханов Сайрам ауданымен қоштасқан кезде ғана көргені бар-тұғын). 1956-1963 жылдары Гурьев облысын (ол кезде бүгінгі Атырау және Маңғыстау бірігіп, осылай аталатын) басқарған зейнеткер Нұртас Оңдасынов біраз жылдан кейін жолы түсіп сол жаққа соққанда, бүкіл облыс активі он бес-жиырма минут бойы Нұрекеңнің «рахмет, қойыңыздар» дегеніне көнбей, оған дейін Сталинге ғана көрсетілген құрметті шынайы түрде, шын жүректен облыстың бұрынғы басшысына көрсетіп, орындарына отырмай қол соғып тұрып алғанда еменнің шорындай мықты адам көзіне жас алып, кейін дастархан басында «халқым мені алтын бесікке салып тербеді ғой» деп тебіренген екен. Кім біледі, өмір өзгермей тұрмайды, ердің жасы емен шоқпар елу беске енді жақындаған, кемеліне келіп, кемеріне толып тұрған Ислам Әбішевтей азаматқа бұдан да жауапты қызмет жайында сенім білдіріліп жатса, ел аузында айтылып жүрер талай игі іс атқарып үлгерері анық. Сөзіміздің кепілі – Өскеменде өткен екі жыл он ай. Орыс халқында «встречают по одежде, провожают по уму» деген әдемі мақал бар. Өскемен қаласының ҮК.КZ сайтында «усть-каменогорцы встречали Абишева со штыками, а провожали со слезами на глазах» деп жазылыпты. Аэропортқа ескі әкімді шығарып салуға кетіп бара жатқан екі-үш автокөліктің қатары көбейе келе жүзден (!) асып, үш жүзге тарта қала халқының өкілі ғимарат ішіне сыймайтын болған соң әкіммен қоштасу салтанаты ашық аспан астында жалғасты. Ақын оралман қыз Гүлнар әкімге арнап жыр жолдарын оқыды. Осынша жерге ерінбей келген қалың қала жұртшылығының ішінде Меновное поселкасының Советская көшесі тұрғындары атынан бір кәрзеңке варенье арқалап жеткен Надежда Шмыгалева «бұны Сіз біздің жүрегіміздің жылуы деп қабылдаңыз» деді. Қарапайым халықтан мұндай ақ тілек естіген азаматқа лирикалық эпос тілімен «Исеке, сенде арман жоқ, Исеке, сенде арман жоқ!» деп әңгімемізді бітірсек те болар еді.
Бірақ, мәселе бұдан әлдеқайда тереңда жатыр. Тек біздің елімізде ғана емес, кәзір бүкіл әлемде билеуші тап пен қалың жұртшылық арасында тіл табыспаушылық, түсініспеушілік орын алып отыр. Экономикалық, қаржылық дағдарысы емес, түсініспеушілік дағдарысы буып тұр дүние жүзін. Нағыз себеп – осы, қалғандары салдар ғана. Ең жоғары жылдық табыс пен ең төменгі жылдық табыс арасындағы айырмашылық жүз еседен асуға тыйым салынған Норвегия, қаржылық дағдарысты Халықаралық валюта қорының көмегінсіз 1998 жылы шешкен Малайзия мен күні кеше шешкен Исландия болмаса, дамыған елдердің бәрін осы дағдарыс тығырыққа тіреп тұр. Оның түпкі мәнісін ұғына білген ең бай-қуатты елдің Барак Обама, Францияның Николя Саркози секілді серкелері алпауыттарға салықты еселеп көбейту, аспанда жүрген оларды аздап болса да жерге жақындату шараларын қолға алып жатыр. Олигархтарымызға тиіспей тығырықтан шығамыз деген Грекия үкіметіне қарсы халық наразылығы көтерілістің аз-ақ алдында тұр. Осы тұрғыдан келгенде бір қаланың әкімін сол қала жұрты құрметпен, қошеметпен шығарып салуы жергілікті оқиға шеңберіне сыймайтын құбылыс. Ислам Әбішев аэропорттағы қоштасу сөзінде «мен қалада әкімдер мен халық арасындағы байланыс жаңа деңгейге көтерілді деп ойлаймын, ол енді бұдан былай осы деңгейден төмен түспейтін болады, соған сенемін» деді. Бұл – ақиқат. Бірақ, сол жаңа, биік деңгей қалай пайда болды, мәселе осында.
Ислам Әбішев қалада шешілмеген мәселе қалдырмады ма? Жоқ, әрине. Мінезі де жібектен жұмсақ, жүннен жылы болды ма? Олай деуге де келмес. Керісінше, кемшілігі тіпті басындағы шашынан да көп болуы мүмкін. Ендеше әкімді сыйға бөлеген қандай қасиеті? Ол қасиеттің аты – жеке адамның, оның үстіне басшы адамның көптің ісіне деген көзқарасы, қарым-қатынасы. Ал, ол қатынас барынша шынайы болды. Шын жүректен шықты. Қолынан келе ме, келеді, істеймін деді. Сөзінде тұра білді. Келмей ме, онда да шындықты айтты. Бос уәде берген жоқ. Әйтпесе, ешкім жекелеген әкімнің жағдайын жасаған жоқ, талап та, тәртіп те, барлығы бірдей, көпке ортақ. Қала бюджеті де өз-өзінен көбеймейді, ешкім сізге миллиондарды «өзің жақсы, көзің жақсы» деп ұстата салмайды, негіздемесіз, тиянақты жоспар-бағдарламасыз қаржы ала алмайсыз, ал, алған ақшаны ұсынақты етіп жұмсай білу, сол арқылы келесі жылы одан екі есе көп қаржыны орнымен жарата алатыныңызды дәлелдей білу – бұл өнер біткеннің ең қиыны. «Қаржы болса қарық қылар едік» деп екінің бірі айтады, қаржы қолына тигенде ебін тауып істейтін жан некен-саяқ. Әйтеке би «жігіттің жақсысы кім, бір-ақ ауыз сөзбен сипаттаңызшы» дегенде «жігіттің жақсысы – өзгенің сөзіне тоқтай білген, өзінің сөзіне өзгені тоқтата білген жігіт» депті. Ислам Әбішевтің бұл ұлағатты сөзді білетін-білмейтіні бізге беймәлім, бірақ оның осы ұстанымды ұстанғаны анық. Ал, сіз көптікі дұрыс екенін көрдіңіз де тоқтадыңыз дейік, бірақ, өзіңіз ғана көріп тұрған, көпшілік көрмей тұрған кезде оны соңыңызға қалай ертесіз, қай уақытта халық өзі ереді, қай уақытта тоқтайды ол сіздің сөзіңізге? Бір-ақ жағдайда – еш уақытта алдамаған болсаңыз. Адам – шыны, кімдікі – шынайы, кімдікі – жасанды, көптің көреген көзінен еш нәрсе таса қалмайды. Осы тұрғыдан келгенде әкім Әбішевтің сөзі мен ісі әріптес әкім-қараларға үлгі болуға, ал, «қызыл Шығыс» атанған, қазағынан орысы он есе көп, аз қазағының өзінің көбі болмаса да біразы орыстанып үлгерген қала халқының «шымкентский» деп шытынап қарсы алған адамымен шын жүректен қимай қоштасуы, демек ер үстінен түспеген ерді танып, бағалай білуі еліміздегі қалған қала, аймақ, өңірлердің тұрғындарына өнеге болуға әбден тұрарлықтай.

Өмірзақ АҚЖІГІТ

3 ПІКІРЛЕР

  1. «Жаксының жақсылығын айт, мейірі тасысын» дейді қазақ , дұрыс мақала , Исекеңнің қандай қызмет атқарса да мол жауапкершілікпен беріле атқаратыны белгілі , оны уақтылы байқаған Б Сапарбаевқа рахмет , ендігі мәселе осындай кадрды , қандай қызметті де қара нарша жапырып істеуге дайын тәжірибелі мол азаматты халық игілігі үшін ұтымды пайдалана алатын үкімет болса құба-құп болар еді

  2. Ислам Әбішевты оңтүстікте көп сынаған бір белгілі саясаткер-депутаттан Ислам туралы сұрадым, «біліктілігі мен іскерлігі қандай?»-деп. Ол кісі еш іркілместен: «Баяғыда премьер-министр болатын мықтының өзі. Ол облыс не министрлікті басқарса, баяғыда-ақ жоғары нәтижелерге жетер еді» деп жауап берді.

  3. Өскемен қаласының ішкі саясат бөлімінде қызмет атқару барысында ІСД бастығы Бұлбұл Рамазанованың әділдігіне сенемін, басқасын білмеймін

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз