Қазақтың 1000 күйі

2010 жылдың 24 ақпанында 17.00-де Астана қаласындағы Президенттік мәдениет орталығының концерт залында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Қазақстан халқының рухани даму қоры» Акционерлік қоғамы және «Ел» продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» домбыра күйлері антологиясының тұсаукесері өтті.

«Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» антоло­гиясының басты мақсаты «Мәдени мұра» бағ­дарламасы ауқымындағы міндеттерді жүзеге асыру, яғни музыкалық мұраны байыптау, саралау, көпшілікке кеңінен насихаттау, сол арқылы дәстүрлі өнер өкілдерін ынталандыру, құрмет көрсету болып табылады.

Домбыра күйлері антологиясы тұңғыш рет осындай ауқымды көлемде дүниеге келіп отыр! Мұны еліміздің рухани өміріндегі айтулы жаңалықтардың бірі деп айтуымызға толық негіз бар.

Қазақтың дәстүрлі музыкасында бірнеше күйшілік мектептің түйіскені белгілі. Ол мектептердің қалыптасуы белгілі тұлғалар есімімен тығыз байланысты. Халқына мәңгілік сарын сыйлап, қатар аққан қазақтың дәстүрлі күй бұлақтары – Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Дәулеткерей, Байжігіт, Қожеке, Сүгір күйлерінен бастау алады. Қазақтың күй өнеріне деген ықылас жылдар өткен сайын жаңғыра, тереңдей түспек.

Тұсаукесер кешінде: Қаршыға Ахмедияров - Құрманғазының күйі «Қайран, шешем!», Айгүл Үлкенбаева - Динаның «Бұлбұл» күйімен, Айтжан Тоқтаған - Дәулеткерейдің күйі «Аңшылық», Маңғыстаулық саңлақ домбырашы Сержан Шәкіратов - Өскенбайдың күйі «Жаңылтпаш», Еділ Басығараев - Қазанғаптың күйі «Бөгелек қақпай», Ермек Қазиев - Сейтектің күйі «Белшешпе», Бақытжан Дүйсенғазы - Сыр бойы күйшілік мектебі дара тұлғаларның бірі Мырзаның «Бұғы күйі» шығармасымен, Мұхаметжан Тілеуханов - Тәттімбеттің күйі «Бес төре», Шағдар Ақылбеков - Ақбаланың күйі «Кертолғау», ақсақал домбырашы Фазыл Тұтқабеков - күйші-композитор Әбікен Хасеновтың күйі «Қоңыр», Хайролла Сәдуақасов - Қыздарбектің күйі «Мұң қосбасар», Әлімхан Жүзбаев - Сүгірдің күйі «Кертолғау» және Төлеген Момбековтың күйі «Асу» шығармаларымен, Базаралы Мүптекеев - Қожекенің күйі «Күй шақыртқы», Мұрат Әбуғазы - Бейісбайдың аманат-күйі «Шыңырауға», Мұқаш Таңғытұлы - Қайрақбайдың күйі «Мол қоңыр», белгілі сыбызғышы Талғат Мұқыш - халық күйі «Ертіс», Саян Ақмолда - Ықыластың күйі «Жезкиік», С.Тұрысбеков - «Жазғы қар», «Сазген сазы» оркестрі - «Күй-Үзік» және тағы басқа айтулы күйшілер өнер көрсетті.

Кеш көрермендері: дәстүрлі күй өнерінің айнымас жанашырлары, белгілі қоғам қайраткерлері, ұлтжанды жас ұрпақ өкілдері, ұстаздар, шәкірттер теңдессіз концертке дән риза болып тарасты.