Ұлыстың Ұлы күні ұлылар ұлықталмақ

Биылғы  наурыз   жылдағыдан да ерекше жарқырайын деп тұр.  Таяуда  ғана Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 21 наурызды Халықаралық Наурыз күні деп жариялады. Әрине,  бұл жерде   Әзірбайжан Республикасының  еңбегін  атап өту ләзім.

«Көктем Оңтүстіктен басталады» деп, саңлақ  ақын Сабырхан Асанов  жырлағандай,  жақсылықтардың да хабаршысы көбінесе  Оңтүстік болып жатады. Оңтүстік Қазақстан облысы  Шардара ауданы         биылғы Ұлыстың  Ұлы күнін   ұлыларды ұлықтаумен қарсы алмақ.

Шардара ауданы  әкімі  Марғұлан Марайыммен  хабарласқанымызда  ол кісі былай деді:

- Ұлыстың Ұлы күні  Наурыз  жер–дүниемен қоса  халықтың да рухани жаңарып, жаңғыратын Жыл басы болып табылады. Елдің ынтымағын еселейтін   бұл күні о бастан ата-бабалар әруағына құран оқылып,  ұлттық ойындар өтетіні белгілі. Біз де биыл  Наурызда Елбасымыз ерекше мән бергендей, Ұлы Жеңістің 65 жылдығын атап, хvii  ғасырда қазақ әскерінің бас қолбасшысы болған Алатау батырдың 450 жылдығын, Қоқан басқыншыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілістің көсемі Мұсабек батырдың 195 жылдығын және көрнекті  мемлекет қайраткері, әйгілі ғалым Төлеген Тәжібаевтың 100 жылдығына  арнап ас беріліп, көкпар шабылады. Тек той тойлау ғана емес,  республикалық  ғылыми конференция өтіп, баяндамалар жасалады. Бұл тұлғаларымыз жайлы кітаптар мен көптеген еңбектер жарық көруде,  осылар халыққа кеңінен таныстырылады. Жыл бойы мектептерде олар жайлы сабақтар өткізіледі.  Шардара қаласында  және Сүткент ауылындағы Төлеген Тәжібаев атындағы  орта мектепте  әйгілі ғалымның ескерткіші орнатылып, аллея ашылады. 

Тәуелсіз Қазақстанымыздың өткен тарихында  үлкен орны бар тұлғалар әрдайым ардақтала бермек.

Біз Ұлыстың Ұлы күні – Наурызды қарсы алуға  барлығыңызды Шардараға шақырамыз.

 

Қ. Сейхуни