Айнұр САПАРОВА: Басынып, қоқан-лоққы көрсеткен Бейбіт Қорғанды қалайша кешірем?..

21 наурыз күні Атырау облысынан жарық көретін «Ақжайық» газетінің мәдени шолушысы Айнұр Сапарова жастардың сүйікті әншісі Бейбіт Қорғанмен сұхбаттасамын деп екінті мен ақшамның арасында ғаламат шытырман оқиғаны бастан кешті. Өңірге гастрольдік сапармен барған танымал әншінің өрескел әрекетінің нақты себебіне батыс аймақтағы журналистпен сұхбат кезінде қанық болдық.

–  Айнұр, мереке қарсаңындағы шулы оқиға қалай басталды? Білуімізше, сіз әншінің намысына тиетіндей «сұрақ» қойыпсыз?  
–  Атырау қаласына концерт қоюға келген Бейбіт Қорғанмен әңгіме үстінде «Жұлдыз ауруына қатысты пікіріңізді білдірсеңіз», – деген едім. Бейбіт Қорған жауап беріп отырғанымен, сұрақты осылай қойғанымды ұнатпай отырғаны қабағынан байқалып тұрды. Оның екінші концертінің басталатын уақыты таяп қалғандықтан, соңғы сұрағымды қоя бергенім сол еді, әншіміз бірден шамданып шыға келді. «Сен неге менің сөзімді аяғына дейін тыңдамайсың? Бұл қалай өзі?» дегенінде, мен: «Кешіріңіз.
Сіздің сөзіңіз аяқталғаннан кейін сұрағымды қойғалы жатыр едім», – десем,  «Сен менімен қалай-қалай сөйлесесің?», – деп одан сайын өршелене түсті. Сөйтсем, ол кісінің алдында мен өте кішіпейіл болып сөйлесуім керек екен.
–  Бейбіт Қорғанның одан әрі әрекеті қалай болды? 
–  «Диктофоныңдағы жазбаны өшір», – деді. Мен өшірмейтінімді айттым. Ол сол жерде «маған ұнамайсың» деп салды.
–  Неге бірден «ұнамайсың» дейді?
–  Cоңғы сұрағым оның қолайына жақпады. Мен диктофонға жазуымды тоқтатып, жазбаны өшіре алмайтынымды айтып, кешірім сұрап, сыртқа шықпақшы болдым. Кете бергенде сырттан Ғазиз есімді біреуді шақыртып алды. Ғазиз келісімен маған: «Не айтты? Соны істе. Диктофонды бер», – деп тұрып алды.
–  «Жіберіңіздер» деп талап еттіңіз бе? 
–  Әрине. «Қалай сіздер менің жібермейсіздер?» деп олардан айналып өтіп, бөлмеден шықпақ болғанымда, Ғазиз екі қолымнан мықтап ұстап алып, ішке қарай тартумен болды.
–  Іштегі оқиғаны сыртта жүргендердің ешқайсысы естімеді ме? 
–  Ғазиз мені грим бөлмесінде сүйрелеп жүргенде, Бейбіттің қарап тұрғанына таңым бар. Сөйтіп жүргенде дәлізде тұрған үш-төрт қыздың сұлбасын байқап қалдым. Қапелімде аузымнан шыққан сөз «Помогите» болды. Бой бермеген соң Ғазиз көтеріп алып, ішке кіргізген күйі жерге тастай салды. Жағдайды ушықтырмайын деп оларға қорыққанымды байқатпай, әрірек барып тұрдым. Аяғыма қарасам, алыс-жұлыс кезінде еті жырылып кетіпті. Бірден жауапты редакторға хабарласып, қазақ бөлімінің редакторы Сәния Тойкенге бар жағдайды айттым. Олар менің әнші Бейбіт Қорғанмен сұхбаттасуға кеткенімді білетін.
–  Сол уақытта Бейбіт Қорған сабырға келмеді ме?
–  Сол уақытта бір қыз келіп есік қақты. Шамасы ұйымдастырушылардың бірі болуы керек, Бейбітке жолығып, оған менің «Ақжайық» газетінің тілшісі екенімді айтқаннан кейін барып концертке асығып тұрған Бейбіт кешірім сұрады. Ондағы ойы бұл жағдайды ешқайда жария етпеуім керек екен. Бірақ мен Бейбіттің көзінше арыз жазып, шағымданатымды айттым. «Арыз жазам» дегеннен кейін барып, Ғазиз Бейбітпен бірге шығып кетті, полиция келгенде оны ешкім таба алмады.
–  Сізге Ғазиз күш көрсетіп жатқан шақта Бейбіт Қорғанның сахнаға шығып ән айтып келгені рас па?
–  Олар басынып, қоқан-лоққы көрсетіп, артынан кешірім сұрайды екен. Мен қалайша оны кешірем? Сол жерде ләм-мим деп үн қатқаным жоқ. «Мұның арты жаман болады. Мен сені жаптырам», – деп балағаттаған күйі Бейбіт «Не пускать» деп сыртқа шығып кетті. Жаныма қатты батқаны – мені сыртқа шығармай, ұзақ ұстауы. Екінші концерттің уақыты таяп, Ғазиз бен Бейбіт шығып бара жатқанда Серік деген біреуді шақырып, мені енді соның бақылауына қалдырып кетті. 21 наурыз күні Бейбіт Қорған Атырауда екі рет концерт берген еді. Бірінші концерттік кешін тамашалаған соң, сұхбат алуға келген бетім ғой. Алайда соңы осындай келеңсіздікке апарды.
–  Сұхбат кезінде басқа қандай сауалдар қойып едіңіз?
–  Шығармашылығы, отбасы, жеке өзіне, бір-екі жыл бұрын әлдебір спортшымен өзінің төбелесіп қалғанына қатысты сауалдар қойылды. Арасында ұлтжандылық туралы да әңгіме айтылды. Барлығына жақсы жауап бергеннен кейін, екінші концертіне бөгелмесін деп соңғы сұраққа көше бергенде көңілі нілдей бұзылды. Онысы ештеңе емес. Түсінбегенім, мені сонша қамауда ұстап отырғандары. «Сұхбат бермеймін», – деді. Жарайды, онысын дұрыс делік. Сұхбат шығып кеткен жағдайда «келісім берген жоқпын» деп мені сотқа берер еді ғой. «Диктофоныңды бер» немесе «жазбаны көзімше өшір» деуі еш ақылға қонымсыз. Осы жағдайлардың барлығы журналист ретінде менің намысыма тиді.
–  Сөйтіп, қалай босап шықтыңыз?
–  Менің соңымнан жұмыстағылар келгенде олар полиция шақырған екен. Сол уақытта ғана құрсаудан босап шықтым. Екінші концерт кезінде көрермен қауым сахна сыртында болған осындай келеңсіздіктің бірін де білмеді. Дәлізде жүрген үш-төрт қыз байқағанымен, олардың «оқиға осылай болды» деп айтуы екіталай.
P.S. Атыраулық журналист Айнұр Сапаровамен сөйлескеннен кейін әнші Бейбіт Қорғанның өзіне хабарласқанбыз. Әншінің нөміріне қоңырау барып тұрғанымен, телефон тұтқасын көтермеді. 
Әңгімелескен Заңғар Таудай
Халық сөзі