Күйеу іздеймін деп, күйіп қалған келіншек...интернетті иттей көреді...

Жуықта ғана Өскемен қаласының бірнеше тұрғыны телефон алаяқтарының құрбаны болып, қомақты қаражаттарын алаяқтардың есеп шотына салып, әттеген-ай деп жер сипап қалған болатын.
Ал осы жолғы Өскемен тұрғыны тіптен шығынданыпты. Жалғыздықтан жабыққан болуы керек, болашақ жарын ғаламтордан іздеп еріккен келіншек, сау басына сақина тілеп алыпты. «Танысу» сайтының тармағына тіркеліп, жігіт іздеген. Көп кешіктірмей-ақ іздеген ханзадасынан хат келген. Танысып, табысып жігіттің шетелдікі екенін білген. Монитордың арғы бетіндегі жігітті көрмесе де, бауыр басқан бойжеткен оған тіпті күйеуге шығуға да бел буған. Қыздың құрыққа түскенін түсінген «шетелдік», қызға қаражатым бітті, өзімнің есеп шотымдағы қаражатымды алу үшін құжаттар рәсімдеу керек еді, соған ақша керек,-деген. Жігіттің айтқанына сеніп, жинап-тергенін ғаламтордағы ғашығына салып отырған. Сонымен 500 000 теңгеден асқан қаражатты маңы тұрмақ, шаңын көрмеген белгісіз біреудің шотына аударған. Қыздың ақшасы таусылғанын сезген интернет алаяғы «танысу сайтынан» тайып тұрған. Алданғанын енді ұққан бойжеткен құзіретті органдарға шағымданып, қылмыстық іс қозғалып, іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Өскемен қаласының Ішкі істер басқармасы қала тұрғындары мен қонақтарына үйіңізге, ұялы телефоныңызға қоңырау шалып, ұтыс немесе басқа да ақпараттар айтып қаражат талап ететін алаяқтардан абай болуды ескертеді.

Дереккөзі: Altaynews.kz      Фото: dating.ru

baq.kz

www.qazaquni.kz

*Тақырып өзгертілді