ҰРАНҒА АЙНАЛҒАН ҰЛЫ ТҰЛҒА
2010 ж. 04 наурыз
6850
5
Қазақ халқының қалыптасуында тарихи тұлғалардың, ірі көсемдер мен шешендердің, ақындар мен батырлардың алар орыны айрықша. Бүкіл халықтың намысын жыртқан олар бір рудың немесе бір тайпаның уысына сыймақ емес. Жалпы ұлтымыздың мақтанышы болған сол бабалардың арқасы-бүгін мынау ұлан-байтақ жерді жайлап жатқанымыз.
Міне, қасиеттеп айтар осындай ірі тұлғалардың бірі де бірегейі – ХVІ-ХVІІ ғасырлардың тоғысында өмір сүрген Алатау батыр. Осы есімі қалың Қоңырат тайпасына ұран болған бұл кісінің шын аты – Жиенәлі.
Батыр баба туралы деректердің тым аз екендігі өкінішті-ақ! Жасы 103-ке келіп қайтыс болған Дәрмен ақсақалдан ұлы Мүсілім аға мынадай мәліметтер жазып алып қалған екен.
АЛАТАУ АТЫ ҚАЛАЙ ШЫҚТЫ?
Жиенәлі 13-14 жастардағы бозбала шағында салт бойынша нағашысының ауылына қыдырып барады. Нағашылар Божбан руының бақуатты, баскөтерер азаматтары болады. Қалмақтардың қайта-қайта шабуылдап тыныштық бермей жүрген кездері. Ала тайға мініп барған жиен қонған алғашқы түні қалмақтар ауылға шауып божбандардың қалың жылқысын айдап кетеді. Жиенәлі таңертең тұрғанында ауылда атқамінер азаматтардың қалмағанын көреді. Сұрастыра жүріп жылқы барымталаған жаудың соңынан қуып кетіпті. Желіде тұрған тайына жайдақ міне шапқан Жиенәлі жаудың соңынан қуа жөнеледі. Нағашылары қалмақтармен шайқасып жатқан жерге де көп ұзамай жетеді. Қалмақтардың саны басымдау екен. Төбенің басында қасындағы нөкерлерімен қолбасысы бақылап тұр.
Жиенәлі ұрандатып ұрысқа енгеннен соң қалмақ біткен тым-тырақай, алды-артына қарамай қаша жөнеледі. Төбе басындағы қолбасы қашып келген қалмақтардан “тайға мінген баладан неге сонша үріктіңдер” дегенде “бала емес таудан көшкен селдей болды ол бізге. Таптап кете ме деп қорықтық” деп біреулері уәж айтса, екіншілері “Алатаудан көшкен селдей болды. Өзінің екі иығында екі жолбарыс бар” дегенді айтты. Қолбасы жасағының бұл сөзіне тоқтап “Бұл қазақтың болайын деп тұрған батыры. Алатаудай тұлғасы бар екен. Малды тастап қайтыңдар” деген екен. “Алатау батыр” аты осылайша пайда болған деседі.
ШАНЫШҚЫЛЫНЫ ҮЙЛЕНДІРУ
Алатау батырдың еліне даңқы жайылып, елін-жерін қорғап жүрген шағы. Бірде қазақ, бірде қалмақ жеңіске жетіп, кейде текетірес түсіп жатады. Бірде Хазар теңізі жақтағы Кіші жүз елінен “Жау тиді” деген хабар келді. Алатау батыр Қоңыраттың батырларын жинап жорыққа әзірленеді. Өздері қарамағында отырған Ташкендегі Тұрсын ханға жағдайды айтып “Елімізге, жерімізге, малымызға бас-көз болыңыз. Қараулық жасамаңыз” дегенді айтады. Хан уәдесін береді. Кіші жүз еліндегі соғыстан жеңіспен оралса, елі аңырап отыр. Хан Тұрсын антын бұзып жарамды жігіттердің жоғын пайдаланып, елін шауыпты.
Алатау батыр сарбаздарын аттан түсірмей Ташкентке тартады. Хан ордасын “Хан-Тұрсынды-ант ұрсын” деп шабады. Хан Тұрсын қашып кетіп, оның айдай сұлу қызын олжалайды. Қызды жайдақ нарға мінгізіп алып келеді. Ол сүйекке таңба екен. Асқан сұлу қызға Қоңыраттың батырлары көз тігіп таласып қалардай халге жетеді. Сол кезде Алатау батыр “Кешегі Хазар теңізі маңындағы соғыста асқан ерлік көрсеткен найзагер жігіт болды. Жекпе-жекте де, қалың қол соғысында да жан шыдатпады. Осы қызды Шанышқылы атанған сол батырға берелік” дейді. Қалың Шанышқылы елі осылайша пайда болған деседі.
ШЕЖІРЕСІ
Жиенәлі Қоңырат ішіндегі құлшығаштан, оның ішіндегі Жортпастан. Жортпастан Досай, Өтей, Аллаберді, Түйеші, Әжікей. Ал Досайдан Есайдар, Өтеміс, Алатау. Алатаудан Құлтайлар тарайды. Бұл – Ордабасы ауданы, Бейсен ауылының тұрғыны 96 жастағы Кенже қарттан жазып алынған.
Шағыр стансасынан Уәзірхан атты қария былай дейді:
Алатаулап жар салсам,
Жауларың қайда барады?
Қоңыраттың ұраны Алатау,
Құлшығаштың да ұраны.
Осы кісіден толық жазып алам деп жүргенімде қайтыс болып кетті. Алатаудың құлшығаш руынан екенін, оның ұрпағы Құлтайлар екендігін Арысқа танымал. Ә.Аққөзов ақсақал жас кезінде Елғонды, Биғонды, Өскенбай ақсақалдардан естіген екен.
Тауасарұлы Қазыбектің “Түп-тұқияннан өзіме дейін” атты кітабынан Алатау батыр туралы бірнеше дерек кездестіріп қуандым. Батыр бабамыз Еңсегей бойлы Ер Есім, заманында шапырашты Қарасай, арғын Ағынтай, найман Көксерек, қаңлы Сарбұқа сынды батырлармен бірге жауына өрттей тиген екен. Бір соғыста Есімге Алатау батыр “Талай батырды көріп ем. Өзім де кеудемді ешкімге бермеген едім. Бірақ Қарасайдай көзсіз ерді көрмеппін” дейді. (197 бет). Сондай-ақ, осы кітаптың 198-бетінде Хазар таудың батыс жағалауындағы елсіз қамысты жерде 83 күн соғыс болғаны, сол соғыста жекпе жекте сегіз қарсыласын өлтіріп, тоғызыншы адаммен түскенде аты жығылып Алатау батырдың дүние салғаны айтылады.
Қорыта айтқанда, Қоңыраттың ұраны болған Алатау батыр ХVІ-ХVІІ ғасырда өмір сүрген, Құлшығаш руының Жортпас атасынан тарайтын Құлтай ұрпақтарының бабасы екені ақиқат шындық.
Кейінгі ел аузынан жиналған деректерім бойынша Алатау (Жиенәлі) батырдың қайтыс болуы басқа жерде, басқаша екендігі айтылады. Арыс қаласындағы Асан молда қолында жинақталған дерек көздері арнайы кітап болып шығарылғанға дейін бұл тақырыпқа, жаңа мәліметтерге бірнеше рет оралып, мақала жазатын боламыз.
Асан молда бас болған Арыс азаматтарының Алатау есіміне көше беру ниеті де жүзеге асуға жақын.
Сөз соңында, жазушылық бейнетіңе Ер Есімнің оң тізесін баса отырған, жалғыз Қоңырат емес, Қазақ батыры Алатаудың аруағы қолдау болсын демекпіз. Ақын Қазаңқап Байболов, жазушы Мұхтар Мағауин кітаптарындағы Алатау есімі қалың елі аман тұрғанда тарих сахнасынан түспек емес.
Қосымша мәліметтер
ТҰРАБАЕВ А., БАЙҒҰТОВ А., ӘБДІКОВ Т.«АЛАШТЫҢ АЛАТАУ БАТЫРЫ» атты кітапты ҚАЗақпарат баспасынан шығарды.
Аталмыш кітапта XVI орта шені мен XVII ғ,ғ. 40 жылдары аралығында өмір сүрген жүрек жұтқан баһадур, атақты қолбасшы, қоғам қайраткері - Әз-Ғар-аб Бесайдаұлы Алатау батырдың қаһармандық ғұмырбаяны әсерлі баяндалған. Бүкіл ғұмыры өз елінің тәуелсіздігі жолында жорық үстінде өткен Алатау батырдың есімі көзінің тірі кезінде-ақ Қоңырат руы мен бүкіл Орта жүздің ұранына айналып, түбі бір тамырлас халықтар – қырғыз, өзбек, түрікмен жасақтарының арасында да үлкен беделге ие болған. Өзгеше айшық- стилімен ерекшеленетін бұл кітапта ел құлағын елең еткізер тарихи тың деректер, мағынасы терең жыр-аңыз, маржан сөздер молынан келтірілген.
Алатау батыр туралы тұңғыш рет оқырман назарына ұсынылып отырған осынау туындының оқиға өрісі тартымды әрі шұрайлы тілі шығарма шырайын аша түскен кәміл.
Кітапқа молынан дерек беруші:
Сыпыра шежіреші, Ашамайлы Керей, «Абылайханның жалғызы» атанған атқты Ханбас батырдың тұқымы, ұраншы Байғұтұлы Әдиасқар қария 1898 жылы 31 наурызда туып, ата-бабасынан жеткен, сонау көне заманнан қалған «Ізбөрі», «Бестаңба», «Жұрнақ», «Ғасыр насияты», «құт-абын», бүгінгі заманымызға жеткізуші, сонау сансыз сақ-аб «құс-ілім» заманынан бермен қарата өрбу шежіресін тарқатушы тектінің тұқымы еді. Баласы Ақпантай Әлиасқарұлына былай деп өсиетін қалдырыпты:
«Елін сұраса, тариғатын айтсын,
Дінін сұраса, шариғатын айтсын,
Әділін сұраса, ақиқатын айтсын.
Бұл үшеуін білмесе тамыры жаймас тас екен,
әркімнің қалған өсиет-қағидасын айтсын» - деп, соңғы сапарға 1981 жылы 22 наурызда танған екен...
Талай жыл Алатау батырдың өмірін, тарихын, ерлік істерін, еңбегін сұрастырып деректер жинаған ауызекі шнжірені әртүрлі дерек көздерімен салыстырып, зерттеп кітапқа түсірген Асан Оразханұлы ТҰРАБАЕВ-қа алғыстан басқа не айтарсың. Бұл – аңыз, шежіре десек ресми құжаттар былай дейді.
АЛАТАУ БАТЫР
(ШАМАМЕН 1560-1640)
Қолбасшы, саяси қайраткер, Қоңырат руынан шыққан Тәуекел ханның Самарқан-Бұхараға жорығында бас тқолбасшысы болған. Кейін Есім-ханның құба-қалмақпен шайқасқан жорықтарын кезінде қазақ жасақтарының құрметті қарт ағасы атанған. Алатау батыр қырғыз, өзбек, түркімен жасақтары арасында да танымал болды. Самарқан шаһарына «қала-мемлекет» статусын әперіп, оған Жалаңтөс баһадүрді әмір етіп қоюда Бұхара, Хиуа хандары талдындағы беделінің көмегі тиген Алатау батырдың есімі Қоңырат руының, бүкіл орта жүздің ұранына айналды.
Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясы
1-том. А-Ә.
Ә. Хасанов. 245-бетү Қазақстан энциклопедиясының Бас редакциясы.
Алматы, 1998 жыл.
Хан Тәуекелдің Жеті жарғысындағы:
Киелі Зүрәт ұшбауы – Зүрәт – Зиярат, Ұшбауы – Тармақ деген ұғымдарды білдіреді.
Хан Тәуекел жеті жарғыныбекіткенде, киелі атамұраның ішіндегі Әулие Арыстанбабқа ерекше тоқталған.
Әрбір киелі (7 саны) жылда - Әулие Арыстанбабқа ас берілсін деген пәрменді Ұшбауда жазылған.
Соңғы рет Арыстанбаб Әулиеге 1903 жылы ас берілген.
Осы ұлы жиынға әйгілі Созақ көтерілісінің ұраншысы, Сыпыра шежіреші Байғұтұлы Әлиасқар да да қатысқан.
Бұл ас – 45 рет берілуі екен.
Ас алғаш рет хан Тәуекелдің қатысуымен, «құрбан айтта» төрт жасар өгіз шалынған.
Құрбандыққа арнап әкелінген өгізді Әз-Ғар-Аб Бесайдарұлы Ер Алатау ханның пәрменімен асқа жиналған иісі мұсылманның алдында Жеті жарғының рәсімі бойынша құрбандыққа шалады. Бұл үлкен құрметтің Алатауға бұйыру себебі – батыр Құрбан айтта туылған және киелі үш сұрау (21 жас) жасқа толыпты.
Осы деректер негізінде:
1582 жылы Берке Науан (хан Тәуекел) Сұлтан шенімен таққа иелік жасайды.
1584 жылы Алты Алаштың баласы – Тәуекел сұлтанды Ақ киізге салып, ант ішкізіп хандық лауазымға көтереді.
1587 жылы хан Тәуекел деген атақпен Беркен Науан «Жеті жарғыны» - бекіту арқылы қанды кекті тоқтатып, көршілес елдерді мойындатады.
Жеті Жарғы - 22 наурызда Ұлытауда бірнеше елдің еншілерінің алдында бекітілген.
Әз-Ғар-Аб Бесайдарұлы Алатау батыр 1566 жылы (құрбан айтта) туылады.
1587 жылы Алатау батыр 21-ге толған.
1646 жылы Алатау батыр Мұрынқарақ тауында 9 қарашада дүниеден озып, 30 қарашада қойылады. Кесенесі Мұрынқарақ тауының етегінде.