Нұрлан Нығматулин: Ауыл ғана емес, қаланың өзінде интернет нашар
2020 ж. 16 сәуір
1519
0
Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар бизнес-ахуалды жақсарту мәселелеріне бағытталған заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
Заң жобасы «Кәсіпорындарды тіркеу», «Құрылысқа рұқсат алу», «Электрмен жабдықтау жүйесіне қосу», «Меншікті тіркеу», «Кредиттер алу», «Келісімшарттардың орындалуын қамтамасыз ету», «Миноритарлық инвесторларды қорғау», «Төлем қабілетсіздігін шешу» индикаторлары бойынша Қазақстанның «Doing Business» рейтингіндегі позициясын жақсартуға бағытталған.
Сонымен қатар, құжат жобасы сәулет-жоспарлау тапсырмасы, топографиясы және техникалық шарттары бар жер учаскелерінің берілуін қамтамасыз етуді көздейді.
Осылардың қатарында меншік иелерінің келісімінсіз үшінші тұлғалар үшін жылжымайтын мүлікке ауыртпалықтар туралы, заңды тұлғалар үшін жылжымайтын мүлікке меншік құқықтары туралы ақпаратқа жария түрде қол жеткізудің ашылуы қарастырылған.
Жалпы отырыс барысында заң жобасындағы бірқатар нормалар депутаттардың келіспеушілігін тудырды.
Ең алдымен, бұл заңнамалық түзетулер әзірлеушілердің жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және техникалық күрделі емес объектілерді салу үшін сараптамадан өткізу жөніндегі рәсімдерді жою жөніндегі ұсынысына қатысты.
Мәжіліс депутаттары бұл норманы алып тастау қажеттігін айтып, мұндай ұсыныспен келіспеді.
Ережеге сәйкес техникалық жағынан күрделі емес объектілерге жатпайтын нысандарды қатарына биіктігі 5 қабаттан аспайтын тұрғын үйлер, сыйымдылығы 600 оқушыдан кем емес жалпы білім беретін мектептердің ғимараттары кіреді.
Сонымен қатар, бұның құрамында бір уақытта 800 адамға дейін болатын сауда және ойын-сауық нысандары бар.
Яғни, бұл нысандарды заң жобасының нормаларына сәйкес сараптамасыз салу ұсынылған. Осыған сәйкес, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин пікірінше мұны ведомстволық ережелер деңгейінде емес, заң деңгейінде жасау керек.
Депутаттардың айтуынша, Мемлекеттік монополия субъектісінің, мемлекеттік монополия субъектісі болып табылмайтын, бәсекелестік нарықта қандай да бір тауарды өндіруге, өткізуге айрықша құқық берілген заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының мемлекеттік монополия туралы заңнамасында белгіленген шектеулерді сақтамауы туралы норманы да алып тастау қажет.
Осы ұйымдарды айқындау үшін әзірлеушілер монополияға қарсы орган бекітетін конкурстық тәртіпті енгізуді ұсынады.
Мәжілісмендер заң жобасы ұсынған нормалар мемлекеттік органдарға бәсекелі тауар нарықтарында жеке меншік нысанындағы монополистерді жасанды түрде құруға мүмкіндік береді деп есептейді.
Мәжіліс Спикері атап өткендей, соңғы жылдары отандық тауар нарықтарында бәсекелестік орта айтарлықтай нашарлады.
АҚ және ЖШС нысанындағы шамамен 24 ұйым тек өз қалауы бойынша баға белгілеу мәселелерін шешеді.
Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, әзірлеушілер ұсынған түзету Мемлекет басшысының монополияға қарсы нақты шаралар қабылдау жөніндегі нұсқауларына қайшы келеді.
Осы ретте, Палата Спикері Мемлекет Басшысының (ағымдағы жылдың қаңтар айындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында) нарықта тек мемлекеттік емес, сонымен қатар жеке монополиялардың тым көп болуын атап өтіп, Үкіметке монополияға қарсы жөнінде нақты шаралар қабылдауды тапсырғанын атап өтіп, бұл норманы заң жобасынан алып тастау қажеттігін айтты.
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары ауылдық елді мекендерде әмбебап байланыс қызметтерін субсидиялауды болдырмауды көздейтін түзетумен де келіспейді.
Осыған сәйкес Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин ауылдық телефон байланысына қатысты Үкімет ұсынған заң жобасындағы норманы қайта қарау керектігін айтты.
Себебі заң жобасында ауылдық елді мекендердегі байланыс саласын субсидиялауды тоқтату көзделген.
Ол ауылдағы телефон байланысының қымбаттауына алып келуі мүмкін.
Нұрлан Нығматулин пікірінше, бұл ауыл тұрғындарына қиындық туғызады.
- Шын айту керек, қазір ауылды жерлер ғана емес, қаланың өзінде интернет байланысы нашар. Оны жақында бәріміз де көрдік. Сондықтан, жасыратыны жоқ, бүгінгі күні көптеген ауылдарда бір ғана сапалы байланыс бар шығар. Ол - телефон байланысы. Қазіргі уақытта оған айына 670 теңге төленеді. Егер екі - үш есеге өсетін болса, халық оны қалай төлейді?! Оны неге ойламасыз? – деді Мәжіліс Төрағасы.
Бұл мәселе еліміз бойынша 630 мың абонентке тікелей қатысты.
Отырыс барысында талқыланған мәселелер ескеріле отырып, екінші оқылымға дейін пысықталатын болады
Бүгінгі жалпы отырыста депутаттар «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалап отыру тетігі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.
Сондай-ақ, бүгінгі отырыста депутаттар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл
мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтыруларды қарады.
Жалпы отырыс барысында Палата бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Олар білім беру, баланың құқықтарын қорғауға қатысты және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен күзет қызметі мәселелеріне бағытталған заң жобалары.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары А.Перуашев, Н.Әлтаев, А.Жамалов, А.Қоңыров орталық мемлекеттік орган басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.