ОСЫ ЖҰРТ МЫРЗАШӨЛДІ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?

19
8719

Мылтықбай Мамытұлы Ерімбетов,

Жазушылар Одағының мүшесі, ақын.

 

1. Атына ағалардың

айтарым бар: «Менің Мырзашөлімді қайтарыңдар!»

 

…Алатаудан қарағанда Сырдың арғы бетінде, Қызылдың құмын ендей жайлап, Мырзаның шөлінде малын айдап, Жетісайдың сайларында тамыр байлап, отырықшылыққа бойы үйреніп, диқаншылыққа қолы үйреніп, пейілі кеңіп, жерді еміп қалың қазақтың Қоңырат елі отыр. Ондағы Қоңырат – алты ата Көктің ұлы мен бес ата Көтенші және Жаманбай – бәйбіше тоқал балалары делінеді шежіреде. Аңызды айтсақ арыға кетіп қаламыз. Қоңырат Атаның (лақап аты Нағанай) жеті әйелі, отыз ұлы, екі құлы болған деседі. Нағанай соңғы екеуін құл демей ұлым депті – баласы отыз екі болады екен. Екі құлдың аты – Емен, Семен. Қазіргі Қарақалпақ ішінде осы екі ру бар. Атақты шайыр Бердақтың шежіре дастанында да аталады. Нағанайдың өз кіндігінен бір баласы Орынби, одан туған Мелдеби жаугершілік заманда Түркістанда қалыпты, билік құрыпты. Мелдебидің бәйбішесі Құндызай, жеңге алған тоқалы Жезбике анамыз деседі. Көтенші мен Көктің ұлының аналары солар. «Ұрпақтарым көктей өсіп көбейсін!», деп ырым жасапты перзенттің зары өткеннен. Әзіреті Қызыр Ілиястың аналарымызға жолыққаны, желеп-жебегені рас болса керек, қалың ұрпағы – қара ормандай өсіп-көбейді…

…Сол ел, сол ауыл, сол аталар әлі атакүлдікте отыр. Қаншама ұрпақ сонда туып-өсті. Біздің ендігі хикая басқаша шеріледі. Жер дауы, ер тағдыры баян етілмек. Атамекен тағдыры. Талайлардың тағдырын талқан еткен біз көрмеген «қағази» соғыс туралы хикаят бұл. Жер дауы туралы хикаят.

Соңғы 35-40 жыл ішінде жер даулаған мазмұндағы жүздеген арыз СССР халық депутаттары М. Шахановқа, О. Сүлейменовке, Е. Юсуповке, А. Клепиковке (260 адамның атынан), Бас хатшы М. Горбачевке (тұтас аудандар атынан) Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы Г. Колбинге (Мырзашөлдік 42 ардагердің атынан), Өзбекстан КП ОК бірінші хатшысы Р. Нышановқа (50 адам атынан), XIX Бүкілодақтық партия конференциясына, Д. Қонаев, Л. Брежнев, Ш. Рашидовтың атына совхоз, аудан, облыс, сондай-ақ жекелеген Социалистік Еңбек Ерлері, Совет Одағының Батырлары атынан, арагідік ардагерлер С. Шахабаев пен Ш. Төрегелдиев атынан үнемі, үздіксіз, сондай-ақ Сырдария, Жызақ облыстары бойынша 18-260 адамның қолы қойылып, КПСС Орталық Комитеті Бюросына сан рет жолданғандықтан, жауапсыз қалдырып, аяқасты етілгендіктен шара қолданылмады. Аудан, облысқа келген кезінде арыз иелері ауызба-ауыз айта алмағандықтан (дұрысы – айтқызбағандықтан) жер дауы түйінді жараға айналды.

Елбасы Мақтарал ауданының 70 жылдығына келгенде өңіріміздің бірде-бір азаматы Өзбекстанда қалған жер мәселесін көтеріп, жарты ауыз сөз айтуға жарамады. Әкім Ибадулла Үмбетаев болса да өзімен өзі әуре боп жүрді... Бірақ, көреген Елбасы Нұрекең «түкпірдегі сіздерді ұмытпаймыз» деген мағыналы сөз айтты. Үміт қайта жанды. …Шаршап қалған, қазір қаусап қартайған, Мәскеу, Алматы, Тәшкенге қатынаудан жалыққан, кейбірі қолдан жасалған құдайлардан жақсылық күте-күте марқұм болып, сол өзі шырылдап қорғаған туған жеріндегі бабалар қорымында мәңгі тыныштық тапқан көкелерім мен әкелерім атынан Мен сөйлеймін!

Сонымен, қартайған сабаз емес, сарғайған қағаз сөйлесін!

 

2. Ашық хат немесе үкіметке мыңыншы арыз

 

«Оңтүстік Қазақстанның жүрегі – Мырзашөл. Оған барлық жағдайды, мүмкіншіліктің бәрін жасаймыз. Сіздер түкпірде жатқан өңіріміз деп ойламаңыздар, Мақтарал өңірін ешуақытта біз естен шығармаймыз. Қазақ халқының болашағы үшін, елін, жерін сақтап қалу үшін мен Астананы Қазақстанның ортасына көшірдім…» (Президенттің Мақтарал ауданының 70 жылдығында сөйлеген сөзінен).

 

Мен Өзбек ССР-ы аймағындағы – Бұхара, Тәшкент, Жызақ және Сырдария облыстарында тұратын барлық қазақ атынан Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы аймақтық мәселені шешу жөнінде арызданып отырмын.

Ұлттық мәселедегі шектеуліктер мен лениндік нормадан ауытқу сонау 1924 жылы-ақ көрінді. Сол кезде Ташкент және оның төңірегіндегі тұрғындардың көпшілігі командалық әдіспен және арандатушылық қимылмен өте қысқа мерзімде күштетіліп өзбек болды, құжаттар қалыптастырылды, ал шын мәнінде олардың бәрі қазақ. Осыдан кейін Орта Азиядағы ең ірі Ташкент қаласы Өзбекстан астанасы болды. Ол кезге дейін бірнеше ғасырлар бойы Самарқанд пен Бұхара кезек-кезек Өзбекстан орталығы болған-ды.

Өзбек ССР-ның Қазақ ССР-ы аймақтарын алу әрекеттерінің 2-ші кезеңі 30-жылдары Қазақстан аймағында Шыршық ГЭС-і салынарда байқалды. Алғаш құрылыс салуға ұлықсат алып, одан кейін Өзбек ССР-ы басшыларының шовинистік ойымен Өзбек ССР-ының басшылары Бостандық ауданын тұтас беруді талап етті. Сөйтіп, Өзбек басшыларының ұзақ уақыт күш салуымен 1956 жылы Шымкент облысының Бостандық ауданы мен Киров ауданының Тимирязев атындағы совхозы Өзбек ССР-ына берілді.

1930 жылы Қарақалпақ АССР-ы Қазақстан құрамынан Өзбек ССР-ының құрамына берілді. Бұл актіні Өзбек басшылары былай түсіндіреді: «Қазақстан өте көлемді және ол басшылық үшін қиындық туғызады». Оны «жеңілдету» үшін өзбекке емес, қазаққа тілі, дәстүрі, фольклоры, мәдениеті жақын қарақалпақ халқы Өзбек республикасына берілді.

Өзбекстан шекарасын кеңейтудің 3-ші кезеңінде, 1934 жылы Тамды, Зарафшан және Үшқұдық аудандары көрші елдің қарамағына кетті. Бұл аудандардың халқы түгелдей қазақ деуге болады. Тек Зарфшаннан алтын табылған соң, және тәуелсіздік келген соң болашақта қазақ елі бұл аймақты қайтып алып қоямасын деген есеппен ол жерді жеделдете өзбектендіру жүргізіліп жатыр. Айтпақшы, әлемде қоры жөнінен 6-орынды алатын өзбек алтыны осы аймақтың астында. Қандай жерді бергенімізді енді өздеріңзбағамдай жатарсыздар…

4-ші кезең 1963 жыл болды. Сол кезде Н. С. Хрущевпен жеке достықтағы, ұлтшыл көңілдегі Ш. Р. Рашидовтың күш салуымен Шымкент облысының Мақтарал, Жетісай, Киров аудандары Өзбекстан құрамына өтті. Кейін осы үш аудан жері есебінен Ш. Р. Рашидовтың Отаны – Жызақ облысын нығайту үшін тағы жеті аудан ұйымдастырылды. Сол кездегі Қазақстан басшысы И. Юсупов еді…

Киров ауданының Шымқорған, Арнасай, Амангелді атындағы, Ильич атындағы, Қызылқұм, «Известия» совхоздары берілісімен Фариш ауданының қарамағына жатқызылды. Еңбекшілердің қайсарлықпен сұрауынан және әділетті талабынан кейін 1971 жылы Шымкент облысының үш ауданы Қазақстанға қайтадан қайтарылды, бірақ олардың алты совхоз және жеті ауданындағы көлемді бөлігі -жалпы берілген жердің төрттен үші Өзбекстанда қалды.

«Ғасырлар бойы басқа халық иелігіндегі аймақтарды алып қоя беретін қандай республика бұл?» деген заңды сұрақ туады. Мұндай заңсыздықтың ақыры бола ма? Қазақ ұлты еңбекшілерінің әртүрлі тобындағы демократия, жариялылық, әлеуметтік теңдік Өзбекстанда жоқ. Әсіресе, ұлтшылдық пиғылдағы Ш. Рашидовтың басшылығымен осындай жағдай тереңдей түскен, оның қарқыны әлі жалғасуда. Бұл республиканың кадр саясатында көрінеді. Егер бұрын партия, кеңес ұйымдарында және министрліктерде қазақ ұлтының өкілдері кездессе, қазір мүлдем жоқтың қасы, немесе бірен-саран ғана. Рашидов кезіне дейін ет-сүт министрі болып Сарықұлов, Насыров, Ташкент политехникалық институт ректоры Ниязов істесе, аудандық партия комитетінің хатшылығында 20 адам болды, оның алтауы Ташкент облысының аудандық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарды. Қазақтан шаруашылық басшыларын тағайындау да сиреп барады. Кадр мәселесінде ұлтты қысымға алу , қазақ кадрларына сыйластықпен қарамаудың мысалдары тұрғындардың басым көпшілігі қазақ Мырзашөл ауданынан айқын көрінеді, Карабах жарасындай ушығып тұр.

Мал шарушылығының ауыр еңбегіне көңіл бөлу мен қамқорлық аз. Жызақ облысының, Бұхар облысындағы Тамды және Кенимех аудандары шопандарының 99 пайызы қазақ, олар 30-40 жылдарға пара-пар аянышты тіршілігімен қиналуда. Олардың тұрмысын Алла тағала айналып өткен, ешкім қамқорлық жасамаған, жарықсыз, газетсіз, кітапсыз, ана тілінде болмайтынын айтпағанның өзінде, теледидарсыз күндерін өткізсе де жұмыс істеп республика экономикасына қомақты үлес қосып келеді.

Бұрын республикалық 42 жоғарғы оқу орнының 10-ында қазақ тілінде оқытатын факультеттер болатын. Қазір жалғыз Низами атындағы ТМПИ-де ғана қазақ тілі мен әдебиеті факультеті бар, оған жылына 25-ақ студент қабылданады. Бірқатар селолық кеңестерде  қазақ сәбилерін қоқаңлоққылықпен өзбек деп жазады. Бұрын ең болмағанда алдап-сулап, білмей қалғансып жаздырушы еді…Әке-шешесі қазақ, олардың балалары өзбек! Бұл жағдай жылдан жылға ушығып барады. Жастар мектепті қазақ тілінде бітірсе де емтиханды өзбекше тапсырады, әдеттегідей «құлап» жатады.  Достық ауданының Васильевский, Рокосовский атындағы совхоздарының әр қайсысында қазақтардың жүзден астам отбасы тұрса да, жағдайы жаман қазақ көшпеске амалы жоқ. Тілді білмеумен бірге ғасырлар бойғы дәстүр, әдеп-ғұрып, мәдени құндылықтар, ұлттық әндер және басқалар жоғалып барады. Жеке адамды, ұлттық намысты қорлау аудан және шаруашылық басшылары тарапынан байқалатын кездейсоқ көрініс емес, сұрқиялық анекдоттар мен әңгімелер ойдан шығарылып таратылады, бұл ұлттық сезімге өшпенділікті қоздыратын іс-әдетке айналды. Демографиялық мәліметтер бойынша республикада 2 миллионға жуық қазақ тұрады, бірақ республикалық 1 газет пен 1 баспа ғана бар, республикалық театр, концерт ұйымдары жоқ. Жекелеген аудандық қазақ тілінде шығатын газеттер өзбекшеге айналып барады, әуе толқынына ана тіліндегі радио-телехабарлар сирек шығады. Қазақ тіліндегі кітаптар мен қазақ музыка аспаптары, дүкен сөрелерінде сувенирлер жоқ. Осындай мәліметтерді салыстыру үшін Қазақстан бойынша келтірейік. Онда төрт жүз мыңдай өзбек, бірнеше ондаған мың кәрістер, ұйғырлар және немістер тұрады. Олардың барлығында республикалық, аудандық газеттері, республикалық театрлары, ансамбльдері бар. Түрік, дұнған, татар шығармашылық ұйымдары, олардың тиісті бөлімдері баспада, Жазушылар Одағында және Қазақ ғылым Академиясында жұмыс істейді. Әсіресе Қазақстандағы өзбекке жасалған жағдай мен Өзбекстандағы қазақтың жағдайын салыстыру мүмкін емес – екуінің айырмашылығы жер мен көктей! Әрине, қазақ – жерде, өзбек – көкте! Мен – соғыс және еңбек ардагерлері, Жызақ пен Сырдария облыстарында тұратын барлық қазақтар және олардың өтініші бойынша үкіметке арызданып отырмын.

Қазіргі Мырзашөл, Арнасай аймақтары, жоғарыда айтылғандай Фариш ауданының үлкен бөлігі 1963 жылға дейін заңды түрде Қазақстанға қарағаны үкіметке белгілі болса керек деп ойлаймыз. Әрине,  Бостандық ауданы түгелдей және қазіргі Жызақ облысының Мырзашөл, Достық, Октябрь аудандарының, Сырдария облысының Ильич, Ақалтын ауданының аймақтары 1956 жылға дейін Қазақстан аймағының бөлінбес бөлігі болғанын жұртшылық жақсы біледі. Сол кездегі Өзбекстан басшыларының аса ыждаһат салуымен және қазақтардың ұлттық абыройына Қазақстан басшыларының әдейі енжарлықпен қарауы салдарынан ол жерлер негізсіз арендаға Өзбекстанға берілген. Сөйтіп, ұлттық сезімімізге шек қойылды. Бұрын да осы туралы барлық инстанцияларға жаздық. Біздің үніміз Д. А. Қонаев қайтадан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болғанда ғана естілді. Осы мәселе бойынша әділдік 1971 жылы біршама қалпына келтірілді. Қазақстанға Мақтарал, Киров және Жетісай аудандары қайтарылды. Қазір Өзбекстанда тоғыз аудан ашылған Сырдария және Жызақ облыстары территориясыбұрынғы Шымқорған совхозының, кезінде Д. Қонаев депутат болып сайланған  атақты қаракөл терісін өндіретін кеңшардың мал жайылымдары болатын. Сол кезде партиялық билеті бар Өзбек ханы Рашидов біздің үмітімізді алдап, Қазақстан аймағының үлкен бөлігін Өзбекстанда, жоғарыда көрсетілген Жызақ және Сырдария облыстарында қалдырды. Рашидовтің «көрегендігімен» Шымқорған, Қызылқұм, Ильич, Амангелді атындағы, Арнасай, «Известия» совхоздары алдын-ала Фариш ауданына берілді және жаңа аудандар құрылды. Сөйтіп, Мақтарал, Киров және Жетісай аудандары 1971 жылғы шекарасы қалпында ғана қайтарылды. Өзбекстанға жалға (арендаға) 25 жылға берілген қазақ жерін алуды, қайтаруды намыспен, шын ниетпен және біліктілікпен қолға алған жөн. Әдеби тілмен айтсақ, түйемізді алып тоқтымызды қайтып берді.

Біз үкіметтің заңды арендалық аймақтарды Қазақстанға қайтару мәселесімен шын ниетпен шұғылданатыныңызға үміт артамыз. «Неге қандас бауырлар өзбектер жылдар бойы біздің, яғни Қазақстанның аймақтарын, соған байланысты біздің ұлттық сезімдерімізді меншіктенеді?» деген сұрақ та туындайды. Біз өзбек бауырлармен жауласқымыз келмейді. Карабах оқиғаларын шынымен қаламаймыз. Бірақ біз өзіміздің заңдылығымызды талап етуге құқылымыз. Біздің және біздің балаларымыздың өзбек достары көп, бірақ Рашидов сияқты ғасырлар бойы ұласқан достығымызға озбырлық еткен Өзбекстанның бұрынғы басшыларын жек көреміз. Рашидов «шын лениншіл» Хрущевпен ауыз жаласып қазақтардың аймақтары жөніндегі мәселені қарауда Худояр ханның қанды жолына қансыз, моральдық кемсітумен түсті. Ия, сол тоқырау жылдарында, тұрмыстағы тоғысуларда және қазір де кейбір өзбектің тентек жастары (ұлт атынан сөйлейтін өзбек озбырлары) «қазақтардан жерді тартып алдық, енді әйелдерін тартып аламыз» деп көкіп жүр. Әрине, мұндай оқиға төбелессіз, адам өлімінсіз болмайды, бірақ тоқырау жылдарындағы еркінсулер бұл істердің барлығын жабық қалдырды. Мырзашөл ауданында болған ондай оқиғалардан ондап мысал келтіруге болады.

Бұрынғы кісілер «Пахтакор» стадионында «Пахтакор» – «Қайрат» футбол матчындағы қайғылы оқиғаны білетін болар?! Біз оның қайталануын қаламаймыз. Ондай қайғылы кездерді еске алғымыз да келмейді. Біздің халықта: «Сөз қуған бәлеге жолығады, жол қуған қазынаға жолығады» деген өте жақсы мақал бар. Әрине, бәрін еске алсақ, өткенді аударыстырсақ, біздің өзара қатынастарымызда өзбек халқымен байланысты емес, ұлтшыл бағыттағы басшылардың арам пиғылдарына қатысты қаралы беттер көп.

Дегенмен, біздің ойымызша, тоқырау жылдарында жерлерді көлемі жағынан көбейтіп пайдалану «Шымқорған» совхозына моральдық және материалдық жағынан түзелмейтін зиян келтіргенін міндетті түрде айту қажет. Бұл – Қазақстанда қаракөл шаруашылығының флагманы болған совхоз. Совхоз орталығы мақта егістігімен қоршалған аралда орналасқан, тұрғындарының жер участкелерін суаруға ғана емес, ішуге де су жоқ, газдендірілмеген, су құбырларының құрылыстары ұзаққа созылған, қазір ауыл айтақырға айналды, ал оған жақын совхоздарда табиғи газ бар. Басқа совхоздардың әрбір отарына, дала қосына электр жарығы жеткізілсе де, Шымқорған шаруашылығының фермаларында жоғарғы вольтті желі жоқ. Совхоз орталығында барлық ағаштар кеуіп қалған. Кезінде жасыл желек «Шымқорған» Қонаевтың, Рашидовтың өзін қарсы алған. Енді ондай бақытқа әркім кезікпейтін шығар. Өйткені өзбектер түртпектей берген соң қазақ көтеріле көшіп Шымқала жанындағы Шұбарсу елді мекеніне әзер жайғасты. «Шымқорған» совхозының ақырына дейін қирауына қол жеткізу әлдекімдерге пайдалы болған шығар. «Шымқорған» совхозы – Бабалар мен ата-аналар үйі, оған жақсылықты білмейтін жастар көңіл бөлмейді. Жылдан жылға қазақ ұлтының кадрына да сыйластықпен қарамау байқалады, олар көшуде, қамқорлық жасалмайды. Мысалы Сырдария облысы қазақ жері есебінен құрылғанда  облыстық атқару комитетінің төрағасы, содан соң облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Е. Т, Тасанбаев болып, біздің ойымызша ұлттық топқа жатпағандықтан ұзақ уақыт жұмыс істей алмады. Ал жаңа Жызақ облысы құрылғанда облыстық партия комитетінің екі бөлім меңгерушісі, екі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, екі аудандық атқару комитетінің төрағасы, облыстық атқару комитеті, сондай-ақ облыстық халықтық бақылау комитеті төрағаларының орынбасарлары қызметінен босады. Қазір олардың бірі де жоқ. Облыс төңірегінде бір де бір қазақ жауапты қызметте қалған жоқ. Барлығы 2-3 жылда кадрларды іріктеу және орналастыру принциптері бұзылғандықтан қызметтен қуылды.

Халықтардың нағыз достығы тек әрбір халықтың абыройын, намысын, мәдениетін, тілін және әрбір халықтың тарихын аса қатты құрметтегенде, олармен өзара қатынас жасағанда ғана болады – деген даналар сөздеріне сілтеме жасай отырып, арамыздың әділ шешілетініне сеніп, барлық жайды ашық және толық жазып отырмын.

   Қайталап айтамын, арендаға сұрап қазақ жерлерін басып алу 1956 жылы-ақ Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданын толығымен, Киров ауданының Тимирязов атындағы совхозын Қазақстаннан Өзбекстан құрамына беруден басталды. Екінші басып алу 1963 жылы Рашидовтың жеке ынтасымен Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал және Киров аудандарын Өзбекстанға бергенде  болды. Осы кезде барлық өнеркәсіпті, еңбек резервтерін және халықты билеуде ол Хрущевпен достық қатынаста болғаны де бізге белгілі. Бұл туралы Д. Қонаев өзінің естелік кітаптарында өкіне жазды.

Өзбекстанның осы басып алушылықтардағы барлық иеленуі қазақ халқының мүддесіне, әдет-ғұрпына, экономикалық, мәдени, ұлттық қатынастарына нұсқан келтірді. Жоғарыда аталған аймақтарда тұратын қазақтар өздерін, жерлерін Қазақстан құрамына қайтару жөнінде жоғары сатыдағыларға үздіксіз арыз жазды. Ақыры, 1971 жылы Мақтарал, Жетісай, және Киров аудандарын аймақ қалпында Қазақстан құрамына беру шешілді, бірақ сол аймақтарды берген кезде партия билеті бар Өзбек ханы Рашидов аталған аудандардың бірқатар жерлерін алдын-ала 1969 жылы Сырдария облысына беріп жіберген-ді. Мұны елдің бәрі біледі, Астана ғана хабарсыз сияқты.

    Бұрынғы Мақтарал ауданының жері есебінен Сырдария облысының Ақалтын және Ильич аудандары ұйымдастырылған, ал Жетісай ауданының жерінде Сырдария облысының Мырзашөл ауданы ұйымдастырылған, бұдан  басқа бұрынғы республика басшылығының пайдакүнемдік мақсатымен Шымкент облысының Киров ауданындағы ірі, белгілі бес (Шымқорған, Қызылқұм, Амангелді, Арнасай, Ильич) совхоздары Сырдария облысының Фариш ауданына берілді, кейіннен жоғарыда аталған қазақ жерінің базасында Өзбек ханының Отанында Жызақ облысы ұйымдастырылды.

Осы мәселелер төңірегінде қалыптасқан жағдайларды жаза отырып біз Мырзашөл аймағында тұратын қазақ ұлты үшін қиын, шешімін көптен күткен өмірлік мәселеге үкіметтің араласуын өтініп шағымдануды жөн көрдік. Әрине мемлекет аралық келісімдер бойынша егемендік алғаннан кейін шекаралар делимитацияланғаннан хабардармыз. Бірақ бұл СССР кезіндегі өзбек қалауындағы шекара күйінше қалып, қазақ жерінің кезінде арендаға – жалға берілгені ескерілмеді. Ол құжаттар сол күйі мұрағатта сарғайған күйінше сақтаулы, оны ашуға әрине өзбектер мүдделі емес, қазақ іздемей тұр. Ғасырлар бойы қазақтарға тиесілі аймақтар Қазақ Республикасына қайтарылсын, бұрынғы бұзылған өмірлік мүддерлер конституциялық тиістілік бойынша қалпына келтірілсін. Қазақ халқының сол жерлерге жоғалтқан құқықтарын қалпына келтіруге іс жүзінде көмек көрсетілсін.

Бір ғана мен жазғанмен бұл арыз хат Жызақ, Сырдария, Ташкент және Бұқара облыстарында тұратын қазақ тұрғандарының қалауын білдіреді. Ғасырлар бойы Қазақстанға, Қазақ Республикасы меншігіне жататын аймақтарды қайтару, бұзылған бұрынғы өмірлік мүдделерді қалпына келтіру мәселелерін дұрыс шешу – бұған дейін талай арыздарда өтіне сұралған.

Бабалар даналығы: Жерді қайтару үшін күресу керек. Ешкім, ешқашан жерді өз еркімен бермейді  дегенді үнемі ескертеді.

 Біздің ұмтылысымыз ескі әкімшілік бюрократиямен күресте қазақ қоғамының дұрыс демократиялық күші пайдасына жататын қиын арпалыстың бір тамшысы ғана. Біздің аймақтағы қалыптасқан жағдайларды жазу арқылы Қазақ Республикасына, ғасырлар бойы меншігіне жататын жоғарыда аталған жер көлемін Өзбекстан құрамынан Қазақстан құрамына қайтару жөніндегі Үкімет комиссиясын ұйымдастыруды сұраймыз.

 

3. Бірінші лирикалық шегініс

 

Құрметті оқырман! Сіз қазір оқып шыққан осы арыз Мекалай болмаса да, Брежнев, Хрущев, Қонаев, Рашидов заманынан келе жатқан «сары тісті, ақ шашты» арыз екенін, сөз саптасынан байқаған боларсыздар. Жалықтырған болсақ, кешірім сұраймын. Ағаларым, әкелерім осылай жазған. Социализм тұсындағы сұраған Үкімет комиссиясы капитализм тұсында құрылды. Ел елең етті. Жұрт басын жастықтан жұлып алды.

Өзбекстан мен Қырғызстандағы қарулы қақтығыстар, оған Қазақстан жағының қатты алаңдаушылық танытуы, өткен жылдан бері қозғап келе жатқан өзбек-қазақ шекара дауы мәселесін көмескілендіріп жібергенге ұқсайды. Тіпті, ел арасында сол қақтығыстар екі ел басшылары арасындағы саяси ойыннан туды деген пікірлер де бар. Қалай болғанда да екі ел арасындағы жер дауы мәселесі бүгін болмаса, ертең қайтадан маздайтыны анық. Сол себепті де осы орайда жұмыс істеп немесе істемей жатқаны белгісіз комиссияның назарына төмендегі мәселені ұсынуды жөн көрдік.

 

Айналайын, кәмиссия!

Құлағың сал!

 

Соңғы кездері көп айтыла бастаған шекара мәселесінде ескерілмей отырған жағдай мынадай: сөз Бостандық ауданы мен Сарыағаш маңайы, Бағыс ауылы туралы ғана қозғалып жүр. Мырзашөл өңірі туралы әңгіме әдейі айтылмай жүр, не комиссия хабарсыз. Қысқаша айтсақ, ол өңір – қазіргі Жетісай орталық болып тұрған бұрынғы Жетісай, Киров және Мақтарал аудандары. Қазір бір ауданға Мақтаралға біріктірілгені көпке мәлім шығар. Жетпісінші жылдары Брежнев осы аудандарды қайтарғанда аты қайтып, заты қайтпады. Бұл не деген сөз? Яғни, бұрын 63-64 жылдары Өзбекстанға берілгенде Киров ауданындағы дүние жүзіне мәлім «Шымқорған» қаракөл совхозының жайылымдары қоса беріліп, Өзбекстанның Сырдария облысы құрамына ендірілді. Арадағы бес-алты жылда Рашидов Жызақ облысын құрып, оған осы жайылым есебінен тоғыз аудан жасап берді, өз Отанын, туған жерін қышлақтан облысқа айналдырып алды. Тоғыз аудан деп қателесіп айтып отырған жоқпын. Бергі шеті – Мырзашөл ауданы, орталығы Гагарин қаласы, Жетісайдан 12 шақырым, ортасын арық бөліп тұр. Арғы шеті – облыс орталығы Жызақ қаласы, Гагарин мен Жызақ арасында аудандар тізіліп жатыр. Шалдар ескі атымен,балалар өзбекше атымен, орта жастағылар советше атымен  атайды. Мысалы, Бөрітескен, Пахтакор, Зарбдор, Конев, Гречко… деп кете береді. Совхоздарды гүлдендіру үшін тірі маршал, космонавтарды шақырып, атына совхоз беріп, Мәскеуден ақша алдыру Шараф әкәнің әдістерінің біреуі ғана. «Известия» газеті атындағы өзбегі түгіл, қазақтың сол жердегіден басқа руы жоқ совхозы қазір газет қамқорлығы тоқтатылған соң, «Түркістан» бола салды. Маршал, космонавтар да солай. Өзбекстан мектептеріне тарих оқулығы жаңа атаулармен ендіріліп, қазақ кластарына да оқытылуда. Атасы «Түйедалаға барамын» десе, немересі «Рашидов ауданына ма?» деп сұрайды.

Соңғы екі-үш жыл көлемінде тоғыз ауданды, кейбір ыңғайлы, жақын совхоздарды екі-үш облысқа, ауданға шашырата бөлу саясаты асығыс жүргізілуде. Бұл із жасыру саясаты өзбектер үшін өте қолайлы, егер құдай жарылқап, Мырзашөл ауданы қайтарыла қалса, тура жетпісінші жылдардағыдай аты ғана қайтады! Біздің комиссия «жұмыс бітірдік» деп айтады.

Дінмұхамед Қонаев естелік кітабында «Үш аудан қайтарылды, тек бір совхоз ғана қалды» деп жазған. Ол кісі өзі бір кезде депутат болып сайланып, аманат ретінде Мәдениет үйін салдырып берген «Шымқорған» совхозы туралы айтып отыр. Өзі аң аулаған сайын дала қазір Жызақ облысының тоғыз ауданы екенін ол кісі білмеді дегенге мен сенбеймін. Рашидовтың 75 жылдығына келген зейнеткер Қонаевқа Жызақ пен Мырзашөл қазақтары шапан жауып, арғымақ мінгізгенде, бәлкім, Шараф інісімен «келісімін» еске алған болар? Менің ақындық қиялымды Димекең аруағы кешірер…

Сонымен, комиссия құрамына жергілікті қариялар қосылмай болмайды. Бізге карта, кабинеттік жиналыс емес, ҚАЗАҚҚА ЖАНЫ АШИТЫН НАМЫСШЫЛ КОМИССИЯ керек!

Сөзім ауыр болмасын, бір кезде «Қазақ әдебиетінде» Е. Ертісбаев деген «еңіреген ер» екі бетке сұхбат беріпті. Онысының аты Ресей, Қытай, Өзбекстан: дос бола ма, қастас бола ма?» деп тайлақтың жабуындай андағайлап тұр. Жүйкесі дұрыс адам «Өзбекстан» дегесін шекара туралы әңгімеге жауап іздейді ғой. Мен де сөйттім. «Бұл мәселе жөнінде шектелсем деймін» деп халық санын сырғыта салыпты. Есіме Ғани Қасымов сұрағанда теледидарда бұрынғы министр Е. Ыдырысовтың «Бұл мәселені ертерек айтып тұрсыз» дегені түсті. Аяулы ұстазымыз Әбілфайыздың қазақша білмейтін баласы кеткен жер туралы жарты ауыз сөзін естіген бір миллион қазақ үміт үзе жерге түкіргенін білді ме екен? Одан кейін мен қазақша сөйлейтін генералға дауыс бермегеніме өкіндім. (Керек тастың ауырлығы жоқ. Оқушыны жалықтырмау үшін мақала аяғында қариялар сөзін беремін. Қазір марқұм кісілерден кезінде жазып алған едім).

Сөз ретінде айта кетейік, 1916 жылы барлық елдегі жағдай сияқты Жызақта та  халық көтерілісі болған. Ташкенттен патша әскері келіп халықты қанға бөктіріп, көтерілісті басты. Басшылары Амангелді, Бекболат батыр сияқты Торғай, Жетісудағыдай аңыз болып, ажал құшты. Басшылар да, кейін орыстармен тіл табысып, халықты жаппай атудан сақтап қалған да – қазақ оқығандары. Бұл бөлек зерттеу қажетсінетін  тақырып. Рашидовтың «Дауылда туғандар» романы да, соның негізінде түсірілген алғашқы фильм де өзбекті дәріптейді. Қазақтардың қатысын жоққа шығара алмағандықтан, түйелі қазақтарды түсіру алаңына шақырып, олар әлі күнге Жызақта киноға түскендерін айтып жүр. Мұны айтып отырған себебім, Жызақтағы он алтыншы жылғы атыстан қашқан жергілікті өзбектер қазақ ауылдарына келіп, құмдағы шопандар үйіне тығылған. Жызақтың сыртындағы жаяу қашып бара алатын жер – қазақ жері. Ол ауылдағы туысқандарым әлі орнында отыр. Өзгерген жер аты мен мемлекет аты ғана! (Төмендегі Ілияс бабайдың естелігіндегі жер мен ру аттарына назар аударарсыз).

Бұл бір деңіз. Екінші, кәмпеске кезінде тәркіленген байдың бәрі сол өзбекті паналатқан байлар. «Шымқорған» совхозын құраған байлардың малы құжатталған. Тұқым-жұрағаттары Ауғанстан, Түркиядан келіп қауышты.  Олар Өзбекстанға емес, ата жұртыма келдім деп отыр. Демек, қазір Қазақстанға оралман болып Өзбекстанның Мырзашөл ауданынан келгендер оралман емес, босқындар. Олар жерінен аударылған статусты босқындар деуіміз керек.

Үшінші мәселе, Мырзашөлдің Жызаққа шыға берісінде Достық деген аудан бар. Екі республиканың бір-біріне жер беріп «қарқ» болған кездегі достығына лайықтап «аңқау» қазаққа алпыс үшінші жылдары Шараф әкәнің жасаған кезекті шарапаты, жоғарыдағы «маршал-космонавт» әдісі ғой. Оны қазақтың мамандарына игертіп алғаны да рас. Сол кездегі Сырдария облысын Егемқұл Тасанбаев, «Ирджарсовхозстрой» тресін Мұстахым Біләлұлы Ықсанов басқарып, Мырзашөлді игереді. Жердің берілу және жартылай қайтарылу процестеріне бұл кісілердің, тағы да болашақтағы мақалаларда аты аталар біраз кісілердің белсене қатысуы күдікті ойға жетелейді. (Ықсанов аруағы ақындық қиялымды кешірсін). Жетісайда жеті айда Еңбек Ері атанған Е. Тасанбаев ағалық ақылын айтып, білмегенімізді үйретер, көргенін жазар деп ек, үндемеді. Майдан қылшық суырғандай өзбекі саясаттың майын ішкендер қатарында Фарыш ауданын 25 жыл бойы басқарған, үш рет түсіп, үш рет орнына Рашидовқа жиендігі арқасында қайта қонған азаматтар да бар. Майды қанша ішсе де су бетіне кілкіп шығатыны бар. Халық баяғыда баладай алданса, қазір данадай ой қорытып, пікір түйіп, шешімін құдайға тапсырып жүр. «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар» деген.

Жаңа комиссия құрыла қалса, болашақ мүшелеріне сенемін. Егер сөзімді артық көрмесе, Мырзашөлдегі жерді сатқандарды құдайға тапсырып отырған жарты миллион қазақтың кәмиссия құрылатынына құдайдай сеніп отырғанын жеткізгім келеді. Себебі Шардараның қасындағы Амангелді кеңшарының қасына кеден салған өзбектер Қоғалы және Амангелді кеңшарларының біраз жерін қамтып кетті. Шапанынан жамаулық мата кесіп алса да үндемей Қазақстан отыр.

Өзбек және Қазақ Совет энциклопедиясында Жызақ және Сырдария облыстарындағы қазақтардың саны өте аз көрсетілгенін ескерте кетейін. Жер көлемі әрбасқа берілген. Ең сорақысы, ҚСЭ өзбектерден көшіріп, сілтеме жасаған. КСЭ-нің сол томын көрген өзбек ғалымдарының «аңқау қазаққа сол керек» деп кекесінмен күлгенінің және Өзбекстандағы қазақ студенттері мен оқушыларын өз кітабындағы, яғни ҚСЭ-дегі дерекпен ауызға ұрғанының куәсі менмін.

Сондықтан өзіміздің картамен өзімізді матап байлайтын әдістен абайлау керек. Қателеспесем, Қ. Тоқаев 1940 жылдан бері қарайғы картамен жұмыс істейтін сыңай білдірді. Сонда кәмпескеден соң құрылған, Мырзашөл өңірінің жартысын алып жатқан, «Шымқорған» совхозы 1940 жылдың ар жағында қалып кетпей ме? Қалып кетсе, тоғыз аудандық жеріміз қалмай ма, онда несіне ауыз ауыртып отырмыз? Осы жұрт Мырзашөлді біле ме екен?

Қазіргі қатал режимді, сөз еркіндігі жоқ Өзбекстанда басқа ұлттарға, оның ішінде қазақтарға шовинистік пиғылмен қарау үдеп келеді. Екінші сортты адам, құл сипатты қарау, құжат тіркемеу, үйін сатқызбай, кеткенді қайта тіркемеу қалыптасқан қағидадай. Күнкөріс өте нашар. Ендеше құлдан да бір сұрау – ДАТ қабылдаңыздар. Комиссия Мырзашөл өңірі халқымен кездеспей, шын шекара анықталмайды. Кездесудің моральдық мәні өте зор. Аяқасты болған ұлттық намыс оянады. Әкесі артынан іздеп келген баладай халық сенімі нығаяды. Өзбекі шектеулер мен арандатушылық сөздер азаяды. Өзбек басшылары кабинеттегі қулықтарын халық алдында істей алмайды. Айғай-шусыз ашық халықтық құрылтай Мақтаралда, Жетісайда  – референдум өткізілсе, көптеген шындықтың беті ашылады.

Комиссияға көмек ретінде Ілияс қажы қария естелігін, ескі жер аттарын ұстанып отырмын. 1928 жылға дейін ауылдар осында кездесетін ру аттарымен аталғанын ескертемін. Сол ауылдарда қазақ рулары әлі өмір сүріп отыр.

 

Екінші лирикалық шегініс

 

…Айтыста Мырзашөлдің бір баласы терме айтты. Ыңыранған «әділ» қазылардың алқа мүшесі: «Жоқтау сияқты екен» деді. Алпамыс майданға кеткенде ұлы Жәдігерді Ұлтанқұл қойға сап қоймаушы ма еді?! Ол да зарлы ән айтатын… «Жері кеткен ел» деген қарғыс таңба бізде де бар. Орталық мешітті сүндеттелмеген жездеме аштырған Алматылықтардың таңба­сындай.

Өзімше, әкесі тастап кеткен баладай күй кешкен Алатауға жалтақ-жалтақ қараған Мырзашөлімнің айтар арызын – бұрынға Ағалар, Әкелер арызы етіп те, қазіргі замандастар сөзі етіп те жеткізуді ниеттендім. Енді Аталар не дейді? Соны естіңіз!

Алматыдан үш ауданды қайтаруға жетпі­сінші жылдары комиссия келгенде жергілікті халықтың өкілдері айта алмай қалған жер шекаралары…

 

4. Ілияс қажы Омаровтың айтуынан

 

Жер аттары. Бісміллә деп Ұзынқұдықтан бастаймыз. Одан бері, кен шығып жатқан жер – Үшқұлаш. Одан бері – Пістелі тау. Таудың екі беті – Оразкелді руының жері, бергі бетінде – Құрманәлі – Көпжасар дейтін атасы тұрады, астыңғы жағы, Көктөбенің айналасы – Бұғышылар. Сол Көктөбе Қаракөселер де баршылық. Ал Маңғытайлар Ұзынқұдықтың аржағында жасайды. Келтөбе деген жер бар, Үшқұлақтың етегінде, құм жағында – онда Тоқболаттың ауылы жасаған, Ұзынқұдықтан ары қарай Тиекті, одан ары қарай Маңғытай, Көтенші жағынан Жауғаштылар да сонда. Жауғаштыны ауызға алып қалдық қой.

Айдарқұл әжі деген кісі айтпай кетсек әбес болады. Неге? Өйткені, әзіргі Өзбекстан иеленіп отырған, «Қонаев инженер кезінде тауыпты» деп алыпқашты әңгіме болып жүрген Үшқұлақтың кенін Некалай-Мекалай заманында тапқан адам Айдарқұл. Нышан дейтін баласы жақында жүзге жетіп барып қайтыс болды. Нышан өзі молда еді. Бұғышы Елемес бастық болған, божбан Қайыпназар ақын ауылында, қазіргі Жетісай кеңшарының №1 бөлімшесінде, жасады. Бұрын ол жерде «Молтыптың базары» деген болып адам қайнап жататын. Айдарқұл әжінің балалары, немерелері сол тұста әлі мекендеп отыр.

Қайтадан жер туралы. Бөрітескен, Бөти қазір совхоздар болып кеткен жерлер. Бөрітескен – Құлшығаштар отыратын жер, олардың мешіті де сол жерде бар. Соның орнына шопандар әлі намаз оқиды екен. Ал Түйдедала деп жүргеніміз қазіргі Жуков атындағы совхоздың айналасы. Баяғы Қызылқұдық дейтін жер – №28 совхоз жері болып кетті.

Қазақша жер аттарының Кеңес өкіметі кезінде орысшаланып, егемен Өзбекстан кезінде енді өзбекшелендіріп жатқанына бір мысалды – Самарқұдық деп аталған жерге байланысты айтайық. Өзбектер еш жер тарихымен, ел тарихымен жұмысы жоқ, сандырап жаңаша қойды.

Қалмырза байдың құдығы. Ал қазақша тарихы мынау. Самарқандық Ырза деген бай болған. Ол – Шардара ауданындағы «Көксу» совхозын көп жылдар бойы басқарған Мәулен ақсақалдың әкесі – Қалмырза баймен дос, тамыр болған. Досына бағып, қарауға, көбейтуге, шөл далаға бір-екі қотан қой әкеп салған. Ал Ырза Ауғанстаннан қой әкелетін ірі саудагер саналған.

Ал Қалмырза досының малы үшін құдық қаз­дырып берген. Осы елдің қазақтарынан шопан салған. Сосын, шопан қазақтар: «Ой, Самарқандағы Тәжік байдың құдығы, малы» деп айтады да! Әсілі, Қалмырза байдың құдығы! Жайлау да соныкі! Өзбектер оны білмейді, білгісі де келмейді. Самарқанға қатыстырып газетке мақала да шығарып, тарихты қолдан жасай салды.

Сол кезде Қалмырза байдың өз малы Сарыбел деген жерде өз құдығында жайлап жататын. Қызылқұдықтан – Ауғанстанға кәмпеске ауып кеткен Омар байдың, Әбдіраман байдың малы су ішкен. Қаракөседе Әлайдар бай өткен. Жапсарлас қонып жататын. Үкібай шал Ағайдар, Әлайдар Қаракөсе байдың малын баққан аға шопан, сағыр кісі еді.

Сол шопанның баласы – Еңбек Ері Қынабек, немересі Тәшкент мәдениетін «басқарған» Артықбай…

Шекара Құлпысарының аржағында. Сонау Құлпысарының аржағында Тойжанқұдық деген жер бар, соған шейін қазақтың жері болған. Бай жер, әулие қонған жер, қазір Воршилов атындағы №8 совхоз дейді. Совхоз орталығы – Қаратөбе аталған. Тойжанқұдық – Құрманәлінің Сырлысында өткен Бижігіт, Бекжігіт, Нұржігіт байлардың құдығы. Құлпысары әулиенің арғы түбі, бас жағы – Әбдіраман мен Қалмырза байдың қыстап отыратын жері. Осы араны байлардың шопандары тауға, құмға кетерде, жая көшкенде тұрақжай қып отыратын. Ұзынқұдық жағы – құмдық жайылым десек, тау етегі, жаңағы Құлпысары әулиенің қасы – Оразкелдінің тұрақжайы. Көктөбе – Бұғышыныкі десек, Шымқорған да Бұғышының байы жасаған жер – Өтен әжі, Төлебай, Айдарқұл болыстар дәурен кешкен жер. Өтен әжі деген (қажы деген сөз) адам атақты бай болған. Ал Төлебай тірісінде «тілләсін түйеге артып жүреді екен» деген аңыз болған адам. Жетісай ауданындағы Ленин колхозында өткен Мүтәштің бабасы Тіләп әжі де белгілі, мәшһүр, әжіге барған кісілер болған.

Жалпы, осы Жызақтың бәрі таудың етегіне дейін қазақ байларының жайлауы болған, ру-ру ел жасаған жерлер. Ағашты дейтін жер Рашидов ауданы болып кетті. Құлшығаш Әлекештің, Тоқболат Әлдебайлардың бабаларының жайлауы, Келеқұдық дейтін құдығы да бар еді. Аты ұмтылып Казкипр болып кеткен Самақанқұдықтың аржағы мың-мыңдап жылқы айдаған Басымбек болыс отырған жері. Жызақпен шекаралас болып қалған Қызылтөбе Бәткейдің жері, оншақты үй бәткей ата-бабасының жерінде әлі отыр. Өлген адамын Бәткейлер әлі бабақорымға қояды, топырағы кепкен жоқ, Өзбекстан иеленіп кетті…

Сонымен, жерді қайтарған кезде қолдан шекара жасап, сырғытып қайтарды. Әйтпесе, басы сонау Нұратаға шейін кететін, етегі Жызаққа тірелген Қойтастың тауының бергі бетінің бәрі – қазақтікі! Ғаллааралдың өзінде де бабасынан бері отырған қазақтар көп. Молда Қойлан (Қойман) мен өзбектер айтысып–айтысып ақырында жерді екіге бөліп алған жер осы. Айналып келгенде, Бұғышы руының жері.

Алты атаның бозы. Боз деп шым жерді, құнарлы жерді айтады. Ғаллааралдың егін егілетін жерінің, бәрі демесек те, төрттен бір бөлігі қазақтың жері болған. Ғаллааралда Ақтас дейтін жер бар, жүдә ғалласы-егінінің түсімі мол болатын жер. Оны, Қосынның тауының етегін, «Алты атаның бозы» дейді. Бұғышыны алты ата демеген ғой, қазақтың басқа рулары да болған. Өзбек ру санаспай, ағайынымен қыз алыса береді, «бірге емшек ембесе болды» деп… Сол жерде Ахмет бай мешіт салған. Өзбек, қазақ бірге намаз оқыған. Ахмет байдың өз баласынан ешкім қалмады-ау. Оның бабаларымен туысқан Күрке дейтін адам өткен. Күркенің әкесі Мұса болар. Осы жер өзбек Ғойтал, қазақ Ғойтал деп бөлінеді. Ғойтал-үлкен ағаш деген парсы сөзі. Қазақ Ғойталдың сайында Тәшпен бұлақ бар. Тәшпен Мұсаның атасы болар. Осылар үш-төрт атадан барып Ахмет байға қосылады. Ахметтің туысқаны, осы күндерде жүз он жастарға кеп қалатын Бекзақ, Бекжан, Сындар деген үш шал болған. Сындардың балалары қазір бар. Бәрі Мана батырдың ұрпағы, руы. Мана батыр жайлаған жер осы.

Бұғышының Мана батыры.

«Сәлем де сорда жатқан Бұғышыма,

Сілтегенде нар кескен қылышы да!» – деп аталас Құрманәлілер қиын шақта сәлем айтқанда Мана батырға арнаған екен. Мана батыр кім? Бүгінгі ұрпақ білмейді…

…Білмейтініміз сол батыр аты ғана болса оған құмбыл едім ғой. Өзбекстандағы қазақ мектептерінде тарих, әдебиет – Абайсыз, Қазақстансыз қайта жазылған оқулықтармен оқытылуда. Тұрар Рысқұлов, Ғани Мұратбаев, Сұлтанбек Қожанов қазіргі Өзбекстан тарихында жоқ екенін айтудың өзі артық.  Алаштың асыл азаматтарының Аруақтары кешірсін!

 

5. Ақырғы сөз орнына

 

Аруақтар кешірсін! Аруақ қолдасын! Өлі разы болмай, тірі байымайды. Не деген ғажап сөздер.

Мен Арызымның, Жерімді даулаған Арызымның ақырғы сөзіне не деп жазуды көп ойладым. Сөйтсем, өмірдің өзі жауап беріп қойыпты. Ол – Былай (Құдай, табаланғаннан сақтасын, бұл – таба емес, тіршіліктің өз фактілері ғана, мен соларды тізушімін).

Менің Мырзашөлімді адамдарымен қоса Сату-Алу масқаралық Актісіне қол қойған, халықтың назасына қалғандардың Адами тағдырына назар аударыңыз:

Н. С. Хрущев. Достары сатып, орнынан босап, «үй түрмесінде» құсалықтан өлді.

Л. И. Брежнев. Қайтыс болған күні Кремль ауласында қарғалар шамадан тыс көбейіп қарқылдап ұшты. Көрге түсірерде табыты аунап кеткен көрініс телекадрда сақталып қалды. Қызы жынданып, ұлы қаңғырып, күйеу баласы түрмеге түсті. Дүние-мүлкі тәркіленді. Компартиясын шәкірті Горбачев ССРО-сымен қоса ыдыратты.

Ш. Рашидов. Көрінен қазып алынды. Ескерткіштері құлатылды. Аруақ мазалап қабірінде тыныш жатқызбады.

Д. Қонаев. Қазақстанды 42 жыл билеген жұмбақ адам ат басындай арманмен дүниеден өтті. Халық аман болсын деп кетті.

    М. Ықсанов. Мырзашөлде трест басқарған, кейін Қазақстан КП Орталық Комитетінің хатшысы болған Мұстахым Біләлұлы сал болып жатып Алматыда дүниеден өтерде Самал мөлтек ауданындағы үйіне барғанда жер дауы туралы өкіне айтып еді.

Е. Тасанбаев. Сырдария обкомы хатшысы болған Егемқұл Шымкентте тұрды. Екі аяғынан айырылып төсекке таңылып, Мырзашөлдің кей адамдары туралы жалған естеліктер жазды. 1997 жылы Шымкентте басылған «Өзім өскен өлкеде» кітабын оқыңыз.

С. Есімов. Жызақ облысы Фарыш ауданын 25 жыл басқарған хатшы, ел ағасы, Рашидовтың сыбайласы Сәрсенбай ағамыз да тағдырына байланысты тақсыретті көп тартты…

Туған жерін, қалтарыстағы гектарларды өзбек директорларға қазақ директорларының ақшаға сатып, қалтасына басқаннан соңғы тағдыр-талайы туралы хикаялар бұл қағазға сыймайды.

…Алыс Шымқорған тауының етегінде, Мырзаның құмды даласында – қабірстандарда бабалар ұйықтап жатыр. Оларға мыңдаған гектар жерлер керек емес, бір уыс қана топырақ – тар лақат, жер бесік жетіп жатыр. Аруақтар айналаны кезіп жүр! Тірілердің харакетін сынап жүрген сияқты. Әлденені сұрап жүрген сияқты. «Біз де сіздей болғанбыз, сіз де біздей боларсыз» дейтін сияқтанады.

…Әмір Темір Париж деген әсем қала барын естіп, Фарыш тауының атын өзі қойыпты. Сондай қаланы осы Мырзашөлге, Самарқаннан бері қарай созылған Нұрата тауларының бөліктері Шымқорған мен Фарыштың етегіне салдыруды армандапты. Қиялы жеткенге ғұмыры  жетпеген жаһангер тау сілемінің Фарыш аты орнықпай тұрғанда «Кіші Қаратау» деп атағанды жақсы көреді екен. Неге өйтті екен?!

«… Елім-ай» – қарт Қаратауда шырқалған, Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама болған. Енді Өзбекстанда қалған Кіші Қаратаудан басталмаса екен.

Бірақ, ақ мақталы, күн сәулелі мемлекеттен қандастарым қара көңілмен мұңдана көшіп, Жетісайға, Шымқалаға, Шұбарсуға, Асықатаға, Қараойға, Солтүстік Қазақстанға, Алматы маңайына жайғасып жатқаны айдай шындық… Өзбектер алдап тартып алған Шымқорғаннан Шамалғанға, Мырзашөлден Қаскелеңге көшіп келген қазақтар, асарлатып ағайыншылап, иттен сүйек қарызданып, қаны суық жергілікті қазақтардан қыста қар сұрағандай қиналып, «сарт, өзбек, кірме, қаңғыбас, оралман, саудагер» деген кемсіту сөздер естіп жүріп, үй тұрғызып алды. Салт-дәстүрін жоғалтпай қонақ-жайлылығын сақтап, дінін ұмытпай, ділін таза ұстап, базарда арба сүйресе де, арын жоғалтпай, қазағыма қосылдым деп, қуанып отыр. Сөзін Елбасы жазған «Менің Қазақстаным» әнін  жергілікті елмен құда болған тойларында шырқата салып, қуана үміттеніп «Шамалған Шымқорған емес қой, егесі бар ғой» деп қулана күлімсіреп, тіршілік кешіп жатыр. Елге ел қосылса құт деген, Мырзашөлден ауған бауырларымның ендігі тағдырын бір Аллаға тапсырдық… 

19 ПІКІРЛЕР

  1. автор ! сен тым тәуір мақаланы руыңнан бастадың, сол маған ұнаған жоқ және мақалаңды әрі оқығым келмеді. онсызда рушыл қазақтың айтары белгілі. мына адамдар пікірін оқыдым, сыйладым, шын ниетімен жазған. мырзашөлде 1930 жылдары атырау, маңғыстаудың көп адамы айдалып, қуғындалып кеткен. алшындар. өзге республикада қалды. соның бірі діни ғұлама, ахун, әрі қазақтың арғы бергі тарихын білетін шежіреші, ақын ыбырайым қалбайұлы. талай зобалаңды көрген кісі. бейіті мырзашөлде дейді. яки тарихы бір руға қатысты емес, барша қазаққа да ортақ қасірет қой. соны ескере жүр. елді, өзіңді бөлектемеуіңді сұраймын.

  2. Жаңа айтқанымдай біздің тарихи тұлғаларымызды да тартып алған.Амир Темур деп Əмір Темірді алса Алпомиш,Гулборчин деп Алпамыстай батырлары Гүлбаршындай аналарды өзгертіп алған.Айта берсек өте көп.

    • Елімізді,жерімізді таза қазақ,халқына жаны ашитын,сүйетін адам ғана басқаруы керек.
      сонда бұлай елім-ай деу болмайды.
      айдың-күннің аманында ата-жұртты сенделтпей.

  3. Ия,айрандай ұйып отырған ЕЛ жан-жаққа босып кетті.Шынында өзбектің жүрген жері гүл деуші еді,бірақ сол елде отырған қазақтарда береке болған екен ғой.Өзбек деген ұлттың негізгі түп тарихы жоқ.Олар тəжік тен,бухарлықтан,хорезмдіктерден құралған құрамдас ұлт болып ,өзбек атауын алған.
    Өткенде Бостандық ауданына Ш.Мирзаев барыпты.Сөйтсе қурап кеткен ағаштар су жоқ.Халық өте күрделі жағдайда отыр екен.Сөйтсе Ш.Мирзаев қазақтар бар кездегі əдімілікті қалпына келтіріңдер депті.Ал,дəл қазірҚазақстанға қазақтар көшіп келген сол елді мекендегі ауыл гүлденіп жайқалып үлкен кең шарларға айналып отыр.Қандас бауырлар оларды «оралман»деп кемсітеді.Оған бой беріп жүрген қандастар жоқ.Тірліктерін дөңгелетіп жүр.

  4. Менин туган жерим 2 ши анам. Кимастыкпен хош айтыстык. Мына макаладан кейин комиссия мушелери озгерер деген умитпен омир суремиз….
    Амангелди совхозын тусирген видеоролик болса жиберулеринизди сураймын.!
    Whatsaap алеуметтик жели аркылы 87024759436

  5. Шіркін казактын дархан даласы! Мырзашол дегенде есиме туып оскен анамдай жакын татыган Гагарин деген жер ыстык болып тиеди.Онын берги жагында, Багбан атты «Садсавхоз» деген кишигирим ауыл «махалла» бар. Мине сол кишкентай болсада сол ауыл мен ушин журегимнин жартысындай манызы бар. Туып остим, дарумени толы ауылым,сен дегенде елжирейди бауырым деп шабытында кеуденди тепкилеп сагынышынды жасыралмай каласын. Мине казир Казакстанда жан жакка кеттик бир ауыл кауым казагы. Жанагы макала авторы коныратттын алты ата баласынын ягни «Алги» атты руынан тараган мына биздерде сол мырзашолди кимаймыз.! Ия айта берсен тунып турган анызгой мейли казактын астанасынын символына айналган Байтерек, Пирамида, Ак орда секилди гажайып картинанын ортасында кун кешсекте сол баягы туып оскен елдин алатын орны бир тобе. Уакытым болмады арине Сагындым сени сагындым «Садсавхоз» Кумисов Нуржигит Оналбаевич !

  6. Мен Құлыпсары ауылында туғам. Қайран Қазақтың жерiн Орыстар алалмай кеткен едi қанша соғыссада iргеңде отырған Өзбектер соғыспай алдау туғ

    Gab19920509

  7. Ақшеңгел, Балықты мен Құлыпсары
    Туған жерге ие болып олар қалды
    Қабырын бауырлардың қиып кеттік
    Сағыныш көзге жас боп оралады…

    Бір төбе анау жатқан менің әжем
    Қасында әпкем жатыр жан еді неткен көркем
    Сопы атам анау жатқан кешер мені
    Құранды қате оқысам егер де мен…

  8. Шымқорғандай жерді енді таппасбыз , туған жерімді қатты сағынамын өзге елге беріп қойғанымыз жаныма батады ,ол жерде қаншама ата-бабаларымыздың суйегі жатыр , қазақ ешкашан өз бауырын өзге жерге жерлемеген , сондықтанда ол біздің заңды ата қонысымыз соны ұмытпайық ағайындар! қазірде екінші Шымқорған ол Шұбарсу!!!

  9. Кезінде «Қазақ үні» («Жас қазақ үні») газетінде өзбектерде қалған қазақ жері мәселесі талай көтерілді! «Өзбекстандағы өз жерімізді қайтаратын кез жетті!» және «МЕНІҢ МЫРЗАШӨЛІМДІ ҚАЙТАРЫҢДАР!» атты мақалалар шыққан еді. Осыны қайта көтеру керек! http://www.qazaquni.kz/1124.html

  10. Меніңде кіндік каным тамып оскен жерім еді, енді міне бізде сені сагынудамыз ШЫМКОРГАНЫМ туган жерім.

  11. Кайран менин Мырзашолим
    Балалык шак бал-даурен оскен жерим
    Кайтеин амал барма кимастыкпен
    Елим-айлап-удере кокен елим
    Озбектерде калып кетти-ау канша жерим

    Биз келип коныстандык ботен елге
    Билмеймин карызынды отедим бе
    Биреулердин кесиринен Мырзашолим
    Туган жерим калып кетти-ау озбектерге

  12. Ағатай! Мырзашөл әлі-ақ қайтарылар…
    Қасқайып тұрып дау бастайтын күн туар!
    Ата-баба өсіп-өнген сол жерге
    Ұрпағымыз отау тігіп шаттанар…

  13. Асаламағалекум қазақ елі,шымқорған ескі тұрғыдары мен де сол ауылға бала кезімде жазғы демалыс кезінде баратын тұғым, ажемиз бизге танертен шай беріп қойды өріске айдаймыз тайдың баурай қызғалтақтар қаншама мәуе ағаштары бар еді,,,, қазирде сол жерде ештеме қалмаған мен 2010 жылдың жазында барған кезімде ол жердегі уйлер бұзылып мәуе ағаштар курап ашинде шапсанда шига беретин адыраспан шикпайда калган таудагы улулыктар рауаштар кызғалдактар ештем калмаган шол дала сиякты корип озим сенбедим озбек агайндардан сурасам бул жердин берекеси казактар екен деп бир киси айтып еди сол соз али кунге дин есимнен кетпиді Мен озим Жетисайда турам

  14. Кезінде Шымқорған деген тау етегіндегі ауылдың суын ішіп, ауасын тыныстап көрген кезім болып еді. Енді жай ғана Шымқроғанның табиғаты туралы мәлімет іздей кіргенде мына мақылыны оқып жаным ауырып, жүрегім сыздады. Иә, кіндік қаны тамған, ата қонысын тастап көшіп келіп жатқан туыстарымыздың күйін енді ғана түсіндім. Шындығында саясатты жамылып, аруақтардан қорықпай қадам жасайтын ағалар темірден жаратылған шығар-ау…

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз