Тұрсынай ОРАЗБАЙҚЫЗЫ, Халықаралық «Алаш» және Александр Фадеев атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты, Саха-Якутия Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері: МЕН МІНДЕТТІ ТҮРДЕ ТУҒАН ЕЛІМЕ ҚАЙТА ОРАЛАМЫН

_____-___4

- Тұрсынай апай, туған жеріңізден сонау Мәскеу асып кетуіңізге қандай себеп болды?

- Туған отан, атамекен жайлы тебірене жыр жазатын ақындардың елден ұзап кетпейтіні айдан анық. Сол үрдісті өзгертіп, Мәскеу асып келіп, байланып қалғанымның себебін біреу-білер, біреу-білмес. Сол жайында айтайын. Кеңес Одағының кезінде 1989-91 жылдары Мәскеудегі М.Горький атындағы институттың жоғарғы әде­биет курсын оқып, тамамдап Алматыға қайта оралдым. Қазақстан Жазушылар Одағы берген пәтерімде кішкентай сәбиімді бағып, тұрып жаттым. КСРО тарады. Ақын-жазушылар, журналистер пенсияға шығып үлгермей қызметтен қысқартылып, шара­сыз қалге түскен кез басталды. Саха(Якут) бауыр­лардың арқасында мен қызметке іліндім. Саха Республикасының Алматы­дағы Сауда Өкілет­тігіне шақырып, мәдени кеңесші етіп қызметке қабылдады. Олардың мақсаты – тек сауда, экономикалық қана емес, екі ел арасында мәдени, достық байланыстарды нығайту еді. Қаншама кештер, кездесулер ұйымдастырдық. Жазғы демалыс кезінде мектеп оқушыларын Қазақстанға демалуға жібереді. Оларды қарсы алып, демалыстарының көңілді, қызықты өтуіне түрлі бағдарламалар жасап, өткізіп жүрдік. Бірнеше рет өнер шеберлері, белгілі әншілері келіп Алматыда концерттер өтіп жатты. Қазақ Радиосынан Саха саздары тамылжыса, Якутскіде эфир арқылы күллі Солтүстіктің халқына қазақ әндері мен күйлері таралып тұрды.

1996 жылы Саха Республикасының Мәдениет Министрлігі мен Жазушылар Одағы бірігіп Мәскеуде өткізетін үлкен әдеби жиындарына мені арнайы шақырды. Сол жиында жоғарғы әде­биет курсында оқытқан ұстаздарыммен кездестім. Олар: Ресейде есімі белгілі ақын-жазушылар – Валентин Сорокин (Жоғарғы әдебиет курсының проректоры), Владимир Гусев, Анатолий Парпара мені үгіттеп, «Мәскеуге кел, бұрынғы КСРО Жазушылар Одағы Халықаралық Жазушылар Одағы болып қайта құрылды, соны сақтауымыз керек. Бұрын тығыз байланыста болған одақтас республикалардың арасындағы әдеби байланыстарды үзіп алмауымыз керек. Капитализмді орнатып жатқан басшыларға шығармашылық одақтары керек емес. Сондықтан біздер – қаламгерлер достық байланыстарды қолдан келгенше сақтауға тиіспіз. Қазір Одақта бұрынғыдай өзбек, түркмен, тәжік, қырғыз, армян, грузин, әзірбайжан, тағы басқалардың әдеби өкілдері бұрынғыдай қызмет етіп жатыр, ал, сіздердің, өкілдеріңіз кетіп қалған соң, басқа келетін адамның ыңғайы болмай жатқаны-ау. Сен Мәскеуде білім алдың, біраз қаламгерлерге танылып қалдың, бізді тыңдасаң осы одаққа келгеніңді жөн көреміз» деді.

Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалинға айтып, ақылдасып ем, Нұрекең: «Барам десең жолдама-рекомендацияны қазір жазамын. Бірақ, барып алып күн көрістен қиналып қалсаң, маған ренжімейтін бол. Барам деген біраз жігіттер Мәскеуге барып келіп, ондағы қымбатшылықты өз көздерімен көріп, тауаны қайтып барам деген ойларынан айныды. Сондықтан өзің шеш» деді.

Мен «нартәуекел» деп, аттанып кеттім. Түсіме де кірмеген басқа өмір басталды. Әріде Максим Горький, Александр Фадеев, беріде Георгий Марков, Владимир Карпов басшылық еткен әдебиет пен достықтың ақ ордасында қызмет ету – үлкен-кіші қаламгерлердің бәріне арман болатын. Ал, мына қиын да беймәлім шақта осы үлкен одақта еңбек ету бәлкім менің тағдырыма жазылған шығар. Мәскеу мені шыңдады, өсірді. Жұмысымнан тыс қаладағы іс-шаралардың қайнап жатқан ортасына араластым да кеттім. Одақта мен дайындап өткізетін әдеби жиындарға келіп қатысатын қазақ ағайындардың басын қосып тұратын «Қазақ тілі», «Мұрагер» қоғамдарының, Ресей Біріккен Ұлттар Конгресінің маңызды іс-шараларының бәріне белсене қатысып, атқарысып жүргеніме міне, 13 жыл болыпты. Жалпықалалық боп өтетін «Наурыз» мерекесін ұйымдастыру комитетінің мүшесімін.

Одақта ең алғаш дайындап өткізген «Казахстан в творчестве поэтов России» деген әдеби сазды кеш менің мәртебемді бірден көтерді. Москваның белгілі әртістері Қазақстан жайлы жазылған орыс ақындарының өлендерін оқып, белгілі әншілері Абай­дың әндерін айтып, сондай-ақ ақын-жазушылар достық байланыстардың жалғасып тұрғанын тебірене айтып сөй­легені менің есімнен кетпейді.

Одақтың төрағасы Сергей Михалков менің атқарып жүрген жұмыстарымды жо­ғары бағалап, бірнеше рет мақтау, құрмет грамоталарымен марапаттады. Қала әкімі Ю.Лужковтың атына хат жазып, пәтер алып берді. 2005 жылдан бастап Орта Азия елдері әдебиеті бойынша Хатшы етіп тағайындады. Өзбек, тәжік, түркмен, қырғыз республикаларының ақын-жазушыларын көп білетінімнің пайдасы тиді.  Осы аталған республикалардың Мәскеудегі елшіліктерімен тығыз байланысып, Одақта өтетін іс-шараларға қатыстырып тұрамыз. Олар да өздерінде өтетін жиындарға біздерді шақырады.

Ақын-жазушылардың көпшілігі әскери азаматтар болғандықтан, әскери ұйымдармен де жиі араласып, ортақ шаралар, мерекелер, мерейтойлар өткіземіз. Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен әскери қызметкерлерінің Бүкіл Ресейлік Комитетінің төрағасы – маршал В.Говоровтың (кіші) қолынан да мақтау қағаз бен Лермонтов атындағы әскери патриоттық байқаулардың лауреаты деген диплом және медаль алдым. «Огни моей мечты» деген орыс тілінде шыққан жыр жинағымды Мәскеу жазушылары сыйлыққа ұсынып, А.Фадеев атындағы халықаралық сыйлықты алып берді. Қолдайтының болмаса ештеңеге қолың жетпейтін осы қиын кезеңде Ресейде әділдік, туралық көрдім. Мәскеу мені өсірді, еңбегімді, өнерімді бағалады. Сонау қиырдағы сахалар қалай бағаласа, Мәскеуде де «еш қолдаушысыз» сыйға бөлендім. Ұлттық шапанымды төгілдіре киіп алып, ән-жырымды шырқап, халқымыздың әдебиеті мен өнерін насихаттай жүріп, қазақтың өнерлі қызы атандым. Кей күндері үйімде нан мен картоп қана жесек те, жұмысымды тыңғылықты атқарып, алып мегаполисте қоғамдық өмірге араласудан жалықпадым. Менің жігерімді жаныған намыс оты және өз халқымның абыройына үлес қоссам деген ізгі мақсатым еді.

Мәскеу үкіметінен, Мем­ле­кеттік Думадан менің атыма келген алғыс хаттар – атқарған игі істерімнің куәсі. «Өзін-өзі мақтаған - өгіз тентек» сияқты болсам да, осының бәрін айтқанда не себеппен Мәскеуге келіп, байланып қалғанымды баяндағаным ғой.

- Ағымдағы жылы туған еліңізде жүрекжарды жыр­ларыңызбен жұртшы­лықты сусындатар жыр кештерін өткізу ойыңызда бар ма?

- Туған елден алыста жүрген соң, жиі-жиі шығармашылық кеш өткізіп, ел-жұртымызға көрініп қою мүмкіндігі бола бермейді. Алматыда 2000-жылы «Ғалым­дар Үйінде» болған шығармашылық кешімнен бері он жыл өтіпті. Ағымдағы жылы күз айларының бірінде Алматыда ән-жыр кешін өткізсем деген ойым бар. Ресей мен Қазақстанның әншілері қатысатын бұл кеште менің жырларыммен қатар өлеңдеріме белгілі композиторлар жазған әндер, сондай-ақ, өзімнің де әндерім орындалады. Қазақ радиосы арқылы эфирге шығып жүрген «Нұрлы әнім», «Москва мен Астана», «Күнім, Айым, Жұлдызым», «Қазағым – қайда жүрсе елді ойлаған», «Наурыз – салтанатым сен», т.б. әндерімді белгілі өнер жұлдыздары орындайды.

- Ресейдегі кітап дүкен­дерінде Қазақстан мемлекеті турасындағы кітаптардың жиі кездеспейтіндігін естіген едік. Осы мәселенің шешімін табу үшін қандай қадамдар жасалуда?

- Ия, ондай кітаптардың кездеспейтіні рас. Мәскеуде ресми жиындарда Қазақстан елшілігі экономикалық, дос­тық, мәдени қарым-қаты­настар жайлы кітаптарды қонақтарға сыйлайды, қаты­су­шыларға таратады. Ал, кітап дүкендерінде аталған кітаптардың болуын арнайы айна­лысатын шенеуніктер шешуі тиіс. Мен әдеби кітап­тардың мүлдем жоқ екенін, жетпейтінін күйіне айтқым келеді. Жыл сайын Мәскеуде өтетін халықаралық кітап жәрмеңкесінде ғана қазақ қаламгерлерінің орыс тілінде шыққан кітап­тарының аздап болса  да Ресей оқырмандарына жет­кенін көріп жүрміз. Ал, шын жағдайды айтсақ, өз елімізде, өз ана тілімізде кітап шығару – қаражатсыз жүзеге аспайтын кезде, өзге тілге қалай аударуға болады? Жолма-жол аудармаға бір төлеп, оны көркем аударма жасайтынға бір төлеп, кітап шығаратын баспаға тағы төлеп, шығындануға қаламгерлеріміздің көбісінің қалтасы көтермейді. Өзім жұмыс істейтін Жазушылар Одағының Халықаралық Қауымдастығының күшімен ТМД елдері әдебиеті бойынша кітап шығарып тұруды қолға алдым. Соның алғашқысы халық ауыз әдебиетіне арналады. «Ұлы дала жырлары» («Песни великой степи») деген атпен қазақ халық ауыз әдебиетіне арналған көлемді кітап жарыққа шықты. Құрастырушысы болғандықтан кітапқа керек шығармаларды дайындадым, дайындаған шығармалардың 80 пайызы бұрын аударылған туындылар. Жаңадан аудартуға сол, баяғы қаражат мәселесі жетпейді. Кітапқа «Қыз Жібек», « Қозы Көрпеш – Баян-Сұлу», «Алпамыс» лира-эпостық жырлары мен қатар аңыз-ертегілер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, т.б. енді. Жаңа аударма жасау үшін көп қаражат керек, кім береді?

Белгілі аудармашы, ақын Михаил Синельников Мұқа­ғалиды көрген едім, өлеңдерін аударғым келеді, - деп жиі айтып қояды. Ол бұрын Сәкен Сейфуллиннің өлеңдерін аударған, шығыс ақындарын көп аударған өте талантты ақын. Егер Мұқағали жырларын аударуға қаражат табылса, әрине осы шын ниет етіп жүрген М.Синельниковқа аудартар едім.

- Мәскеудегі «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымының рөлі қандай?

- Мәскеудегі қазақ диас­порасының тірегі «Қазақ тілі» және «Мұрагер» қазақ мәдени қоғамдары. Күзде 20 жылдық мерей тойын атап өткен «Мұрагер» қоғамының мүшелері бизнеспен айналыса жүре қазақ халқының мәдениетін, өнерін өзге ұлт өкілдеріне таныстырады, насихаттайды. Қоғамды 20 жыл басқарған Жәнібек Елекбаев адамгершіліктің биік қырынан көрінген азамат. Ол осы жылдар аралығында қоғамды зор табысқа жеткізумен қатар, Мәскеу қазақтарына қамқор бола білді. Жыл сайын өтетін Наурыз мерекесінің, басқа да көптеген іс-шаралардың қаражатын көтеріп келеді. Жазушылар Одақтарының Халықаралық Қауымдастығында өткен «Пушкин мен Абай», «Б.Момышұлының 90 жылдық мерей тойы», «Қазақ поэзиясының кеші», Абай мен Жамбыл мерей тойларының, және басқа айтулы жиындардың, биыл жарыққа шыққан Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерей тойына арналып, жарыққа шыққан «Легендарный Батыр» атты кітаптың сондай-ақ осы кітаптың «Ұлы Отан Соғысы музейінде» өткен тұсаукесерінің қаражатын да осы Жәнібек басқаратын «Мұрагер» қоғамы атқарды. Жәнібек Елекбаев қарттарға, Ұлы Отан Соғысының зейнеткерлеріне, жетім-жесірлерге, көпбалалы жанұяларға көмек беріп тұрады. «Қазақ тілі» коғамы шығаратын «Қазақ тілі» газеті де осы «Мұрагер» қоғамының ақшалай көмегінің арқасында жарық көріп таралуда. Газет Ресейдегі 33 аймаққа жіберіліп тұрады. Шығу тиражы әзірге 1000 дана. Газеттің бас редакторы педагогика ғылымының кандидаты Орынбасар Қуандық. Редакция алқасының мүшелері: мен, Абу-Ислам Тұрсынбаев, Серік Тұрғымбаев ақы-пұлсыз дайындап жүрміз. Тәжірибелі журналистер керек-ақ! Жалақы беріп тұратын мүмкіндік болмаған соң, солай болады ғой. Әзірге газеттің ең көп жүгін О.Қуандық көтеріп келеді. 3 жылдан бері шығып жатқан «Қазақ тілі» газеті Мәскеу қазақтарының айнасына, көз, құлағына айналды десек асыра айтқандық емес.

Аталған «Мұрагер» қоға­мы­ның футбол командасы бар. Қала бойынша өтетін жарыстарда жыл сайын алдыңғы орынды иемденіп жүр. Бұлда - намысқой інілеріміздің жеңісі!

«Қазақ тілі» қоғамының алғашқы төрағалары: белгілі ғалым, филология ғылымының докторы Кеңесбай Мұсаев, әдебиетші Омар Айшах, кәсіпкер Полат Жамаловтардың ісін қазіргі таңда әрі кәсіпкер, әрі өнерпаз Әбу-Ислам Тұрсынбаев жалғастыруда. Ол Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері. Өте тындырымды, ақкөңіл, бауырмашыл жан. Қоғамның басқарма мүшелерінің саны 25 кісіден тұрады. Олардың бәрі дерлік «Қазағымыз үшін, елімнің жақсы атын шығарсақ» деген ізгі тілекпен қоғамдық шараларға белсене қатысады. Ал, қоғамның құрметті мүшелерінің қатарында: қадірменді ағаларымыз Хайдар Құмарбеков, демалыстағы подполковник Әкім Мұхамеджанов, киножұлдызы Наталья Арынбасарова, екі елдің ортақ қызы, бұлбұл көмей әншісі атанған Татьяна Полтавская, тарих ғылымының докторы Нейля Бекмаханова, құрметті демалыстағы зейнеткерлер Фахир және Гүлжамиля Абдыхалықовтар, т.б. Қазақ диаспорасы мәдени, достық байланыстарды нығайтуда сан қырынан үлгі боларлық алдыңғы қатардағы диаспора боп есептеледі.

- Шет елдерге шықса қолынан домбырасын тастамай, қазақ әндерін шыр­қап жүретін Тұрсынай Ораз­баеваның бүгінде өнер жолында алға қойған қандай да бір жоспарлары бар ма екен?

- Жоспар құрып үйрен­беген екенмін. Ал, арман, мақсат қашан да таусылмайды. Өндіріп том-том кітап жазбадым. Аз болса да саз етіп, таңдамалы жыр жинағымды және ән жинағы мен ән альбомын шығарсам деген ойым бар. Мәскеуде, Астанада өткен өнер кештерінде менің өлендеріммен қатар әндерімді де сүйсіне тыңдаған көпшіліктің бағасынан кейін, ән өнерін де дамыта берсем деген мақсатқа берілдім. Үлкен-кіші замандастырымызды нәзік сырға бөлейтін, жас ұрпақты адалдыққа, адамгершілікке шақыратын ән-жырлар жазып, сыйлау - басты арманым. Өлеңді де ән сазына бөленіп отырып жазатын - мен үшін, ән, музыка дегенде өзге өмірді ұмытатын - мен үшін, «Ән әлемі» баға жетпес асылым! Кеш жетсемде ән әлемі - менің алтын бесігім!

- Ресейдегі қазақ ұлтының үлкен бір бөлігін құрайтын ресейлік қандастарымыздың ана тілі мен ұлттық бітім болмысы қаншалықты сақталған?

- Ертеден шоғырланып орналасқан қазақтар арасында: Орынбор, Омбы, Самара, Саратов, Астрахань, Челябинск, Қорған, т.б. елді мекендерде ана тілде сөйлеу, ұлттық дәстүрді сақтай білу жап-жақсы жалғасып келеді екен. Әсіресе, соңғы жылдары аталған аймақтарда диаспора жұмыстары күшейіп, ұлттық мәдениетті көтеруге жұмыла кіріскені көңіл қуантады. Ал, Мәскеу, Санкт-Петербург сияқты мегаполистерде көптен тұрып жатқан жанұяларының, олардың ұрпақтарының ана тілін ұмытып кеткені байқалады. Әр кезеңдерде жоғарғы оқу орындарына оқуға келіп, бітірген соң түрлі себептермен қалып қойған қазақтардың көбісі ана тілін ұмытпаған, бірақ таза сөйлей алмайды. Демалыс кезінде елге жиі барып, ұл-қыздарын елде жүріп тіл үйренсін деп әрекет етеді. Қазақша ән-күй үйретуге талпынады. Мереке, жиындарда ұлттық киімдерін киіп, өзара ана тілде сөйлесуді шын қалайды.

Самара қаласында Федералды Қазақ Автономиясын құрып, өте белсенді, игі жұмыстар жүргізіп жатқан қазақтарымызға «бәрекелде, бауырлар!» - деп қуанамыз. Автономияның президенті - кәсіпкер, қоғам қайраткері Тоқтарбай Дүйсенов көпшілік­тің алғысына бөленді. Ол, Ресей қазақтарының басын біріктіруде қамқор боп жүрген азамат.

- Туған жерге оралу ойыңызда бар ма?

- Шабытыма шабыт қосқан, жігеріме жігер қосқан, өзімді жаңа қырымнан шыңдаған ардақты қала - Мәскеуді қимасам да, туған еліме міндетті түрде қайта ораламын. Соған Алла жазсын, - деп тілеймін. Қызым Сардана Ресей Халықтар Достығы Университетінде оқиды, бітірген соң елге қайтамыз. Қызым болса, Мәскеуде емес, Алматыда тұрғанды қалайды.

- Отбасыңызда қазақша сөйлейсіздер ме?

- Тек қана қазақша - ана тілімізде сөйлесеміз. Қолымыз қалт етсе, елден алып келген қазақша ән-күй альбомдарын тыңдаймыз. Қызым қазақша таза сөйлейді. Мереке, жиындарда ән салады. Ұлттық киім өзіне өте жарасады.

- Қазақстандағы шығарма­шы­лық жолда жүрген әріп­тестеріңізден кімдермен байланысып тұрасыз?

- Өнер әлеміне қатарла­сып шыққан ақын қыздар­дың бәрімен хабарласып тұрамын. Фариза, Мар­фуға, Күләш, Ақұштап әпке­леріміздің соңынан ерген жыр керуенінде қанаттасып келе жатқан менің құрбы­ларым: Алматыдағы Жадыра Дәрібаева, Сәуле Үсен­бекова, Зайда Елғон­динова, Шымкенттегі Ханбибі Есен­қарақызы, Қызылор­да­дағы Хатира Жәленова, Орал­дағы Айсұлу Қадырбаева - әрқай­сысының өзіндік үні, қолтаңбасы бар талантты ақындар. Арамыздағы достық байланысымызды мақтан етемін!

- Жыр әлеміне қанша жасы­ңыздан қадам басты­ңыз? Ең алғашқы өлеңіңіз есіңізде ме?

- Оқушы кезімде қабырға газетін дайындайтынмын. Соған тақырыбына сай мақала, өлеңдер жазатын едім. Алғашқы өлеңдер: «Анама», «Мектебім» т.б.

Бала кезден арманым әнші болу еді, ол бақыт болмашы себептермен бұйырмады. Поэзия әлеміне ерте қадам бастым деп айта алмаймын... Ақындық талантым бар екен-ау деген ойда беріде ғана сенім бере бастады.

- Кезінде көптеген жастар махаббатын сіздің өлеңіңізге жазылған «Гүлсезім» әнімен (Е.Хасанғалиев) байланыстыратын. Осы әннің жазылуы туралы не дейсіз?

- Ақындардың ақ иығы-Фариза әпкеміз «Гүлсезім» әнін өте ұнатады, ылғи мақтап, «Тұрсынай, сенің ақын екеніңді осы бір өлең-ақ жеткізіп тұр. Бұл әнді ұнамды ететін жыр жолдарындағы шынайы жастық сезім мен жаңа леп» деп кездескен сайын айтады. Мен, әрине, қуанып қаламын.

«Гүлсезімді» көп әншілер айтады. Әннің шығу тарихы былай: 1976 жылы «Жалын» журналында алғаш рет суреттіммен топтама өлеңдерім жарық көрді. Осы топтамада «Гүлсезім» атты өлең де бар еді.

Осы жылы «Еңбек - ән қанаты» атты үлкен сазды кеш Оңтүстік Қазақстан облысының еңбеккерлеріне арнап өтетін болды. Алматыдан Республикалық қазақ радиосынан бір топ журналистер мен әншілер Шымкентке келді. Мен облыстық радиода қызмет істейтін едім. Кештің бағдарламасын жүргізетін қыз бала керек деп іздеп, мені таңдап алды. Журналист Кемелбек Шаматаев ағай екеуіміз кешті жүргіздік. Еңбек ардагерлерін мадақтап таныстыру, оларға сөз беру, сосын алма-кезек Алматыдан келген әншілерді хабарлап сахнаға шығару, уһ, әйтеуір, сәтті атқарып шықтық. Сол кеште ән шырқаған Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Зейнеп Қойшыбаева, т.б. таланттармен жүзбе-жүз таныстым. «Жалын» журналын көрсетіп, қуанышымды бөлістім, көп ұзамай «Гүлсезім» атты өлеңіме Ескендір аға ән жазды. Сонан бері бұл ән радиодан да, сахнадан да жиі шырқалады. 1980 жылдары Қазақ радиосында әдеби редактор боп жұмыс істеп жүріп, кейбір ауылдардан сәлем хаттар алатын едім. «Өмірге келген сәбиіміздің атын Гүлсезім деп қойдық» деген хаттар келе бастады. Ал, «Гүлеркем» атты өлеңімнің (әні Сүгірәлі Сапарбаевтікі) арқасында сәби қыздарға Гүлерке есімі де қойылып жатыр. Халқымызда бұрыннан Ақерке, Жанерке есімдері бар еді, енді Гүлерке есімі жалғасты. Гүлсезім, Гүлерке есімдерін қыз балаларға қойғызуға себепкер болғаныма қуанамын.

- Әйел бақыты дегеніміз не?

- Әйел бақыты - ана болу. Халқына масыл болмайтын, жақсылық сыйлайтын ұрпақ тәрбиелеу ана үшін абыройлы бақыт. Тағдырына жақсы жар жазылып, тату өмір сүрсе, өсіп-өнсе, әйел үшін нағыз бақыт сол ғой!

- Ұлтшылсыз ба?

- Ұлтжандымын.

- Дәл қазіргі уақытта өзі­ңізді қандай мәселе қатты толғандырады?

- Азаттыққа қол жетіп, егеменді ел болдық. Құдайға шүкір, бұл нағыз бақыт! Бірақ менің көңілім толмайтыны - бай, кедей боп қайтадан надандыққа бет бұрдық. Олай дейтінім, парасатты, санасында сәулесі бар жандар байлықты көздеп өз басының рахатын ғана ойлап қоймайды, халқының қиналған, тарыққан кезін көріп жүрсе де, оған жаны ауырмай, өз құлқынын ғана ойласа, ондайлар көбейе берсе, онда еліміз қайдан, қалай жақсылық тауып, іргелі мемлекет боламыз?! Өркениеті дамыған ел, мемлекет болу үшін қоғамда адамдар тең болу керек. Адамды-адам қанамауы керек. Аллаға сенген, мойындаған жандар адал болуға тиісті. Ал, қазір, солай ма? Мемлекетті тонап, ел үлесін талан-тараж тонап алғандар ғана марқайып жүрген жок па?

Ұлы Абай жырларында айтылған көріністің бәрі қазір қайталануда. Ұрпаққа адал бол деп тәрбие беру - осы кезде күлкілі көрінеді. Соның бәрін көріп, біліп жүріп, жайбарақат қалу мүмкін емес!

Іш қазандай қайнайды, Күресерге дәрмен жоқ, - деген ғой. Абай атамыз айтқандай, налисың, толғанасың.

Ақынның қаруы - орақ тілі.Ақынның елді жұбатар жан дауасы - нәзік жыры мен айбынды да, қуатты үні.

Әр толғанысымды еліме жырмен жеткізу - перзенттік парызым.

 

Сұхбаттасқан Гүлмира САДЫҚОВА