Бес жасар баланың коронавирус жұқтырғаны 10 күннен кейін ғана анықталды
2020 ж. 04 сәуір
1860
0
Ақмолада ауруханаға жатқызылған бес жастағы бүлдіршіннің коронавирус жұқтырғанын дәрігерлер он күннен кейін ғана анықтады. Дәрігерлер баланың ата-анасы оның Нұр-Сұлтан қаласынан келгенін жасырып қалғанын мәлімдеуде, деп хабарлайды "Қазақ үні" газетінің Ақмола облысындағы тілшісі.
Осы жылдың 24 наурызында Көкшетау қаласындағы облыстық балалар ауруханасына шұғыл жеткізілген бес жастағы бүлдіршін іші өскен деген шағыммен қабылданған. Баланың диагнозын анықтау үшін дәрігерлер дереу ауруханаға жатқызады. Ал 27 наурызда «Вильмс ісігі» деген диагнозы қойылып, ересек жастағы бөлімге ауыстырылады. Бүлдіршін 31 наурызға дейін емделсе де, жағдайы күннен-күнге нашарлай бастаған. Баланың қызуы көтеріліп катаралдық құбылыстардың пайда болуына байланысты қолдан келер қайран таппаған дәрігерлер баланы Елордаға «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына» жіберуге мәжбүр болады.
Дәл сол күні баладан коронавирус инфекциясына талдау алынады. Тек 3 наурыз күні ғана баланың коронавирус індетіне шалдыққаны белгілі болған.
Дәрігерлер Ақмола облыстық ауруханасына түскен кезінде баланың анасы Нұр-Сұлтан қаласында тұрғанын жасырып, мекенжайын Солтүстік Қазақстан облысы деп көрсеткенін, коронавирус инфекциясы табылған қалалар мен елдерде болмағанын айтқан, - деп мәлімдеуде.
Елордаға жіберілген баладан коронавирус инфекциясы анықталғанын естіген облыстық балалар ауруханасының ересектер және хирургиялық бөлімдерінде 3 сәуірден бастап карантин енгізіліп, санитарлық-эпидемологиялық тексеру басталады.
- Құрметті ақмолалықтар! Медициналық мекемелерге жүгінген кезде қайдан келген және қайда болғандарыңыз туралы нақты ақпарат ұсынуларыңызды өтінемін. Кез-келген фактілерді жасырып қалу айналадағылардың баршысына аса зор қауіп төндіреді. Медициналық қызметкерлер ауырып немесе карантинге жіберілсе бұл денсаулық сақтау нысандарының жұмысын тежеп, жүздеген адамдардың өміріне қатер төнеді, - деді Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов.
Абзал Алпысбайұлы,
Қазақ үні