Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар да 42 500 теңгеден алады - ПРЕЗИДЕНТ
2020 ж. 01 сәуір
3769
1
42 500 теңге көлеміндегі көмекті алатын азаматтардың санатын кеңейту тапсырылды. Бұл туралы республикалық телеарналардың эфирінен еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты мәлімдемесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсеттік. Енді 42 500 теңге көлеміндегі көмекті алатын азаматтардың санатын кеңейтуді тапсырамын. Соған орай бұл қолдауға өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркелмей жұмыс істейтіндер де ие болады. Бұл көмек белгілінген тәртіп бойынша шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана беріледі. Жалпы, 3 миллионға жуық азаматымызға қолдау көрсетіледі», - деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, Президент зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшері 10 пайызға индексацияланатынын мәлім етті.
«Мен бұған дейін дағдарысқа қарсы алғашқы шаралар топтамасын жарияладым. Жағдайдың ушыға түскенін ескеріп, азаматтарға және бизнеске одан әрі қолдау көрсету жөнінде мынадай қосымша шешімдер қабылдадым. Инфляцияның артуына байланысты, зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялауды тапсырдым»,- деді Президент.