Бәтима СМАЙЫЛ: «Мен өте бай адаммын»

    Алматы облысының Қаскелең ауданында 1948 жылы дүние есігін ашқан Бәтима Нұрғалиқызы ана мен бала тағдырына алаңдаған ақ халатты абзал жанның бірі ғана емес, бірегейі. Бүгінде Алматыдағы «Гүлқанат» медицина орталығында қызмет ететін Бәтима Смайыл бүгінде алпыстың асқарына шықанына қарамастан, еліміздің демографиялық дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан жайы бар. Бұлай деуімізге себеп - білікті акушер-гинеколог алдына келген әрбір ананың дүниеге дені сау ұрпақ әкелуі үшін қолынан келген көмегін аяған емес.

Бәтима Нұрғалиқызының халық­қа қалтқысыз көрсетіп жатқан қыз­метінің арқасында қаншама қазақтың қарадомалағы дүние есігін ашты.

Қаскелең ауданындағы Пушкин орта мектебінде сегізіншіні тәмәмдаған Бәтимаға он баланы дүниеге әкелген анасы акушер-гинеколог болуға кеңес береді. Ана жүрегі сол кезде-ақ өз қызының жауапты мамандықты алып кететін аңғарса керек.

Осылайша ауыр жүк арқалауға бекінген 15 жасар Бәтима республикалық медициналық училищеге түседі. Аталмыш оқу орнын бітірісімен-ақ  жас маман Кербұлақ ауданындағы Жоламан совхозында еңбек жолын бастап кетеді.  Ол үлкен совхозды аралап, әрбір жүкті әйелдің жайын жасауға білек сыбана кірісіп кетті. 

Бұдан соң Алматы медицина иститутында 6 жыл бойы дәріс алып, медицинаның қыр-сырына қаныққан Бәтима Смайыл 1983 жылдан бастап №1 қалалық клиникалық ауруханада қызмет атқара бастайды.

«№1 қалалық клиникалық аурухананың ең алғашқы бас дәрігері Асылхан Мамаев деген азамат болды. Ол кісі елдің ризашылығына бөленген білікті маман ғана емес, адамгершілігі мол асыл азамат еді. Асекең өмірде кездесетін қиыншылықтарды қалай жеңу керек екенін де үйрете білді. Менің маман ретінде, азамат ретінде қалыптасуыма өзім қызмет атқарған ұжымның үлкен ықпалы болды», - дейді Бәтима Нұрғалиқызы. 

Бәтима Смайыл №1 қалалық клиникалық аурухананың гинекология бөлімінде, перзентханасында 23 жыл бойы үздіксіз еңбек етіп, елдің шынайы ықыласына бөленді. Коммунистер отбасында дүниеге келген ол училище, институт қабырғасында жүрген кезінен бастап қоғамдық жұмыстың қайнаған ортасынан табыла білді. Кейін қызмет барысында да қоғамдық жұмыстан бір сәт те қол үзбеді. Тынымсыз жүріп, тындырымды тірліктер атқара білгендігі арқасы болса керек, оның комсомол комитетінің хатшысы атанып, съезге Москваға дейін жол тартып жүргені.

Көрген-білгені мен көкейге түйгенін жастарға үйретуден танбай келе жатқан Батима Нұрғалиқызы көмек сұрап келген кімге болсын қол ұшын беруге, сырқатынан айықтыруға тырысады.

«Байлық дейтін болсақ, мен өзім өте бай адаммын. Менің байлығым - менің балаларым, немерелерім, туысқандарым. Олардың әрқайсысымен қауышудың өзі бір бақыт»,  -дейді ол.

 Көп балалы отбасында дүниеге келген ол қаршадайынан-ақ көпшіл болып өсті. Ата-анасының «тік жүр, өтірік айтпа, ешкімді алдама» деген сөздерін санасына түйгендіктен өзінің өнегелі өмір жолында ешкімнің ала жібін аттауды білмепті.

«Кімнің болсын басына қиындық түсе қалса, қолыңнан келген көмегіңді аяма» деген әке сөзін жадында ұстаған ол күні бүгінге дейін жақсылық жасаудан жалыққан емес. Содан болар, жаны жомарт жайсаң жан атанып жүргені де.

Ананың ақ сүтімен бойына сіңген адалдықтың, әкенің ақылымен қалыптасқан адами қасиеттің арқасында ол өмірде де биік белестерді бағындыра білді.

Бүгінде ол ата-анадан алған өсиетін ұл-қыздары мен немерелерінің бойына сіңірумен келеді. Сонымен қатар, үйдің үлкені болғандықтан бауырларына бас-көз болып отырған жайы тағы бар.

Өмірдің осынау бұралаң жолында ауқымды істерді атқара жүріп алпыстың асуынан асқан абзал ана бүгінде қос перзентін жетілдіріп, Досымжан, Әмина сынды екі немере сүйіп солардың қылығына тамсанып отырған ардақты әже.

Талай баланың кіндігін кесіп, талай қарадомалақтың жарық дүние есігін ашуына көмектескен ақ халатты абзал жан сол балалардың биік белесті бағындырғанын көргенде қатты қуанатынын айтады.

Совет өкіметінің қатаң тәртібімен өскендіктен болар, Бәтима апай өзінің көмегіне жүгінген науқастармен де белгілі бір тәртіппен, жүйелі түрде жұмыс жасауға тырысады. Нәтижесінде дер кезінде денсаулығын түзеуге қол жеткізіп жүрген жандар өз ризашылығын білдіріп келеді. Біз де осындай жандардың қатары молая беруін тіледік. 

Әңгіме ауаны бүгінгі қызмет барысына ауғанда Бәтима Нұрғалиқызы «Гүл-қанат» медицина орталығының қазіргі тыныс-тіршілігін тілге тиек ете отырып, орталықтың қала тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетіп келе жатқандығы ұжым басшысы Ләззат Сабыралиеваның іскерлігімен тікелей байланысты екенін атап көрсетті.

Жоғары білімді, білікті мамандардан құралған ұжым қала жұртшылығының көңілінен шыққан орталық. Дертіне дауа іздеп осы орталыққа қарай ағылған ағайынның ұжым мүшелеріне айтары тек алғыс ғана. Гиппократ антына берік абзал жандардың әрбір ісіне сәттілік серік болсын, ендеше.

 

Гүлмира САДЫҚОВА