Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері блок-бекеттерді күшейтуге қатысады
2020 ж. 19 наурыз
2298
0
Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар аясында ҚР ҚК әскери қызметшілері полиция және Ұлттық ұлан өкілдерімен бірге блок-бекеттерде қызмет атқарады.
Карантиндік аймақтарға кіру мен шығудың шектелуін сақтау үшін атқарылатын бірлескен қызмет 2020 жылдың 19 наурызынан бастап Ішкі істер министрлігінің басшылығымен ұйымдастырылды.
Өткен тәулікте Нұр-Сұлтан қаласының аумағындағы блок-бекеттерде Қарулы Күштер әскери қызметшілері атқаратын қызметтердің ұйымдастырылуын Қорғаныс министрі генерал-майор Нұрлан Ермекбаев пен ҚР ҚК Бас штабы бастығы генерал-майор Мұрат Бектанов тексерді. Тексеру барысында әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жағдайына көңіл бөлу, олардың барлық керек-жарақпен қамтамасыз етілуі, қызмет кезіндегі кез-келген жағдайда өзінің іс-қимыл тәртібін білуі басты назарға алынды.
Бұрын айтылғандай, нысандарды дезинфекциялайтын бөлімшелерден басқа Қарулы Күштерден блок-бекеттерін күшейту үшін тиісті дайындықтан өткен және осындай іс-қимылда тәжірибесі бар Десанттық-шабуылдау әскерлерінің келісімшарт бойынша әскери қызметшілері, бітімгершілік полкі және әскери полиция тартылады.