168 мың бетпердені Ресей мен Моңғолияға жеткізбек болған
2020 ж. 16 наурыз
2118
0
Короновирус жайлы әңгіме көбейгелі елімізде медициналық бетперделерге деген сұраныс күрт өсті. Көпшілік әп сәтте-ақ қасқалдақтың қанындай қат дүниеге айналған алақандай шүберекті таба алмай тарығып жүр. Ал бұл аралықта бірқатар азамат 168 мың медициналық бетпердені Павлодар арқылы Ресей мен Моңғолияға жеткізбек болған. Бұл туралы pavlodarnews.kz ақпараттық агенттігі жазды.
Павлодар облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы Әсем Шәкірованың айтуынша, бетперделерді шекарадан заңсыз шығару оқиғалары 16 ақпан мен 11 наурыз аралығында орын алған. Жалпы, мұндай оқиға 6 рет тіркелген екен. Бетперделердің көп бөлігін Ресейге, шамамен 8 мыңын Моңғолияға жеткізу көзделген.
«Департаменттің экспорттық бақылау қызметінің өкілдері ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің мамандарымен бірге «Шарбақты» өткізу пунктінде медициналық бетперделерді шекарадан заңсыз өткізуге қатысты төрт оқиғаның алдын алды. 27-33 жастардағы Моңғолияның төрт азаматы шамамен 8 мың бетпердені өз елдеріне алып кетуге тырысқан. Олар медициналық бетперделерді қайдан алғанын, қандай мақсатпен алғанын айтпады», – дейді Әсем Шәкірова.
Дәл осындай оқиға Успен ауданы арқылы өтетін «Қосақ» өткізу пунктінде де орын алған. 39 жасар қазақстандық азамат 150 мың бетпердені Ресейге жеткізбек болған. Бір қызығы, бетперделердің нақты саны тауарды тасымалдау жолдамасында көрсетілген.
«Тауарды жеткізу құжатына сүйенсек, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны бетперделерді Новосібір облысы Купино қаласындағы заңды тұлғаға жөнелтуді көздеген. Бетперделер Нұр-Сұлтан қаласындағы Самал, 11 мекенжайы бойынша орналасқан «Рамстор» сауда үйінен алынған. Елордалық жүкті жөнелтуші департамент мамандарымен байланысқа шықпады. Тиісінше, оларды қандай мақсатпен жөнелткенін де хабарламады», – деп нақтылады Әсем Шәкірова.
Сондай-ақ, Ақсу қаласының тұрғыны да медициналық маскаларды шетел асырмақ болған. «Шарбақты» өткізу пункті арқылы Ресейге 10 мың бетперде жеткізуді көздеген азаматты шекарашылар тырп еткізген жоқ.
Департамент мамандарының айтуынша, бетперделерді шекара асырмақ болған азаматтар бұған дейін мұндай жағдаймен қолға түспеген.
Бір қызығы, мұндай тауарларды тәркілеу және шекара асырмақ болғандарды жауапкершілікке тарту заңда көрсетілмеген. Яғни, шекарадан ары өтпей қалған бетперделер тәркіленбейді. Тиісінше, оларды алып өтпек болғандар да жазаланбайды.
Еске сала кетейік, ҚР Премьер-министрінің 2020 жылғы 29 қаңтардағы бұйрығымен Қазақстанда жеке қорғаныс құралдарын: респираторлар, көзілдіріктер, медициналық бетперделер, халаттар, қолғаптар, бір реттік қорғаныс костюмдерін экспорттауға тыйым салынған болатын. Бұған дейін Павлодар облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау және қауіпсіздік департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов облыс аумағындағы дәріханаларда медициналық бетперделердің дефицит екенін мәлімдеген еді. Бүгінде ведомста мамандары өңірдегі 335 дәріхананы қадағалап отыр.
Жалпы, Павлодар қаласындағы дәріханалардың көп бөлігін алматылық фабрикалар бетпердемен қамтамасыз етеді екен. Алайда, Алматыда шикізат қоры таусылып, Павлодарға өнімдерді жеткізу тоқтатылған. Сол себепті жергілікті «Мерусар и К» фабрикасы бетперделерді қолмен тігуге кіріскен. Компания тәулігіне 5 мың бетперде дайындап, жергілікті емдеу мекемелеріне жөнелтуде. Бір тігінші күніне шамамен 500-1000 бетперде тігеді. Бір бетпердені тігуге 2-3 минут уақыт жұмсалады екен.