ТУРА ЖОЛДАН ТАЙДЫРҒАН КАРМЕНСИТА

0
2259


Әйелдердің бәрінде жауыздық болады, бірақ олар екі жағдайда мейірімін жоғалтпайды: махаббатта немесе өлім аузында.
Паллад

             Испанияның жас сыған қызы Кармен өзінің бойындағы ғажайып сұлулығы және тартымды тәкаппарлығы арқылы елдің бәрін өзіне ынтық етеді. Онымен қоса туынды желісінде асқан сұлулығымен қатар, тағылымсыз, екіұдай жасампаз қылықтарымен де бейнеленеді. Оқиға желісі испан жерінен басталады. Сығанның ерке қызы Карменсита жас сержант Хосені сезімімен баурап алады. Махаббат пен ғашықтықтан басы айналған Хосе анасы мен сүйген қызын ұмытып, Карменситаның соңынан еріп кете береді. Ал махаббатқа мас болған сержант қарапайым жауынгерге, тіпті қаныпезерге айналады. Көзін қызғаныш оты шарпыған Хосе бастығы Цунды, тореодор-Эскамильоны және сұлу Карменситаны ажал құштырады. Осындай трагедияны басынан кешкен жігіттің өлуден өзге амалы қалмай, өзіне де қол жұмсайды. Осылайша іңкәр сезім мен мөлдір махаббатты қызғаныштың қызыл иті жалмайды.
Жаңашылдыққа жаны құмар жастар театры осы жолы да бағытынан таймады. Теменов ағаларының артынан ерген өрімдей жас актерлер жарады. Расында да, биыл аталмыш театрға Жүргеновтің біршама түлегі қабылданған болатын. Жанар Мақашеваның нәркес көзі де жұртты елең еткізіп, жарнама қағазына әдемі бейнеленіпті. Одан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары да насихаттау жұмыстарын жақсы атқарған болатын. Бұл туындымен бұрындары тек опера театрларынан ғана көзайым болып жүрген көрермен Карменситаның қазақша сөйлегенін тағатсыздана тосты. Ал сенім ақталды ма?
Перде Мәскеудегі «Жаңа опера» театрының бас балетмейстері Иван Фадеев қойған бимен ашылды. Адамды бірден елітіп алып кететін әуенге сай қойылған бидің синхрондығы азырақ болса да, көрерменді қызықтыра түсті. Шымылдық ашылғанда көзге бірден түсетін қоюшы-суретші Ерлан Тұяқовтың жұмысын ерекше атап айтуға болады. Себебі, қазақ театрының қойылымдарына қарны ашып жүрген біраз адамдарды қанағаттандырғандай болды. Сахна сәнін келтіріп тұрған актерлердың киім үлгісімен де жақсы жұмыс істелгені көрініп тұр. Карменнің сахналық костюмдері көз қызығарлық. Көбінесе қойылымның басынан соңына дейін басты кейіпкерді бір киіммен ғана көріп үйреніп қалған театрсүйер қауым үшін, расында да, жақсы әсер қалдырды. Әсіресе, Карменситаның соңғы киім үлгісі біраз жас қыздарға ұтымды идея тастағанын жасыра алмаймыз. Бұл киім үлгілерінің суретшісі Юлия Чернова жұмысының жемісі.
Қойылымның әуенмен әрленуі де ерекше. Жалпы, Талғат Теменовтің қай қойылымын алып қарасаңыз да, музыкасының әсерлілігімен, актердің ішкі жандүниесінен нақты хабар бере алатындығымен ерекшеленеді. Ал музыка жалпыға түсінікті тіл болғасын, спектакль өтімділігінің кепілдемесі іспетті.
Қойылымның жақсы шығуының біраз бөлігін Карменсита образының дұрыс таңдалғанымен байланыстыруға болады. Қай рөліне болмасын, үлкен жауапкершілікпен келетін, салғырттық танытпайтын Жанар Мақашева қашан да өз формасында көріне білетін талантты актриса екенін тағы бір рет дәлелдеді. Декреттік демалыстан жақында ғана оралған жас ана екенін естігенде таңқалған жұртта сан болмады. Осы турасында Жанар бір сұхбатында: «Карменсита рөлін ойнау үшін 15 килограммға арықтадым» деп мәлімдеген болатын. Расында да, жас анаға мүлдем ұқсамайтын Жанар бұл рөлде жанын салып ойнады. Жастайынан би өнерін серік еткен актриса үшін Карменнің билері қиынға соқпаса керек. Сыған, испан билерін ынтықтық сезіммен ұштастырып, керемет үйлесімділік көрсетті. Карменнің хорезматикасы, образдың ішкі фактурасы толыққанды ашылды деген ойдамыз. Жанар өз рөлін бастапқы нүктесінен соңғы нүктесіне дейін жеткізеді. Театрдағы жұмысына дейін Ж.Мақашеваның «Дивас» тобының беделді әншісі болғанын ескерсек, оның қай салада болмасын кәсіби тұрғыдағы маман бола алатынына шүбә келтірмейміз.
Ең қызығы, спектакль соңында Жанарға гүл шоқтары ұсынылып жатқанда залдағы бір көрерменнің сөздерін құлағымыз шалып қалды: «Негізі мына гүлдерді Жанардың күйеуіне беру керек, себебі мына сахнада болған махаббат көріністерін көре тұра, әйелін қызғанбай, өнерге түсіністікпен қараған нағыз еркек қой» деп пікірін білдіріп жатты.
Ал екінші құрамдағы Карменсита образының кемшін тұстары байқалды. Одан бөлек, Хосе рөліндегі жас актер Дархан Сүлейменовтің ойынына да айтылған сын пікірлер аз болмады. Өнертанушы Ахметжан Қадыров: «Хосені ойнаған актер өз кейіпкерінің ішкі жан дүниесіне сонша терең бойлай алмағандай көрінді» десе, өнертанушы ғалым Дариға Тұранқұлова: «Кейбір мамандар, көрермендер «режиссер ол екеуін бір-біріне қарама-қарсы мінез бере отырып, өте ұтымды шешім шығарған. Эскамильо жарқ етіп көзге түсетін келбетті ер, ал Хосе оның қасында кейінгі планға түсіп қалғандай…» деп баға берді. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Ол екеуі – тіпті салыстыруға келмейтін екі бөлек мінез, екі бөлек бітім мен болмыс иесі. Эскамильо көзге бірден түсетін ер және соған сай қыз-келіншектерге өтімді жігіт болса, Хосе жаңадан өмір бастап келе жатқандықтан, өмірінде бірінші рет қызға ғашық болып қалған, махаббат жолында бәрін құрбандыққа шалуға дайын бозбала. Сол себепті оның нәзіктігі байқалуы шарт. Жігіттердің де қыз сүюде Хосенікі секілді тазалығы, махаббатқа деген іңкәрлігі болуы керек», –деп өз ойын қорытындылады. Осы орайда өз образын шынайы бейнелеген Эскамильо рөліндегі Бейбіт Қамарановтың еңбегін ерекше атап айтқан жөн.
Спектакльдің негізгі ерекшелігі – өзегі әлемдік классика болса да, қазіргі заманға бейімделіп, түрі XXI ғасырға тән болғандығы. Қазақ қоғамына классикалық дүниелердің осылай келуі барлық жағынан жақсы құбылыс қой деген ойдамыз.
Өнертанушылар осындай тартысқа толы туындыны актерлық ойынның мықтылығы арқасында болашақта да көрермендердің ықыласына бөленетін қойылым болады деген сенімде.
Талғат ТЕМЕНОВ, режиссер:
– Бұл – «бір жағадан бас, бір жеңген қол шығарып» жасаған ортақ дүниеміз, сондықтан да біз үшін аса қымбат. Карменнің ХХІ ғасырдағы драмалық нұсқасын ең алғаш рет сахнаға шығарып отырған біз екенбіз, сондықтан, бұл, бір жағынан, мақтаныш. Бұл мәңгілік тақырып, ал Кармен – мәңгілік образ. Жасыратыны жоқ, бастапқыда қорықтым. Бірақ, қорқынышты еңбек жеңді. Бұл спектакль кез келген елге, кез-келген жерге ұялмай көрсететін дүние болды деп ойлаймын.

Жанар МАҚАШЕВА, Карменсита рөліндегі актриса:
– Бұл рөл менің болмысыма жақын деп айта алмаймын, алайда мінез-құлқыма келетін тұстары да жоқ емес. Сондықтан болар, рөл шығару барысында біраз қиындықтарға жолықтым. Карменнің мінез-құлқы, оның өмірге деген көзқарасы қазаққилық тәрбиеден мүлдем алшақ. Бірақ көптеген ізденістердің арқасында образ ойдағыдай болған сияқты. Біз испан елінің немесе сыған қызының, сол қоғамның, сол ортаның атмосферасын беруге қаншама тырыссақ та, би техникасын қаншама меңгерсек те, өзіміздің иісіміз бәрібір шығып тұрды. Сол үшін де қуаныштымын.

Иван ФАДЕЕВ, балетмейстер:
– Мен оларға қалай дұрыс қимылдау керектігін барынша үйреттім деген ойдамын. Жалпы, біз мынаны ескеруіміз керек: театр актерлері – олар балет бишілері емес. Дегенмен, драма жанрының актерлері болғандықтан жан-жақты өнер көрсетулері керек. Сол үшін бар күшімізді салып дайындалдық. Актерлер де тырысып бақты. Олардың еңбектерін қатты бағалаймын. Нәтижеміз жаман емес сияқты…


Айдана АЛАМАН

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз