МҰСАБЕК БАТЫР

2
2192

Қазақ тарихына көз салғанда ұлт-азаттық  көтерілістер аз болмағаны белгілі.  Солардың бірі XIX ғасырдың екінші жартысындағы, 1847 жылғы  Оңтүстік Қазақстандағы Қоқан хандығы басқыншылығына қарсы ұлт-азаттық күрес әлі де толыққанды зерттеле қоймағаны байқалады. Қоқан бегі Мырзабидің басын алған көтеріліс көсемі Мұсабек батыр Қалдарбекұлының ерлігі де өз бағасын ала алмай келеді.  Батыр туралы кезінде сол заманда өмір сүрген әйгілі Майлықожа ақын өзінің өрнекті өлеңдерімен жырлап өткен. Одан кейін   алғаш әдебиетші Тәңірберген Отарбаев 1935 жылы Ташкент қаласында шыққан «Социалды шашу» кітабында  «Мырзаби оқиғасы»  деген әңгімесінде жазды. Кейін белгілі жазушы Әбжаппар Жылқышиев бұл көтеріліс туралы кеңінен толғап, терең зерттеп, «Дауылдан кейінгі жорық» романын жазды. Бұл шығармада да көтеріліс көсемі Мұсабек батыр  айқын айшықталған.  

Биыл Мұсабек Қалдарбекұлының туғанына 195 жыл! Алда 2015 жылы 200 жылдығы. Ендеше, еңселі ескерткіш тұрғызып,  республика көлемінде арнайы ардақтау шаралары алда деп білеміз.

Біз бүгін белгілі ақын, жазушы  Нәмет Сүлейменовтің «Мұсабек батыр» атты еңбегін ықшамдап жариялап отырмыз.

XIX-ғасырдың екінші жартысында Оңтүстік қазақтарының Қоқан езгісіне қарсы күресі күшейе түсті . Ол барған сайын  бүкіл халықтық сипат алып ,Сыр бойынан Жетісуға дейінгі аралықты қамтыды.Бұған Қоқан билеушілерінің шектен тыс зорлық-зомбылығы,  алым-салықтың көбеюі салдарынан халықтың тұрмыс жағдайы мейілінше нашарлай түсуі, басқыншылардың елге зәбірі мен зұлымдық әрекеттері себепші болды. Бұрын әр жерде бұрқ-бұрқ ете түсетін көтерілістер ұласты Жетісуда, Әулиеата аймағында, Сайрам мен Арыс- Бадам бойында халықтың қарулы жасақтары жат жерлік басқыншылардың қалың қолына шабуыл жасап, олардың жер-жердегі бектерін өлтірді. Халықтың ұлт –азаттық күресін ел-елдің  көсемдері мен шешендері, қаһарман батырлар мен от ауыздар ақындары бастады. Батырлар қарулы жасақ  ұйымдастырып,оған қолбасшылық етсе, ақындар олардың ел арасында  аңызға айналған ерлігін көркем сөзбен өрнектеп, халық кегін ту етіп көтерген абзал азаматтарды жеңіске рухтандырып отырды. Солардың бірі Қоңырат ішіндегі Байлар-Жандардан шыққан, Бөржардың Көк бөрісі атанған Қалдарбекұлы Мұсабек батыр еді. Мұсабек батыр15 жылы бұрынғы Арыс,бүгінгі Ордабасы аудандарының “Бірлік”ауылында дүнйеге келіп, 1882 жылы қайтыс болған. Оның әкесі Қалдарбек Сүттібай деген кісінің жасы ұлғайып қалған кезінде әулиеден әулиге  түнеп жүріп, құдайдан сұрап алған жалғыз ұлы. Ол өзіне лайық дәулеті бар, ер мінезді, өз ар –намысын өзі қорғай білген адам болған. Бірақ ер жеткен жалғыз ұлын үйлендіру оған оңайға түспеген. Баяғы «жалғыздың  үні, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, жалғыздық алдына кесе колденең шыға береді. Күндердің күнінде Сүттібай таздар Құлшығаш, Байсының бойжеткен  қызы бар деп естіп, сонда барады. Байсын талайларға үлес таратып, алашқа атағы белгілі  адамдардың бірі болған кісі еді.  Ол Сүттібайдың  құда түсе келгені жөнініде балаларымен  ақылдасады, бірақ олар құдалыққа қарсы болады, сұрары мен жоқтары жоқ жалғыз дегенді себеп етеді. Жолы болмай жүні жығылып жасып қалған Сүттібай ертеңінде үйіне қайтады. Осы күні таңертең Байсынның бойжеткенің жеңгелеріне түнде түс көргенін, түсінде екі емшегін төрт қасқыр еміп жатқанын айтады. Бұл әңгіме жеңгелері арқылы шешеге, шеше арқылы әкеге жетеді. Байсын түсті «қызым қасқырдай төрт  ұл табады екен» деп жорып, Сүттібайдың соңынан ат шаптырып, қайырып әкелуге әмір береді. Сүттібай келген соң мал сойып, құда болады. Кейін қызын ұзатарда бір шөкім бұлтың қызының төбесінде  бірге кетіп бара жатқанын көрген Байсын «Бағдаулет менің қызыммен бірге кетті» деген екен. Байсын қызынан Қалдарбек төрт перзент көреді.  Олар Жандарбек, Сапақ, Мұсабек, Айдарбек,  Байсынның жорамалы дәл келеді. Қалдарбектің төрт ұлыда  заманында елдің елеулі халықтың қалаулы азаматтары болады.  Мұсабек ел қорғаған батыр болса, Сапақ жұртты аузына қаратқан шешен би ретінде көзге түседі де, кейіннен датқа алып дәрежеге жетеді. Жандарбек пен Айдарбек шаруашылықпен айналысып,  жұрт қатары өмір кешеді.  Еңбекқорлық оларды  қатарынан оздырып, баққонған  құт дарығандар қатарына қосады. Осы дәулет атадан балаға ауысып отырады.  Мәселен, Айдарбектің Жүнісбегіне  майда малды былай қайғанда мың жылқы біткен. Шілде кезінде сол жылқылар Бадам суына бас қойғанда, өзен ақпай қалатын болған екен, деген әңгіме содан қалса керек.    

Мұсабек жас кезінде-ақ өз қатарынан еңсесі биік, ақылы зерек әрі жүректі бала болып өседі. Жігіттік шағында алысқанға айла таптырмай, белдескенді алып ұратын мықты болған Көбіне ақылмен іс қылып, жоқ-жұқалардың сөзін сөйлеп, барын солармен бөліскен. Қоқан бегі Мырзабидің елге тізесі батып, халықтың тұрмыс-күйі нашарлаған кезде оның ерлігі мен қайырымдылығын жұрт айқын сезініп отырған. Жалғыз ағаштың орман болмайтыны сыяқты, жалғыз батырдың ойындағысының орындала беруі екі талай екені белгілі. Мұсабек осыны айқын түсініп, өз замандастарынан  төңірегіне ел қамын ойлайтын ерлерді топтастырады, жасақ құрады. Мұсабек батыр жасағында, Жаманқара, Мәделі, Байбақ, Рысқұлбек,Белес және тағы басқа ерлер болды Олар Мұсабектің адал серіктері, талай ел сенімін де, ер сенімін де ақтай білген жан достары ретінде көзге түскен абзалдар еді.

1858 жылдың бас кезінде Қоқан басқыншылары өздеріне жауыздық әрекеттерін бұрынғыданда күшейтіп, халыққа тізесін батыра түсті. Әсіресе қыздан зекет алуға кірісуі халықтың ашу-ызасын тудырып, ел ағалары мен халық қамын ойлаған батырлардың зығырданын қайнатып, жауға деген өшпенділігін өршітті. Ал Қоқан бегі, Мырзабидің көктем шағыда Ордабасыға келіп, отау тігіп, қымыз ішіп, сұлуларды құщпақ болғаны ел ішін ерекше дүрліктіріп, ата-аналарды ақылынан адастырып, ару қыздардың көз жасын етегіне сорғалатты.

Міне  осы қиын қыстау кезеңде Мұсабек бастаған қолдан отыз шақты ер- азамат жаудан өш алудың бірден-бір жолы Қоқан бегі Мырзабиді жасауылдарымен қоса өлтіру деп шешті. Осыған серттесіп,басын бәйгеге тіккен ерлер «ертеңіміз не болады?» деп те ойлаған жоқ..

Елең алаңда «Алатаулап» айқай-сүргін салып, жау ордасына тұтқиылдан шабуыл жасады. Шабуылшылар алдында Мұсабек батыр. Оның қолы Мырзаби жатқан отауды іргеден көтеріп, аударып тастады.

Батыр қолындағы наркескенмен не болып қалғанынан хабарсыздау күйде мең-зең болып тұрған Мырзабидің басын шауып түсіреді де,сапысын кеудесіне малып-малып алады.Кеспек дене жел изеген кәрі ағаштай шайқалып барып жерге сылқ ете түседі.Мұсабек оның жүрек тұсынан аққан қанға қос уысын тосып,толған кезде ұрттап жібереді.Бұл кезде сары Құлшығаш Жаманқара батыр мен ақын әрі ер Мәделі де қолындағы қылыштарын оңды-солды сермеп,жасауылдарды жерқаптырып жатқан еді. Отауды күзеткен отыз шақты жасауылдың бірде-бірі сау кетпестен,өлім тапты.Ел жұрттың ашу-ызасымен суарылған ерлер кегі осылай бір қайтып, өз сабасына қайта түскендей болған  еді.

Тарихтан белгілі оңтүстік қазавтарының қоқандық басқыншыларға  қарсы ұлт-азаттық күресі жеңіліске ұшырап, сәтсіз аяқталды.  Қоқан хандығы жазалаушы қарулы жасақтар шығарып, көтерілісті аяусыз жаншып басты.  Көптеген ауылдар Ақмешітке қарай ұдере көшіп, осы  күнгі Жаңақорған, Шиелі, Треңөзек аудандарының территориясына барып паналады.  Мұсабектің Қоқан  бегін өз қолымен шауып өлтіруі оның батырлық даңқын бұрынғыдан  да асыра түсті. Ақындар ол туралы жыр шығарып, халық өз батырына деген құрметін еселеп, мәртебесін биіктетіп, мерейін үстем ете  берді. Замандасы, Мырзаби оқығасының куәсі болған атақты Майлықожа  ақын кейіннен өзінің «Датқалар туралы толғауында» Мұсабек жөнінде  былайша жырлайды:

Сары даланы шаң қылған,

Қоқаннан олжа мал қылған.

Мырзабиді өлтіріп,

Батырлығын даң қылған

Мұсабек батыр Жандардан – десе,

 

Молда Мұса Бұдабай ақынмен айтысқанда:

«Қоңыратта білемісің Мұсабекті,

Солардан болар едің  болсаң текті,

Өлтіріп Мырза биді намыс үшін,

Қоқанның хандығынан алған кекті» – дейді.

 

Мұсабек баба батырлығының куәсі болған Ордабасы бүкіл қазақ үшін қасиетті жер. Ол жерде бүкіл еліміздің  зиялылары бас қосып, жоңғарларға қарсы жойқын шайқас ұйымдастырды.

Халқымыздың қалың қолды жасағы ата жауды біржолата  талқандап, еліміздің итәуелсіздігін сақтап қалды. Қоқан заманында Мұсабек батыр бастаған ерлер  жат жерлік басқыншыларға бас имейтінін  паш етіп, Мырзаби сияқты бектердің басын кесіп, олардың жасауылдарының жанын жаһаннамға жіберді. Бүгін сол жерде ерлік көрсетіп, елдігін танытқан халқымызға мемориал орнатылып, батырға ескерткіш қойылса қанеки!

Бұл қысқа мақала Мұсабек батыр туралы жазылар мақалалар мен зерттеулердің алды да, арты да болмақ емес.  Ол жөніндегі тарихи деректер, ел аузындағы әңгіме-аңыздар жинастырылып, халық батырының ерлік ісінің толықтырыла  түсері даусыз.  Осы тұста Сапақ датқа  туралы да ойланарлық  жайлар бар.  Өзінің шешендігімен, әділ төрелігімен  еліне жасаған көп жақсылығымен бүгінге дейін  есімі  жұрт жадында сақталып келе жатқан датқа туралы да іздестіру, зерттеу жұмыстарын қолға алған жөн.  Бұл мәселеде даңқты аталардың шөберелерінің бірі болып келетін, Арыста тұратын байырғы ұстаз, еңбек ардагері, қазіргі зейнеткер Шыналбай Уалханұлының бірсыпыра іс тындырып жүргені қуантады.

Батырлар – ел қорғаны, халық мақтанышы. Олардың ерлік істерін айтып, жас ұрпаққа жеткерудің ерекше  маңызы бар. Әсіресе, бұл Қазақстан егеменді ел , іргелі мемлекет салтанатын құра бастаған бүгінгі күндері өте қажет. Бабаларымыздың батырлық істері бүгінгі  ұрпақтын мақтаныш сезімін  тудырып, оларды тәуелсіздік жолындағы  ерлік істерге жігерлендіретін болады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Мұсабек батырдың есімі халқымызбен бірге жасай беруге лайықты есімдердің бірі болып табылады. Олардың әруағы бізді  әр уақытта қолдап, барлық ісімізде жар бола берсін. 

 

Нәмет  СҮЛЕЙМЕНОВ

2 ПІКІРЛЕР

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз