ШЫРАҚ ТҮБІ ҚАРАҢҒЫ МА?..Қазақша газет-журналдың халі қалай?

                   Қазақтың Елордасы болғасын қазақи ортада қазақша сусындап жүргенге не жетсін. Бірақ... Бізді құртатын осы «бірақ» талайымызды шаршатып, табанымызды тесіп, таңдарымызды ұрлайды. Аллаға тәубе, ел болдық. Жаға-жеңді түзедік. Азамат жасы жиырманың толысқан кезіне келіп, әлемдік өркениетпен бой теңестіруге ұмтылып жатырмыз. Дегенмен, Астана қаласын аралаған жанның кез-келген жерден қазақша газет-журнал таба алмайтын айдай ақиқатын айту, бір қарағанда, аса ұят та сияқты. Ұялғанда, өзге емес, өзіңнен, өз еліңнің ортасындағы бейшара халіңнен ұяласың. Қазақ мемлекетінің қақ төрінде отырып, өзге тілдегі басылымдардың көлеңкесінде қалған ана тіліңнің азапты күйі жаныңды жегідей жейді. Қара шаңырақтың иесі өзің бола отырып, «қазақ, қазақша...» деп қақсай беруден де шаршайтын кезің бар. Қақсатқандар емес, қақсағандар ұялатын заманаңның зарын шертпеуге тағы да дәтің шыдамайды. Өзге жұрттың отарында ұзақ отырып, ұлт мәдениетінің уызына өлердей шөлдеген өз ұлдарың осы отан құшағынан тағы да өгейлік тапса, өзегіңе өрт кетпей не қылсын! Мүбада Ахмет Байтұрсын бастаған патша көңіл, алаш құшақ арыстарымыз оқиаттан бас көтерсе, баяғы «Қазақ» газеттерінің бүгінгі мұрагерлері болған басылымдарды Астанадай ірі қалалардан таппай отырған міскін күйімізге не дейді екен деші... Түйе боталағандай дегендей, анда-мұнда ұшырасып қалатын аз дүңгіршектегі қазақша басылымдарға қанағатпен қарап, «бұған да тәубе» деуіміз керек шығар. Ұлт мәдениетінің ұятты бетіне үңілмей, бәріне тоқмейілси қарайтын болсақ, қазақ болып жаралғанымызға тәубе деп тіліміз бен діліміздің кемістігіне кеуде көтеріп, мұрын шүйірсек – мұнымызды адам емес Аллада кешпес. Бүгінгі Астана оқырманына «сіз кімді, нені, қалай, қайдан алып оқисыз?» деген тосын сауал қояр болсаңыз жауабыңыздан жаныңыз түршігеді. Сосын «Біз осы қайда беттеп барамыз, қай елде жасап жатырмыз?» деп тағы шаршайсыз. Қазақстандық қазақша басылымдар қазақ әлемі қалыптаса бастаған Алматы, Шымкент қалаларында өз деңгейінде оқырмандарымен санасып жатқанын да жасырмауымыз керек. Ал ел астанасы Есілдің жағасында жүріп су іздеу кісі нанбас ертегі секілді. Астана сынды қазақ мемлекетінің ордасында жүріп қазақша басылымға шөлдеу тек қазақ тілділердің қасіреті шығар. Ел өмірінде болып жататын оң өзгерістерді еске алсақ, Мәдениет және Ақпарат министрлігіне жаңа басшының келуіне де үлкен үміт артып, қазақ тілінің қаймағын қалыңдата түссе екен деген ақ тілек айтамыз. Ол үшін базарларда жамыраған қытай тауарларындай қазақ тілді басылымға кез-келген кісінің қолы жететін ашық ақпарат базары қалыптасуы керек. Жер – қазақтікі, базар – қырғыздікі Кеңес одағы келмеске кетіп, қазақ шаңырағы қайта көтерілген алғашқы жылдары ала дорба көтерген аналарымыз балапанын аузына тістеген ана құстай азаппен бізді бағып-қағып еді. Олар солайша ұлттың болашағын арқалап жүріп өсірді. Құдайға шүкір, еліміз етегін жауып, еңсесін көтерді. Қазақтан шыққан не бір саудагерлер әлемдік базарлардың алпауыттарымен үзеңгі қағыстырар күйге жетті. Бірақ... Тағы да бізді қинайтын «бірақ» алдымыздан ала мысықтай көлденеңдейді. Жол түсіп Астана қаласының солтүстік қапталындағы «Орталық базар» мен «Көк базарға» (Шаңхай) бара қалсаңыз үш саудагердің екеуі қырғыз ұлтының өкілі – Қырғызстан азаматы. Қазақтардың қарны тойып болып, базарды қырғызға берген бе десеңіз оның еш қисыны жоқ. Мешіттердің босағасындағы алақан жайған қазақ қайыршыларын есепке алмағанда тұрмысы өте төмен деңгейдегі қазақ отбасылары жетіп артылады. Кедендік одаққа кірген қазақ шекарасының шегесі қатайғаннан кейін шекесі шылқып үлгермеген бауырларымыз шерге қайта байланған ба дегенді ойлаудың өзі қиын. Саудагерлердің аңыс етуінше, қазір қытай тарапынан кіретін тауарлардың кедергісі мен салығы мейлінше көбейіп, ол жақпен күн көретін базаршылардың кіріс көзі барынша құлдырапты. Алдынан шыққан тосақуылға өзге жақтан жол іздейтін қытай қулығынан құтылар не бар дейсіз. Ендігі жерде қытыкеңдер тауарларын бір жағы Қырғызстанды айналдырып кіргізсе, екінші жақтан қырғыз жерінен заводтар мен өндіріс ошақтарын ашып арзан заттарды көбірек өндіре бастаған көрінеді. Сөйтіп, біздегі бостық ділі мен діні басқа қытайға ғана емес, діні бір, тілі жақын қырғыз ағайындарға да жол ашса керек. Ендігі жерде қытайы да қырғызы да қанына емес, қалтасына қарап сөйлейтін базардың қазақ шонжарларының аузын майласа болғаны ойындағысын іске асырады. Жер қазақтікі, базар қазақтікі болғанмен пайда қытай мен қырғыздікі болады да шығады. Әлемге ақылды, өзгеге мейірімді көрінгісі келетін қазақ мелекетіндегі қараша үйлерге бас сұғыңыз. Бір жапырақ нанға зар болып отырған көгенкөздердің арамызда әлі өмір сүріп жатқанына жағаң бар жағаңды, жағаң жоғың кеңірдегіңді ұстайсың. Төріңе шығып төбеңе шыққан ерке-тотайларға құлдыққа жарамаған қандастарыңды көріп қабырғаң есем қара нардай тұлғаң қисаяды. «Базардан айрылсаң барыңнан айрыласың, барыңнан айрылсаң арыңнан айрыласың» деп күрсінген қазақты да тірісінде көресің. Шындық осы. «Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды...» Баспана мұңы Қасымнан ғана қалған жоқ. Еліміздің жаңа астанасы Сарыарқа төсінен шаңырақ көтергелі үміті мен жүрегін арқалаған қара қазақтың біраз баласы жаңа мекенге жамырай құйылды. Күнгей беттің күйіне үңілсек, бақытты қазақтың көбі астаналық аталып, «ішкені алдында, ішпегені артында» жақсы тұрмыста өмір сүріп жатыр. Бірақ... Осы «біраққа» қанша оқырана қарайын десеңде алды-артыңды орағанын қоймайды. Астана тұрғындарының жарымына жуығы пәтер жалдаушылардан тұрады. Жақсы пәтер жалдаудың өзі тұрмыс күйдің жамандығы болмаса керек. Ал мал қораға жетпейтін жыртық қос пен бұрыш-бұрышта дірдектеп отырған қара сирақ қазақ баласын көру жүрегіңді тағы да сыздатады. Астана қаласының Оңтүстік-Шығыс тұрғын үй алабы, Уч хоз, Мичурин, Күйгенжар, Сороковой секілді қалаға қарасты ауылдарының тұрғын үй, баспана, электр, жылу, ауыз су, жол, көлік қозғалысы, медицина, экология, ана мен балалар, қарттар т.б. мәселесі бойынша шешімін таппаған түйіндерінің соншама көптігі кісіні қайран қалдырады. Аталған ауылдар қала аумағына қарасты болғанмен тұрғындарының басым бөлігі не қала емес, не ауыл емес жарымжан күйде өмір сүріп жатыр. Қазақта «қызыл от қысырамайды» деген бір сөз бар. Басында үйі бар жанның ошағында от болса ептеп-септеп күнелте береді дегені ғой. Ал басында баспанасы болмасашы... Жоғарыдағы ауылдар және қала төңірегіндегі бау-бақшалы үйлерде тірлік кешіп жатқан қазақтарға жолығуда қайғыңызды қалыңдатпаса жеңілдетпейді екен. Үйсіз күйсіз отырған бір әженің көз жасын көлдетіп: «Мен неше атамнан бері осы өңірдің төл тумасымын. Басымда баспана жоқ, бау-бақшаның жаздық үйін жалдап тұрамын. Енді бұл жерге жаңа құрылыс түссе, осындағы қаншама халық баспанасыз қалғалы отыр. Ауылдарға барайық десек жұмыс жоқ, қалаға кірейік десек баспана жоқ. Енді не істейміз?!» деп жылағанын осы жолдардың авторы көзімен көрді. Кешегі бір Қасымның мұңын отар елдің одағайлығына аударсақ, мың Қасымның мына мұңын кім тыңдар екен деп жүдейміз. Жас баласы бар қазақтың баспанасы жоқ болғанмен Астанасы бар ғой деп жұбанғымыз келеді. «Астана, Астана...» деп әнде шырқаймыз. Жол бұралаң, жолаушы алаң Жауыр жолдар, ауыр жолдар... Осылай тізбектей берсең, өлең құрап ақын да болғың келеді. Астананың әдемі қаласына тәнтті болған жандарды қаладан шығарып, кедіргек жолдармен жүргізіп көрер ме еді дегенді де ойлайды екенсің. Қаланың іші, тіпті 5-10 шақырымға дейінгі аумақтың жолы, бір қарағанда, теп-тегіс, жаңа заман талабына үйлеседі. Ал «үйден қырық адым шыққан мүсәпір» демекші, қаладан қарға адым ұзасаң мүсәпір емес, міскін боласың. Ақ боранда абайламасаң ажалдың торына құлайсың. Астана-Көкшетау бағытындағы жол ғана өзіңнің осы ғасырда өмір сүріп жатқаныңа сендіреді. Ал Астана-Қарағанды бағыты жақынғы жылдарда қайта жасалғанына қарамай арбаның жолындай аса тар. Ал өзге обылыстарға қарай авто көлікпен шыға жөнелсең, Кеңестік кезеңнің кексе жолында табиғаттың кәріне жолығуың кәдік емес. Екі машина әзер ғана айқасып өтеді. Соның өзінде ойлы-шұңқыр, шұрық-тесік. Мыстан кемпірдің тісіндей арса-арсасы шыққан азапты жолдар мысыңды құртып, миыңды шұқиды. Арқа төсінің ақ боранында осы «қыл көпірлерден» құлаған талай машинаны көзіміз көрді. Машинасы түгілі өмірімен қоштасып жатқан қазақстандықтарды көргенде «шіркін-ай, алып кетті, жеп кеттінің бірінің ғана қалтасында барымтада кеткен осы халықтың ақшасы тұтас қазақ жолын жамауға жетер еді ғой» деп армандайсың. Дүние бойынша жер асты байлығы жағынан әлемнің ондығынан табылатын шексіз байлықтағы халықтың жаңа ғасыр ішіндегі қасіреті, тасырқатқан жолдары, тірлік жолы түгілі жүретін соқпағын түзей алмағаны тіпті де қинайды. Қиналасың да тағы да алғы күнге үмітпен қарап, «алға, Қазақстан!» деп айғайлағың келеді. Шырақ өз түбіне жарығын шаша алмай жатқан шығар деп, ендігі сәулені ел серкелерінің санасына Алладан сұрайсың. Бақытты жердің халқы да бақытты болса екен деп тілейсің. Илаһим, солай болғай! Ж ә д и Ш Ә КЕН Астана