Алматы облысы әкімдігінде бірқатар кадрлық өзгерістер болды

Облыс әкімі Амандық Баталов өңір активіне өзінің жаңа тағайындалған орынбасары мен аппарат басшысын таныстырды. Атап айтқанда, Серік Тұрдалиев облыс әкімінің орынбасары, Төлеген Сәрсембаев облыс әкімі аппаратының басшысы болды.

- Президент Әкімшілігінің келісімімен облыс әкімінің орынбасары лауазымына Серік Тұрдалиев тағайындалды. Ол біздің облыста бұған дейін де жұмыс істеген. Сол кезде де өзінің іскерлігін көрсетіп, кәсіпкерлік саласында бірқатар жобалардың сәтті жүзеге асырылуына ықпал етті. Облыс әкімі аппаратының басшысы етіп Төлеген Сәрсембаевты тағайындадым. Ол да - тәжірибесі мол, іскер азамат. Екеуінің де жаңа қызметтері жемісті болсын, Жетісу жерінің игілігіне қызмет ете берулеріне тілектеспін, - деді А. Баталов.

Өз кезегінде С. Тұрдалиев пен Т. Сәрсембаев өздеріне артылған жауапкершілік жүгін абыроймен атқаруға, Жетісудың әлеуметтік-экономикалық дамуына бар күш-жігерін жұмсайтындарын айтып, сенім білдіргені үшін облыс басшылығына ризашылықтарын жеткізді.

ТАҒАЙЫНДАУ

 Алматы облысы әкімінің өкімімен Серік Мелісұлы Тұрдалиев Алматы облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

 Серік Мелісұлы ТҰРДАЛИЕВ

1969 жылы туған. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы халық шаруашылығы академиясын ауыл шаруашылығы өндірісінің экономист-ұйымдастырушысы және іскери әкімшілік шебері мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын «Мақсат» сыртқы экономикалық акционерлік қоғамы Талғар филиалы бас директорының орынбасары болып бастады.

Әр жылдарда кәсіпкерлік және сауда саласында түрлі жауап қызметтер атқарды. Кейін Алматы қаласы Медеу ауданы әкімі аппаратының ұсақ сауда бөлімшесінің маманы, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының, бірінші орынбасарының көмекшісі, Қарағанды облысында «Қазақмыс корпорциясы» АҚ вице-президентінің, Алматы қаласында «Қазақмыс корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы орынбасарының, ҚР Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі, Алматы қаласында «Қазақмыс корпорациясы» АҚ-ның қаржы және инвестиция жөніндегі директоры, «Қазақстан Халық банкі» АҚ атқарушы директоры, Директорлар кеңесінің хатшылық жетекшісі, Қарағанды облысында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары, президентінің, Басқарма төрағасының кеңесшісі, вице-президенті, вице-президенті-аппарат басшысы, әкімшілігінің басшысы, Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

2017 жылдың шілде айынан – Алматы қаласындағы «Қайнар» ЖШС бақылау кеңесі төрағасының кеңесшісі.

 Хроника

Алматы облысы әкімінің өкімімен Бағдат Сайланбайұлы Манзоров өз өтініші бойынша облыс әкімінің орынбасары лауазымынан босатылды.

ТАҒАЙЫНДАУ

Алматы облысы әкімінің өкімімен Төлеген Қапсалықұлы Сәрсембаев  Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалды.

 Төлеген Қапсалықұлы СӘРСЕМБАЕВ 

1968 жылы туған. Алматы халық шаруашылығы институтын, Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін экономист және заңгер мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын Алматы зооветеринарлық институты «Ақсай» оқу-тәжірибелік шаруашылығының бухгалтері болып бастады.

Әр жылдарда Алматы зооветеринарлық институты «Ақсай» оқу-тәжірибелік шаруашылығының жоспарлау-экономикалық бөлімінің бастығы, Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік қаржы бақылау комитеті басқармасының ревизор-бақылаушысы, аға ревизор бақылаушысы, бас ревизор-бақылаушысы, Алматы облысы бойынша мемлекеттік қаржы бақылау комитеті басқармасының бас ревизор-бақылаушысы, бөлім бастығының орынбасары, бастығы, Алматы қаласы Түрксіб ауданы бойынша салық комитетінің бас салық инспекторы, сектор меңгерушісі, сектор бастығы, Алматы қаласы Түрксіб және Бостандық аудандары бойынша салық комитеттері бастықтарының орынбасары, Қызылорда облысы бойынша салық комитетінің бастығы, Алматы қаласы Түрксіб ауданы бойынша салық басқармасының бастығы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары бойынша салық департаменттерінің бастығы, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитеті Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы, Оңтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары әкімдерінің орынбасары қызметтерін атқарған.

2019 жылдың мамыр айынан – Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы.

 Хроника

Алматы облысы әкімінің өкімімен Темірлан Амангелдіұлы Бектасов басқа жұмысқа ауысуына байланысты облыс әкімі аппаратының басшысы лауазымынан босатылды.