ҚАСИЕТТІ ОТЫРАРДЫ ОЙРАНДАУ ТОҚТАТЫЛСЫН!

«Қазақстан Республика­сындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6 бабына сәйкес аудан әкімінің ұсынысы, жергілікті мәслихаттың 2004 жылғы 13 желтоқсандағы шешімі негізінде үкімет қаулысы шығып, Ресей – Қырғызстан – Қазақстан бірлескен «Заречное» жабық акционерлік қоғамына Отырар ауданынан уран өндіруіне мүмкіндік берілді. Осылайша Д.Ахметов үкіметі бұл шешімдерді арқаланып, кеңес өкіметінің соңғы жылдары қоғамдық ұйымдардың және жергілікті халықтың талап етуімен жабылған, қоршаған орта мен тұрғындар денсаулығына орны толмас ойран әкелген «Табақбұлақ» уран кенішін қайта ашуға мұрындық болды. Бұған қарсы наразылық республикалық БАҚ-та қаншама рет көтерілді. 1973 жылғы қанқұйлы кеңес атомшыларының аудан жерінде жасаған «Кетпенқалған» ядролық жарылысының зардабының әлі де жойылмағанын және немкеттілікпен өндірілген уранның айналаға тараған радиоактивті сәулесінен қаншама адамның өмірін жалмағаны да ескерілмеді. Сол уақыттан бері аудан көлемінде медицинаның шамасы келмейтін рак, жүрек, қан-тамырлары аурулары асқындап және өз-өзіне қол салудың (суицид) көбеюі, соның ішінде жастар арасында бұл дерттің белең алуы да алаңдатарлық жағдайда. Отырар жерінің адамзат тарихында өзіндік ерекше орны бар екені белгілі. Ол өзінің шын тарихи бағасын алып үлгерген жоқ. Мұнда әлемдік маңызы бар тарихи ескерткіштер мен жәдігерле өте көп. Олар киелі «Бесторанғыл» әулие, Байтоғай, Қожатоғай елдімекендерінде орналасқан «Дастарқоба», «Дастарбасы» сияқты Қазақ Қаһан мен Сақ бабаларымыздың он алты тайпа көсемдерінің іздері мен таңбалары қалған киелі орындар әлі-ақ дүние жүзінен келетін туристердің орталығына айналары сөзсіз. Оның үстіне исі мұсылман елдерінің пір тұтар әулиесі Арыстанбабтың және халқымыздың біртуар абыздары мен билері, хандары мен батырларының кесенелері орналасқан аудан орталығы – Шәуілдір қалашығы уран кенішінен бар болғаны 51 километр жерде болса, түркі әлемінің рухани астанасы, қасиетті Түркістан шаһары 78 километр жерде. Аса қауіпті радиоактивті жүктердің тарихи орындар мен аудан орталығы арқылы автокөліктерімен тасылуы, бұл мәселеге билік басындағылардың асқан жауап­сыздықпен қарауы елім деген азаматтарды қатты алаңдатуда. Оның үстіне, бұл уран кенішінің әлемдегі алтыншы, Қазақстандағы әрбір төртінші қазақ тұратын Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы – миллионға таяу тұрғыны бар Шымкентке жақын орналасқандығы және жылдың 185 күнінде батыстан тұратын желдің Арыс қаласына, сыйымдылығы 3 млрд текшеметр «Көксарай» және 5 млрд текшеметр Шардара су қоймасына, киелі Қазығұртқа, қасиетті Сайрамға, әлемде теңдесі жоқ «Ақсу – Жабағылы» қорығына дейін радиациялық шаң-тозаңды әкелетінін тиісті министрліктер мен билік орындарының ескермегендері жанға батады. Қазірдің өзінде жандана бастаған рухани туризм Орта Азия мен алыс шетелдерден де күн сайын Арыстанбаб – Әзірет Сұлтан (Түркістан) бағытында мыңдаған адамдарды тартуда. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Барланған қоры 25-30 мың тоннаны ғана құрайтын, кеңес өкіметі кезінде негізгі қоры алынып, 899 уран ұңғылары жабылмай қалған, 300-ге таяу адам ғана жұмыс жасайтын «Заречное» уран кенішін қайта пайдалану өзіңіздің тапсырмаңызбен елімізде дамытылуға тиісті «Туризм» кластерінің негізгі тармағы болып табылатын ежелгі Жібек Жолы бойындағы Сайрам – Шымкент – Қазығұрт – Ердәуіт – Қалаш – Қараспан – Отырар – Түркістан – Сауран – Кентау – Созақ - Бәйдібек – Домалақ Ана – Шымкент туризм бағытына және де халықаралық сауданы жандандыруға тиісті Батыс Европа – Батыс Қытай автомагистралымен еліміз арқылы өтетін транзитті жүк тасымалына да орасан зор кесапатын тигізбек. «Заречное» уран кенішінің жұмысы Елбасының халық үшін жасап жатқан игі шараларының жүзеге аспауына мүдделі күштердің басты кедергісі деп санауға мәжбүрміз. Қазақ Елінің тәуелсіздік алғанына, міне, 20 жыл толды. Осы қиын кезеңде халық шаруашылығы мен өндіріс салаларының басшылықтарына мемлекет, ел мүддесінен гөрі, жеке мүддені жоғары қоятын кездейсоқ адамдардың келгені де ешкімге құпия сыр емес. Қанқұйлы совет атомшы­ларының мұрагері «Қазатомпром» АҚ-ның басшыларының 2000-шы жылдың басында дүниежүзілік ядролық қоқыстарды қазақ жеріне әкеліп көміп, қаржы таппақ болған авантюраларын да ел әлі ұмыта қойған жоқ. Ал мына пайдасы экономикалық жағынан тым күмәнді, транспорт және басқа да коммуникациялардан өте қашықтықта орналасқан, оның үстіне, ашық су көздері, стратегиялық маңызы бар Сырдария, Ызакөл, Арыс өзендерінің және басқа да үлкен магистралды каналдар үстімен өтіп жатқан стандарттарға сай келмейтін автожолдар арқылы уран шикізатын тасымалдау қоршаған ортаға әкелер экологиялық қатерді ондаған есе еселей түседі. Және бұл жолдардың екі жағында орналасқан жері «Қызыл кітапқа» кірген, басқа ешбір жерде өспейтін шипалы өсімдіктер өсетін алқаптар мен шөбі шүйгін әрі оты мол мал жайылымдары мен топырағы шұрайлы мақта, жүгері, басқа да егістік жерлерді де айналымнан шығаратын нағыз апаттың көзіне айналдырады. Тұрғындары тығыз орналасқан, халқымыздың бұлжытпай орындалуға тиісті салт-дәстүр, рәсімдерінің сақталып қалған, ұлттық идеологияның алтын тұғыры болып саналатын облысымыздың қасиетті де киелі бұл өңірінен уран кенішін ашып, пайдалану, оны осы жерлер арқылы тасымалдап, радиоактивті елсіз аймақтарға айналдыру – рухани, ұлттық бұлағымен қайта табыса бастаған халқымызды және келіп жатқан шетелдік туристерді қасиетті әулиелі жерлерден бездіретін, мемлекетіміздің нағыз, бітіспес ата жауларының тереңнен ойлап, әдейі қаскөйлікпен жасап отырған іс-әрекеттері деп бағалауға толық негіз бар деп есептейміз. Темір жол және де басқа қажетті коммуникация құрылымдары бар елдімекендерден қашықта орналасқан Бетпақдалада барланған, қоры миллион тоннадан астам уран шикізаты кеңінен өндіріліп жатыр. Бұл кеніштерде өндіру технологиясы мен қауіпсіздік шаралары ойдағыдай қатаң сақталынып жатса, онда оған, әрине, таласымыз жоқ. Мемлекетаралық шарттар, ең біріншіден, халықтың мүддесін ескеруі тиіс, және қаншама маңызды болса да, халықтың денсаулығы есебінен жүзеге асырылмауы керек! Мемлекет деңгейінде атқарылуға тиісті мұндай маңызды шаралар, біріншіден, халқымыздың өмір сүру құқығын сақтауы, халықтың өміріне зардабын тигізбеуі керек, яғни адамдарымыз тұтынатын таза ауа, таза су, экологиялық жағынан таза тамақ өнімдері мемлекеттік стандарттарға сай болуы керектігін Сіз тұрақты түрде айтып келесіз. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізден халқымыздың конститутциялық құқықтарының қорғаны, әділеттіліктің қорғаушысы деп, жоғарыдағы айтылған аса маңызды тұжырымдар негізінде экологиялық және моральдық зияны елімізге шаш-етектен болып тұрған «Заречное» уран кенішінің жұмысын үзілді-кесілді тоқтатуға, ол үшін тиісті билік орындарына шешімді пәрмен беруіңізді екінші рет сұранамыз. Ө.Ақжігіт, «Жас қазақ үні» газетінің бөлім редакторы; М.Дуанбеков, эколог, техника ғылымының докторы, профессор; Ж.Әбішев, ОҚО тәуелсіз кәсіподақ конфедерация төрағасының орынбасары, заңгер; Н.Қожаханов, ЖСДП ОҚО филиалының төрағасы; Ж.Өтеген, ОҚО «Демократиялық халықтық Альянс» қоғамдық бірлестігінің төрағасы; А.Күмісбек, республикалық «Ұлт Тағдыры» ОҚО облыстық филиалының төрағасы; Қ.Махан, ОҚО «Арал-Эко» қоғамдық қорының төрағасы; Н.Шыңбаев, «Алаш рухы» қоғамдық Бірлестігінің төрағасы; Ж.Сейтімбет, Демократия институттарын дамыту орталығының директоры; І.Байжанов, ОҚО «Ақиқат – 1» қоғамдық Бірлестігінің төрағасы; С.Нұрбекова, ОҚО мұғалімдердің тәуелсіз кәсіподақтарының төрайымы; Ш.Пірмат, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, саясаткер; Е.Пернеев, «Аталар сөзі» газетінің жауапты қызметкері; Н.Әмірова, тәуелсіз саясаткер; М.Атахан, желтоқсаншы, тәуелсіз саясаткер; Ә.Шонжы, тәуелсіз саясаткер.