ТАЛҒАР АУДАНЫНДА КӨПБАЛАЛЫ АНАНЫҢ ҮЙІ ӨРТЕНІП КЕТТІ

Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты Панфилов ауылында Астанадағы бес бала өртеніп кеткен оқыс оқиға қайталана жаздады. Бұл жайында журналист Қанат ӘБІЛҚАЙЫР "Facebook" парақшасына жазды.

Тілсіз жаудың кесірінен жеті баламен "Алтын алқа" иегері үйсіз-күйсіз қалды. Үй толықтай өртеніп кетті. "Амандық Баталовтың қолынан "Алтын алқа" алып, ешкімге алақан жаймай, тырбанып күнін көріп жүрген отбасы еді. Алтындай балалары мен қыздарына обал. Әке-шешесі ылғи әркімнің үйін жағалап, пәтер іздеп жүреді. Көпбалалы отбасыға ешкім үйін жалға бергісі келмейді. Содан болар, осы қыста үшінші рет қоныс аударып еді. Ақыры, міне бүгін далада қалды", - деп жазды Қанат Әбілқайыр.

Журналист Талғар ауданы әкімі Жолан Омаровқа хабарласып, көмектесуін өтінген. Сондай-ақ, облыс әкімінің қолынан "Алтын алқа" алған көпбалалы ананың жағдайын Амандық Баталовқа жеткізуді сұраған. "Еріктілер жылына еріктілерді жинасақ та, жас отбасыға көп болып көмектесіп жіберелік. Астанадағы бес баланың оқиғасынан облысты, ауданды, қала берді біздің ауылды Құдай сақтап қалды. Әйтпесе, қазір бүкіл Қазақстан шулап жатар еді", - дейді ол.

Көпбалалы ананың Қуаныш, Азамат, Гүлім, Ерасыл, Аяжан, Жансерік және Аяла есімді ұл-қыздары бар. Көмектесемін деушілерге Каспи Gold 5169 4971 0021 1725 Шенгелбаев Бауыржан Топарбекович, +7 707 169 19 81 реквизиттері көрсетілген.

Іле-шала осы жазбадан кейін Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел арнайы пост жазып, үйі өртенген көпбалалы отбасын жуырда жақсы жаңалық күтіп тұрғанын жеткізді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"