Елорда әкімдігі су тасқынын алдын алу үшін тікұшақ сатып алған
2020 ж. 25 ақпан
1542
0
Бұл туралы Үкімет отырысында қала әкімі Алтай Көлгінов айтты.
Қала әкімі су тасқынының алдын алудағы күштер мен құралдардың дайындығына да тоқталды, - деп хабарлайды baq.kz.
- Мемлекеттік материалдық резервтен арнайы техника қосымша алынды. Қаланың азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін 2020 жылғы су тасқыны кезеңінде дайындау мақсатында қаланың коммуналдық қызметкерлері мен ішкі істер органдарын автомобильдік және инженерлік жабдықтарын жалпы топтау жасалды. Атап айтқанда, 663 адам құрайтын жеке құрам, 181 бірлік техника, 14 жүзу құралы, 67 мотопомпа және бір тікұшақ..., - деді Алтай Көлгінов.
Айтуынша, қазір елордалық қар тазалаушылар үш ауысымды жұмыс режимінде 1600-дан астам жұмысшы мен 1500-ден аса техника қызмет етіп жатыр.
- Қаңтар айы бұрқасынды болып, қар жиі жауды. Қаңтарда 53 миллиметр қар түсті. Қардың айлық нормасы 16 миллиметр болса, бұл айлық нормадан 3 есе көп болды. Биыл қыста 4 қарлы боран болып, қараша-ақпан айларында 173 миллиметр қар жауды. "Қазгидрометтің" мәліметі бойынша, 25-27 ақпан аралығында елордада температура +3 градусқа дейін көтеріліп, жауын-шашын, қар, бұрқасын, көктайғақ, жел 20 м/с асады деп болжануда. Сондықтан қар тазарту бойынша жұмыстар ерекше бақылауға алынды. Бүгінгі таңда 4,5 млн текше метрден астам қар шығарылып, қаланың коммуналдық қызметкерлері 3 ауысымды жұмысқа көшті. Күн сайын 1600-дан астам жол жұмысшысы, 1500-ден астам арнайы техника жұмылдырылды. Сондай-ақ жеке ұйымдардан бірлік техника қарастырылды, - деп баяндады қала әкімі су тасқынының алдын алу жұмыстарын таныстырғанда.
Естеріңізге сала кетейік, арнайы штаб құрылып, қар еру кезінде тасқын судың алдын алу бойынша кешенді жоспар бекітілді. Су тасқыны ықтимал 37 орын анықталғандығын жазған болатынбыз. Сондай-ақ, "Қазгидромет" апта сайын гидрологиялық болжамдар ұсынатын болатындығы айтылған еді.