Облыстық екі газет «Saryarqa aqparat» сапында

       Қарағанды облысында екі облыстық газет «Saryarqa aqparat» бірыңғай медиахолдингіне біріктірілді. Қарағанды әкімінің баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, «Ortalyq Qazaqstan» және «Индустриальная Караганда» газеттерін жаңғырту мақсатында Қарағанды облысы әкімдігінің қаулысымен екі облыстық баспа басылымын бірыңғай медиа-холдинг – «Saryarqa aqparat» ЖШС-не біріктіру туралы шешім қабылданды. Медиахолдингтің құрамына Талдау және болжау орталығы мен «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі кіреді. Бір ЖШС біріктіру туралы шешімді қос басылымның редакциясы түсіністікпен жылы қабылдады. Газеттерді бірыңғай медиахолдингке біріктіру заман талабына сай іске асырылып отырған шара. Екі газет те бұрынғы атауларымен жұмыс істейтін болады. Облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов «Saryarqa aqparat» ЖШС-нің жаңа басшысы Қамбар Ахметовты таныстырды. Қамбар Жұмағалиұлы Ахметов 1978 жылы Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі. Журналистика саласындағы өз қызметін қалалық «Балқаш өңірі» газетінде бастады. 2004 жылдан 2006 жылға дейін облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің тілшісі болды. Кейін облыстық «Балқантау» газетінде жұмыс істеді. 2005-2008 жылдары Қарағанды облысының атынан «Қазақстан баспасөз клубында» жұмыс атқарды. 2007 жылдан бастап 2014 жылға дейін республикалық «Айқын» газетінің тілшісі болып жұмыс істеді. «Baq.kz» ақпараттық агенттігінің, «Қазақстан» РТРК» АҚ интернет-жобалар бөлімінің, «Нұр Отан» партиясына қарасты «Электрондық партия» медиа редакциясы интернет-ресурсының басшысы болып қызмет етті. 2016 жылы Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрінің кеңесшісі, 2018 жылы «Egemen Qazaqstan» газетінің бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарған. ҚР Президентінің Алғыс хатымен, ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» медалімен марапатталған. З.Қабилоллаұлы  qazaquni.kz