ҚАЗАҚ АРАҚТЫ ҚАШАН ҚОЯДЫ?

                 Таңғы тұман бөккен көшеде келе жатырмын. Тұманның қалыңы-ай десеңші! Екі-үш күннен бері дәл солай. Жылы төсектен тұрғанның әсері ме, күртешемді қанша қымтанып, бөкебайды орағыштасам да, тоңазып кеттім. – Сағатың қанша болды? – деді жанымнан өтіп бара жатқан кісі. Мен уақытты айттым. Орта бойлы, сарғыш өңді, кәрілік меңдеп бара жатқан жүзінен ауру табы сезілгендей жүдеу жан екен. Тіксініп қалдым. – Түнде ішіп едім, бастығым «массың, сауығып келген соң, сөйлесеміз» деп қуып жіберді. Аздап, мына таза ауада жүріп, қайта барамын ғой, «кешір аға, жастық, мастық болар...» деп. «Ішіп едім» дегеннен-ақ, оның көшеде ұйықтаған болуы мүмкін екендігін ойладым. Ойым өзімді шошытты. Бірақ, мынау адамның ұсқыны, шынында да, әлдеқандай бір қуыста ұйықтап шыққан адамға ұқсар еді. Алыс жолдан әбден қалжыраған, аэропорт не вокзал басында түнеген жолаушылардың салыңқы қабағы бар еді онда. «Үйде ұйықтадыңыз ба?» деп анықтап, сұрағым келіп, оқтала бергенімде: – Соғыс болғанын білесің... Алты жаста әкеден айырылдым, соғыстың шетін көріп қалдым. Бірінші классқа он жасымда келіп отырдым. Жеті-ақ классты бітіргенмін. Әй, сонда да ешкімге есемді жібермеймін. «Жақсы тыңшы болу үшін бухгалтерияда істеу керек» деген қазақтың мақалы бар ғой... Менің істемеген жұмысым жоқ. «Мақал» деп бірнеше терминнің басын қосып тұрғанында менің көздерім амалсыз «осының дені сау ма?» дегендей, бақырая қарады оған. Маған ғой «жастық, мастық болар» деп бастығымнан кешірім сұраймын» деп еді, енді ғана бажайлап қарап, мен оны қырықтың қырқасына шыққан жан деп ұқтым. Сонда, кейде көбіміздің болмауы да мүмкін қателіктерді жасап алып, жастық пен бейкүнә балалықтың мойнына артатынымыз есіме түсті. Ол рас қой, шайнап берген ас болмайтыны және бар, дегенмен сақал шыққан жасамыс кездің өзінде жас баланың санасындағы түсінікпен қателесіп жүргеніміз аз ба?! Бір сәт осы кісі маған әдейі айтып келе жатқандай көрінеді, бірақ, ондай ойдың тұманын ыдыратқан өз сөзі болды. – Жиырма бес сомым бар еді, өзім ішіп қойдым ба, әлде біреуге бердім бе, есімде жоқ. Анау көше қиылысындағы дүкен сегізде ашылады, бір қызыл алып ішейік, қазақта «тамақтан өлмейсің, судан өлесің» деген мақал бар. Мен шөлдеп, ауырып келем, ішпесем өлемін ғой, – деді бір жұтынып қойып. – Бес сомың бар ма? Мен оның не айтқысы келгенін бірден түсіндім. «Тамақ ішпесем де, жүре аламын, ал арақсыз... болмайды» деп тұр ғой. Ия, арақсыз-ақ орындалар қанша жердегі болмас жәйтті себеп қып, есіл уақыт пен асыл денсаулықты көл-көсір шашып жүрміз ғой. Бізден мырза, бізден кең жандар бар ма екен?! Арақ – әзәзіл. Қаншама қайғылы жағдайлардың, асыл азаматтар ажалының себепкері. Он қайғының бірін де болдырмау мүмкіндігі біздің өз қолымызда, тек тереңірек ойланып, ашық көзбен айналаға бір қарасақ жетіп жатыр. – Мен кітаптың бәрін оқып тауысқан адаммын, ән де айта аламын, өлең шығарып, күй де тартамын. Енді «Абай жолы» сияқты бір тарихи кітап – өз өмір тарихымды жазбақпын. Балаларым білсін, әкесінің тек мас болып қана жүрмегенін. Айналайындар, өздері шеттерінен үздік оқиды... Бір кезде жас кеудеде алаулаған армандар, жетсем деген тәтті қиялдардың қайта бір өзекті өртер өкініш болып көрініс беруі еді бұл. Жас кезде кімде арман болмайды?! Бәріміздің кеудеміз отқа толып тұрған жоқ па?! Сол тәтті ойлар түкке тұрғысыз улы заһар сусынға сүңгіп жоқ болғанда осындай өзін-өзі өтірік мақтап, жетпегеніне желпіну, көрмегенін айтып көку пайда болады екен де?! Рас, ол ән де айтып, өлең де жазып, күй де тартқан болар, біздің қайсымыз жас кезде шырқамадық? Ал кітап... Айтыңызшы, кітаптарды оқып-тауысу мүмкін бе? Ғылым-білім шыңына шығу, оһ, қаншалық азапты еңбекті, қажыр қайратты талап етеді! Және оның берер ләззаты, рухани рахаты қандай?! Барған сайын қызықтырып, енген сайын еліктіре бермей ме кітаптар дүниесі?!. Әне – байлық, әне – жиһаз! Ал бұл кісі «кітаптың бәрін тауыстым» дейді. Өз өтірігіне өзі сенген қайран мас көңіл... – Мендей адаммен таныссаң, ешқашан қор болмайсың. Танысып қояйық... – деп қолын ұсына берді ол. Несін айтасыз, кез-келгенімізге таныс кейіпкер, түсінікті хал емес пе?! Тек, ойлайықшы, әр көкіректің өз оты бар, әр мидың өз мүмкіндігі бар – отты өшіріп, мүмкіндікті шашыратып жүрген, жігерімізді құм етіп, батылдығымызды балшық еткен тағы да өзіміз емес пе?! Өзімізді игеруге тиіс тұстан асып кетіп жүреміз кейде... – Қап, әлі ашпапты-ау!.. Дүкен есігіндегі қара құлыпты көргенде өзінің жалған қиялына семіріп, ашылып келе жатқан жүзі, қабағы қайтадан тарс жабылды. Сағатыма қарасам, сегізге он минут қалыпты. Ал оған осы титімдей, біреу үшін қасқалдақтың қанындай қажет уақыт, ол үшін бітпес ғұмырдай көрініп кетіп еді. Таңғы сегіз түгіл, кешкі сегізде ашылатын болса да, ол шыдап-күтіп, тапжылжымай тұруға бар еді... Мен қоштасып жүріп кеттім. Ал ол қасиетті Қағбаның алдында сиқырланған мұсылмандай қалшиып тұрып қалды... «Маскүнемдік – адамның өз еркімен жындануы» депті Пифагор... «Көшеде мас жатыр. Аппақ дүниенің бетіне жағылған қап-қара күйедей» деп жазыпты Төлеген Айбергенов күнделігіне. Осындай жандар арамызда сирек те болса ұшырасады ғой. Біз дүниенің бетіне емес, өз бетімізге өзіміз кір жағып жүрмейік! Көкірегіміздің айнасына қарайықшы! Р.S. Оқушым! Бәлкім, сізді де осындай гүл өмірдің, шат тіршіліктің кіршіксіз дидарын былғап, адам атты ұлы есімді төмендетіп жүрген кейбіреулердің тағдыры толғандырып жүрген болар... Жазыңыз, пікір алысайық! Ортаға алайық! Өзге де мәселелер өрбітіңіз... Мылтықбай ЕРІМБЕТОВ, Жазушылар Одағының мүшесі