Қорықшыны өлтіргендер өмір бойы бас бостандығынан айырылды
2020 ж. 21 ақпан
2905
0
Бүгін Қарағанды облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында қорықшы Ерлан Ерлан Нұрғалиевті өлтіргендерге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ерлан Нұрғалиевті өлтіру әрекетіне қатысты сот тыңдауы Қарағандыда 2019 жылдың тамыз айында басталды. Қылмыстық іс 40 томнан тұрады, тыңдауға 80-нен астам куәгер қатысты. Сотталушылар орындығында Берік Ахметов, Нұрлан Шүкілдіков және Қайрат Ақшанов отырды.
Осыған дейінгі сот тыңдауында прокурор барлық үш айыпталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы берілсін, оны айыпкерлер қауіпсіздігі ерекше колонияда өтесін деп сұраған болатын.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қайрат Қасымов прокурордың талап-арызын қанағаттандырып, сот үкімімен Берік Ахметов, Қайрат Ақшанов және Нұрлан Шүкілдікұлының өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілгендігін айтты.
Осы іске қатысы бар тағы төрт азамат: Берден Базаров, Батырбек Қайырбеков, Жарасхан Мырзабаев және Айдос Әкімов босатылды. Себебі сотқа дейінгі тергеу органдары оларға қатысты қылмыстық істі тоқтатқан болатын. Алайда Ерлан Нұрғалиевтің баласының адвокаты екіжақты пікірталас барысында бұл шешіммен келіспейтінін, осыған байланысты жеке қаулы шығарып, қылмысты жасыру мен ол туралы құзырлы органдарға дер кезінде хабар бермеу бабы бойынша қылмыстық тергеуді қайта бастауды сұраған болатын.
Осыған дейінгі отырыста жәбірленуші тарапының қорғаушысы 20 млн. теңге моральдық шығын және 9 миллион 137 мың 600 теңге көлемінде материалдық шығын келтірілгенін атап өтті. Сонымен қатар, сотталушы 17 ақбөкен үшін өтемақы төлеуге тура келеді – бұл 89 миллион теңге.
7 азаматтың барлығын сот залынан алып кетті.