Мәдениеттің күйреуі ұлт болашағына зардабын тигізеді

              Қазіргідей төрткүл дүниені қара қазандай қайнатқан, мұхиттың ар жағынан жедел хабар алдыртқан ақпараттық толқын арнасынан тасып дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз. Қазақ жерінде Менделеев кестесіндегі элементтің барлығы бар. Бірақ сол жерасты қойнауындағы байлығымыз келімсектердің қанжығасына мықтап байланды. Жер үстіндегі байлық жемқорлардың уысында. Сонда бұл қазақ Айға барып жан сақтай ма? Көрер күніміз не болмақ? Ал еліміздің мәдениет ошақтарының хал-жағдайы адам айтса сенгісіз жағдайда...

Мемлекеттік қазынадан бөлінетін қаражат қайда кетіп жатыр? Үкімет, Сенат, Мәжіліс, қала берді, мәслихат депутаттары қадағалап, әкімдерді бақылауы тиіс. Сайлауға түсерде «мен олай істеймін, мен бұлай істеймін» деп уәдені үйіп-төгіп беріп, сайланып алған соң, «есек судан өтті, қу кеттінің кері» болады. Шетелден келетін кім көрінгенге қомақты қаржыны шаша беретін үкімет пен биліктің, мәдениетке келгенде, құдығы қурап қалатыны ақылға сыйымсыз. Мәселен, Алматы қаласының қақ ортасында орналасқан 70 жылдық тарихы мен 136 000 қоры бар Мәдениет кітапханасының жай-күйінен БАҚ арқылы халық хабардар. Жоғарыдан «босатыңдар, кітапхананың орнына шошқаның етін сататын дүкен ашамыз» деген қағаз келген соң, кітапхана директоры Клара Біләлова ханым кітаптарды 50-100 теңгеден сатуға мәжбүр болды. Осылайша, теңдесі жоқ қаншама байлық ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті... Мәдениет басқармасының жұмысы апта сайын пайдасыз жиналыс өткізуден, қағаз жүзінде атқарылған істердің нәтижесін жинақтаудан, одан қала берді, бір-бірімен бітпейтін дау-дамайға ұласқан «соғыс» кезінде шығармашылық тасада қалып, сөзбен сурет салудан ары аспайды. Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театры – ұлттық театр өнерінің қарашаңырағы еді. Қазір тек атауы мен ғимараты ғана қалды. Басшылықта отырғандар өнерден мүлдем бейхабар адамдар. Киелі өнердің де, кәсіби маманның да қадірін білмейді. Өзінен қызметі төмендерге кісімсіп, көсем болып, өзінен лауазымы жоғарылардың алдында құрдай жорғалап, жалтақтап жағымпазданады. Мінген көлігі мен отырған креслосын айтып, өз-өздеріне сүйсінуден аспайды. Таяуда жолым түсіп Павлодар облысын аралап, жергілікті зиялы қауыммен сұхбаттастым, халықтың күйі де жадағай көрінді. Бүгінде Павлодар тозған. Ертедегі салтанат жоқ. Талай батырлар табан тіреген, ту тіккен, қайран дала әбден шаршап-шалдыққан, су жоқтықтан тақырға айналып кеуіп жатыр. Павлодар облысы Шарбақты ауданы Мәдениет үйінің ішкі көрінісінің өзі 1960-70 жылдардың айнасы. Тіпті, Кеңес одағы ыдырағаннан бері, кітапханасына бір кітап алмаған. Ескі кітаптарды отқа жағып жатқандарды өз көзіммен көрдім. Ондай аудан орталықтары қаншама? Мысалы, Қашыр, Успенка, Железинка, Ақтоғай, Ертіс, Май аудандары да оңып тұрған жоқ. Павлодар қаласының Артур базарында небір тарихи кітаптар, көркем әдебиет қоқыста шашылып жатыр. Не домбыра, не қобызы жоқ мәдениет ошақтары да бар болып шықты. Мәдениет, өнер қызметкерлерін қазіргі таңда, облыс әкімімен бірге тұңғыш баласы секілді еріп келетін «командасы» шаршатқан. Себебі, жаңа әкім тағайындалса, міндетті түрде, жаңа мәдениет басқарма бастығы келетінін алты жасар балаға дейін біледі. Мәдениет үйінде жұмыс істейтіндердің арнаулы бітірген білімі жоқтар. Жиырма сегіз адамның төртеуінде ғана білімі жоғары. Сондықтан, арнайы білімі жоқтар 20-30 мың теңгенің көлемінде жалақы алады екен. Облыстағы мәдениет үйі қызметкерлерінің қырық пайызы жарты жүктемемен (ставка) еңбек ететіндер. От жағатын, үй сыпыратын адамның айлығы одан да аз. Әр жазда жөндеу жұмыстарына бөлінетін қаржы мүлдем жетпейді. «Әрқайсысымыз өз үйімізден сырлы бояу, құм, әк, шелек, қалақ және басқа құрал-саймандарды әкеліп, ремонт жасағандай боламыз. Шама-шарқымызша жамап-жасқаймыз. Олай істемесек, бұл ғимарат құлап қалуы мүмкін, 1952 жылы салынған, ескі үй емес пе?.. Төбесінен су ағып, жылу жүйесі дұрыс істемейді, қабырғалары, бөлмелері тозып тұр...» дейді. Жыл сайын қазынадан бөлінген қаржының қомақты бөлігі пайдасыз байқауларға, фестивальдерге құйылады. Өнерден қаржы тауып байымайтынын үкімет әлдеқашан білген. Кәсіби мамандарды жетелеп, жұмыс жасауына ерік берудің орнына, басқарма тарапынан оның шабытына тұсау салынуда. Өнер тайқазанына өз дарындарын салудың орнына жекелеген қарым-қатынастарын, ағайын-туыстарын салып «қайнатуда». Шындықты айтқан адамның алды тұман, арты құз. Кәсіби маман иесін қадірлеу, оны бағалауды ұмытқалы қай заман?!. Шығармашылықпен айналысар, ізденіс пен талпынысқа ұмтылар жан да, өнерге жанашыр адам да қалмаған. Шетінен заңгер, бухгалтер, мұнайшы болғысы келетін бұ қазақ жастары мәдениет пен өнерге неге бір табан жақындамайды? Немесе аспазшы, сантехник, электрик, теледидар жөндейтін шеберлікті неге меңгермеске? Дамыған елу елдің қатарына кіреміз деп, бос алакеуде айғай абырой әпермейді. Халықты той-томалақ емес, балалардың болашақ бақыты үшін жан салар ізденіс пен ұмтылысқа толы еңбек алаңына жинауымыз керек сияқты...

Жұмамұрат ШӘМШІ, тарих ғылымдарының кандидаты