Азамат САТЫБАЛДЫ, актер, тележүргізуші: НАЗГҮЛ ЕКЕУМІЗ ИТ ПЕН МЫСЫҚТАЙ ЕДІК....

– Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының актерлар бөлімінің өзі жеке бір әлем десек болады. Сол әлемде орын алған студенттік шағыңызды қазір сағынасыз ба? Жалпы қандай студент болып едіңіз?.. – Адамның есепсіз өмір сүретін кезі – студенттік кезең. Студенттік кезеңді кейде қалжыңдап «шегіртке ғұмыр» деп атаймын. Өйткені таңның атысы, күннің батысы – уайым жоқ, қайғы жоқ, «ала жаздай ән салып, селкілдеп би билеп» жүретін кез ғой... Сол уақыттағы менің мақсатым – әр күнімді жақсы өткізу болды. Басымды анаған да, мынаған да ұрып, бойжеткен қыздармен танысып, кешкісін дискотекаға барып, сабақта ұйықтап отыру сияқты кезеңдердің барлығын өткердік. Жалпы мен ғана емес, кез келген студент осылай өткізеді деп ойлаймын. Қазір ғой, белгілі бір жұмыс кестесіне кіріп алып, соның құлы болып қалғанымыз. «Былай тартсаң арбы сынады, былай тартсаң өгіз өледі». Кейде туысқандарыма көңіл бөле алмағыныма іштей ренжимін. Бала кезімнен барлығының алдында жүріп үйреніп қалғандықтан, студент кезімде де сол әдетім қалған жоқ. Мектепті бітірген соң, Қарағандыдағы әскери оқу орнында екі жыл оқыдым. Ағаларымның барлығы офицер болғандықтан, әкем де мені әскери адам боласың деп, сонда оқуға жіберді. Қазаққа сіңген қасиет бойынша, «ол оқуды оқығың келе ме, келмей ме?» деп сұраған да жоқ. Әскери оқуда сержант, ал өнер институтында староста болдым. Қайда жүрсем де, қоғамдық істерге етене жақын болды. – Сол «шегіртке ғұмыр» сүріп жүрген кезіңізде М.Әуезов театрының мықты актерларының бірі болатындығыңызға сендіңіз бе? – Сендім. Себебі бір түс көрдім. Оны осы уақытқа дейін ешкімге айтқан емеспін. Түсімде біздің курстағы барлық балалар көкпар ойнап жүр екенбіз. Бәрінің астында семіз-семіз аттар. Ал мен түйеге мініп жүр екенмін және қанжығамда көкпар. Осы түс қатты әсер етті. Болашағымның жарқын болатынына сендім. Тынымсыз еңбектеніп, өмірімді өзгерте бастадым. Үшінші курстан бастап театрда жұмыс істедім. Актер боламын деп армандаған жоқпын. Әскери оқудан бұзықтығым үшін шығарып жіберді. Қайтып ауылға барып, әкеме қарайтын бет қалмаған соң, ауылдың бір жігіттерімен бірге жай театрға келдік. «Ғасырдан да ұзақ күн» деген Ш.Айтматовтың шығармасы қойылып жатыр екен. Осы қойылымнан кейін өмірімде алғаш рет қатты таңқалдым. Өмірге деген көзқарасым түбегейлі өзгерді. Бір спектакль көріп, театрға ғашық болып, өнер институтына келсем, емтихан тапсыруға 2-ақ күн қалған екен. Аз-ақ уақыт дайындалсам да, аяқ астынан оқуға түсіп кеттім. Тіпті, не боп кеткенін өзім де түсінбей қалдым. Түсіп алғаннан кейін «бұл оқуда нем бар еді?!» деп өкіндім. Әкеме айтып едім, қатты ренжіді де: «Актерлық деген өте қиын мамандық. Мен сенің түсуіңе қарсы емеспін. Бірақ, ойлан! Мен сені театрдың массовкасынан, киноның эпизодтарынан көрмейтін болайын. Ол мен үшін өлім. Сені ұлы актерлар сияқты алдыңғы шептен ғана көрейін» деді. Әкемнің осы бір сөзі мен үшін қатты соққы болды. Сөйтіп жарты семестр бойы үшке оқыдым. Содан кейін ғана ақырындап үйреніп, өзімді қамшылап, үздік студенттердің қатарына қосылдым. – Назгүл апаймен алғаш танысып, ұнатып қалған кезіңіз есіңізде ме? – Біз Назгүл екеуіміз басында «ит пен мысық» сияқты болдық. Ең бірінші таныстығымыз ұрыстан басталған. Ол Батыс Қазақстаннан келген үйінің ерке қызы еді. Бірінші күні институтқа келгенде мені староста етіп тағайындады. Ертесі күні келсем, барлық қыздар сөмкелерін терезеге қойып қойыпты. «Сөмкелеріңді алыңдар, сырт жақтан көрініп тұр» деп ескерттім. Қыздардың барлығы айтқанымды тыңдап6 сөмкелерін алды. Ал Назгүл тыңдамады. Сосын сөмкесін алдым да, екінші қабаттағы терезеден лақтырып жібердім. Жерге шашылып түсті де, жанжалдасып қалдық. «Сөмкемді әкеп бер!» деді. «Бар да жинап ал!» деп қырсығып, сөмкесін әкеп бермедім. Содан бастап бір-бірімізді ұнатпадық. Маған Батыстың еркек мінезді қыздары ерсі көрініп тұрды. Төртінші курста ғана екеуміз бір қойылымнан махаббат туралы үзінді ойнадық. Сол кезде Назгүлге қалай ғашық болып қалғанымды өзім де байқамай қалдым. «Аспаннан қыз іздеп жүргенше, жанымдағы қыздарға неге қарамаймын? Осы Назгүлдің мінезі де жақсы, ақкөңіл, тәрбиеге келетін сияқты» деп ойладым. Бірте-бірте ұшқын пайда болып, ол бара-бара жалынға айналып, байқаусызда отбасын құрып кеттік. – Балаңыздың ұлттық дүниемен сусындауына қаншалықты үлес қосып жүрсіз? – Мен бала тәрбиесіне өте үлкен жауапкершілікпен қарайтын адаммын. Өйткені бала – болашағым. Ата-ананың орта жасқа келгенде жемісті өмір сүруі балаға байланысты. Егер балаң жақсы болса, өмірің тыныш болады. Сондықтан баламның тәрбиесі өзімнің мойынымда. Мақтанғаным емес, баламды үш айлығынан бастап өзім шомылдырдым. Балам мен жұмыстан келгенше ұйықтамай тосып отырады. Екеуіміз бірге ұйықтаймыз. Ұлттық тәрбие жағына келер болсақ, баламды бір жасынан бастап жаздай ауылға жіберемін. Өйткені ата-әжесінің тәрбиесін көрген бала мейірімді болып өседі. Пайғамбарымыз с.ғ.с намазды ұзақ уақыт отырып оқиды екен. Бір күні баласының жылаған даусын естіп, намазын жеделдетіп бітіріп, баланы жұбатқан көрінеді. Сонда сахабалары мұның сырын сұрағанда: «Алла тағала адамның жүрегіне мейірім береді. Сен сол мейірімді балаға беруің керек...» деген екен.

Мінезімнің опа алып берген кезі жоқ – Сіз туралы театр сыншылары «алғаш келген кезде ізденісі көп актер еді, ол да театрдағы арнайы қалыпқа түсіп бара жатыр» деген пікір айтады. Келісесіз бе? – Ол да дұрыс... Театрға алғаш келгенде расында да түнде ұйықтаған жоқпын, неше рет театрда қонған кездерім болды. Спортзалда қанша тер төктім. Қазір де солай еңбектенемін. Алайда еңбегім өнімсіздеу шығып жатыр... Дәл қазір менде шығармашылық дағдарыс. Алдыңғы жылым құры өткен. Не өзіме, не өзгеге пайдам тиген жоқ. Оған қарағанда былтыр Абай рөлін ойнадым. Отыз екі жаста Абай рөлін ойнау... Егер сыншылар тарихқа үңіліп, дұрыс бағалай білсе, ол үлкен жетістік. Актерді өсіру үшін алтынның қажеті жоқ. Оған тек халық көңілі ғана керек. Бір сөзбен айтқанда, актер терезедегі гүл. Оған су құйып, жылы жерге қойсаң өседі. Ал тар қапаста сусыз қалдырсаң, өледі... – Мінезіңіз жайлы да түрлі қауесеттер шығуда... – Мінезім жақсы деп айта алмаймын. Егер қандай да бір адам менің намысыма тиетін болса, оған міндетті түрде қарсы шығамын. Мейлі ол бастық болсын, басқа болсын. Кез-келгеніне қарсы шыға аламын, жауап беремін. Осы мінездің опа әперген кезі жоқ. Бірақ қанға сіңген қасиет. Кейде осындай мінезімнен таяқ жеп жатамын. Журналистермен, сыншылармен тіл табыспай жүргендігім де осы мінезімнің «арқасы». – Режиссерге де қарсы шығатын кездеріңіз бола ма? – «Қаракөз» қойылымының дайындық кезінде Болат Атабаев ағамен келіспей қалған кезім болған. Ол кісінің көзқарасымен менің ойым ұштаспай қалды. Есмұхан ағаға: «Мына актеріңіз оңбаған екен» деді. Жас буынның ішінде Болат ағамен түсініспей қалған мен ғана шығармын деп ойлаймын. Бірақ кейін-кейін ғана ол кісінің ойын түсіндім. Қазір сол «Қаракөздегі» Нарша рөлі менің ең сүйікті рөлдерімнің бірі. – Бір қойылымда шаңға батып қалған костюм киіп шықтыңыз. Жаныңыздағы партнер актер де жиі-жиі арқаңыздан қаққан сайын шаңы кәдімгідей бұрқырап, көрермендердің ойын бөліп отырды... Бұны қалай түсінуге болады? – Ол жанымдағы актерлардың қателігі. Себебі, біздің сахналық киімдерімізге, өрт бола қалған жағдайда жанып кетпеу үшін ұнтақ себеді. Және төбеден жарық түсіп тұрады. Ал ондай жарықта кішкентай қылдың өзі көрініп тұрады. Кейде актерлар ойынға беріліп кетеді де, жаңағыдай бір-бірінің арқасынан, иығынан қаттырақ қағып жібереді. Сонда әлгі ұнтақ бұрқ ете қалады, соны көрермендер шаң деп түсінеді. Сахнада қойылымға беріліп кеткен кезде, осындай техникалық жайттарды ұмытып кететін кездер болады... Бірде мен де сондай қателікке ұрынып қалғанмын. «Сыған серенадасында» Шәмшіні ұратын көрініс бар. Шәмші рөліндегі Ерлан ағаның құлағының артына бірдеме қыстырып, қалқайтып қойды. Біз рөлге беріліп кетіп, Ерлан ағаны тарпа бас салғанда, қолым құлағына тиіп кетіп, құлағының артындағы түсіп қалды да, Ерлан ағаның бір құлағы Шәмшінікіне ұқсамай қалды... Кішкентай кезімде өте ұялшақ болдым – Бір сұхбатыңызда «Үлкен белес алдында тыныстап жүрмін» деген едіңіз. Меңзегініңіздің қандай белес? – Ол белес өзіме де беймәлім. Бірақ бір жақсылықтың болатынын жүрегім сезеді. – Түс көрген жоқсыз ба? «Түс түлкінікі» деп жатады... – Түс көру мендегі жақсы қасиеттердің бірі десем болады. Мысалы, автокөлік алар кезде ақшам аз болды. Бірақ түсімде бір ақсақал маған қап-қара семіз тұлпар сыйлады. Жақсылықтың болатынына сендім. Айналдырған бір айдың ішінде біраз ақша тауып, ақ машина аламын деп жүрген мен аяқ астынан қара джип алдым. Осының барлығының қалай болғанын өзім де түсінбеймін. Сондай нәрселер өте көп... – Дәл қазір сіздің жанып тұрған кезіңіз, жассыз, атақ-абыройыңыз да бар, танымал «жұлдызсыз», тынбай еңбек етесіз... Соның арқасында материалдық жағдайыңызды да жасап алған шығарсыз? – Егер басқа мемлекеттегі өнер адамдары дәл менің ритміммен жұмыс істесе миллионер болар еді. Ал Қазақстан деңгейінде айтар болсам, табысым өз отбасыма жетеді. Көп адамдар мені түсінбейді, себебі мен демалмаймын. Кеше үйге келген бір ағамыз менің жасап жатқан жұмыс жоспарымды көріп жағасын ұстады. Құдайға шүкір, сұраныстағы актер болғандықтан табысым жақсы... – Өзіңізге көңіліңіз толмайтын тұстар бола ма? – Көңілім толмайтын жерлерім өте көп. Баяғыда өнердің түрлі салаларын өте жетік меңгерген бір адам болыпты. Адамдар ол кісінің бір кемшілігін байқай алмапты. Сонда олар әлгі адамның өзінен: «Осы сіздің кемшілігіңіз бар ма?» деп сұрағанда, әлгі кісі: «Егер менде кемшілік болмаса, мен мұндай дәрежеге жетпеген болар едім» деген екен. Кез-келген адамның тұла бойында кемшілік болады. Ал адам сол жетіспеушіліктерді жеңу арқылы өседі. Қазір актер болғаныма өзім таңқаламын. Себебі, кішкентай кезімде өте ұялшақ болғанмын. Мектептен үйге келе жатқанда бұрылыстардағы үйлердің қоршауынан сығалап қарайтынмын. Егер көшеде отырған бір адамды көрсем, ол үйіне кіріп кеткенше күтіп тұрамын. Себебі, ол кісілердің жанынан өткенде қызарып, не айтарымды білмей, ұялатынмын. Мен қазір соны жеңдім. Баяғыда сәл кекештеу едім. Қазірдің өзінде жай сөйлескенде кекештігім байқалып қалады... –Болашақтағы жоспарларыңыз... – Актер ретінде өз орынымды тапсам деймін. – Сонда әлі таппадыңыз ба? – Алдымдағы қанша аға-апаларымның жасап жатқан рөлдерін көргенде, өзіңді қалайша ауыз толтырып актермын деп айтасың. Ұят емес пе?! Жалпы, қанағат болу керек. Бірақ өнерде емес. Өнер адамы қанағатсыздық арқылы ғана өседі... Сондықтан өзімнің сара жолымды қалыптастыратын, образымды айқындайтын, тұлғалық қасиетіме лайық Азамат деген актер қалса деп армандаймын... – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Айдана АЛАМАН