"Қыз Жібектің" режиссері Қожықовты қашан зерттейміз?

Бүгінгі кино өнерінің өрекендеуіне жол ашып, мәртебесінің өсуіне негіз салып берген, қазақ киносының дамуына зор үлесін қосқан тұлғалардың бірі – Сұлтан Қожықов. Кейіпкеріміздің есімі атала қалғанда бәрінің есіне «Қыз Жібек» көркем фильмі түседі. Бірақ осы туындыны шығарған режиссер жайында зерттеліп жазылған деректер жоқтың қасы. «Өзі жоқтың көзі жоқ» дегендей, өнертанушы мамандар орын алған осы олқылықты дарынды режиссерді жоқтайтын ұрпағы болмауымен байланыстырады. Талантты суреткердің картиналары ұлттық болмысымызды айқын бейнелейді. Сұлтан Қожықов түсірген фильмдер өміршеңдігімен құнды. Ол қай тақырыпта болмасын, фильмнің мазмұнын шебер аша білді. Сондықтан да, қанша уақыт өтсе де, фильмдері көрермендерін ешқашан жоғалтқан емес.

              Фильмді халыққа шынайы жеткізу дарынды режиссердің шеберлігі. Сұлтан Қожықов туындылары осы жағынан ұтымды. Осындай туындылардың қатарында «Ана мен бала» (1955), «Біз Жетісуданбыз» (1958), «Если бы каждый из нас» (1961), «Шыңдағы шынар» (1965), «Қыз-Жібек» (1970), «Панфиловшылар» (1981), «Знай наших!» (1985) фильмдерін айтуға болады. Режиссердің өмірі өнермен тығыз байланыста болды. Ол білімді отбасында дүниеге келді. Әкесі Ходжа Қоңыр – энциклопедиялық білімі бар ұстаз болған, араб графикасы негізінде әліппе шығарған. Анасы Ләтипа – суретші, шебер. Қазақстан суретшілер Одағындағы бірінші қазақ әйелі Ләтипа апамыз болды. Оның қолынан америка елшілігіне сыйға берілген ұлттық костюм тігілген болатын. Ол костюмдер осы күнге дейін Вашингтондағы Рузельта мемориалды мұражайында сақталған. Осындай дарынды адамдардан тегін бала туылуы мүмкін емес еді. Сұлтан Қожықовтың бауырларының әрқайсысы қазақ өнерінің тарихында өз іздерін қалдырған. Қожахмет – қазақ бейнелеу өнеріне жаңа жанр – карикатура мен плакатты әкелген. Құлахмет – театр және кино суретшісі, ҚазСРО еңбек сіңірген өнер қайраткері. Нұрахмет – атақты мүсінші. Соғыс басталғанда Сұлтан 18 жаста еді. Майданда 8-ші гвардиялық Панфилов мотоатқыштар дивизиясына түседі. Он тоғыз жасында-ақ ол рота командирі, кейінірек батальон штабының бастығы болады. Қызыл жұлдыз ордені, «Ұлы Отан соғысы 1-ші дәрежелі» орденімен марапатталады. Соғыстан кейін Сұлтан артиллериялық академияға түседі. Бірақ ол бұл оқуды аяқтамай, кино саласына кетеді. 1947 жылы ВГИК-ке тапсырып, осы жерден өзінің жары Александра Тимофеевнаны кездестіреді. 1953 жылдың жазында, Қожықов институтты бітірген соң, өз Отанына келіп қазақ киносын өркендетуге, өз елі үшін қызмет етуге бар жан-тәнімен ден қояды. Сұлтан Қожықов әл-Фараби туралы фильм түсіргісі келеді. Бірақ бұл арманы орындалмайды. Есесіне, 1970 жылы режиссердің әйгілі «Қыз Жібек» фильмі дүниеге келеді. Фильмді сол кездері көп сынға алған болатын. Бірақ «Қыз Жібек» картинасы өзінің терең мазмұнымен, оқиғалық құрылысымен, шынайылығымен ерекшеленіп, көпшілік көрермен қауымның көңілінен шықты. Халықтың сәнді салттарын, әдет-ғұрпын, ұлттық ойындарын, мәдени мұраларын (таңбалы тастар, обалар, жазулар) экранда көрсетеді. «Қыз Жібек» 1972 жылы Бакуде өткен Бүкілодақтық кинофестивальде көрсетіліп, үш дипломға ие болады. Дипломдар халық өмірін этникалық планда кең де терең көрсеткені үшін режиссер Сұлтан Қожықовқа, фильмді шебер көркемдегені үшін суретші Гульфайрус Исмайыловаға, өнерде ерлік көрсеткені үшін актер Кенебай Қожабековке беріледі. Фильм одақтық экранға қабылданады. Шетелдерге фильм тарататын «Совэкспорт» бірлестігіне көп елден тапсырыстар түседі. Кейін оны бірнеше ел сатып алады. «Қыз Жібек» атымен қыздар институтында эстетикалық клуб ашылды. Осы туындыдан кейін жаңа келген нәрестелерге Жібек есімі беріліп, көркем картина көпшіліктің жадында ерекше ықыласпен қалған болатын. Қожықов өз фильмінде дарынды саңлақтарды жинаған еді. Топты іріктеп құрудың өзі Сұлтан Қожықовтың режиссерлік дарыны мен ойлылығын, болжағыштығы мен табандылығын көрсеткен. Өмірден өткен Қанабек Бәйсейітов, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабеков, Камал Қармысов, Сейфулла Телғараев, Сабира Майқанова, Мантай Сыздықов, Кенебай Қожабеков, Кәукен Кенжетаев, Фарида Шәрипова сынды тұлғалармен қатар, қазіргі уақытта шығармашылықтарын жемісті жалғастырып жүрген Меруерт Өтекешова, Құман Тастанбеков, Гульфайруз Исмайылова т.б өнер адамдарын дер кезінде танып, көре білді, олардың өнердегі жарқын болашағын қалыптастырды.

«Қыз Жібекті» қойған студияның қолынан бәрі келеді, бұл қыруар еңбек» деп бағалады Г. Чухрай. «Бұл – Сұлтан Қожықовтың үлкен табысы, кемелді суретші болғанының айғағы» деп жазды «Комсомольская правда» газеті. Фильм режиссерге оңайлықпен берілмеген еді. Қаншама талас-тартыстың арқасында, қызу жиналыстардан өтіп барып фильм дүниеге келген болатын. Бұл картинаның айналасында сценарий авторы Ғ. Мүсірепов пен режиссер арасында келіспеушіліктер болды. Алайда, фильм жарыққа шыққан соң Ғабит Мүсірепов өз бағасын былай берген болатын: «Енді мен бұл фильм үшін оппозиционер емеспін. Бүгін мен осы фильмді қойған С.Қожықов алдында шын айтамын. Ол ғана емес, бәріңе де рахмет айтамын. Менің ойымша, фильм жақсы шыққан...» Режиссер 1988 жылы 11 наурызда дүниеден өтті. Артындағы ұрпаққа үлкен өнер мирасы мен орындалмаған идеяларын қалдырды. Өткендердің қадірін білу, олардың арман-мүдделерін жалғастыру – адамгершілік парыз ғана емес, қоғамдық дамудың, ілгері басудың негізгі алғышарттарының бірі. Сондықтан да, орындалмай қалған армандарымызды келер ұрпақтың еншісіне қалдырамыз...

Еңлік БАҚЫТҚЫЗЫ Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының студенті