Аналардың ақ тілегі

Қанипа Бітібаева:

Шығыс Қазақстан облысындағы Жамбыл атындағы мектеп    интернатының қазақ тілі және әдебиеті пәнінің  мұғалімі:

 

Азаматты – әке, ұлтты –

ана тәрбиелейді

Кезінде ата-бабамыз аңсаған азаттыққа жетіп, егемен ел ретінде дамудың жолына түскеніміз шынында да бақыт. Егемендікке қол жеткізу жолында, әйел аналардың, қыз балалардың үлесі зор деп білемін. «Азаматты әке, ұлтты ана  тәрбиелейді» деген нақыл бар. Қабанбай батыр да анадан, Абылай хан да бәрі де анадан туды. Н.Ә.Назарбаев сынды қайраткер де анадан туған.

Бүгінде Қазақстанның бүкіл әлемге танылып жатқаны тағдырдың сыйы. Мен бұған қатты қуанамын. Еліміздің осындай жетістікке жетуі жолында әйел ретінде, ұзтаз ретінде менің де үлесім бар деп ойлаймын. Әйелді Алла тағаланың өзі мейірімді етіп жаратқан. Әйелдің бойжеткен қыздың мейрамы бүкіл мына дүниедегі тіршілік иесінің мерекесі. Жер бетіндегі бар аналар бақытты болсын. Мұқағали ақынның өлеңінде басқа да ақындардың жырларына әйел тақырыбы арқау болған. Әйел болмаса тоз-тоз болып кетеміз деп барлығы да жырлаған.

Әйел ана баласын әлдилеп, оны мектепке жіберіп, оның үлкен азамат болуына ең бірінші нұсқау беретін жан. Өз ұлының бағының жануына анадан, өткен қамқор, анадан өткен ақпейіл жан жоқ. Сондықтан мынау егеменді Қазақстанның жалауының көкте желбіреп тұруына аналар қосар үлес мол. Аналардың арасында ұстаз аналардың еңбегі ерекше. Ұстаздар оқушыларды білім нәрімен сусындатып, үлкен өмір жолына аттандырады. Мен өзім әсіресе қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдерін ерекше пір тұтамын. Олардың қазақ тілінің мемлекеттік дәрежеге көтерілуі жолында қосып келе жатқан үлесі шексіз. Өзімнің үлкен бір арманым  - көзімнің тірісінде қазақ тілі мемлекеттік тіл дәрежесін шынайы түрде жетсе екен деймін. Әсіресе билік басындағы лауазымды тұлғалар өз елімізбен қатар шет елдерде іс-сапарда жүргендерінде қазақ тілінде сөйлеп, жер бетінде қазақ деген тілдің бар екенін барша жұртқа паш етсе екен.

Осы тұста тағы да бір жәйтті айта кеткенім жөн шығар. Қазір ел басқарып, халық үшін күндіз-түні жұмыс жасап жатқан біздің азаматтарымызды атап өткім келеді. Шығыс Қазақстан облысының тізгінін өз қолына алған Бердібек Сапарбаевтың іс жүргізуіне таңқалатынымды жасырмаймын. Ол кісі біздің облысқа көптеген өзгерістер әкелді. Өзі сондай мазасыз. Кабинетте отырып, жұмыс істегенсіп жүрген шенеуніктердің бәрін қызу іске тартты. Бүгінгі күні тек Өскемен қаласы ғана емес, Шығыс қазақстан облысына қарасты өзге қалалардың да жұмысы жанданып келеді. Облыстағы әкімдердің дені шынайы еңбек етіп жүрген жандар. Олардың бәріне рахмет. Осындай атпал азаматарды дүниеге әкелген аналарға да мың алғыс.

 

 

 

Рәшкүл ОСПАНӘЛИЕВА, «Береке» ЖШС президенті, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты:

 

Әр шаңырақтың

түтіні түзу болсын

Мереке қарсаңында әйел аналардың бәрі күн­нің жаңаруы­нан, жылынуынан тек жақсылық күтетіні белгілі. Әр әйелдің отбасында біріншіден, ынтымақ, бақ-береке арылмасын. Ең бастысы отбасы бақыты ғой, сол үшін шаңырақ шаттыққа толсын. Ең әуелі отбасының бала-шағаның амандығын тілеймін. Әрбір үйде бақытты баланың былдырлаған тілі мен сыңғырлаған күлкісі болсын. Көктемнің шуақты мерекесімен Қазақстанның бүкіл әйел-аналары мен қыз келіншектерін шын жүректен құтықтаймын. Әйел аналар аман болса, халқымыздың демографиялық саны өсетіні мәлім. Аяулы аналар, ақжаулықты әжелер аман болсын!

Әрбір шаңырақтың түтіні түзу шығып, ұл мен, немере шөберелер аман болсын! Ұрпағымыз жалғана берсін.

Күннің жылылығымен бірге келген мереке бәрімізге береке сыйласын. Еліміз аман болып, жұртымыз тыныш болсын.

 

 

Гүлнар Құрбанбаева,

 Қарағанды облысының «Кәсіпкерлер ассоциациясының», «Қарағанды облысы­ның Азаматтық альянс ассоциациясы»   пре­зиденті:

 

8 – наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі ғана емес, жаңарудың, жасарудың мерекесі. Нұрын төккен осы бір көктем мерекесі келген тұста адамзат баласының бәрі жасарады, жаңарады. Қуанышты мейрамнан әрбір ана жақсылық пен қатар жаңашылдық күтеді. Менің тілегім ойға алған ізгі тілектеріңіз орындала берсін, аяулы аналар. Бәріңізге деннің саулығын, отбасының амандығын тілеймін