Министрлік: Отандық өндірушілер барлық масканы Қытайға сатып жіберген
2020 ж. 07 ақпан
1417
0
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп күн сайын медициналық бетперде кию қажет емес екенін айтты, - деп хабарлайды baq.kz.
Масканы суық тию белгілері болған жағдайда ғана кию қажет. Бұл орайда ол отандық бетперде өндірушілер мен дистрибьютерлердің барлық қорды Қытайға сатып жібергенін мәлім етті. Бұл туралы бүгін "ҚазМедиа" орталығында өткен баспасөз брифингінде белгілі болды.
Ең маңыздысы – масканы суық тию белгілері болған жағдайда ғана кию қажет. Коронавирусты анықтау үшін диагностика тек себеп болған кезде ғана жүргізіледі. Осы жерде біз бетперде өндірушілер мен дистрибьютерлердің әдепке сай емес мінез-құлқын атап өткіміз келеді. Олар барлық қорларын Қытайға сатқан. Осыған байланысты Үкімет экспортқа тыйым салып отыр. Отандық өндірушілер халықтың сұранысын қамтамасыз ете алмай отырғандықтан, біз шетелдік өндірушілермен бетперде алу үшін жоспар құрып отырмыз, - деп хабарлады Диас Ахметшәріп.
Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі ЖРВИ, яғни тұмау белгілері болмаса, бетперде киюдің қажеттілігі жоқтығы туралы SMS хабарлама таратпақ болған.
Өкінішке қарай, осы хабарламаны тарату үшін біз отандық ұялы байланыс операторларынан қолдау тапқан жоқпыз. Сондықтан да деніңіз сау болса, медициналық бетперде киюдің еш қажеті жоқ екенін тағы да ескертеміз, - деді денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі.
Бұдан басқа, Денсаулық сақтау министрлігі жаңа коронавирустың таралуын болдырмау үшін келесідей алдын ала шараларды қабылдау қажет деп хабарлайды.
Ең алдымен қолды және бетті мұқият жуыңыз. Қолға арналған антисептиктік спиртті пайдаланыңыз. Адамдар көп жиналатын орындарға бармауға тырысыңыз. Суық тию белгілері пайда болған жағдайда, яғни дене қызуы, мұрынның бітелуі, жөтел және тамақтың ауыруы, тұрғылықты жеріңіз бойынша дәрігерге көріну қажет, - деді ол брифинг барысында.