ОЛЖАС ШЫНЫМЕН ӨТІРІК АЙТҚАН ЖОҚ ПА?..

3
1362

«Невада-Семей» қозғалысы халық қаржысын қалай қымқырды?..

Кітап дүкендерінен белгілі ақын Олжас Сүлейменовтің «Но людям я не лгал…» деген кітабын сатып алдым. Оқып шықтым. Олжекеңнің басқа жұртқа не дегенінде шаруам жоқ, ал бізге, семейліктерге, не айтқаны әлі есімізде.

Семейде ядролық сынаулар жүргізген полигон болғаны барша жұртқа мәлім. Оны жауып тастауға сол кездегі Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев бастаған топтың қандай күш жұмсағаны семейліктердің көпшілігіне белгілі. Ол туралы Бозтаев марқұмның «Семипалатинский полигон» кітабының өзі-ақ бар шындықты айтып берген болатын. Онда ақын Олжас Сүлейменовтің Алматыда КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа өте алмай қалып, сол жылдағы Қазақ ССР Министрлер Советінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуымен Семейге, К.Бозтаевқа келгені жазылған. Кітаптың қолымда қазақшасы жоқ болғандықтан, орысшасынан оқып берейін: «Мне позвонил Председатель Совета Министров республики Н.А.Назарбаев. Кратко рассказал об обстановке, сложившейся вокруг Олжаса Омаровича, и попросил нашей поддержки на выдвижение его кандидатом в народные депутаты СССР от Семипалатинской области. «Сулейменов поможет Вам. В его лице Вы найдете хорошую поддержку в антиполигонном движении», сказал Нурсултан Абишевич. На следующий день с такой же просьбой позвонил Г.В.Колбин».

Кітап Кешірімнің тірі кезінде, 1992 жылы шығыпты. Егер ол өтірік жазған болса, Н.Назарбаев та, О.Сүлейменов те оның өтірігін әшкерелер еді ғой? Өйткен жоқ, расты қалай өтірік дей алсын. Бірақ Кешірім Бозтаев қайтыс болған 1997 жылдан соң, полигонды жаптыру жолындағы күрестің маңында ол болмағандай, «Кешірім Бозтаев» деген аты-жөн аталмайтын болды. Бастаған да, жеңіп шыққан да баяғы Олжас Сүлейменов. Шындық олай емесін бірінші рет белгілі жазушы Ғаббас Қабышұлы «Жас Алаш» және «Сентрал Азия монитор» газеттерінде айтып беріп еді, оған О.Сүлейменов қатты шамданып, К.Бозтаев туралы: «…Да, он был первым секретарем обкома, но не более того. И уж во всяком случае, среди первых борцов за закрытие полигона его не видели» деді. «Но людям я не лгал» деген ақынның онысы бүкіл жұртқа өтірік айту емей немене?!  Сол қиын жылдары Кешіріммен бірге қызмет істеген зиялылар белгілі ақынның Бозтаевтың аруағынан аттап кеткенін айтты та, жазды да. Әлі де жазып жүр. Жақында ғана «Правда Казахстана» газетінде полигон туралы мақаласы шыққан В.Пигаваев К.Бозтаевтың қоластында қызмет еткенін, оның Мәскеуге,   М.Горбачевке полигонды жабу, басқа жаққа көшіру жайындағы хаты қалай жазылғанын нақты айтып берді. Бірақ «өзі жоқтың көзі жоқ», сүлейменовшілдер шындыққа көшер емес. Тіпті қажылыққа он шақты рет барған Амантай Асылбеков мырза да Алланы аузына ала отырып сөйлегенде, К.Бозтаевтың атын атамапты, полигонды жабу күресінде ерекше күш танытқан «Азат» қозғалысын, оның басшылары Михаил Есенәлиев пен Батырхан Дәрімбетов және басқаларды есіне алмапты. «Қазақ әдебиеті» газетіндегі «Алланың дегені болады» деп аталған шағын мақалада (17. 02. 2012 ж.) полигонды жапқан халықтық тұлғалар О.Сүлейменов пен Амантай қажы болып шығыпты.  Жұртты «алдамаған» ақынның семейліктерді ғана емес, бүкіл Қазақстанды ең зор алдауына куә құжаттың көшірмесі біздің қолымызда. Ол Қаржы министрлігінің Бақылау-тергеу басқармасы 1993 жылғы 9 қыркүйекте жасаған акт. Басқарма бастығы И.Смирнов, бас инспектор Е.Бишимов, жетекші инспектор    Э.Ким қол қойған ол актіде «Невада-Семей» акционерлік қоғамы Қорының айналасы екі жылда (құрылған 03.06.1991 – 01.04. 1993 жж. аралығында) миллиондаған доллар махинация жасағаны талдап жазылған. Мен есеп маманы емеспін, бастан-аяқ есептеу тіпті жиіркенішті де болды. Қормен байланысты болған он-он бес компания, фирма және басқалары біздің мұнайды, мысты, тағы басқа байлықтарымызды шетелдерге шығарып, Ибрагимов, Шодиев, Беренбаум, тағы сондай жылпостар түскен ақшаны бөліске салып отырыпты. Мұндағы өзбекстандық фирма бастығы Шодиев Кабул Каюмович әйгілі миллиардер Шодиев Патох Каюмовичтің әлде інісі, әлде ағасы.

Бөліске түскен ақша шетел банктеріне салынып отырған. Актіде (71-бет) 1992 жылдың қаңтары мен 1993 жылдың наурызы аралығында ғана шетелдердің банктеріне жиыны 167 миллион долларға жуық ақша барып түскені көрсетілген.

«Невада-Семей» қозғалысының, оның акционерлік қоғам Қорының бұлардың қаржысымен сан түрлі операция жасап, ақша күреп, мол жарна төлейтін сыбайлас фирмалар мен компаниялардың штаттарындағы қызметкерлерге берілген айлықтың мөлшері министрлердің түсіне де кірмегені сөзсіз. Мысалы, «Алтын» деген фирмаға жалақыға бір жылда 3.489.889 рубль аударылған. Оның басым бөлігі Қор басшыларына қосымша төленетін жалақы ретінде қайта айналып келіп тұрғаны актіде дәлелденіп көрсетілген. Мұндай махинациядан аяқ алып жүре алмайсыз.

Ал аталған Қордың ашылуы туралы актіде былай жазылған: «Решение о незаконной регистрации так называемого акционерного общества «Невада-Семей» принято 3 июня 1991 года Исполкомом Фрунзенского районного Совета народных депутатов под давлением авторитета бывшего члена Верховного Совета СССР, президента движения «Невада-Семипалатинск» Олжаса Сулейменова. В частности, 6 июня 1991 года за №173 (лист 125-3) на имя председателя Фрунзенского Совета народных депутатов Сухорукова В. поступило письмо Олжаса Сулейменова, в котором как член Верховного Совета СССР и председатель движения «Невада-Семипалатинск» сообщает, что он лично «рассмотрел обращения председателя кооператива «Малахит» Беренбаума Л. И. о вхождении этого кооператива в движение «Невада-Семипалатинск»…».

О.Сүлейменовтің ол хатында құрылатын Қорды салықтан азат ету мәселесі де айтылыпты. Себебі ол Қор Семей полигонынан зардап шеккен жұртқа жан-жақты көмек көрсететін болады делініпті. Ақырында, актіде жазулы тұрғанындай: «Постановлением Кабинета Министров Республики Казахстан от 17 сентября 1992 года №773 «Об установлении ставки налога на экспорт товаров и услуг Акционерного общества «Невада-Семей» (лист 184-Д) установлена ставка налога по всем видам доходов от экспорта товаров и услуг в размере только 2%».

Ал салықтан азат етілген соң, бұл қоғам қазақтың байлығын сыртқа қалай шығарғанын мына құжаттан көруге болады: «Письмом на имя Премьер-Министра Республики Казахстан Терещенко С.А., зарегистрированным в Кабинете Министров 7 сентября 1992 года за №15633 (лист 140-Д), О.Сулейменов просит правительства республики разрешить акционерному обществу «Невада-Семей» и реализацию за границей ежемесячно по 100.000 тонн сырой нефти…». Тілегі қабыл болыпты. Актіде қанша мұнайдың қайда кеткені анықтап тіркелген. Сонымен қатар мыстың да тиелген вагондарының нөмірі көрсетіле шығарылған есебі бар. Мысалы, 1992 жылы және 1993 жылдың қаңтар айында жиыны 10810, 6 тонна мыс Ресейдің комбинаттары мен заводтарына жөнелтілген (актінің 46–52-беттері).

«Невада-Семей» қоғамдық қозғалысының басшысы О.Сүлейменов Семейде өткізген үлкен-кіші жиналыс-жиынның барлығы жоғарыдан келген нұсқау бойынша облыс бюджеті есебінен қаржыландырылды. Оған дәлел құжаттың бәрі сақтаулы. Солай бола тұрса да, О.Сүлейменов 1993 жылғы 2 көкекте «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Большому кораблю – большое плавание» деген мақаласында, аталған актіде атап көрсетілгендей: «Наше движение за четыре года своего существования не выпросил у государства ни копейки» деп шындықты белден басып, көпшілікке өтірік айтудың көкесін көрсетті.

Біз – Семейдің партия, совет, комсомол қызметкерлері Мәскеуден, Алматыдан, шетелдерден келген қонақтарға аяғымыздан тік тұрып қызмет істеп жүрдік. Сондай жиындардың қайсысында болсын сөз сөйлейтін О.Сүлейменов полигоннан зардап шеккен халыққа керек көмектің бәрін көрсететіндерін айтатын. Тұрғын үй, мектеп, аурухана, т. б. салынатын болған. Бірақ ешқандай жақсылық жасалмады. Актіде талдап көрсетілген қыруар қаржы сүлейменовтердің салтанаттарына жұмсалыпты. Алматының қонақүйлерінде, үкіметтік санаторийлерде жататындарына, мейрамханаларда берілетін қонақасыларына және Ресейге, Балтық бойы елдеріне, шетелдерге сапар жасағандарына кеткен қаржы да шексіз болыпты. Қордың айналымында миллиардтаған доллардың барын, неше түрлі сапарларға, салтанаттарға кімнің қаржысы, қайдан жұмсалып жатқанын О.Сүлейменов білмеді, оның «Алматыда екі қабатты үй салып алуыма қаржы таба алмадым» дегеніне кім сенеді?

Аталған Қорда қызмет істеп жүргендердің бәрі жемқор болмаған ғой, солардың дабылы бойынша Қор тексеріле бастағанда, О.Сүлейменов ежелгі досы Н.Назарбаевқа 1993 жылғы 15 маусымда хат жазып, акционерлік қоғамның жұмысына кедергі келтіріліп жатқанын, коммерциялық істермен шұғылданған бас маманының тұтқындалғанын, бухгалтерлік құжаттардың заңсыз алынғанын шағына айтып, қорғауды өтініпті. Соның нәтижесі деп ойлаймын, аталған акт одан кейін жым-жылас жауып тасталған. Ал Қордың атқарушы директоры Л.Беренбаум тексеру аяқталмай жатып, қылмыстары үшін жаза алудан қорқып, Израильге қашып кетіпті.

Газеттегі мақалада айтылғандай, О.Сүлейменов өзінің кітабына алған ақшасына 1986 жылғы желтоқсандықтарға сегіз пәтер сатып әперген көрінеді. Өте жақсы! Бірақ мына актінің 37-бетінде Алматының «Самал-2» мөлтек ауданында қала атқару комитетінің (председателі В.Храпунов) қамқорлығымен 36 пәтерлі тұрғын үй салынғаны, оның А.Ибрагимовтың араласуымен «Алтын» деген фирма арқылы жасанды жолмен Қор есебіне алынып, бөліске салынғаны айтылған. 12 пәтерді кімдердің алғаны аты-жөндерімен көрсетілген де, Қордың өзіне тікелей тиесілі болған 8 пәтердің кімдерге берілгені көрсетілмеген.

Міне, өзінің қол астында осындай көптеген былық-шылық жасалып, ақша суша ағып жатқанынан О.Сүлейменов мырза мүлде хабарсыз болды деу кімнің болсын ақылына сыймайды. Мысалы, актінің 66-бетінен мынадай фактіні оқи аласыздар: «…Таким образом, в результате снижения процентной ставки налога на экспорт до чисто условной, что делалось в связи с тем, что АО «Невада-Семей» как бы, под гарантии Сулейменова О., якобы при своей деятельности имеет ярко выраженную направленность на благотворительность, фактически получило от государства за счет недопоступления налога всего 19 193151 долларов США». Мұндай фактілер жалғыз бұл емес. Орын алған қылмыстық жағдайлар уақыт өтуіне байланысты жауапкершіліктен жалтаруға жәрдем етері сөзсіз. Бірақ біз үшін Олжекең Сүлейменовтің «Мен халыққа өтірік айтпадым» деген сөзінен кейін біраз өтіріктің бетін ашуға тура келді!

Сәкен ЕСІМБЕКҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы

«DAT» жобасы

 

3 ПІКІРЛЕР

  1. Олжастың жалпы қазақ тіліне қарсылығы әуел бастан белгілі ғой, өйткені ол орыс тілді,қазақ тілін қайтсін.
    Кешірім Бозтаевтың «Семей полигоны» кітабын оқып шықтым, В.Пигаваевтың да мақаласын оқыдым. Кешірім Бозтаевтың полигонды жабуға еңбегі өлшеусіз, бірақ кейбір адам солай тасада қалыңқырап қалады гой. Бірақ, тарих әр адамды өз орнына қояды.

  2. Осы Олжас неге қазаққа қарсы? Елбасы неге қазақ тіліне қарсы? «Но людям я не лгал…» деген кітабында бұлар туралы айтып па ол?

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз