Дәурен ҚУАТ: АБАЙШЫЛ болып, әділетсіздікке ұшырағандарға АРАША түсейік.

Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына жиырма жылдан асты. Осы уақыт аралығында қазақ баспасөзінде қаншалықты бетбұрыс байқалды? Қазақ басылымдары бүгінгі күн талаптарына жауап бере ме? «Айқын» газетінің тілшісі қойған осы және өзгеде сауалдарға    «аbai.kz» ақпараттық порталының бас редакторы Дәурен Қуат жауап береді.  - Иә, қазақ үшін аяулы, қастерлі ұғым болғандықтан, екеуара әңгімемізді тәуелсіздіктен бастап отырмыз. Қандай көлемдегі, нендей мазмұндағы мақала жазсын, қазақ зиялысы, журналисі сөздің басын тәуелсіздіктен бастайды. Бірақ, қазақстандық баспасөздің бәрі осындай ма?! Бәрі біз сияқты ма? - дейді Дәурен Қуат. - «Осы уақыт аралығында қазақ баспасөзі қаншалықты өзгерді?» деп сұрап жатырсың. Көп өзгерді. Тәуелсіздікпен бірге өзгерді. Алайда біздің әріптестеріміз өзгере алды ма? Өзгерсе, газет-журналының ди-зайны, бояуы, материалдарының берілу формасы, студиясы, декорациясы, әуе толқынында сөйлеу мәнері өзгерген шығар. Бірақ пиғыл-ниеттері өзгерген жоқ. - Мұнымен не айтқыңыз келеді?  - Біз қазақ баспасөзінің қаншалықты өзгергенін, мазмұн, тақырып тұрғысынан қаншалықты байығанын, мемлекетшілдігін, мемлекетін, халқын, ел билігіндегі азаматтарын жақсы көретіндігін дәлелдей алмай келеміз. Былай қарасаң - абсурд, әйтсе де шындық - осы. Өйткені билік пен оқырманымыздың орыстілді баспасөзге байланғаны сондай, солардың айтқан сөзін - сөз, пікірін - пікір деп қабылдайды. Әсіресе, билік. Биліктегі ақжағалы ұлықтарымыз. Сондықтан өзіміз жақсы білетін сұрақтың жауабын қайталап, «жауырды жаба тоқығанша», нақты мәселеге көшкеніміз абзал: билік қазақ баспасөзіне деген көзқарасын өзгертсін. Орыстілді баспасөз бірдеңе дей қалса, «ойбайлап» ұшпай, қазақ баспасөзінде айтылып жатқан құнды пікірлерге құлақ ассын. Сынына төзімділік танытсын. Сұрағына жауап берсін. Орыстілді баспасөздің байлығын еселеуден ерінбейтін ірі жарнама көздерінің қызметін бақылауға алып, «Жарнама туралы» заңды қайтадан қарасын. «БАҚ-тың бағы - тіл» деп баяғыда бір жазғанымыз бар еді...Қысқа қайырып айтқанда, жоғарыдағы біз келтірген азын-аулақ талапқа билік жауап берсін, сол кезде ғана қазақтілді БАҚ заман талабына толыққанды жауап беретін болады. - Өзің айтып отырғандай, қазақ және орыстілді баспасөзге деген қоғамдағы тең емес көзқарас қалай қалыптасты, оған қайтіп жол бердік? - Тәуелсіздігімізді жариялаған күннің ертеңінде (бұл жайтты жасырып-жабудың қажеті жоқ) Қазақстан қоғамы қазақтілді және орыстілді орта болып екіге бөлінді. Қазақтілді ортаның талабы - тәуелсіздік талаптарынан басталған тарихи заңды талаптар болатын. Бірақ 70 жыл кеңес өкіметінің алақанында әлпештелген, дегені болып, десі қайтпаған орыстілді орта барынан бір күнде айырылып қалудан қатты қорықты. Сөйтті де қоғамдық пікірге ықпал етудің қуатты қаруы - баспасөзге жабысты. Баспасөз арқылы бастапқыда қазақ билігінің өзін кекетіп-мұқатып, қазақ мемлекетінің болашағына күмәнді пайымдаулар айтып жатты, ақырында бұл ойларының қате екендігін түсініп, қазақ тілінің «қабілетсіздігін», қазақ мектептеріндегі «білімнің таяздығын», қазақ баспасөзінің «сауат-сыздығын» дәлелдеуге тырысты. Және осы әрекеттері ә дегеннен нәтиже беріп, олар қазір қоғамдық пікірді билеп-төстеп отыр. Біздің есер шенеунік пен дүниені ойсыз, күмәнсіз қа-былдай салатын оқырман әлі сол орыстілді баспасөздің айтқанына сеніп, айдағанына көнуде. Мемлекет - идеологиясыз мемлекет емес. Ал идеология әрине, БАҚ арқылы, әдебиет пен кино арқылы жүргізіледі. Демек идеологиямен БАҚ-тың арасында белгілі бір тәртіп, құрмет, тең дәрежедегі қарым-қатынас пен өзара түсіністік болуы керек. Бұл - әлемдік саясатқа ықпалды елдердің баспасөзі мен идеологиясында бұрыннан бар дәстүр. Тек сырт көзге ғана көрсете бермейді. Мысалы, қазіргі Ресейді біз Ресейдегі БАҚ арқылы танимыз. Ресейлік БАҚ бір мақсатқа - Ресейдің үлкен саясаттағы орнын сақтап қалуға жұмыла жұмыс істеуде. Идеология ма? Идеология. АҚШ баспасөзін жедел әрі сенсациялық ақпаратпен кейде АҚШ-тың барлау қызметі қамтамасыз ететінін де бүгін ептеп біліп, естіп жатқан жайымыз бар. Өзін-өзі сыйлайтын мемлекеттердің бәрінде осылай. Сөздің турасына көшсек, еліміздегі орыстілді БАҚ қазақстандық идеологияға жұмыс жасамайды. Бигелді Ғабдуллиннің газетінен өзге орыстілді баспасөздің қайсысы қазақтың шынайы тарихын, мәдениетін, тілін, әдебиетін жазып, насихаттап жатыр?! Серік Мәлеевтен өзге орыстілді қай қазақ қазақтың тілі үшін шыр-пыр болып, өзіне азапты жұмыс тауып, қазақ баспасөзінде жиі жарық көретін өткір мақалаларды орыстіліне аударып отыр?! Ендеше, билік қазақ баспасөзінде айтылып жатқан құнды пікірлерге құлақ ассын. Сынына төзімділік танытсын. Сұрағына жауап берсін деген талабымыз орынды шығар деп ойлаймын. Осылар шетінен орындала бастаса, біз де өзімізге қойылатын кәсіби талапты күшейте түсер едік. - Қазақ оқырманы ше? Олардың ақпараттық өнімге қатысты талғамы мен сұранысы қаншалықты ауысты? Олар қазір нені қалайды? - Қазақ оқырманы бәрін қалайды. Қазақтың жаны сүйіп оқитыны - поэзия немесе проза, тек қана танымдық шығармалар десек қателесеміз. Оқырманның рухани сұранысын арттырып, деңгейін көтеру үшін, әрине, интеллектуалдық дүниелер керек. Бірақ «қазақ та адам баласы» (Абай), оған да базардың нарқы, банктің қызметі, балабақшаның тәрбиесі, киім-киіп, ас ішудің, үй сәндеудің қыр-сырын білдіретін мәлімет керек. Сондай ақпараттық өнімге қатысты сұраныс өте зор. Қазақ баспасөзі оқырманның әлгіндей сұранысына ден қойып жүруі керек. Өзіміз білетін Ресейде қазір газет-журналдың қандай түрі жоқ десеңізші?! Қажет десеңіз көрген түсіңізді жорып беретін журналдар да бар. Жалпы, оқырман сұранысын, әсіресе, оқырманның сапалануын ойлап, бұрынғы «Қазақ», «Айқап» басылымдарының жолымен шыққан, шығып жатқан газеттер мен телебағдарламалар бізде аз емес. «Халық Кеңесі» деген газет болды. Белгілі журналист-публицист Жұмабек Кенжалин басқарған. Салмақты, мазмұнды мақалаларымен мемлекеттік ой-сананы қалыптастыруға болатынын алдымен дәлелдеген басылымның бірі - осы газет болды. Шерхан Мұртазаның тұсындағы «Егемен Қазақстан», Жарылқап Бейсенбайұлы «бесігінде тербеткен» «Ана тілі», Нұртөре Жүсіп туын жайқалтқан «Жас Алаш», Мейірхан Ақдәулетұлы орталықтан жырақта жатып шығарған әйгілі «Алтын Орда», Талғат Ешенұлының «Жас Қазағы», Қазыбек Исаның «Жас қазақ үні», Ермұрат Бапидің «Дат» жобасымен жарық көріп жатқан газеттері оқырманның талғамын да, таңдауын да өсірді. Ойлы оқырманның бәрін ұлт қамы үшін толғанатын, жаны ауыратын азамат етіп қалыптастырды. - Әлемдік журналистикадағы басты тенденция - интернет журналистика көшіне қазақ журналистері ілесе алып отыр ма? Қазақ сайттары қай жағынан ұтып, қай жағынан олқы шығуда? - Интернет журналистика көшіне қазақ журналистері де бірден ілесе жөнелгенін бәріміз көріп отырмыз. Интернет журналистика еліміздегі ресми, бейресми БАҚ-тың бәріне балама әрі бәсекелестік әлеуеті күшті ақпарат көзіне айналып үлгерді. Мен қазір қазақ сайттарының және тездетіп ашылып жатқан қазақтілді сайттардың бәрі ұтысқа шығып отыр деп есептеймін. Себебі біздегі газет-журнал, телеарналардың форматына лайықталып жасалған ақпараттар мен мәтіндерден жұрт, әсіресе, жастар жалықты. Сондықтан да олар ғаламтор арқылы тарайтын ақпараттарды тұтынатын қауымға айналып шыға келді. Тұтынушы ғана емес, олар азаматтық журналистиканың дамуына да үлес қосуда. - «Келешекте газеттердiң тиражы кеміп, оның орнын интернет басылымдар басады» дегенге қалай қарайсың? Оқырмандардың газеттен интернет басылымдарға ойысу тенденциясы қазір байқала ма? - Келешекте газеттердің тиражы сөз жоқ кемиді. Күнделікті тұрмысымызға еніп жатқан технологиялардың бәрінде үнем мен пайда алдыңғы орынға шығуда. Демек, көп шығынды қажет ететін газеттер енді аз жылдардан соң БАҚ-тағы орнын интернетке бере бастайды. Интернет тек газеттің ғана емес, телевизияның, радиоының да қызметін пәрменді түрде бір арнаға біріктіреді. Былайша айтқанда, аталған БАҚ түрлері жаңа медия - интернетте топтасып, бұрынғысынан да зор қуатқа ие болады. Интернет дәстүрлі БАҚ-ты жоққа шығармайды, дамытады. - «Аbai.kz» сайтында бастапқыдағы мақсат пен бүгінгі нәтиже арасында сәйкестік бар ма? - Ұлық бір жиында аузы уәлі ағаларымыздың бірі: «Аbai.kz» ақпараттық порталы азат ойдың алаңына, ұлттық пікірлердің трибунасына айналды», - деді. Ғаламторға қазақша контент енгізіп, өз әлінше күнін көріп жатқан «Аbai.kz» туралы ешкімнен ешқандай пікір сұрап көрмеген едім. Ел іші, зиялы орта солай деп жатса, солай шығар. Біздің мақсат - Дэн Сяопин ақсақал айтпақшы - «бәріне іспен жауап беру» ғана. - Қандай жаңа жобаларды қолға алу ойларыңда бар? Ғаламтордағы қазақтілді контентті байыту үшін тағы не істеуге болады? -  «Абайдың» аясында  «Араша» (www.arasha.abai.kz ) атты ақпараттық-құқтық сайтты шығарып бердік. Ілгеріде алашордашылар ағартушылық саясатты қалай дәріптесе, біз бүгін құқықтық сауатты солай дәріптеуіміз керек. Бізде расы керек, «қандай қажетіме жа-ратам» десең, сол қажетіңді өтейтін заң бар. Бірақ заңға деген сұраныс пен талап жоқ. Заңға деген сұраныс болмағандықтан, елімізді заңсыздық, коррупция, қылмыс жайлап барады. Ал бұл жоба арқылы біз біріншіден, заң мен құқық саласындағы елеулі жаңалықтарды тұрақты жариялап отырамыз. Екіншіден, оқырман сайттан өзіне керекті заңдарды тез тауып ала қоятындай жағдай жасаймыз. Үшіншіден, оқырмандардың өздері қоғамдағы заңсыздықтар мен құқық бұзушылыққа куә болса, соны осы сайтта жариялап, талқылай алады. Бұл мақсатта «Араша сұраймын» деген арнайы айдар ашылған. Яғни, әр оқырманға өзі түсірген видео мен фотоға түсінік жазып, оны дереу сайтқа жолдау мүмкіндігі берілген. Осы арқылы қоғамдық құқықтық бақылау орнатсақ деген ойдамыз. Төртіншіден, кез келген азаматтың, әсіресе, қолы әр нәрсеге еркін жете бермейтін адамдардың тегін заңгер кеңесін алу мүмкіндігін қамтамасыз етпекпіз. Осыны ескеріп, сайтта «Заңгер кеңесі» деген айдар аштық. Оған қоса бұл сайтты мультимедиалық сайт етіп әзірледік. «Арашада» суреттер, видео көріністер мейлінше көп топтастырылмақ. Бір кездері АҚШ-тағы афроамерикандық, яғни, қара нәсілділердің азаматтық қақы үшін Мартин Лютер Кингтің азапты тағдыр кеше отырып күрескенін, күресінің түпкілікті нәтижесінде жеңіске жеткенін жақсы білеміз ғой. Сол сияқты бізде де  мықты заңгерлер қазақтың қақын заңнан талап етіп, қоғамымыздың ділін түзер деген ойдамыз. Абайшыл болып, әділетсіздікке ұшыраған жандарға араша түсейік.

Сұхбаттасқан - Айжан КӨШКЕНОВА  «Абай-ақпарат»