Амантай қажы: ҚЫРЫҚ ҚЫЗ ТОҚАЛ болуға үйіме келгенде ҚЫЗ ЕМЕСТІГІН БІЛІП, бәрін қуып жібердім...

 «Аттан, Қазақстан!» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбековтің елімізді аралап, түрлі акциялар өткізіп тұратынынан жұртшылықтың хабары бар. Кешегі аптада ол кісі Шымкентке келген болатын. Осы мүмкіндікті пайдаланып, біз оны әңгімеге тарттық. – Амантай аға, Оңтүстік өңірге келіп қалыпсыз. Бұл жолы алдыңызға қандай мақсат қойдыңыз? – Менің туысқандарымның барлығы Оңтүстікте тұрады. Бұл жолы Шардарада бір туысқаным қайтыс болып, соның жаназасына келдім. Ағайындардың арасында үлкен қариялар дүние салса, жаназалары менсіз өтпейді. Бұл жолы жеке басымның жұмысымен жүрмін. – Оқырмандар соңғы кезде сіздің немен айналысып жүргеніңізді, тұрмыс-тіршілігіңіз жөнінде білгісі келеді. – Бәйбішем – Клара отбасымыздың ұйытқысы. Жеті перзентім, он екі немерем, бір шөберем бар. Алланың берген несібесін теріп жүрміз. Ұл-қыздарымның өз жұмыстары бар. Өзім ешкімнен ештеңе сұраған емеспін. Оңтүстікте бір адам маған бір теңге бердім деп айта алмайды. Адамнан сұрау, дәмету күнә болады. Бізде басшыларды мақтайтын жаман әдет пайда болды. Ол дұрыс емес. Беретін де, алатын да – Алла. Маған Алла абырой берді. Ал абыройға ақшаның өзі келеді. Алла абыройды қалай береді, оны мен білемін. Таяуда ғана АҚШ елшілігінен хат алдым. Онда мені қатты сыйлайтындықтары жазылған. Әйтпесе мен ол жерде ешкімді танымаймын. Осы да Алла берген абыройдың арқасы. Өзім он рет қажылыққа бардым. Көптеген адамды қажылыққа апарғанмын. Туристік компаниялар үш-төрт мың доллардан апарған қажылыққа мен адамдарды жеті жүз, мың екі жүз долларға апардым. Үш мезгіл тамақты тегін бергіземіз. Себебі Меккеде өзімнің жатақханам бар. Бірақ оны өзімдікі демеймін. Ол маған Құдайдың бергені. Мен Құдайдың бергенін халыққа беремін. – Сіз ресми түрде тоқал аламын деп жүрген адамның бірісіз, бірақ уақыт өтіп барады. Жас келіп қалды деп ол ойыңыздан айныған жоқсыз ба? – Айтқанымнан қайтпаймын. Себебі тоқал алу бастамасын мен жеке басым үшін көтеріп жүргенім жоқ. 500 мың қазақ қызы тұрмыс құрып, бала сүйсем дейді. Олар соған лайық. Солар теңін тапса деген менің арманым бар. Ол үшін жағдайы келетін әрбір қазақ азаматы тоқал алса, оның несі айып? Тоқал болуға лайықты қыз кездессе, өз басым оған дайынмын. Бірақ пәк қыз кездеспей жүр. Қырыққа жуық қыз тоқал болуға келісімін беріп, үйіме де келді. Олардың қыз еместігін біліп, барлығын қуып жібердім. Мен таза қызды бес метр жерден білемін. Бұйыртса, тоқал алатын күн де келеді. Барлығы Алланың ризашылығымен болады ғой. – Оған үйдегі кісінің рұқсатын алғансыз ба? – Онсыз болмайды. Көпшілік біздің үйдегі жеңгелерің Кларадан Амантай қажы тоқал аламын деп еді, сол не болды деп сұрайды екен. Ол аламын дегеніне көп жыл болды, бірақ әлі ала алмай жүр ғой деп жауап береді. – Ағаш басына шығып айқайлап тұратыныңыз бар еді, соңғы кездері көрінбей жүрсіз. Сонда бұл қажығандықтың белгісі емес пе? – Құдайға шүкір, күшім тоқал алуға да, отыз метр ағаштың басына өрмелеп шығуға да жетеді. Бүгінде жемқорлыққа қарсы күресу, сондай-ақ ел ішінде тыныштықты сақтауға шақырып жыл сайын жиырма-отыз бейбіт шеру, жүзге жуық қайырымдылық, мейірім-ділік іс-шарасын өткіземін. Семейдің зағиптарына арнап жылына 20 миллион теңгеге құдайы тамақ беремін. Олар дүниеден өтсе, ешкім бармайды. Ал мен барып бейшаралардың жаназасын шығарамын. Ол үшін біреуден бір теңге алып немесе шапан кигенім жоқ. Оның барлығын Құдай жолы үшін жасаймын. Мұндай істі осы кезге дейін бір әкім немесе министр жасап көрген емес. Осылайша үкіметтің істемегенін біз істеп отырмыз, оны абырой үшін емес, қайырымдылық үшін жасаймын. Осының барлығын елге көрсетуі тиіс телеарналар басшыларды мақтаудан әрі аса алмай отыр. Сондықтан біздің атқарған ісіміз көзге көрінбеуде. – Осындай үлкен жұмыстар атқарып жүрсіз. Тіпті адамдарды Меккеге де арзан бағада апардым дейсіз, оған қаржыны қайдан аласыз, әлде біреулер көмектесе ме? – Жоғарыда айтып өттім, бөтен адамнан бір тиын сұраған жан емеспін. Барлығын Алла береді. Құдайға шүкір, ұл-қыздарым мен немерелерім бар. Өзім де жерге қарап отырғаным жоқ. – Амантай қажы «Аттан, қазақ!» деп айқайлап жүріп осы жылдарда бітіргені бар ма деген сұрақ туындауы мүмкін. Осыған не дейсіз? – «Аттан, Қазақстан!» бейбіт шеруінің негізгі мақсаты – иманды мемлекет құру. Алла бұйыртса, Қазақстан имандылықтың ұясына айналған мемлекет болады. Семей сынақ алаңын жаптық, Оралда казактардың тойын бұздық, Бағысты Қазақстанға алып бердік. Басқа да атқарған жұмыстар көп. Білгенге осының өзі аз болмаса керек. – Сіз елдің, халықтың болашағы туралы жиі айтатын адамның бірісіз, Қазақстанның келешегі туралы айтыңызшы. – Қазақстандықтар «Аттанның» соңынан еріп, Амантай қажының айтқанын тыңдаса, еліміз түбінде ұлы да иманды мемлекетке айналады. Имандылық жолын таңдаса, біздің елдің халқы көп ұзамай-ақ 50 миллионға жетеді. Шенеуніктер Қазақстанда қырыққа жуық дін бар дейді. Бұл – бос былшыл! Дүние жүзінде еврейлердікін қоспағанда үш-ақ дін бар. Сонда біздің билік басқа отыздан аса дінді қайдан шығарды? Ислам, христиан және буддизмнен басқасының барлығы – секталар. Олардың бірін де қалдырмай жабуымыз керек. Түбінде қазақ жерінің иесі қазақ болып қалады. 1966-жылы неге қазақ мектептері жабылып жатыр, футбол трансляциясын қазақша жүргізу керек деп 177 адамға қол қойдырып, Алматы қаласының басшысы Асанбай Асқаровқа хат жазғанмын. Сол кезден бастан «КГБ» мені өздерінің есебіне алып қойды. Бірақ мен оған өкінбеймін. Халық үшін, ел үшін имандылық жолында қызмет етуден қайтпаймын. Жазушы Герольд Бельгер Амантай қажы депутат болса, Парламенттің бүкіл жұмысы өзгеріп кетеді дегенін білесіңдер. Шынында солай, билік басында отырған жемқорлардың барлығын әшкерелеймін. Байлықты халықтың өзіне қайтарып беремін. Мен президент болуға да дайынмын. Бірақ шындық, имандылық дегенім үшін әкімдерге ұнамаймын. Бүгінде билік халықпен санасуды қойды. Әйтпесе Храпунов пен Әбләзовтың қылмыстары жөнінде талай айтқанмын. Оны ешкім тыңдамап еді. Бүгін солармен өздері күресіп жүр. Жаңаөзендегі оқиға кезінде үш күн үйден шықпай жылап, қаза болғандардың рухына арнап құран оқып отырдым. Бұл біздің тәуелсіз Қазақстанның тарихына қара таңбамен жазылатын оқиға болды. Бірақ оны ешкім ескеріп отырған жоқ. Мен осыған ашынамын. – Амантай аға, уақытыңызды бөліп, сұрақтарға жауап бергеніңіз үшін рахмет. Осылайша шаршамай жүре беріңіз.

Ұ. Үмбет. «Замана» газеті